Қазақ әдебиеті және Қазақфильм

0
77 қаралды

Руханият дүниесінің түбі бір, түп атасы – әдебиет. Бұл сөзге түсінік жазып, түкпірлеудің қажеті шамалы шығар, әйтсе де, киноның да, театрдың да, музыканың да сүйенері әдеби көркем шығармалар: проза мен поэзия екендігін ескерте салсақ, есті жұрттың «е-е» десері анық.


Қазақ әдебиеті мен қазақ кино­сының арасындағы шығарма­шы­лық байланыс пен бауырластық Мұх­тар Әуезов («Абай әні»), Бейім­бет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Всеволод Иванов («Амангелді»), Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтанахмет Қожықов, Ораз Әбі­шев­терден басталды да, жарасымды жалғасын таба берді. Бердібек Соқ­пақбаевтың «Менің атым – Қожа» повес­ін оқыған жұрт әлі күнге Аб­­долла Қарсақбаевтың экран­дағы «Қожасына» қол соғумен ке­леді. Төлен Әбдіковтың «Ер Сейіт пен Қыз Бәтіші» талантты режиссер Серік Жармұхаметовтың «Өтел­ме­ген парызы» болып таспаланды. Дулат Исабековтың «Гаухартасы» – режиссер Шәріп Бейсембаевтың да «Гаухартасы». Саусағымызды бү­гіп санамалай берсек, қазақ режис­серлері мен қазақ қаламгер­лері арасындағы «алтын көпірден» тарлан таланттарды көре түседі екенбіз. Міне, айдан асты, қазақ баспасөзі жазушы, кино-драматург Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» атты повесінің желісі бойын­ша түсірлген толық метраж­ды драмалық «Талан» көркем фи­льмі туралы жарыса жазып, сүйін­ші­леп жатыр. Естеріңізге сала ке­тейік, бұл – Жүсіпбек Қорғас­бектің қала­мынан туған шығарма негізінде түсірілген екінші фильм. Алғаш­қысы – әйгілі «Жансебіл» болатын. Режиссері – марқұм Ая­ған Жәшімбаев еді. Қасым Жәкі­баев, Галина Макарова, Кеңес Нұр­ланов, Анна Таракановалар бас­ты рольдерді сомдаған «Жан­се­біл» «Қазақфильмнің» алтын қо­рына енді. Сөзімізді осы арадан қайы­рып, біз бүгінгі шағын шолуы­мыздан мына бір мәселені ерек­ше­леп айтқымыз келеді: Болат Қа­лым­бетов сияқты ағалар дәстүрін көріп қалған режиссерлер болмаса, қазіргі киногерлердің дені қазақ қаламгерлерімен қарым-қатынас жасау, шығармаларын оқып, шығармашылық одақ құру дегенді мүлде ұмытқан. Сондықтан да болса керек, олардың түсіріп жат­қан фильмдерінде ұлттық реңк, ұлт­тық мазмұн, ұлттық құнар жоқ. Әйтсе де, Қазақ әдебиеті және Қа­зақ­фильмнің арасындағы бұрынғы байланысты қалпына келтіруге болады деп ойлаймыз. Сондықтан газетіміздің алдағы нөмірінде аталған мәселе төңірегінде кеңірек ой өрбітпекпіз.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.