Театр фестивалі: ЖАҢА ІЗДЕНІСТЕР ЖӘНЕ КЕҢ АУҚЫМ
09.11.2018
1396
0

Еліміздегі фестивальдік бағыт жыл санап өркендеп, отандық театр үдерісін дамытудың негізгі құралына айналғаны рас. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ғана емес, облыс басшыларының қолдауымен жүзеге асып жатқан әр түрлі деңгейдегі фестивальдер де театр өнерінің өсіп-өрістеуіне мол мүмкіндіктер туғызып отыр. Театрлық байланыстардың нығайып, қуаттануында өлшеусіз қызмет атқаратын фестивальдер, сөз жоқ, ұлт мәдениетінің биік деңгейін көрсететін рухани өлшем.

Қарашаның 1-4-і аралығында Жезқазған қаласының төрінде ор­на­лас­қан Қазақстан Жастар Одағы сый­лығының лауреаты С.Қо­жам­құлов атындағы қазақ музы­ка­лық-драма театрында Қазақс­танның Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті режиссер Жанат Әубә­кір­ұлы Хад­жиев атындағы халықа­ра­лық театр фестивалі өз шымылды­ғын түрді. Былтыр ғана аймақтық деңгейде ұйым­дастырылған фес­ти­валь үсті­міздегі жылы халықаралық дәрежеге бірден көтеріліпті. Облыс әкімі Е.Қошановтың тікілей атса­лыс­уымен өткізілген бұл өнер дода­сына Фран­ция, Сербия, Қытай және Қаза­қ­с­тан­­ның белгілі өнер ұжым­да­ры қа­тысты. Елбасымыздың «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы ая­сын­да жүзеге асқан бұл игі бас­тама ұлттық өнеріміз бен мәдение­тімізді жаңа мазмұнмен, жаңа түрмен байытуға мүмкіндік береді. Әлемдік театр­лар­дың шығармашы­лығымен танысып, олардан үлгі алып, төл өнеріміздің аясын кеңіту­ді мақсат тұтады.
Фестиваль шымылдығы Серке театрының «Қара орамал» поэтика­лық драмасымен ашылды. Қазақсанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай­дың осы аттас поэмасының желісі­мен қойылған спектакль жанр та­би­ғатына сай шыққан. Поэма тілі­нің драмалық бояуы қалың, сон­дықтан, дастан сахналауға сұ­ранып-ақ тұр. Кең құлашты эпи­калық шығарма ХХ ғасырдағы ұлт тағдырында мәң­гілік өшпес дақ болған сталиндік қуғын-сүргіннің, зұлмат заманның бейнесін көз алдымызға әкеледі. Шерменде тұт­қын­дарды адам айт­қы­сыз айуан­дықпен қырған қызыл империяның қанды саясаты, «адам­зат­­тың рухын кісендеген» оқиғалар­дың, қайғы мен қасіретке толы заманның қайыра қайталанбауы – шығарма­ның басты идеясы. Режис­сер Те­мір­жан Жанботаев автор ойын жақсы дамытып, сахналық нұсқасын ше­бер құрастыра білген. Режиссер­лік мизансцена кескіндері эпикалық кеңдікке, трагедиялық халды қоюла­тып жеткізуге бағытталған. Актерлік құрам (негізінен, театрдың жас ар­тис­тері қатысады) режиссер ойын дұрыс түсініп, бар мүмкін­дік­терін көрсетіп бақты.
Республикалық неміс театры А.П.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үш­еу» пьесасының желісімен жасалған психологиялық драмасын көрсетті. Режиссер Н.Дубс өз концепциясына сай пьесаны қысқартып, драмадағы үш әйелдің желісін қалдырған. Не­гізгі тартыс үш кейіпкер ара­сын­­да ғана емес, олардың өз жан дү­­ние­ле­рімен, сезімдерімен ар­па­лысуына құ­рылғандықтан кейіп­кер­лердің ішкі тебіреністеріне жете назар ау­дарған. Н.Дубс бүгінгі те­атр­лық тенденцияларды еркін пай­далана отырып, өзін толғантқан әйел мә­селе­сіне жаңаша үңілуге мүм­кіндік береді. Қойылымның се­манти­ка­лық жүйесі режиссердің негізгі идея­сын аша түседі. Сахна орта­сында үйілген аяқ киімдер – бір кездері өздері өмір сүріп, амал­сыз көшіп кетуге мәжбүр болған Мәс­­кеу­ге апаратын жол — арманның бел­гісі ретінде қабылда­нады. Ал төрт жағынан қоршалған алаңқайда өмір сүрген үш қыздың бейнесі – тор­ға түскен тоты құстар­ды еске са­­ла­ды. «Ұшайын» десе, бел­гі­сіз өмір­ден қорқады, «ұш­пайын» десе, қоршаудағы шектеулі тіршілік жан­да­рын жегідей жейді. Спектакльдің құрылымы үш бөлімге жіктеліп, әр бөлім бір-бірімен іштей сабақтасып, режиссер идеясын ай­шық­тауға бағытталған. Әйел тақы­рыбын ар­қау еткен қойылымға қатысатын акт­рисалар арулардың нәзік пси­холо­гиясын, жан күйзеліс­те­рін жете сезініп ойнайды. Деген­мен, пьесаны оқымаған, арнайы даяр­­лы­ғы жоқ көрермен үшін спек­так­льді қабылдау күрделі екенін атап айту керек.
Сербиядан келген Ужице ұлт­тық театры өз елінде кеңінен таны­мал жазушы-драматург Момо Ка­пор­дың «Демалыс күнінің соңы» атты дра­масын көрсетті. Отбасылық қарым-қатынас, әйел мен еркек ара­сындағы нәзік байланыс жайын­дағы бұл туындысында режиссер өзі­нің басты идеясын актерлік ойын­ға негіздейді. Дәстүрлі шешім­дерге құрылған нарративтік өзегі басым шығармада көрерменге жете таныс әлемдік сингл­дар көп пай­да­ланылғандықтан орта жасты кең бойлаған отбасылық жұптың ма­хаб­батын қайта табуға деген тал­пы­нысын сипаттайтын қойы­лымды жұртшылық еш қиын­дықсыз түсіне алды. Сыртқы іс-әре­кет­ке, қасаң сөзге құрылған спек­такльден серб тілінің поэтикасын түсініп отыр­дық. Актерлердің шебер ойыны, сөзге сезім бітірудегі ізденістері көптің көңілінен шықты.
Қазақ жұртшылығын француз мәдениетімен қауыштырған «М-А-S PRODUCTIONS» ком­па­ниясының «Мен кіммін?» драмасы еуропалық­тар үшін маңызды бо­лып табыла­тын «гендерлік тең­дік» тақырыбына арналған. Джекки Кату­дың бұл шы­ғармасы жал­пыа­дамзаттың «ру­хани еркіндікке» ұмтылуымен қызықты. Дегенмен, қойылымның көркемдік-иедялық құндылығы біз күткен биіктен көрінбеді.
Ал Қытай Халық Респу­бли­касынан келген Хэнань Юй жастар лигасы көрсеткен үштаған – «Сюань Цзан», «Жылан перісінің өмірі», «Хуа Му Лан» спектаклі тарихи-фольк­лорлық шығармаларға негіз­деліп, дәстүрлі ұлттық театрдың озық үлгісін паш етті. Актерлердің кейіп­кер сомдау үрдісі төл өнері­міз­ге ұқсамайды. Сахналық шарт­ты­лық, дәстүр аясында орындалған шы­ғармалар Қытай операсының үздік мысалын, ән салудың қайсы­бір қитұрқы техникасын байқатты. Қытай актерлерінің кейіпкер бей­не­сін ашудағы вокалдық, ойындық және пластикалық шеберліктері тәнті етті.
І.Омаров атындағы Қостанай об­лыстық қазақ драма театрының «Өкініш» (авторы жазушы-дра­ма­тург А.Шаяхмет) драмасы қазіргі кезеңде кеңінен етек алып бара жатқан «қарттар үйінің» мәселесін көтеріп, оған түскен кейуаналар мен қариялардың тағдырын көр­се­теді. Дегенмен, спектакльде оқи­ғалар легі, тартыс және шарықтау шегі сынды қарапайым алгоритмдер сақталмаған. Пьесада кездесетін жалаң мораль көрерменді жалық­ты­рып алғандай. Алайда, жас ре­жис­сер Е.Қауланов пен суретші М.Нұр­ма­қанов спектакльдің бей­не­лік ше­ші­мін ұтымды тауып, та­қы­рыпты одан әрі кеңейтуге ты­рыс­қан. «Торға қамалған» қа­­рия­лар­­дың дәрменсіз тірлігі арқылы бү­гінгі өмірдің сүреңсіз тұс­тарын жеткізуге деген талпыныс­ты ак­тер­лік құрам да мықтап түсінген. Спектакльге қатысқан актерлер: А.Шәкіржанов, А.Шәкіржанова, З.Бегайдарова, Ә.Мырзахан, О.Бе­гай­даров, А.Чукеев, т.б. өз кейіпкер­лерінің өмірлік хикаясын ашуда мол ізденіске түскендері байқалып тұр. Әсіресе, актер Әлімхан Мыр­за­хан жасаған Шал бейнесі ерекше оқшау­ланып көзге түседі. Гротескті-кари­катуралық кілтте шешілген кейіпкер бейнесі күнде қайтала­на­тын ритуал­дық іс-әрекеттері ар­қылы ашыла түседі. Ішіне баланың ойыншығы мен ескі сағатын салып, үнемі тас­тамай тасып жүретін көне шабадан – бейнені толықтырып тұр­ған ұтымды деталь. Актер рольдің сыртқы суре­тін ғана емес, дыбыс­тық-үндік ерекшелігін де дөп ба­сып, кейіпкер бейнесін толыққанды жеткізе білді.
Астана Жастар театры қырғыз драматургы С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» әфсанасымен фес­тиваль шымылдығын жапты. Театр сүйер қауым мен сыншылар­дың жоғары бағасын алып үлгерген бұл спектакль фестивальдің ажарын ашып, мән-мазмұнын арттырды. Қазіргі Орта Азиядағы театрлық үдерісте өздерінің шығармашылық ізденістерімен басқалардан арқан бойы озық тұрған Астана Жастар театрының аталмыш қойылымы ұжымның заманауи өнер контекс­тінде жұмыс жасап отырғандығын тағы бір мәрте дәлелдеп өтті. Театр­дың көркемдік жетекшісі, режи­с­сері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбайды қалың көпшілік тазалық пен поэтиканы сүйетін эстет суреткер ретінде тани­ды. «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымы да режиссура­сының тазалығымен, кейіпкерлер бейнесі­нің тұнықтығымен ерекшеленеді. Ар мен иманның сарапқа түсетін сәтін сипаттайтын сахналық ситуацияны режиссер кейіпкер­лердің өзара қарым-қатынасы арқылы ашады. Оқиға соңында әркімнің «Меккесі» өз жүрегінде екені анықталып, кө­­р­ер­менге терең ой салады. Қойы­лым­ды тамаша­лау­ға жиналған жұрт­шы­лық та, шетел­дік қонақтар да актер­лер қауымы мен режиссердің сауатты да, сапалы еңбегіне қайран қалысты.
Осылайша, Жезқазған шаһа­рын­да өткен Ж.Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті, жеңімпаздар анық­талды: «Ұлттық театрдың дәстүрін сақтағаны үшін» аталымы бойынша Қытай Халық Республикасының Хэ­нань Юй жастар лигасы; «Ең үздік ер адам ролі үшін» – І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының «Өкініш» спек­такліндегі Шал бейнесін жа­са­ған актер – Олжас Бегайдаров; «Ең үздік әйел ролі үшін» – Респу­бли­калық неміс драма театрының «Апалы-сіңлілі үшеу» қойылы­мын­дағы Маша бейнесін жасаған актриса – Александра Биглер; «Ак­терлік дуэт» аталымы бойын­ша Сербияның Ужице ұлттық теат­рының «Демалыс күнінің соңында» қойылымына қатысқан актерлік жұп – С.Любович пен Л.Иванович; «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» аталымында Фран­ция­дан келген «Мен кіммін?» спек­таклі; «Үздік ре­жиссура» аталымы бойынша С.Қо­­жамқ­ұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма теат­рының «Қа­ра орамал» спектаклінің режиссері Теміржан Жанботаев; ал Жанат Хаджиев атындағы «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бойын­ша Астана Жастар театрының «Мек­ке­ге қарай ұзақ жол» спектакліне қа­­тысу­шы актерлер құрамы ма­рапат­­талды.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген қазақтың сөзі бекер айтылмаса керек-ті. Қазақ театр режиссурасында өз қолтаңбасын қалыптастырып, суреткерлік әле­мін қалдырған Ж.Хаджиев атын­дағы Халықаралық театр фестивалі жо­ғары деңгейде өтті. Жалпы, фес­ти­валь ұлттық театр өнерінің жаңа фор­маларға, актерлік ізденістерге батыл араласып отырғанын көр­сетті. Аталмыш өнер бәйгесі әлі де жал­ғасын табар деген үмітпен, фес­тивальді ұйымдастырушыларға шығармашылық табыстар тілейміз.

Меруерт Жақсылықова,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ
Ұлттық өнер академиясының доценті,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір