Ұлы даланың ұлы тарихы
09.11.2018
2196
2

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Қос кітаптың тұсаукесер жиы­ны­на «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республика­сы­ның Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінің ректоры Ерлан Сыдықов және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, қоғам қай­рат­керлері, ғалымдар, мемлекет­тік органдардың өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­­ші орынбасары Мәулен Әшімбаев кітаптың мәні мен маңызына тоқталып өтті.
«Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұ­лы­ның «Зигзал» кітабының да ана тілі­міз­ге тәржімалануы рухани өміріміз­дегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз.
Орта ғасырларда жазылған «Жа­миғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыз­дың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-баба­ларымыздың тегі, дамуы, мемлекет­тігі­міздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туын­ды. Әлемнің біраз тілдеріне аударыл­ған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс.
Осыдан 1,5 жыл бұрын Елбасы­мыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, ұлттық, тари­хи-мәдени құндылықтарымыз­ды дәріптеудің айқын жолын анықтап берді. Елбасының осы бағдарламасы жарияланғалы бері еліміз бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, нақты жобалар іске асырылуда. Олардың барлығы біздің ұлттық кодымызды сақтауға, дәріп­теуге, сол арқылы тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға және заман талап­тарына сәйкес еліміздің рухани жаңғыруын қамтамасыз етуге бағыт­талған», деді.
Сондай-ақ, ол рухани жаңғыру­дың негізгі шарттарының бірі тарихи сананы қалыптастыру екенін айта келіп, бұл ретте «Жамиғ ат-Тауарих» кітабының маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Бұл еңбектің ғылыми сипатының жоғары екені және ХІV ғасырда нақты деректерге сүйене отырып жазылған энциклопедиялық туынды екендігі баса айтылды.
Ғұлама ғалым Рашид ад-дин Фазлуллах Хамаданидің 1316 жылы парсы тілінде жарық көрген «Жамиғ ат-тауарих» («Тарихтар жинағы») атты шығармасы түпнұсқадан тұң­ғыш рет қазақ тіліне толық аудары­лып, оқырман қауымның назарына ұсы­нылып отыр.
Кітаптарды түпнұсқадан тәр­жіма­­ла­ған – араб, парсы тілдерінің білгір маманы, Қазақстан мұсыл­ман­­дары Діни басқармасы жанын­дағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүс­тік Қазақстан мемлекеттік универ­сите­тінің «Түркітану» ғылы­ми-зерт­теу орталығының аға ғылы­ми қыз­мет­кері Зәріпбай Жұманұлы Оразбай.
Ал, кітаптағы парсы тіліндегі жүз­ге жуық өлеңді қазақ өлеңі фор­ма­сына көркемдеп аударған — Қазақ­с­тан Жазушылар одағы Басқармасы­ның төрағасының бірінші орын­ба­са­ры, ақын Ақберен Елгезек.
Зәріпбай Жұманұлы өз кезегінде шығармаларды қазақ тіліне аудару­дың қиындығы мен жауапкершілігін айта келіп, қысқаша мазмұнына тоқ­талып өтті.
«Осындай маңызы зор кітапты аударуды Алла маңдайыма жазғаны­на шүкір деймін. «Зикзал» кітабы Қазан төңкерісінен кейін Қазан қаласында жарық көрген. Ерекше тәсілмен, асқан шеберлікпен жазыл­ған. Ұқсасы да, теңдесі де жоқ қайта­лан­бас туынды. Еңбек негізінде шағатай тілінде жазылған және араб, парсы тілдерін де кеңінен қолданыл­ған. Кітаптың мәтінін аударып отырған кезімде қазақ руханиятының алып тұлғасы Мәшһүр Жүсіптің бұл еңбекке қатысты сипаттама айта келіп: «Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, парсының да, түріктің де тілін ұғып, сөз маржанын тізген дүние» деп баға бергені бостан бос емес екеніне көзім жетті. Кітапқа адам өміріне қатысты барлық сала қамтылған. Және бұлардың қандай еңбектерден алынғаны жайлы деректер келтірген. Бұл еңбектегі шешімдер мен әдіс тәсілдер, айтылған тақырыптар мен мәселелер қай дәуірде болса да өз құндылығын жоғалтпайды. Әсіресе қазіргі кездегі діни теріс ағымдар мен жалған әулие бақсы-құшыныштар­дың алдауына көніп, жетегіне еріп жүрген халыққа ес болады дегенге сенемін», деді ол.
Зәріпбай Жұманұлына қажырлы еңбегі үшін Түркі академиясының күміс медалі табысталды.
Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталған кітаптар­дың маңызына тереңірек бойлап, құнды тарихи дүниенің жарық көруі­не атсалысқан азаматтарға ерекше алғысын білдірді.
«Тарихты жазу, тарихты жасаумен бірдей маңызды. Себебі тасқа жазыл­маған тарих өшеді немесе соны жаз­ған­ның несібесіне көшеді. Кезінде ұлы дала төсінде айтулы із қалдырған айбарлы бабаларымыздың даңқты шежіресі ұлт жадында көмескі тартқан еді. Тәу етер тәуелсіздігіміз бен бірге тарлан тарихымызбен де қайта қауыштық. Соның жарқын айғағының бірі бүгін сіздерге таныс­тырылып, тұсауы кесіліп жатқан алдарыңыздағы сүбелі еңбектер. Бұл екі кітап Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасына айтылған ұлттық кодпен сәйкеседі. Бірі біздің санамызды сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртса, екіншісі жүрегіміз бен рухымызға азық болады. Рашид-ад-дин бұл кітабын 1300 жылы бастап, 1316 жылы тәмәмдаған. Энциклопе­диялық сипаттағы шығармада ұлы дала жылнамасы ғана емес дүние жүзінің тарихы да кең ауқымда қамтылған. Мұндай іргелі де күрделі еңбек оған дейін жазылған емес. Іргелі еңбектердегі деректер мен мәліметтерді жинақтау үшін сол дәуірдегі түркі, парсы, араб, қытай, тибет, үнді және т.б халықтардың тарихшылары мен білгір шежіреші­ле­рі жылнамашылары мен асқан оқымыстылары жұмылдырылған. Қарахан дәуірінен бастап қазақ жерінде ислам діні кеңінен тарала бастады. Ұлы далада көптеген ға­лым­дар, ғұламалар өмір сүрді. Олар­дың еңбектері көне түркілік дәстүр мен дінді жымдастырып үйлестіре білген. Кейінгі ғасырларда көз жа­зып қалған осы дәстүрді бізге Бека­сыл Биболатұлының кітабы арқылы жетіп отыр» деді Түркі академиясы­ның президенті Дархан Қыдырәлі.
Айта кетсек, бұл кітапта Ұлы далада ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен халықтардың пайда болуы, олардың түрлі тайпаларға бөлінуі, солардың ішінен кейіннен қазақ халқының құрамына кірген ру-тайпалардың шығу тегі, тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері, ата қоныс­тары, бір-бірімен қарым-қатынаста­ры толық баяндалған.
Сондай-ақ, осы тайпалардың арасынан шыққан Ұлы қаған Шыңғыс ханның өмірбаяны, шежі­ресі, оның ата-бабаларының, даңқты ұлдары мен ұрпақтарының тарихы, жорықтары, нақыл сөздері мен өсиеттері, олар билік жасаған уақыттарында орын алған ерекше оқиғалар және көршілес елдердің билеушілерінің тарихы жазылған.
Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауа­рих»шығармасы сол кездегі Шыңғыс қағанның мұрагерлері мен куәгерлердің, шежіреші тарихшы­лар­дың талқысы мен көмегі арқылы бекітілген бірден-бір шынайы түп­нұс­қа дереккөзі болып саналады. Яғни, кітаптан Шыңғыс хан және оның ұрпақтары туралы шынайы мәліметтермен танысуға болады.
Жарық көрген кітапты аударуға түрткі болған және оның сапалы шығуына жанашырлық танытқан Қазақстан Республикасының Қорға­ныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов екенін айта кеткен жөн.
Туынды Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылай қолдауымен жарық көрді.

Шерхан ТАЛАП

ПІКІРЛЕР2
Аноним 24.01.2020 | 10:46

«Жамиғ ат-тауа­рих» 5 томдығының өзін, электрондық нұсқасын қайдан табуға болады? Поштаға: aldabergenov1965@mail.ru немесе жолдамасын 87018112064 ватсапқа жіберуге бола ма?

Аноним 24.01.2020 | 10:49

Алдында пошта адресі қате басылып кетіпті, дұрысы мынау. «Жамиғ ат-тауа­рих» 5 томдығының өзін, электрондық нұсқасын қайдан табуға болады? Поштаға: aldabergenov1964@mail.ru немесе жолдамасын 87018112064 ватсапқа жіберуге бола ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір