Әзіл-шыны аралас
02.11.2018
1171
0

***

Халық қолөнерінің жанашыры, белгілі өнер зерттеуші Мұхаметжан Әлімбаев (1951-2011) шығармашылық сапармен 1990 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағына барады. Ол жердегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен, қолөнер үлгілерінен материалдар жинап, айға жуық ел аралап жүріп қалады. Ондағы қазақ ағайындардың қайда барса да беретіні ет екен. Тумысынан қалжыңбас Мұхаметжан осы ерекшелікті байқайды да, сол жақтағы Қуанған деген ақынның үйінде отырған кезде:
– Етті жей-жей қасқыр боп кетем бе деген қаупім бар, – дейді әзілдеп.
Сонда Қуанған:
– Былтырғы жылы Алматыға барғанда мен де шөп-шаламды жей-жей ешкі боп кете жаздағам, – депті.


***

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай қырық жасқа толған кезде ұлы Мұқаңның (Мұхтар Әуезовтің) шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғайды. Бұрын жазушылықпен айналысып, көсіле сөйлеуге, көпіртіп жазуға машықтанған Тұрсынға ғылым тілінде еңбек жазу, академизмнің сықасқан стиліне бейімделу аса қиынға соқса керек. Тұрсынның осындай бір шаршап жүрген кезінде оған ақын досы Несіпбек Айтов мынадай бір жапырақ хат жазып жіберіпті:
«Қан сорпа боп жан қинап,
Болдың әзер кандидат.
Жатқаның бұдан жақсы еді-ау,
Тәкежан құсап мал жинап».


***

Балалар жазушысы әрі журналист Алпысбай Шымыр­баев «Білім және еңбек» журналында істеп жүрген кезде әл­дебір себептермен қызметінен қуылып, жұмыссыз қалады. Содан ол республика комсомолы Орталық Коми­те­тінің сол кездегі бірінші хатшысы Серік Әбдірахмановқа барып арызданбақ болып бекінеді. Бірінші хатшының қабылдау бөлмесінде отырған кезде секретарь қыз мән-жайды сұрап білген соң:
– Бұл мәселені алдымен сіздердің кураторларыңыз, бас­пасөз секторының меңгерушісі Жүнісбек Сұлтан­мұ­ратов­пен ақылдасып шешпедіңіздер ме? – деп, ақыл-кеңес айтқан болады.
– Жүнісбек — ол мен үшін пешка… Менің шаруамды тек бірінші ғана шешеді, – дейді онсыз да қитығып отырған Алпысбай келте қайырып.
Сонымен Алпысбай Серікке кіріп, жағдайын айтады. Серік Алпысбайдың арызын түбегейлі зерттеп, анықтамақ болып, мәселені сектор меңгерушісі Сұлтанмұратовқа тапсырады. Амал қанша, Алпысбай келесі күні Жүнісбектің алдынан бір-ақ шығады ғой. Сөйтіп, Алпаң басынан өткен хикметті бастан-аяқ тағы да баяндап береді. Алпаңның өзі туралы кешегі «пікірін» секретарь қыздан естіген Жүнісбек сыр бермей, сабырмен тыңдап болған соң:
– Алпеке, әрине, айтқаныңыздың бәрі жөн. Бірақ, өзіңіз білесіз, мен пешкамын ғой. Сізге көмектесу сірә қолымнан келе қояр ма екен? – дейді Алпанды сынай әзілдеп.
Сонда Алпысбай Жүнісбектің Орталық Комитетте істейтінін меңзеп:
– Пешка болсаңыз да тақтаның үстінде отырсыз ғой. Пешка да жүре берсе би болады, Жүке! – деп мүдірмей жауап беріпті.


***

Суретші Еркін Нұразхан – қозы қарын дембелше жігіт. Сол Еркінге дене бітімі одан да ірі, төңкерілген қарны бар, совхоз директоры боп істейтін Дүйсен Бұланбаев деген ауылдас ағасы қонаққа келеді. Әңгіме арасында Дүйсен:
– Осы қарыннан көрген пайдам жоқ, ылғи да артық жүк секілді сезінемін де жүремін, – депті налып.
– Өйбу, Дүйсеке, служебный мәшинемен жүремін деп сіздер қарынның пайдасын білмей жүр екенсіздер ғой? – дейді Еркін таңданғандай болып.
– Пәлі, оның қандай пайдасы бар еді? – деп бұл сөзге Дүйсекең елең ете қалады.
Сонда Еркін:
– Қысылып-қымтырылып автобуспен таңертең жұмысқа бара жатқанда, иттей боп шаршап кешке үйге қайтып келе жатқанда қарны қампиғанның аяғын кісі баспайды. Пайдасы сол, Дүйсеке! – депті.


***

Талантты ақын Ұлықбек Есдәулет бірде америкалық бір досын Алматыдағы ұлттық тағам жасайтын асхананың біріне ертіп апарады. Арнайы заказбен дастарханға төре табақ ет келген кезде америкалық шанышқымен іліп-шоқып жейді де, Ұлықбек жылы-жұмсаққа саусағын бойлата сүңгітіп, қолмен асайды. Ұлықбектің бұл мінезіне танданған қонағы:
– Сен халқыңның озық ойлы интеллигентінің біреуісің. Етті неге шанышқымен жемейсің? – деп сұрақ қояды.
Сонда Ұлықбек:
– Достым, сен ұстап отырған андағы шанышқымен бұл жерде күніне кемінде жүз адам тамақ ішеді. Ал менің шанышқым тек өзіме ғана қызмет етеді, – деп, майы сорғалаған алақанын жалапты.


***

Қазақ қаламгерлерінің туындыларын орыс тіліне аударып жүрген аудармашы, талантты сыншы Бигелді Ғабдуллин бірде шығар­ма­шы­лық сапармен Қостанай қаласына барады. Қайтар кезде замандас досы, қалаға келген жазу­шы мен журналист атаулыны қашан да елпілдеп қарсы алып жүретін, әдебиет пен өнерді жанын­дай сүйе­тін Жәкен Мақанов деген елгезек жігітт­ің үйінде қонақта болады. Жәкеннің үлкен кітап­ханасы бар екен. Бигелді кітаптарды қызықтап тұрып:
– Мынау сөредегі классиканы, мынау сөредегі талантты жазушылардың кітаптарын жинағаның жөн делік. Ал мына төмендегі шә­ләй-бәләйді жинап, несіне әуре болғансың? – деп досына сұрақ қойыпты.
Сонда Жәкең:
– Беке, сен қателесесің. Тасқа басылып жа­рық­қа шыққаннан кейін әр кітаптың өз мін­деті, өз жүгі болады. Сол «шәләй-бәләй» деген кітап­тар­ды мен кейде жұмыс басты бо­лып, ұй­қым қа­шып жүрген кезде қолыма ал­сам, қарадай шар­шап, дел-сал болып маужырап ұйықтап ке­тем, –деген екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір