АДАМ және ЖЕР

0
98 қаралды

Перл Бак


(П.Бактың «Жер» романы туралы ой)

Адам баласы жер бетіне шыр етіп келеді, өмірі жер бетінде өтеді. Жер адамға өмірлік тұрақ қана емес, асыраушысы да. Қойнауы құтқа толы «мейірімді жер» барын адамның аузына тосады. Тек ерінбей еңбек етсе болғаны. Адам өлгенде де жерден кіндік үзіп кете алмайды. Денесі жер қойнына енеді. Демек, адамның жерсіз күні жоқ екен. Мұны қай заманда да, қай халық та білген. Алайда адам бүгінде жанымен, жүрегімен өзінің асыраушысынан алыстап барады. Оның қайырымсыз, қатыгез, безбүйрек болып бара жатқаны да осының салдарындай. Бәлкім, жерге маңдай тері тамбаған адам қадірін жете ұғынбайтын, асылын қастерлей алмайтын тоғышарға айналар, мейірімнен мақұрым қалар…

Перл Бак (қыз күніндегі тегі Сайденстрикер; 1892-1973 жж.) – өз елінде атақ-абыройы Мар­га­рет Митчелл, Харпер Ли, Тони Мор­рисон сынды үздіктер­ден еш кем түспейтін белгілі америкалық жазушы. Қытай халқы да оны өз­дерінің төл жазушысы санайды. Тіпті, Лу Синь және Лао Шэ се­кіл­ді классиктерімен қатар қояды. Өйткені, ата-анасы миссионер­лік­пен айналысқан қаламгердің бала­лық және жастық шағы Қытайда өткен. Тілі алғаш қытайша шық­қан. Ол есейген соң да «екінші Отанынан» жырақ кетпеген. Қайырылып соғып тұрған. Шығыс елі сыншылардың да, оқырман­дар­дың да жоғары бағасына ие болған бірқатар туындыларының дүниеге келуіне әсер еткен. Со­лардың бірі және бірегейі – 1931 жылы жарық көре сала Пулитцер сыйлығына ие болған, 1931-1932 жылдары әлемдік үздік шығар­малар көшін бастаған, бүгінде отыздан аса тілге аударылған «Жер» романы. 1937 жылы Перл Бак америкалық жазушы әйел­дер­дің арасынан бірінші болып Но­бель сыйлығының иегері атанды. «Қытай шаруаларының өмірін жан-жақты, эпикалық тұрғыда суреттей білгені және биография­лық шедеврлері үшін».
Шығармада Ван Лун атты қы­тай шаруасының өмірі арқылы әулеттер тағдыры һәм өмірлік құндылықтар, адами құндылықтар туралы сөз болады. Осы арада Перл Бак аталған туындысының жалғасы ретінде «Ұлдар» (1932), «Құрдымға кетіп бара жатқан үй» (1935) романдарын жазғанын айта кету керек. Жалпы, бір әулеттің тарихы – қытай халықтық класси­калық әдебиетінің сүйікті тақы­рыбы.
«Жер» романын көп­шілік сын­шылар тек қы­тай шаруал­ары­ның ғана емес, жалпы адамзаттың өмірі туралы тәм­сіл­ге теңейді. Тіпті, оны Киелі кі­тап­­-
т­­ай көру­шілер де бар. Жазушы­ның өзі де сұх­бат­­та­рын­да «еш­­тең­е­ні ой­дан шы­ғар­ма­ғанын, бар бол­ға­ны, өмір кө­рі­­ністеріне қа­­ғаз бетінде жан бітір­ге­нін» ай­та­тын. Бұл орайда америкалық сын­­шы Уильям Фелпс: «Егер кітап авторы оқыр­манға белгісіз бол­ғанда, ол оның ер не әйел, радикал не консер­ватор, діндар не атеист екенін біле алмас еді», – деген ұтымды ой айтады. Расымен, ро­манды оқып оты­рып оны кім жаз­ғанына мән бермейсіз. Еш­қан­дай боямасыз, шынайы өмірдің ішіне кіріп кетесіз. Кейіп­керлермен бір­ге өмір сүресіз. Оларды жат көр­мей­сіз. Бірге толғанасыз, бірге қайғы­расыз, бірге қуанасыз деу – жай сөз. Ван Лунның күрес­кер­лігі сізге де «жұғады». Тығы­рық­қа тірел­генде шешімді қосыла іздейсіз. Тіпті, бәзбір сәттерде жа­қы­ныңа өкпелегендей, «мұның не?» деп кінә артасың.
Роман тектен-тек «Жер» атал­маған. Ван Лун үшін өмірдегі ең басты құндылық – жер. Өзі тұр­ған өңірді ашаршылық жайлап алған кезеңде ол да отбасымен бірге қиын күн­дерді басынан кешеді. «Бүгін-ертең өлетін шығармыз» деп отырғанында қаладан екі адам келіп, жерін сатуын сұ­райды. Сонда ашуға булыққан Ван Лун: «Жерімді еш­қа­шан сатпаймын! Балал­а­рымды жерімнің топырағын шетінен кертіп беріп оты­рып асырайтын бола­мын. Сосын олар өлгенде денелерін осы жерге кө­ме­мін. Өзім де, әйелім де, әк­­ем де өз жерімізде өле­міз!» – деп айғай са­лады. Бір кездері осы­­лай­ша аш­тықтан бұ­ра­тылып өл­ге­лі отырған, кет­­­пені мен ұлта­рақтай же­рі­нен басқа түгі жоқ, оқу­-­жазу­дан ма­құ­­рым ке­дей шаруа ке­й­ін сол өңір­дегі бай адамдар­дың бі­­рі­не, өсіп-өн­ген бел­гілі, сый­лы әулеттің бас­шысына ай­на­лады. Ал ро­ман­ның басында Ван Лун жүз­деріне тіке қарай алмай бүге­жектеген, алпыс бөлмелі зәулім са­райы, сан­даған шақырымға созылып жатқан құ­на­р­лы жері, сан­дық-сан­дық ал­­тын-күмісі, асыл тас­тары, есеп­сіз жұмысшы­лары мен күңдері болған бай Хван әулеті күндердің күнінде бар байлығынан айрылып тынады. Қалайша? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бірі таң атқаннан кеш батқанша тер төкті. Абайша айтсақ, өз қайратына сүйеніп еңбек қылды. Қара жер де оны құр қалдырмады. Сондай-ақ, су тас­қы­ны, төңкеріс, соғыс, қарақ­шы­лардың шабуылы, құр­ғақ­­шылық секілді қиын жағ­дайларда ерік-жігерін жоғалтпады. Ал Хван әуле­тінің өкілдері болса, күндерін сауық-сайранмен өткі­зіп, қолда барды төгіп-шашты. Екінші және ең басты себеп – бірі жерді кие тұтты, тіршілік көзі, тіп­ті, адам­ның қаны мен жаны деп білді. Ашаршылық, құрғақшылық ке­зінде «менің жерім бар, әлі-ақ ол қайтадан өнім береді» деген ой жұ­баныш болды. Жерді өмірінің өзегі санады. Кейін, байлығы ас­­ып-тасқан уақытта да жер ар­қылы өсіп-өнгенін ұмытқан жоқ. Өле-өлгенше жерге басы иіліп өтті. Ал екіншілері, шығарма тілі­мен айт­қанда, «жермен байла­ныс­тарын үзіп алды және жер бірте-бірте олардың уысынан шыға бас­тады». Қазыналары ортая бас­тағанда жерлерін шетінен телімдеп сата берді. Сатып алушы кім десеңіз, ол – маңдай тері сорғалап, бел жазбай ауыр еңбек етіп, тір­нек­теп жиған азын-аулақ ақ­ша­сына жер сатып алуды, жерін кеңей­туді ғана ойлаған Ван Лун. Ақыры Хвандар оған барлық жерін сатып тынады. Жермен бірге бастарындағы бақ та кетеді. Бар дәулеттен жұрдай болып, әулет­терінің тоз-тозы шығады.
Жалпы, «Жер» романының жа­рыққа шығуы 30-жылдардағы Ұлы тоқырауға тұспа-тұс келген. Тарихқа көз жіберсек, дүние­жүзі­лік экономикалық дағдарыс ке­зінде миллиондаған америкалық үйлерінен, кәсіптерінен айыры­лып, кедейшілікке ұшырады. Байыр­ғы фермерлік шаруашы­лық­тарын тастап, күнкөріс үшін қалаға ағылды. Қаншама жылғы өмір сүру салты бұзылды. Міне, сол уақытта «Жер» романы оларға рух берді. Қиындықтарға қасқая қарсы тұруды, өте ауыр жағдай­лардың өзінде де ерік-жігерін жо­ғалтпауды үйретті. Тырмысып тынымсыз еңбек еткеннің жақсы өмірге жетпей қоймайтынын көр­сетті. «Көгалды қуып гөлайт­тап, қызықпен жүріп жазды алған­ның» күні не болатынын да естен кетпес сабақ етті. Сол себепті де, «Жер» романы – «кешегі Амери­каның табанды еңбекке, ұсынақ­тыққа жә­не жермен етене жақын болуға де­ген сенімінің» үздік үлгісі са­налады.
Қытай халқының Перл Бакты жақсы көруінің тағы бір себебі – жазушы романда діни-пәлсапалық түсініктері арқылы олардың ділін бере білген. Мәселен, шығармада Аспан культіне де ерекше көңіл бөлінеді. Ол жер бетіндегі барша жандының тіршілігін бақылауында ұстайтын жоғарғы қасиетті күшке ие. Аспанды бейнебір Құдайдың өзіндей көретін Ван Лун жиі-жиі Аспан мен Жердің құрметіне діни жоралғылар жасап, ғибадатханаға жер өнімдерін тарту етіп отырады.
Романды оқып отырып басты кейіпкерлердің рухани және әлеуметтік өмірінде конфуцийлік қағидалар маңызды орын алаты­нын байқайсыз. Мәселен, Ван Лунның әкесі мен ағасына деген құрметі. Оларға әрдайым қамқор болуы. Олардың дені сау болуы және жақсы өмір сүруі үшін қыз­мет көрсетуге, көңілдерінен шығу­ға дайын тұруы. Конфу­цийшілдік Ван Лун мен әйелінің қарым-қатынасынан да көрінеді. Мы­са­лы, әйел адамның ешқашан еріне қарсы келмеуі, қай кезде де оған бағынуы, мұрагерлер туып беруге қабілеттілігі…
Тарихи драма жанрындағы «Жер» романын этнографиялық еңбек ретінде қарастырушылар да бар. Өйткені, онда қытай халқы­ның үйлену, жерлеу т.б. оқиғаларға қатысты әдет-ғұрыптары, салт-жоралғылары шебер суреттелген. Шығарма желісі бойынша сахна­лық қойылымдар қойылып, фильм­дер түсірілуі де осы айтыл­ғанға дәлел бола алады.
Романдағы басты кейіпкерлер­дің бірі – Ван Лунның әйелі О Лан. Өз басым, О Лан бейнесі ар­қылы қазақ әйелін көргендей бол­дым. Күйеуін піріндей көріп сый­лауы, қай кезде де оның жанына жа­лау болуы, еңбекқорлығы, көн­бістігі, қиындықтарға қайыспай төзе білуі таңғалтпай қоймайды. Жанының сірілігі сондай, түске дейін жалғыз өзі баласын туып, кін­дігін кесіп, шомылдырып, оны­мен қоймай, өзі босанған бөл­мені жуып-шайып, түстен кейін кетпенін арқалап, егістіктегі күйе­уіне көмектесуге кетіп бара жат­ады.
Ал, Ван Лун өзіне қалтқысыз берілген, адал серік болған әйелі­нің қадіріне жете алды ма? Егер жете алмаған болса, онда неге О Лан өлгенде жандүниесі құлазып, оңашада көз жасына ерік береді? Егер жете алған болса, онда О Лан күйеуінің ыстық сезіміндей көріп, қаншама жыл бойы кеуде тұсына – жүрек тұсына сақтап келген маржан тасты кім үшін тартып алды? Оны кім үшін жылатты?
Иә… Ван Лун да – ет пен сүйек­тен жаралған пенде екенін есімізден шығармағанымыз жөн. Оның да айналасындағы ауқатты адамдардан көргенін істеп, адал­дықтың ақ жолынан қиыс кеткен шақтары болды.
Алайда Ван Лунның жерге деген шексіз махаббаты, жерге бас иіп табынуы, бәрібір де, оның бейнесін сәулелендіріп тұр. Оқыр­ман осы бір қарапайым шаруа арқылы адам баласының жерсіз күні жоқ екенін терең түйсінеді. Ұмыт қалдырған немесе елеп-ес­кере бермейтін ақиқатты санасына бекітеді.
Төрінен көрі жуық қалған Ван Лун шал ұлдарына: «Жерді ешқа­шан сатпаңдар! Жерді саттым деген­ше, құрыдым дей бер!» – деген өсиет қалдырады.
Иә, қай халық та кейінгілерге жерді сақтауды, жерді сатпауды аманат етеді. Соның маңыздылы­ғын ұрпақтары ұқса, қане?!

Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.