Ғарыштан қарайтын қазақ назары
04.09.2015
1744
0
329586_85289346_6117187Айдын Айымбетов бұл сапарға ұзақ даярланды. Тіпті, соншама жылғы даярлықтан соң, ғарышқа Қазақстан азаматы болып көтерілу үміті сөне бастаған тұста да ол үмітін өшірмеді. Арманына адал болды. Отанына да. Қазақстан атты елдің атынан алғаш рет ғарышқа бет алған Айдын ендігіде ұмытыла бастаған: «Мен ғарышкер болам» деген арман отын қайта тұтатқандай. Айдын ғарыштан оралғанша қанша қазақ баласы жұлдыз аралап, Айға қонып, Құс жолын басып өтіп, жат планеталықтармен танысып, табысып барып, тәтті ұйқысының құшағына оранар екен?
Әкесіне сәт-сапар тілеген бүлдіршін, Ай­дын Айымбетовтың сегіз жасар қы­зы Даяна: «Әкем бөгде ғаламшар­лық­тармен кездессе деймін, танысып, дос болса екен. Әкеме мен өзімнің жақсы көретін ойыншығым – арыстанды сыйладым. Өйткені әкем – арыстан», – дей­ді балалық ақ көңілмен. Иә, талай бала бү­гінде ғарышқа аттанған қазақ әке­сі­не сәт-сапар тілеп жатқан жоқ па?
Ұлының ғарыш сапарына ақ жол ті­леп келген Жұмагүлдей ана баласына мейірлене қарап, көзін жаулығының ұшы­мен сүрткілей берді. Иә, бұл күн ға­рышқа кеткен қазақ баласына талай ана, талай әке амандық тілеген күн ғой.
«Әкем Рыскелді, анам Бәтима – Айым­бетовтер әулетіне ең алдымен тәр­тіп, білім мен адалдық, ұлттық дәс­түр­ге деген сүйіспеншілік сезімін сіңір­ген еді.
Айдын – қазақ зиялыларының от­ба­­сында туып, ержетті. Айдынның әкесі Ақан Рыскелдіұлы тәжірибелі техник-механик, өнертапқыш еді, өндірісте жауапты жұмыстар атқарды. Анасы Жұ­магүл Сегізбайқызы қазір зейнетте, ұлт­тық дәстүрдің білгірі, даңғылкөкірек ана.
Отбасымызбен бала күннен көп оқу­ды әдетке айналдырдық. Және тү­гелдей: кітапты да, газетті де, журналды да оқитынбыз. Кейін оқығаннан ал­ған әсерімізбен бөлісіп, ойымызды ор­таға салып, пікірталастың көрігін қыз­дырып жататынбыз.
Мектепте бәріміз жақсы оқыдық, спортпен айналыстық.
Айдын мен Айдардың бөлмесіндегі кітап сөресі мен сабаққа даярланатын үс­телі әлі есімде: кітаптар, сызбалар, түр­лі сұйықтық құйылған әйнек ыдыс­тар және Айдынның әртүрлі ескертпе-жазбаларына толып тұратын. Ол қазақ ба­тырлары мен қаһармандары туралы кі­тап оқығанды қатты ұнататын. Ал ға­рыш­кер болу – бала кезгі асқақ арманы еді.
Айдар мен Айдын мектептен соң әс­кери қызметке кетуге шешім қабыл­да­ды. Айдар шекара қызметіне кетті (қа­зір ҚР шекара қызметінің полко­в­ни­гі), ал мектепті бір жыл кейін бітірген Ай­дын Армавир Жоғары әскери жаздық мектебіне түсті. Ғарышкерлер отрядына түсердің алдында ол заманауи әс­кери ұшақтарда ұшты.
Ғарышкерлерді даярлайтын отряд­қа түскен соң – ал бұл отрядқа түсу­ші­лер өте көп – екі мыңнан аса адам еді – ол отбасымен Мәскеуге, Жұлдызды қа­лашыққа кетті. Даярлықтың барлық кезеңінен өткен соң сынақшы-ға­рыш­кер дипломын алды. Енді ұшуы керек еді. Алайда, дәл сол арада дағдарыс келіп килікті де, ғарышқа ұшу сапары кейін­гі шегерілді. Ол Қазақстанға қай­та оралып, әскери қызметін жалғастыра берді. Қазғарыш жүйесінде қызмет етіп жү­ріп ғарышқа ұшам деген үмітін үз­беді, физикалық, жазғы, ғылыми даяр­лығын тоқтатқан жоқ.
Міне, ақырында үміт ақталды, біз­дің Елбасы мен Қазғарыш оның ғарыш­қа ұшуы туралы келісімге қол жеткіз­ді.
Айдынның бала кезгі тәтті арманы, жастық шақтан бергі қиын да күрделі дайындықтардағы ерік-жігері, үміті, қайсарлығы – бәрі бір күнде жиылып келіп, оны ғарыш әлеміне алып барады. Ол, міне, ғарышқа кетті. Сәт-сапар ті­ледім. Ғарыш кемесінің жұмысы жемісті болсын. Алла жар болсын!»,
– дейді Айдынның ағасы, суретші-график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Сурет­шілер академиясының коррес­пондент-мүшесі Нұран Айымбетов.
Иә, бұл күн біздің тарихта ғарышқа кө­терілген қазақ бауыры үшін қыр ба­ласының кеудесін мақтаныш сезімі кер­неген күн есебінде есте қалмай ма?
Біз үшін көкке зымырай көтерілген ғарыш кемесі лезде-ақ жеті қат көкті тіліп өткендей әсер қалдырған шығар. Ал, осы сәт үшін қазақ ғарышкерінің қан­ша ерік-жігері кетті, қанша төзімін сар­қыды, қанша сынақтан өтті – бей­мә­лім.
Бізге белгілісі, экипаж командирі Сер­гей Волков, борт инженерлер Айдын Айымбетов, Андреас Могенсендер мінген «Союз ТМА-18М» экипажы атал­ған жерден аспанға жол салатын 500-ші ғарыш кемесі екені.
Ұшырылымды Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Сапарбаев, Қы­зы­лорда облысының әкімі Қырым­бек Көшербаев, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров секілді мәр­тебелі меймандар тамашалады. Тал­ғат Мұсабаев журналистерге: «Бүгін біздің халқымыздың тағы бір азаматы ғарышқа аттанды. «Қазғарыш» агенттігі өз өкілін дайын-дап, ғаламдық жобаға қос­қанына бек зор қуаныштымыз», – деді.
Иә, Айымбетов ғарышқа тектен тек аттанған жоқ. Ғарыш экспедициясын жүзеге асыру кезінде Айдын Айымбетов ғарыш кемесінің жекелеген жүйе-лерін басқару, сондай-ақ Халықаралық ғарыш стансасының бортында «Қаз­ға­рыш» агенттігі әзірлеген зерттеулер мен эксперименттерінің бесінші ғылы­ми бағдарламасын іске асыру міндет­те­рін орындайды. Бұл бағдарлама «Мир» орбиталық кешенінің және Ха­лық­аралық ғарыш кешенінің бортында Тоқтар Әубәкіровтің қатысуымен бір рет және Талғат Мұсабаевтың қатысуы­мен үш рет орындалған болатын. Айдын Айымбетов енді сол зерт­теулерді жал­ғастырады. Қазақстанның экологиялық дағдарыс (Арал теңізі, Арал маңындағы шаң-дауылдар мен Каспий теңізіне мұнайдың құйылуына мониторинг жасау) аумақтарының түсірілімдері жүр­гізіледі. Қазақстанның экологиялық дағдарыс аумақтарының ахуалы-ның өзгерістеріне бағалау жүргізіліп, тө­тен­ше жағдайлардың даму ықтималд­ы­ғы сарапталады. әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ-дың ғалымдары микрогравитация жағдайларында қуатталған мик­ро­бөліктердің физикалық қасиеттерін зерделеу саласында біршама жұмыс атқарған еді. Осыған орай, іргелі зерттеулер орындалатын болады. Жердің бетінде қолға түспейтін «Кулонов кристалдары» деп аталатын жаңа құрылым алынады. Бұдан бөлек, ғарыштық биомедицина және ғарыштық биотехнология бағытының шеңберінде Адам және жануарлар физиологиясы институты­ның ғалымдары арқылы ғарыштық ұшу­дың шынайы жағдайында ғарыш­кер­дің операторлық жұмыс қабілеті, күйзеліс жағдайларындағы оның психологиялық-физиологиялық жай-күйі және функциялық қызметіне әсер етуі зерделенетін болады. Қазақ Тағам­тану академиясының ғалымдары азық­тық және биологиялық құндылығы, әрі медициналық-биологиялық қасиеттері жоғары бие сүті мен жылқы ма-йының негізінде қазақтың ұлттық мәзірінің ар­найы дайындалған өнімдерін әзір­леді. Халықаралық ғарыш экипажының мүшелері ұшу барысында сонымен тамақтанады. Сол бойынша ғарыштық ұшудың экстремалды жағдайларында ағзаның тұрақтылығын бағалауға және ғарышкерлерді даярлаудың жетіл­дірілген деңгейі негізінде нұсқаулықтар әзірлеуге мүмкіндік береді. Айымбетов сонымен қатар 2017 жылы Астанада өтпек ЭКСПО көрмесін насихаттайды, Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­нап бейнежолдау түсіреді.
Сөйтіп, қазақ баласының тағы бір ар­маны орындалды.
Қазақтың гуманитарлық ғылым өкіл­дері, жазушы, қаламгер қауымы үшін бұл сапардың қаржылық мәселесі көбірек қызықтырғандай бір мінездің бай­қалатыны бар. Әйтпегенде, ғарыш­ты игеру – біз күнде айтатын халықара­лық иммидж үшін ғана емес, ғарыштың кеңістіктегі әлеуетімізді арттыру үшін де маңызды емес пе еді? Қазақ жазушылары ғарыш тақырыбы жайлы, біз­дің күндердің қаһармандары туралы қалам тербейтін күн жақындағын күні кеше күллі қазақ ғарыш жаққа көз тіккенде тағы бір байқағандаймыз…
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір