Тәуелсіздік – тұғырым
02.11.2018
1608
0

Балалар әдебиетінің түпкі мақсаты — отаншылдыққа, ұлтшылдыққа тәрбиелеу. Тәуелсіздік таңымен бірге ер жеткен балалардың ойлау еркіндігі, азат рухы көз қуантарлық. Газетіміздің бүгінгі санында Алматы қаласының №148 мектеп-гимназиясында оқитын бір топ жас ұланның жалынды өлеңдерін жариялағанды жөн көрдік. Және балалар әдебиетінің өркендеуіне қарқынды үлес қосып жүрген жас жазушы Мейіржан Жылқыбайдың «Кім күшті?» әңгімесіде назарларыңызға ұсынамыз.


Тәуелсіздік – тұғырым

Өкінішпен өткенді еске алам ба?
Ұмытпасын ұрпақтарың, балаң да.
Тек қазақ деп соққан ғазиз жүрегі,
Қайсар қыздар шығып еді алаңға.

Әлі күнге тоңдырады жел мені,
Айып етпес жараны ашсам ел мені.
Жан түршігіп ата-ана күтті көп,
Талай боздақ үйлеріне келмеді.

Көтеріліс деген сенің ісіңді,
Елің сенің ерлігіңді түсінді.
Желтоқсанның куәсі деп орнатты,
«Тәуелсіздік таңы» атты мүсінді.

Тәуелсіздік таңы атып арайлы,
Қазақ елін бәрі ұлы санайды.
Тәуелсіздік тұғыры биік тұрғанда,
Қазағымның даңқы әлемге тарайды.

Еламан Ерханат,
7 «Б» сынып оқушысы


Қазағыма

Қазағымның жаңа жылы келгенде,
Асқар биік ағаларды көргенде.
Жырларымның маржандары тізіліп,
Ақ тілектер алаулайды кеудемде.

Қазағымның ашық болып аспаны,
Аман болып, ел ертеңі, жастары.
Тәуелсіздік алғаннан соң, мінекей,
Қазақ елі даму жолын бастады.

Назерке Зайфун,
9«Г» сынып оқушысы


***

Мереке бүгін бақ күні,
Егеменді елімнің.
Желбірейді көк туы,
Түсіндей боп көгімнің.

Көк аспандай тулайтын,
Желтоқсанның күні бұл.
Елім деген ұлдардың
Елжірейді көк туы.

Қуаныңдар, тәуелсіздік күнінде!
Қуаныңдар, халқым, елім менің!
Мұңаймаңдар тәуелсіздік күнінде,
Бір Алладан бейбітшілік тілеймін,
Бүгін мына тәуелсіздік күнінде!

Жанел Омарқұлова,
8 «Ә» сынып оқушысы


Тәуелсіздік тарихы

Тарихы терең,
Тамыры берік текті елміз.
Тағдырдың талай,
Сынынан шыдап өткенбіз.

Күлтегін сынды күркіреп,
Өткен ерлердің ізімен,
Жүріп бұл нұрлы күнге жеткенбіз.

Кене хан өтті бірлігін,
Елдің таба алмай
Елінің кетті боданнан
Басын ала алмай.
Ертеңін елдің ойлаумен жырмен
шер төккен,
Махамбет, Абай бабам-ай!

Ақталды, міне, арманы бабалардың.
Тәуелсіз елміз…
Қастерлеп бағалармын.
Еркіндікті, елдікті аманат қып,
Болашаққа жеткізер балаларың.

Арнұр Райымбек,
7 «Ә» сынып оқушысы


Тәуелсіздік таңы

Шықты алаңға жалын жастар сол күні
Қорықпаған, айтқанынан қайтпаған.
Арыстандай батыр, мықты, айбатты,
Өкіметке қарсылығын айта алған.

Рақмет айтсам сол бір асыл жандарға,
Көкірегімде бұлқынған ақ жүректен.
Тапталды, тепкіленді аға-әпкелер,
Қайтыс болды саперлік жау күректен.

Құрбандары бос кетпеді жастардың,
Қазақстан енді міне тәуелсіз!
Аясында бейбіт, ашық аспанның,
Шат күлеміз, бақыттымыз бәріміз!

Хакім-Әли Жамбыл,
8 «Б» сынып оқушысы


Жасай бер, қазақ елі!

Көк байрағым-жаным менен жүрегімнің жалауы,
Әнұраным-шаттық тұнған көңілімнің жыр-әні.
Президентім – ел тағдырын ерттеп мінген көшбасшым,
Міне, осылар – еркіндіктің, елдігімнің нышаны.

Мүшел жасың құтты болсын, қазақ елі, қазағым,
Артта қалсын бұған дейін шеккен бейнет-азабың.
«Мәңгіліктің елі» болып өсіп-өніп, көркейіп,
Жылдан-жылға арта берсін берекең мен базарың!

Шұғыла Керімбаева,
7 «Д» сынып оқушысы


Кім күшті?

Шаршап-шалдығып жеткен Айдардың алдынан қарындасы Үрпек жүгіріп шық­ты. Қарындасының майда жұмсақ жүндері әрқашан үрпиіп тұратын еді, сондықтан Үрпек аталған. Ол әлі кішкентай. «С» әр­пін айта алмай «Ч» мен «Ш» әрпіне ауыс­тырып, шиқылдап кетеді.
– Чен білешін бе, чен білешін бе, енді біздің аулада кім тұратынын?
– Кім?
– Ол…Ол… – Үрпек ұмытып қалды. – Өзі шабалақ, көзі домалақ, өзі үреді.
– Кім ол? Шар үреді ме? Шашы сабалақ бала ма?
– Жо-о-қ, ол – күшік. Оның аты…оның аты – Дош! – Үрпи есіне түскеніне қуанып кетті. – Ол чондай әдемі, чондай күшті.
Бұл хабар Айдарға ұнамады. Күшік де­генді көрші ауладан талай көрген. Қо­зы-лақ, тауық қуып жүрген немені ұнат­пай қалған. Енді міне, өз аулаларында да пай­да болыпты. Осы ауланың ең күшті, ең әдемісімін деп жүргенде… Енді бәріне күш көрсетіп, мақтанып жүре алмайтын болды ғой. Жарайды, әуелі тамақтанып алайыншы деген оймен бұрыла бергенде, салып-ұрып шауып келе жатқан күшікті көр­ді. Ол жүгіріп келіп, тоқтай қалды. Бұ­ған қарап қалыпты. Батып бара жатқан күнмен шағылысып, жалтырап тұрған әдемі қауырсындарға қарап таң қалып отыра қалды. Төбесіндегі қып-қызыл айдарды көргенде, таң қалғаннан бір құлағы тұрып кетті. Одан екінші құлағы тұрды. Басын бір жағына қисайтып бақы­райып қарап қалыпты.
«Не деген керемет! Менде неге жоқ? Қатты ма, өзі жұмсақ па?» – деп ойлаған Дос басып көрмекші болып қолын көтеріп кеп қалды. Қолы басқа сарт етті. Бұны күтпеген Айдар «қоқылдап» қаша жөнелді. Дос қуып барады.
– Керемет ойын басталды, – деп ойла­ды ол. – Ол қашады, мен қуамын.
«Күш көрсету басталды, – деп ойлады Айдар, – Менің мына қашқанымды бәрі көреді ау енді.» Ауланы жан ұшыра кезген Ай­дар бір кезде ошақтың үстіне секіріп мініп құтылды. Дос ошақты айнала жүгі­ріп үріп жүр. Тырбаңдап ошаққа шық­пақ­шы болып еді, борталаңдап құлап қалды.
– Түс, енді мені сен қу. Ой қандай қы­зық. Күні бойы ішім пысып еді. Сен қан­дай күштісің, тағы сондай әдемісің.
– Солай ма? Ол қалайша? – Айдар таң қалғаннан отыра қалды.
– Ой, соны білмейсің бе? Ошаққа қа­лай секіріп міндің, а? Ал қанаттарың қан­дай әдемі. Менде де сенікіндей айдар бол­са ғой. Былай-былай қимылдатып жү­ре­тін едім. Дос басын екі жаққа кезек шайқады.
Айдар әлі аң-таң: «Сонда, қалай болды өзі? Мен күшіктен күштімін. Менен бақа күшті. Ең күшті сонда бақа ма?»

Мейіржан Жылқыбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір