ЖАҚСЫ АДАМНАН ҒАНА ЖАҚСЫ АКТЕР ШЫҒАДЫ
02.11.2018
1824
0

Сәбит ОРАЗБАЕВ:

…Әлі есімде, 2010 жылдың қоңыр күзі болатын. Бір күні әлдебір шаруамен Мұхтар Әуезов атындағы қара шаңыраққа жолым түсіп, театр фойесінде үнсіз ойға батып отырғанмын. Кенет әлдекім жаныма келді. Қарасам… Сәбит аға! Өзім жүзбе-жүз кездесіп, тағылымды әңгімесін тыңдауды арман етіп жүрген Сәбит аға! Не айтарымды білмей, аңтарылып қалған мені қазақ сахнасының абыз ақсақалының өзі құтқарды. Қалай дейсіз ғой? Жымия күліп алақанымды аппақ малта құртқа толтыра салды. Сол бір естен кетпес алғашқы жүздесу кейін Сәбит ағаның шаңырағынан дәм татып, неше мәрте ғибратты сөзін тыңдауға жол ашқан еді… Бұл жолғы сұхбатымыз менің кейіпкерімнің кім-кімге де өнеге боларлық мынадай сөздерімен басталды: «Жақсы қартаю кез келгеннің қолынан келе бермейді. Жақсы қартаю адамды абыздық дәрежеге жеткізеді. Ол үшін адал еңбек етіп, ұрпағымен өсіп-өнген, айналасына сыйлы, жастарға өсиет айта білетін, сөзі мен ісі үйлесімді жан болуың керек. Бұған жету – маған да арман»…


Атағын «ойнатып» отыратындарға жаным ашиды

– Қайбір жылдары қатты ауырып қалғаныңызда үкімет көмегімен Германияда емделіп қайттыңыз. Қазір денсаулығыңыз қалай?
– Жүріс-тұрысым бұрынғыдай емес. Бұған да шүкір. Сол жылдары мешел болып, жүре алмай қалған­мын. 1976 жылы Францияның Нанси қаласындағы театр фестива­ліне дайындық кезінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу­дағы» Жантықты ойнап жатқанмын. Қойылымның соңына таман Қозы­ны өлтірер тұста артқа шегінгенім сол еді, биіктен құлап түстім. Белім шойырылды да қалды. Тіпті есім­нен танып қалдым. Сол күні кешкі дайындықты Дінмұхамед Қонаев­тың өзі көретіндіктен, режиссер Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов – М.С.) көмекке келген дәрігерлерге жалынып, мені театрда қалдырды. Өнердің құдіреті, белімнің ауырға­нын да сезбей, спектакльде аяғына дейін ойнап шықтым. Содан жиыр­ма жылға жуық уақыт «белім ауыра­ды» деп жүре беріппін. Германияға барғанда дәрігерлер «Көп жыл бұрын биіктен құлаған екенсіз» деп, сегіз сағат операция жасады. «Наркоздан кейін шашыңыз түсіп қалады, дәрінің күші бетіңізге әсер етеді» деген. Шашым түскенмен, өзіме керек шашым қалды (күлді). Жалпы, сол қиын кезең мен үшін мектеп болды. Басыңа іс түскенде айналаңдағы адамдардың адамгер­ші­лік деңгейін таниды екенсің. «Аға», «көке» деп қаптап жүрген жігіттердің көбі жоқ болып кетті. Сонда Абайдың «Асыл адам айны­мас» деген сөзін есіме алғанмын. Операциядан кейін бір жылға дейін жүріп-тұруға қиналып, бірнеше жыл театрдан қол үзіп қалдым. Қай­та оралған соң «Жүрейік жүрек ауыртпай» қойылымында ойнаған­мын. Сөйтсем, бір журналист ба­сылым бетіне «Театрдан шығарып жіберген, он жылдан кейін қайтып келген Оразбаев рөл ойнады» деп жазыпты. Тиісті жауабын бердім. Иә, әртіс үшін сахнадан жырақтап қалу – өте ауыр. Қиялыммен өнер­дегі өмірімді шарлап жататынмын… Тәубе, ойнамаған рөлім жоқ, атақ­ты да алдым, абырой да келді. Бас­тысы, халқыма адал қызмет еттім.
– Сізбен сұхбаттасу – адамға зор ғанибет. Сізді ағып жатқан бұлаққа теңеушілер көп. Кез келген сұраққа өзіндік ой-толғамыңыз дайын тұра­ды. Бұл көп оқығандықтан ба, әлде өмірден ой түйе білгендіктен бе?
– Адам қандай да бір кітап оқыр­да, одан не алатыны жайында алдын ала ойлануы керек. Баяғыда ұстазым Асқар Тоқпанов «Теледи­дар­дан сөйлегеніңді көрдім. Жаман емес. Ойыңды әлі де тереңдете түс, Абайды оқы, басқа жаққа шолтаң­дама» деген. Өзі Абайдың барлық өлеңдерін жатқа оқитын. Мен де Абай, Мұқағали өлеңдерімен қоса, толғауларды көп оқимын. Қайта-қайта оқимын. Сол оқығаның жадыңда жатталып қалады. Жас кезімде есте сақтауым мықты еді, тез жаттайтынмын. Бүгінде соның бәрі – менің байлығым. Негізі, кез келген жерге оңай сіңісіп, әңгімеле­се жөнелетін жанмын. Атағын «ой­на­тып», сызданып отыратындарға жаным ашиды.
– Жақсы киім – бойға, жақсы дос ойға жарасар. Талай жыл Мыр­затай Жолдасбековпен дос болып келесіз. Қос тұлғаның адал, шынайы достығына көлеңке түсіруге тырыс­қан­дар болды ма?
– Өмір онсыз бола ма? Баяғыда біреудің үйіне ұры түсіпті. Үй иесі оянып кетіп: «Не іздеп жүрсің?» – десе, ұры: «Дүние іздеп жүрмін, сені бай деп еді, түгің жоқ қой», – депті. Сонда әлгі кісі: «Жоқ, мен өте бай адаммын. Өйткені, достарым көп. Басыма қиындық түскенде, солар­мен дидарлассам, жағдайым жақса­рып, жеңілдеп қаламын», – деген екен. Мырзатаймен сонау театрға алғаш келген кезден доспын. Қойы­лым­дарымызды көріп, пікірін біл­ді­ріп тұратын. Сол дидарласулар па­расатты, терең достыққа ұласты. Шү­кір, арамызда еш жүз шайысу бол­ған емес. Мырзатай екеуміз түйдей құрдаспыз, бірақ өзін «аға» деп атайтыныма риза (күлді). Өзі тынбай еңбек еткенді жаны сүйетін адам. Сондықтан майда-шүйдемен шаруасы болмайды. Оған уақыты да жоқ. Ұсақтық жұмысы жоқтан, жалқаудан, дарынсыздан шығады.

Қайран ұстазымның көз жасын көргенмін

– Оқуға түсерде Асқар Тоқпа­нов­­­тың алдына барғаныңызда «Ба­сың­­ды қайдам, шашың мықты екен, өзі бұйра ма әлде бұйралатып алдың ба?» деп тиісіпті. Сөйткен ұстазы­ңыз­ды алғаш қай ісіңізбен риза еткеніңіз есіңізде ме?
– Қазақтан шыққан үлкен өн­ер­паздардың атасы – Асқар Тоқ­панов. Еткен еңбегі зор. Өз ара­мызда «Тоқпановтың тоқпағы­нан шықпасаң, актер, актриса бола ал­майсың» дейтінбіз. Бірақ тез ашуланатын, күйіп-пісетін мінезі бар еді. Шындықты бетке айтатын. Бір жылы Жетісу өңірінде Ескелді батырға арналған жиын өтті. Аты Сағымбай болуы керек, бір әкім баяндама оқып тұрған. Жасыра­тыны жоқ, сылдыр сөзі көп, жадау дүние. Бір кезде залда отырған Тоқ­панов «Ей, шырағым, сен не айтып тұрсың?» деп айқай салды. Әкім «Тынышталыңыз» деп еді, «Мен ты­нышталамын, бірақ мына баян­да­мадан кейін Ескелді тыныш­тал­майды. Айналайын, сен ренжіме, кел, менің орныма отыр» деді де, мінбеге шығып, өзі сөз сөйлеген. Осындай мінезі үшін талай рет қызметтен шығарылды. Соның бірінде Т.Жүргенов институтына мұғалім болып кірген шәкірті ұстазына қарсы арызға қол қойып­ты. Бірнеше жылдан кейін кішкен­тай баласымен көшеде келе жатса, алдынан Асекең шыға қалыпты. Қол беріп амандасса, «Мен опасыз шәкіртіммен амандаспаймын, тап-таза періштемен амандасамын» деп, баланың қолын алып, кете барып­ты. Сол шәкірті көпке дейін жаса­ған тірлігі үшін «жастығым болды ма, мастығым болды ма?» деп қайғырып жүрді. Тоқпановтың сынағынан өткен кезім әлі есімде. Мектеп бітірген соң бір жыл кон­сер­ваторияның ән факультетінде оқыдым. Келесі жылы театр бөлімі ашылып, бағымды сынап көрмек болдым. Содан Тоқпановтың ал­дына бардым. Алдымен шашыма тиісіп алды (Алматыға келген соң шаштарының алдын бұйралатып алған Райымбек пен Асанәліге «оңтүстіктен келген бикештер» деп жұрттың көзінше көпке дейін тиісіп жүрді). Сосын әртістер мен дра­ма­тург­терден кімдерді білетінімді сұрады. Театрға жиі барып тұра­тын­дықтан, мүдірмедім. «Маман ре­жис­серлерден кімді білесің?» де­генде, «Асқар Тоқпановты білемін» дедім. Алдымда тұрған кісіге солай айтқаныма бүгінде күлкім келеді. Сонда сөзіме күліп алған Асекең «Айтып тұрғаның дұрыс, бірақ өнердің жауы – жағымпаздық, содан аулақ бол» деген. Оқуға түс­кен соң тәлімін алдық. Па, шіркін, театр тарихынан сөйлеп кеп бер­генде, сөз тасқыны құйылып келіп жатқандай көрінетін. Жады­ның мықтылығына таңғалатынбыз. «Осы кісі бір айт­қанын қайталама­ған күйі кетер ме екен?» деп ойлай­тынмын. Талабы да күшті еді, көңі­ліне жақпасаң, періп кеп жіберетін. Ғажабы, бәріне ұрысқанымен, ма­ған бір рет те қатты сөйлеген емес. Бірде адуынды ұстазымның көзіне жас алғанын көрдім… Дүниеден өтер кезінде қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Көңілін сұрап барғанымда «Төле би ауданынан жаңғақтың бұтағын алып кел, соны қайнатып ішсем, шипасы болады екен» деді. Дереу таныс жігіттерге хабарласып, жаңғақтың бұтағын алдырттым. Сонда ұстазым: «Айна­лайын, бұған енді менің әлім қай­дан келсін, мен бітейін деп отырған адаммын, менің көңілім үшін алғызыпсың, ризамын саған» деп жылаған еді. Қайран Асекең…
– Отыздың ішіне енді ілінген шағыңызда Әбдіжәмил Нұрпейісов­тің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарт­тың бейнесін сомдадыңыз. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шеберлі­гіңізге таңғалып, таңдай қаққанын көзкөргендер жиі айтады. Алайда көп ұзамай КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғына ұсынылғандардың ішінде сіздің есіміңіз аталмай қалыпты. Мұның өкініші бөлек шығар? Жалпы, осы рөлдің өміріңізде алар орны қандай?
– Бастапқыда тізімде аты-жө­нім бар еді. «Ұлы жүзден екі адам болып кетті, сосын тізімде міндетті түрде орыс болу керек» деген саясат жеңіп, кейін театрымыздан қашып кеткен орыс суретші алды ғой. Жас болғандықтан бұл жайтқа мән бермеп едім, жұрт «Бұл қалай бол­ғаны?» деп бас шайқай берген соң, қатты уайымдадым. Жап-жас Фаридаға (Шәріпова) «Ана-Жер-анадағы» Толғанай рөлі берілгенде, ол «Мені құлатпақ оймен Әзекеңе айтып, біреулер әдейі бергізіп отыр» деп жылаған. Сонда «Жығыл­саң, нардан жығыл» деген, жақ­сы­лап дайындал» деп қайрағанмын. Өзінің де ішкі дүниесі мықты еді, керемет ойнап шықты. Сол жағдай «Қан мен тер» кезінде менің де ба­сы­ма келді. Ол рөлді Елубай Өмір­зақов ойнауы керек-тін. Мен кел­мей қалған әртістердің сөзін айта­тын ассистент-тұғынмын. Бір күні шығарма авторы Әбекең (Ә.Нұрпейісов) «Жүріс-тұрысың да, сөйлеу мәнерің де шалдікіндей, немене, Мәмбетовтің көзіне тү­се­йін деп жүрсің бе? Бұл Елубайға арнап жазылған рөл» деп шүйліксін. Ондай ойым жоқ еді. Алайда Елубай аға сырқатынан жазылмай, режис­сер Ә.Мәмбетов қашқақта­ғаныма қарамастан рөлді маған тапсырды. Енді Фарида: «Толғанай­ды бергенде саған барып жылағаным есіңде ме? Сонда да нартәуекел деп кірістім ғой. Шықты ғой ақыры. Сен де шығарасың Сүйеуді», – деп күш берді. Сүйеу – жүріс-тұрысы, сөз саптасы өте күрделі тұлға. Сырттай қатыгез жан көрінгенімен, оның ызғарлы келбетінде, жан дүниесінде зорлық-зомбылыққа деген күшті қарсылық, әділдік үшін ештеңеден тайынбайтын бірбеткей мінез бар. Өз басының қамын күйттеуден аулақ. Жұмбақтығы да осында. Ті­зем қанша қалтыраса да, Әзекеңнің намысымды қайрап сөйлеген сөз­дері сүйектен өтіп, базарға ба­­р­ып, шал іздедім. Сөйтсем, Сүйеудің маңайына да жолайтын шал жоқ. Жаным қиналғаннан ауылдағы аталарды есіме алдым. Қасиет­терің­нен айналайын, жарықтықтар, тектілігі сонша, әңгімелесіп отыр­ған­дарының өзі спектакль сияқты еді ғой. Айтатындары ауыл ішінің әңгімесі емес еді, тереңнен толғап, еркін көсілетін. Не керек, рөлге дайын­даламын деп күндіз-түні ұй­қы көрмей, қатты жүдедім. Премье­радан кейін біреудің көзіне түсуге бата алмай, гримделетін бөлмемде «құрыдым» деп отырғанымда, Фарида келіп: «Айтым ғой саған, керемет ойнадың!» – деп құттық­тады. Одан Мәмбетов «Идиот, нормальный барлығы» деп кетті (ол кісінің нормальныйы «жақсы» де­генді білдіретін). Көркемдік кеңесте де «Классик әртістердің деңгейіне жеткен ойын болды» деп бәрі Сүйеу­ді мақтады. Бастапқыда мақта­ғандарына сене алмай жүрдім. Бір күні Әбекеңнің өзі: «Мені ке­шір, сен менімен соавтор болдың, тіпті өзім ойламаған нәрселерді сахнадан көрдім, әсіресе «Көзім тірі тұрғанда, Еламанның шаңырағын құлатпаймын» деген жерді сахнада құлпыртып айтқаныңда тұла бойым дірілдеп кетті, ризамын саған», – дегенде арқамнан жүк түскендей болды. Асекең ұстазым да Сүйеуіме өте риза болған. Үнемі «менің шәкіртім» деп мақтанып жүретін. Орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновский Мәскеуге гас­тро­ль­дік сапармен барғанда спек­так­льді көріп, жоғары бағасын бе­ріп, құттықтады. Жалпы, Сүйеудің болмысыма терең әсер еткені сон­шалық, сол рөлден кейін жан дү­н­ием тез қартайып қалды. Мен Сүйеу­ге қазақ қарттарының жиын­тық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Сүйеуге өз бойымдағы бар қабіле­тімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым деп білем. Адам болып, жер басып жүргеніміз ата-ананың ғана арқасы емес. Біз – ең алдымен қазақ деген халықтың бір баласымыз, ұлтымыздың бір бөл­ше­­гіміз. Сол ұлт тектілігінің бү­гінге жетуіне Сүйеу сынды қарт­тардың ықпалы ерекше болғаны анық.
Жалпы, өнерпаз велосипед­тің үстінде келе жатқан адам сияқты. Бағыты – шеті де, шегі де жоқ тым алыста. Тоқтаса – құлап қалады. Сол себепті ылғи алға жүріп отыруы керек. Ол – іздену деген сөз. Ұққа­ным – жақсы адамнан ғана жақсы актер шығады.

Нұрекең – өнерге құштар, сері адам

– Сәбира Майқанова Қырғыз­с­тан сахнасында «Ана-Жер-ана­дағы» Тол­ғанайын ойнауды арман­дапты. Алайда автор Шыңғыс Айт­матов Фа­рида Шәріпованың ойна­ғанын қа­ла­ғандықтан, қатты қапаланған актриса ауырып, сол сырқатынан оңалмаған күйі кетіпті. Актерлік өмір сіздің жүрегіңізге қаншалықты жиі салмақ түсірді?
– Абайдың «Көптің аузын кү­зет­сең, күн көрмейсің, өзіңді өзің күзет, кел, шырағым» деген сөзінің өзі-ақ адамды қамшылауға жетіп жатыр. Актердің жүрегіне салмақ түспейтін күн жоқ. Театр – қайнап жатқан қазан. Бір шаңырақта қызмет етіп, бір дастархан басында шай ішіп отырғанмен, сан алуан таланттар бір-бірімен жарыста. «Ана рөл неге оған берілді, оның тірегі бар» деген сықылды әңгімелер де желдей есіп жатады. Әртістердің қиялына құстың қанаты жетпейді. Олар – кішкентай әңгімеден үлкен дау тудырып жүруге шебер халық. Эксперимент жасап, бір-екі адамды төбелестіріп қойып, қызығына қарап отыратындар да болады. Жетімдігімнен, сенетін ешкімім жоқ болғандықтан ба, соның бәрі­нен алыс жүрдім. Мен – бақыт­ты әртіспін. Армандаған рөлдің бәрін ойнадым. Тек режиссердің өзі қор­қасоқтағаннан сахнаға шықпай қалған «Король Лирдегі» король бей­несін сомдай алмадым.
– Бірде «Балаларым мәшине ал­ып беріп еді, бәле болды, жұрттың бәрі мені бай деп ойлайды» деген еді­ңіз. «Бай адам» деген сөзден қор­қа­тын сияқтысыз. Қиын өмірден жай­лы тұрмысқа жеткенде тоқ­мейіл­су­ден, ашкөздіктен, дүниеқоңыз­дық­тан аман алып қалған қандай күш?
– Баяғыда бір ағамыз «Үй деген сөздің мағынасын білесің бе?» деп сұраған. «Үй деген – баспана» деге­німде, «Жоқ, дүниені үйе бер, үйе бер, сол дүниені үйе беретін жерің – үй болады» деген. Өткенге үңіл­сек, тарихта аты қалған ғұламалар ешқашан дүние жимаған. Кедей­шілік­пен өмір сүріп, аштықта дүние салған. Абылай ханның мақтау­шысы да, жоқтаушысы да болған жарықтық Бұқар жырау төсеніш болмағандықтан шидің үстінде жатқан дейді. Олар нағыз әулиелер ғой. Қазіргі ең үлкен байлығымыз – бейбітшілік. Балаларымыздың өсіп-өнгені де – бір бақыт. Таңғала­ты­ным, жұрт «кедейміз» деп шула­ғ­а­нымен, әр үйде кем дегенде бір машина бар. Мұның бәрі – егемен­дік­тің арқасы. Бірақ дүниенің соңы­на түсу – адамшылықтан кету­дің басы. Ашкөздікке тоқтау сала­тын күш – қанағат пен шүкіршілік.
– Нұрсұлтан Назарбаевпен ру­хани жақын екенсіздер. Елбасымыз сіздің орындауыңыздағы толғауларды ерекше сүйіп тыңдайтын көрінеді. Достықтарыңыздың арқауы – өнерге деген махаббат болар?
– Иә, Нұрекең – өнерге құштар, се­рі адам, ұсақ-түйекке мән бер­мей­тін пейілі өте кең кісі. «Зұлмат жылдары қаншама қазақ қырылды. Қарап отырсақ, өзімізді өзіміз ұстап беріппіз. Соның бәрін жарыққа шығарсақ, қазақ бірімен бірі жау болып кетеді. Менің ең үлкен уайы­мым – қазақтардың арасында бір­лік­тің сақталуы. Қайбір жылы Гер­маниядағы қазақтар шақырып, кездесуге бардым. «Шетелде жүр ғой, жөнделген шығар» десем, бі­рін-бірі жамандасын келіп. Моң­ғо­лия­ның, Қытайдың қазақтарын күн­дейді. Шошып кеттім» деп сыр бөліскен. Өзі басқосуларда маған Төле бидің толғауын жиі айтқызады және қайта-қайта тыңдаудан жалықпайды. Басқа біреулерден ести қалса, «Бұл – Сәбит Оразбаев­тың айтып жүрген толғауы. Мына бір жерлерін тастап кеттің» деп отырады екен. Меніңше, бабамыз тебірене толғаған жайт ол кісіні де қатты толғандыратын секілді. Алауыз­дық – қазаққа баяғыда-ақ жабысқан дерт. Күншілдіктен, араздықтан іргесін аулақ ете білген халықтың ғана мәртебесі биік болмақ. Осыны өсіп келе жатқан жас ұрпақ терең ұғынып, көкей­леріне түйе жүрсе екен деймін.

Жетпіс жеті өнер үйренсең де – аз

– «Тоқта, ботам, атаң келеді ар­тың­­даны» боздатқан дауысыңыз көп­тің құлағында ғана емес, көкіре­гін­де де жаттаулы. Сіз бұл әнді орын­дау­шы ғана емес, әуенін жазған саз­герсіз де. Жыраулығыңыз – өз алдына бір төбе. Бұл өнерге құмар­туыңызға кімдердің әсері болды?
– Мен ақындардың өлеңдерін домбыраны шертіп отырып оқы­ған­ды жақсы көремін. Сондай сәттердің бірінде әуендер туып, Төле би мен Мұқағалидың 3-4 өле­ңі­не ән жаздым. Әндерім де, халық мақамына салып орындай­тын толғауларым да концерттер мен кез­десулер арқылы халыққа жетті. Бір күні Қазақ радиосында қызмет ететін Қошан деген жігіт «Жетісу өңірінен жыраулық дәстүрмен айналысатын жастарды таба алма­дық. Сіз үлкен мектеп екенсіз. Ра­дио арқылы толғауларыңызды бе­рейік» деп өтініш айтты. Қолымда ешқайсысы сақталмағандықтан, өзі еліміздің әр аймағынан тауып әке­ліп, толғауларымды радиодан бір ай берді. Сөйтіп, сазгер, жырау атанып кеткенмін. Көзкөргендердің ай­туын­ша, әкем Қоңырбай домбыра шертіп, ән салатын, өте әңгімешіл кісі болыпты. Анам Апақайдың да әншілік, айтыскер ақындық өнері бар еді. Ауылда Төлеген молда дейтін жырау бабамыз бар-тын. Жырдағы аттың шабысы, қызыл­бас­тармен соғыс сипатталатын тұс­та домбырасын жайына қал­ды­рып, екі қолын көтерген күйде ай­қайлап, отырған күйінде жортақтай жөнелетін. Жыр-дастандарды таңға шейін ұйықтамай тыңдайтынмын. Анам кітаптарын тауып әкеп берген соң ағайындарды жинап алып, са­ғаттап оқып беретін болдым. Ауыл ішіндегі Әбдіқадыр атты домбыра­шы кісінің қағыстарын көріп, анам сыйлаған домбырамен аспаптың тілін өзім үйреніп алдым. Алғаш домбырамен «Жылқышы» деген ән айтқанмын. Халық қазынасына деген осы махаббат мені жырау­лық­қа алып келді (домбыра тартып, ән айта алатыным актерлігіме де көп көмектесті). Жалпы, жыраулар – халқымыздың неше ғасырлық өмі­рін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бей­нелеп түсірген, өшпес, өлмес мұра жасаған ақылгөй даналар. Ел толқыған кезде, бүліншілік шық­қан­да нақыл, өсиет түріндегі тол­ғау­ларымен халыққа күш-қуат бер­ген. Жыр-дастандарды оқып-үйренген жас ұрпақ атадан мирас болған сөз маржандарына қаны­ғады, халқымыз бастан кешкен тарихи кезеңдерді танып-біледі, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енеді. Ертеректе теледидардан берілген «Халық қазынасы» деген хабарда әр өңірден жиналған жыраулар өз толғауы­мыз­ды айтатынбыз. Халықтан келген ризашылық хаттарда есеп болмай­тын.
– Халқымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деп әспеттеген жан сіздей болар. Тігіншілік өнеріңіздің де барын естіп, таңғалғанмын. Мұны кімнен үйрендіңіз?
– Тігіншілік өнерді тұрмыс тап­шылығынан үйрендім. Үш жасымда әкем қайтыс болды, ағам соғыстан оралмады. Соғыстан кейінгі қиын жылдар. Алдымен фотоаппаратпен суретке түсіруді үйрендім. Сосын киім тігуге көштім. Жатақхана­мыз­дың коменданты студенттерге киім тігіп беретін. Сол кісінің көмекшісі болып жүріп, кейін өзім де жейде, шалбар тігетін болдым. Алғашында екі қатарлы тігісім қисық болып жүрді. Бірте-бірте түзелді. Күрте де тіккеніммен, пальтоға жете алма­дым. Мәскеуге барғанда киімдердің нобайларын, джинс мата алып келетінмін. Ол балаларымның үстінде ешкімде жоқ, сәнді костюм, көйлек, шалбар болып шыға кел­ген­де, жұрттың бәрі «Қайдан ал­дың?» деп қызығатын. Достарымды да біраз «киіндірдім». Қазір бұл өнермен балаларым айналысады. Ал фотоаппарат – әлі де серігім. Студент кезімде бірге оқитын қыз­дарды суретке түсіретінмін, бәрі стипендия алғанда ақша беріп тұратын. Өзім табыс таба бастаған соң тегін түсіретін болдым. Театр мұражайындағы суреттердің 60-70 пайызы – менің суреттерім. Ұста­лығым да бар. Кезінде домбыралар жасағанмын. Балаларыма қашанда «Жетпіс жеті өнер үйренсең де – аз» деген ақылымды айтып отырамын.

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір