«Зар заманнан» оянған заңғарлар

0
92 қаралды

«Зар заман». Жырымен Түркі жұртын сілкіндірген Шортанбай жырау дастанының аты «Зар Заман» еді-ау… ұлы жырау дүниеден өткен соң Петерборда оқып жүрген қазақ жастары «Зар Заман» деген орысқа қарсы жасырын ұйым құрып, оған 20 жастағы Әлихан Бөкейханұлы мүше болғаны туралы дерек Англияның Оксфорт университетінің «Орталық Азияны зерттеу қоғамы» шығарған кітапта сақталыпты.

«Шортанбай ұлы дарын…
қоғам қайраткері, ірі идеолог».
Тұрсынбек Кәкішев

АҚШ-тың Дьюк университеті То­мас Густов Винкердің «Ресейлік Орта Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабын шығарған екен. Автор Шортанбай жыраудың мұрасына ерекше тоқта­лып, зерттеген. Шортекеңнің «Зар Заман», «Алдаушы жалған» толғаула­рын орыс тілінен ағылшыншаға тәржі­ма­лаған. Сөйтіп, өткен ғасырда Аме­­рика жұрты да Ұлы жыраумен таны­сады.
Отаршылдардың сұрқия саяса­тын ерекше әшкерелеген Шортанбай жырау жырлары бар түркі жұртына айрықша әсер етті.
Шортекеңнің ізімен Қырғыздың Молда Қылыш ақыны «Зар заман», Арыстан тегі «Тар заман», «Алдаш молда» «Хал заман» деген дастандар жазған. Осыған сәйкес дастандар Қарақалпақ, Татар, Башқұр жұртында да жеткілікті.
Кенесары ханның ұлт азаттығы үшін күресі жеңіліске ұшырап, қазақ баласы мүшкіл халге түсті. Ел қорға­ны – батырлар жер жастанып, ұлт ұран­шы­лары – ақындар кіріптар халге түс­­ті. Ел иесіз қалды. Қанға бөкті. Та­­ла­уға түсті» (М. Мағауин) Міне, осы кезеңде ұраншыл рухын жоғалт­паған Шортан­бай жырау газеті жоқ заманда бар қазақтың даласын аралап, өзінің өршіл жырларымен есеңгіре­ген жұрт­ты серпілтіп, санасына үміт сәулесін жағып, «Бағынба қазақ орысқа», «Жаңалаш мін де жауға шап» деп азаматтыққа шақырды. Жырау­дың келер жолын күні бұрын біліп отырған ел арнаулы үй тігіп, апталап жібермей жырын тыңдаған. Ұлы жыр­ау тоқтап, жырын төккен жер­лерде Шортанбай­дың есімі қалған. Шет ауданы жерін­дегі «Шортанбай бұлағы», Ақсар­лы болыстығындағы «Шортанбай» атау­лы жер, Атбасар жақтағы «Шор­та­нбай» өзені, Омбы тү­бін­дегі «Шор­тан­­бай ауылы», Атырау жақтағы «Шор­­тан­бай» атты жер атау­лары со­ның айғағы. Әрине, мұндай жер атауларын бүкіл қазақ жерінен табуға болар еді, Советтік шовенистік саясат ұлы жыраудың есімін атауға тыйым салған, қорқыныш, үрей би­ле­­ген заман талай дүниені ұмыт­тырды.
ХІХ ғасырда Ресей отаршылды­ғы­ның қатыгез саясатына қарсы қазақ халқының мүддесін қорғап, ұлт болашағы үшін жанталасып, елінінің сөзін сөйлеген дуалы ауыз ақын – жырауы, абызы Шортанбай жырау еді. Бар ғұмырын туған халқының өзіндік қайталанбас болмыс-бітімін сақтауға арнап, елінің жоғын жоқта­ға­ны үшін көзінің тірісінде орыс үкі­метін жақтағандар оған қырсықты қабақ танытса, өлгеннен кейін де, кешегі совет заманында есімі қуғынға ұшырап, кітаптарын белсенділер өртеп, бірер шумақ жырын жатқа айтқан талай азамат Сібірге айдалды.
Шортекеңнің қай өлеңін алып қарасаң да қозғайтын мәселесі елдің жайы, езгіге ұшыраған ұлтының кө­кей­кесті арманы екенін көресің. Жүз­деген жылдар бойы халқымыздың жинаған рухани қазынысының аяқ асты бол­ға­нына ашынып, сол қа­зы­надан шет­тетілген қазақтың бейшара күйге түсіп, өткен тарихы мен мәде­ние­тінен жұрдай қылып, даланы мақ­сатсыз кезіп – қаңғып жүрген тобыр дәрежесіне тү­сірген отаршыл орысқа қарсы тіл-семсерін сермейді. Ашынған жырау мына дәрменсіз хал­ден елін құтқарудың жолын іздейді.
Қазақтың европаша білім алған ұлдары қалыптасып болмаған сонау бір қиын кезеңде ұлт құрып кетпес үшін Шортанбай жырау өзінше жол іздеп, жанталасты. Орыс билігі қазақты ұлт ретінде құртудың бір жолы деп, шоқындыру мәселесін жап­пай қолға алған тұста қазақ бала­сының ғасырлар бойы қанына сіңген ислам дінінің негізін жырларына қосуы да соның бір көрінісі. Ата-мекен жерінен айырыла бастаған қазақты қарсы күреске шақырып «жа­лаңаш мін де, жауға шап» деп үндеуі де езгіден құтылудың бір жолы деп қарастырғаны даусыз.
Түптеп келгенде орыс империясы аяусыз езіп, жаныштаған қазақ хал­қы­ның ежелден қалыптасқан салт-дәстүрінен, дінінен айырылып қал­мас үшін жыраудың жеке басының жанталас — арпалысы еді.
Шортанбай жырау сөйтіп зар за­манның туын көтеріп, көп адам айта алмайтын қазақтың жүрегінде тұрған мұңды әлемге жария етіп, газеті жоқ заманда қазақ даласын аралай жүріп, орыс отаршыларының озбыр саяса­тын әшкерелеуден бір тынбады. Оның жырлары жалғаз қазақ емес, татар, башқұр, өзбек, түрікпен, қара­қал­пақ, қырғыз, ноғай, қарайшай тек­тес түркі халықтарына да тегіс тарады. Оның халқым деп тебіренген жүрегі елінің еңсесі биік болғанын, азаматтарының ата-дәстүр мен ата-дінінен аумауын тілеген еді. Сол себеп­тен де оның жырлары сонау Петерборда көзі тірісінде жарық көрсе, өзі дүниеден өткеннен кейін Татарстан астанасы Қазан қаласынан 1883, 1888, 1890, 1897, 1901, 1906 жыл­­дары қайта-қайта жеті рет жарық көрді.Түркі тектес халықтардың қол­дан-қолға көшіріп алып, таратқан қол­жазбалары әлденеше мыңға жететін еді.
Әрине, мұндай ұлтына деген жанашырлық кейбіреулер ойлаған­дай руына, тегіне байланысты емес. Әл-Фарабидің, Едіге батырдың, Ма­хам­беттің, Абылайдың, Шортанбай жыраудың, М.Сералиннің т.б. қазақ тарихына қосқан үлесі руының, тегі­нің кім болғандығында емес, олардың қазақ жерінде дүние есігін ашып, ұлт бо­лашағы үшін күрескендігінде жатыр.
Шортанбай жырау жырлары ту­ған халқының дәрменсіз халін көріп, өрт-жалынның ортасында қалған елін құтқаруға үндеген адам­ның жанайқайы болып басталып, бара-бара сол үшін ғұмырын арнаған үлкен мұратқа айналды.
Отаршылдықтың ауыр езгісіне түскен халқының аянышты халі, өз жерінен айырылып босқынға айнала бастаған жағдайы, жекелеген отбасы­лар­дың алдан үміт күтпес тіршілігі Шортанбай жырларына еніп, сонан құтылудың жолын іздеген ұлттық идеяға айналды. Оның осы ойға толы жырлары ұлтының санасына сіңіп, жүрегін биледі. Заман танымастай өзгерді. Сүттей ұйыған қазақы қалып бұзылды. Рулық көшпелі кооператив болып өмір кешкен тірліктің Орыс билігі қасақана талқанын шығара бастады. Бір отбасының ішіндегі бір­лік те бұзылып, көне жолдағы тәрбие де бүлінгенін Шортанбай жырау былай суреттеген.
Мұның өзі қар заман,
Қарлығының белгісі,
Ұл сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң
Атасы бермес батасын.
Сыйламағын ағасын,
Алысып жыртар жағасын.
Қыз сыйламас анасын…
Қазы, болыс қойыпты
Некесіз туған шатасын.
Шортекең заманның бұлай бұ­зыл­уын ел тағдырымен, ұлттың бола­шағымен, қазақтың халық ретінде құрып кету қаупімен байланыстыра қарайды. Осы пәленің бастауында қазақты халық ретінде құртуды мақсат тұтқан орыс билігі, сақалды сары патшасының өзі тұрғанын ха­лыққа түсіндіруден ұлы жырау жалық­пайды.
Уәліден кетті керемет,
Патшадан кетті ғаділет,
Ақыр заман таянды.
Ұлы жыраудың «Ақыр заманы» Алладан келер қиямет-қайым емес, ол орыс билігінен келетін сұрқия саясат, қазақты ұлт ретінде жою саясаты. Билік қазақы қоғамды іштей іріте бастады.
Әуелгі қорлар зор болды,
Сондай зорлар қор болды…
Жөн білмеген жамандар,
Ел билеген бек болды, –
деп сұрқия саясатты әшкерелесе, онан әрі:
Мініп көрер күші жоқ,
Сауып ішер сүті жоқ,
Ақша деген мал шықты,
Жарлы кедей, жоқ-жітік
Жеткізе алмай жан шықты, –
деп халықтың басына түскен ауыр да аянышты халді суреттейді. Жырау бұған зар қағып қана қоймайды
Таңда махшар күн туса,
Таразыны аударар, –
дейді. Шортанбай жырау айтып отыр­ған Таразыны (әділдік келер) аударар, таңда Махшар күні де Қия­мен-қайым күні емес, жер бетіндегі отаршыл орыстың езгісінен құтылар күнін мезгеп отыр. Сол күнге же­­­ту үшін де имандылық, беріктік ке­­­рек екеніне халқын сендіріп, үгіт­теп отыр.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң,
Амал таппай қазағым,
Түстің барып торына, –
деп қиналған жырау осыдан құтылар «амалды» іздестіру керек екенін айта келіп, «орыстан қорлық көрген» игі жақсы билердің амал іздеп «алқы­нып» отырғанын да, орыстың қолы жет­пеген «Бұхар» жағымен байла­нысу қажеттігін еске салады.
Ақсақалдан ұялмас,
«Қой» деп айтса тіл алмас,
Жүгірісер қалаға,
Қалтасы толып жалаға,
Қандырып иін кәпірдің,
Алып бір шығар далаға.
Дұшпаның кім деп сұраса,
Алып келер ауылына,
Өзінің туған бауырына, –
деген Шортанбай жырау орыс билігі орнатып отырған мынадай кесапат халден жұртты түңілдіріп, өз халін өзі түзейтін, өз қотырын өзі ғана қаситын қазақы билікті сақтап қалуға, әділ билерге ғана жүгініп, орыстың зыми­ян саясатын жүргізбеуге үндейді.
Шортанбай жыраудың елдің ен­дігі беталысы туралы ойлары, ұсы­ныс­тары оның өлеңдерінің, пайы­мы­ның астарында жатыр. Оның мақсаты отаршыл орыс билігі жанталаса қи­ра­ту­ға кіріскен қазақы дүние­та­ным­ды сақтау. Қазақы дүниетанымды сақ­тау – қазақты халық ретінде сақ­тап, өзінің ерекше жолымен келер заманға бейімделуде жатыр. Сол себептен де Шортекеңнің абыздай сарнаған жырлары халықтың бойына сіңімді болды, қазақы дүниетанымы сақталған үлкендер оның ой – пайы­мын жақсы түсінді. Шортанбай жыр­лары ауыздан-ауызға тарап, қазақ баласының санасын биледі. Қазақ баласының жүрегін Шортанбай жырау сөздерінің ерекше билегенін Алаштың ардақты азаматы, репрес­сияның құрбаны болған Қошке Ке­мең­герұлы өзінің кітабының «қарсы қозғалыстар» деген бөлімінде Кене­са­ры сарбаздарының арасында кеңі­нен тараған, ұранға айналған Шор­тан­­бай жыраудың мына өлеңін жа­з­ады.
Бағынбағын, қазақ, орысқа!
Бағынсақ, қазақ орысқа,
Осы бастан амандас,
Сарыарқа деген қонысқа.

Береке кетер асыңнан,
Билік кетер басыңнан.
Некеннен некен күйерсің,
Күйдіруші табылып,
Көршілес жақын-қасыңнан

Қызығып тұрсың байқамай,
Күйінгеннен айтам-ай!
Көрінісі орыстың –
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Абақты деген үйі бар,
Қазулы қара көріңдей.
Қара қазан, сары бала,
Обалына қаларсың.

Кейінгі ұрпақ бұтақтың,
Қарғысын нәлет аларсың,
Ап кетейін бір жаққа,
Соңымнан ерші ерінбей.
Қазақ сарбаздарының арасында, демек қазақ халқының арасында жүрсе аузынан кетпейтін, жатса жүрегінде жатталған бұл ұранды сөз қазақтың ХІХ ғасырдың идеологиясы болған. Сол идеологиясының бастауында тұрған тұлға Шортанбай жырау.
Ұлттық даму, өрістеудің ежелгі за­маннан жалғасып келе жатқан қа­заққа ғана тән жолы күйреуге ұшырап жатқан тұста көне әдебиеті жоқ ха­лық­тың басқа, бөтен жұртқа сіңіп, жұ­тылып кете беретінін де, оқыған-тоқығаны бар Европа халқынан ха­бары бар Шортекең жақсы түсінген. Өз халқының көне жұрт екенін, ежелгі сөздің иесі екенін таныту үшін өз жырларында «Софы Алдияр» кіта­бын жиі атап, Қожа Ахмет Яссауй сөз­дерін еске алып отырады. Өз хал­қының басына осындай күн туып отырғанда ол «Жерұйық», «Жиделі Байсынды» іздеген Асан қайғы, Бұ­қар жырау, тәлімін ары қарай жал­ғайды.
Шортанбай жырау сайын далада сайранды дәуір құрған көшпелі елдің сағынышты заманын жырлаған – еркіндіктің жыршысы. Қазақты шыр­мап, торға түскен торғайдай хал­ге жеткізген отаршылдарға жыры­мен қарсы тұрды.
Кетейін десе, алды бар,
Тұрайын десе, кәпір бар,
Қайсы бірін айтайын,
Қазақтың ұлы қамалды,
– деп ашынған жырау.
«Алдаушы жалған» жырында
Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар
Емін-еркін заман жоқ,
Енді жүрген жігіттің
Маңдайының соры бар, –
деп оташылдардың енді қазақ ба­ла­сын биліктің, орыстың жазған заң-за­конімен өмір сүруге мәжбүрлеп отыр­ғанын әлем жұртына айғақ­тай­ды. Ұлы жырау «Заманың кетті бая­ғы» деген жырында:
Жандарал болды ұлығың,
Майырды кердің жездеңдей,
Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қолыңда,
Қазылған қара көріңдей, –
деп орыс билігінің аяр да зымиян саясатының бе­тін ашып, оған бағын­бауға, мойын­сынбауға, әр қазақ азаматын осы көріністен жиренуге шақырады. Оның бұл шақыру жолы – күрес жо­лы, азаттыққа ұмтылу жолы, қазақты ұлт ретінде сақтау жолы.
Қазақ туған даласының табиға­ты­мен бірге өсіп-өнген халық. Та­мыл­жыған жаздың масайраған қызы­ғына ғана емес, иен даланың ат құла­ғы көрінбес боранына да сүйсіне білген халық. Сол далаға деген сүйіс­пеншілігі де ерен күш, қуат берген. Онда оның бабаларының мүрдесі жатыр. Ұлы даладан қымбат қазақ үшін ештеңе жоқ. Сол сүйіспеншілік Шор­текеңнің жырында былай кес­теленген екен:
Арқаның жазы бейішті,
Жылқының еті жемісті, –
десе, енді сол далаға қазақ қана ие болу керек екенін былайша жеткізеді.
Ұзын аққан Сарысуды,
Өзің жайлап, жағала.
Жүйрік пенен жорғаңды,
Өзің мініп бағала, –
деп үгіттесе онан әрі орыстың құлды­ғына түсіп, қазыналы жерінен айы­рыл­ған жағдайды
Еділді алды, елді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Қораны санап малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
Кетейін десең алдың тар,
Кетпейің десең кәпір бар, –
деп күйіне жырын төгеді.
Елінің осындай жағдайға түске­ніне жырау көнбейді, қарсы әрекет етуге үндейді. Міне осы үндеу – ха­лық­тың санасына еңген сөз, идеялық ба­ғыт алып, ХІХ ғасырда халықты езу­ші отаршылдарға қарсы тік кө­терген рухани күшке айналған.
Жалаңаш болып, жауға шап,
Ажалдан бұрын өлер ме?
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін,
Қарсы шап та, мылтық құш!
Құр жабырқап жүдеме, –
деп Ұлы жырау қарсы әрекетке ша­қыр­са, дұшпанымен бірге күресу үшін түркі халықтарының бір бол­уына да үндейді.
Дұғай сәлем айтайын,
Ташкен менен Бұқарға.
Мұсылманның баласы
Қор болмасын дұшпанға, –
десе онан әрі түрік билігі Қондыгерге хат жазу, бірлесу қажеттігін де еске салады.
Орыс патшалығы қазақты халық ре­тінде құртуды жоспарлы түрде, кезең – кезіңімен жүргізді. Ұлттың басын біріктірер күш, мемлекеттігі­нің белгісі хандықты бірінші кезекте жойса, екінші жолы өзін-өзі билеу­дің, бөтенге – дұшпанға мойынсұн­бау­дың көрінісі – билер билігін құрту үшін болыстықты еңгізіп, болыстың майлы жілігін ортаға тастап, қазақты өзара қырқыстырып қойды. Қазақ жерін тартып алу қоса жүріп жатты. Өзен-көлдердің маңын мұжықтар алды. Олар сол су көздерінен малын суаруға қазаққа рұқсат бермеді, аңша қуып, атты. Осыны пайдаланған орыс билігі шоқынған қазаққа ғана мүмкіндік туғызып, қалғаны қаңғып, қырыла берсін дегенге тоқтады.
Шортанбай жырау діннің, иман­дылықтың орыс езгісіне қарсы болар ең өткір идеологиялық қару екенін де білген тұлға. Мұсылман діні қазақтың қанына сіңген ата-баба діні, сенімі. Ұлы жырау:
Менменсінген зор кеуде,
Қиық жүріп кете алмас,
Аспанменен өте алмас,
Алдындағы жолығар,
Құдайдың құрған тезіне, –
деп орыс билігін қолдаған-қолпашта­ғанға сес көрсетсе:
Медресе, мешіт салдырып,
Мүфтиге берсең балаңды…
Сираттың желі соққанда
Ораза, намаз панаңды, –
деп кез-келген жерге шіркеуін салып, мұсылман дініне қысым жасап, қазақты шоқындыруды шұғыл қолға алған орыс билігіне көнбеуге үндейді.
Ғайбаттың жаман екенін
Біле тұра айтасың,
Намаз қаза боларын,
Біле тұра жатасың,
Алланың берген ақ дәмін,
Аузыңа алмай әуелі
Арамды неге татасың? –
деп Шортекең жақсы мен жаман айқасқан, қазақ баласын тобығынан қағу үдеген заманда табан тірер же­рің, арқа сүйер тіреуішің, үміт қазы­ғың мұсылман діні екеніне елдің кө­зін жеткізе түседі.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп ислам дінін ашық насихаттаған Абай сынды Шортекеңнің дін тура­лы пайымын әр сөзінде келтіре беруі, оның ислам дінін дұшпанмен күрес үшін идеалогиялық қару ретін­де пайдаланғандығының айғағы.
Зекетсіздің бұйырар,
Сүндетсізге жиғаны.
Аузы түкті ие боп,
Қазаққа берер қиғанын, –
деген Ұлы жырау күнкөрісі қиын­дап, жөнсіз тонауға ұшырағанға «зе­кет­тің» малымен қарайлас деп бірлік­ке ша­қырып, сол бірлік болмаған күні бар игіліктің «аузы түктіге» бұ­йырар қатал, қатыгез заманның келе жатқанын туған еліне ескертеді.
Отаршылдың іштен бүлдіру әре­кеті сүттей ұйыған қазақтың отбасына да кері әсерін тигізетінін Семей, Көк­шетау, Омбы, татар жұртын ара­ла­ған Шортекең көре білген. Алар жарының пәктігі – отбасын ұйытар негізгі күш екенін, отбасының берік­тігі қазақы қоғамның беріктігі екенін Ұлы жырау айтудан жалықпаған.
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емеген жолықса,
Болар ма еді арманың.
Шортекең тегі, тәлімі жақсыдан қыз алып, ата-бабаның ізгілікті қа­сиетін сақтап, өркендететін ұрпағын ойлаған адамның арманы осылай болса керек екенін жырлаған. Евро­па­ның улы дерттей жұққыш салтынан сақтандырған.
Аударылған дүния,
Ұлың киді дүрия,
Ұстараның жүзіндей,
Қызың кидің биқасап,
Байқап кимей байқастап, –
десе онан әрі батыстың бұзылған сал­тын тілге тиек етіп, келер заманды көрегендікпен болжайды.
Зәкөн айтып қатын тұр,
Қойнында жатқан еріне.
Зарланып тұрған әйел бар,
«Қосылғам жоқ» деп теңіме…
Кел жігіттер, түспелік,
Жанған отқа көріне.
Шортанбай жыраудың кешегі өткен «құдайсыздар» қоғамын құрған заманның отбасыларының сипатына келетін мына өлеңі әулиеліктің көрі­нісі демеске шара жоқ.
Қойнында қатын жатпайды,
Ұрса тілін тартпайды,
Күнәсі асқан бұл пенде
Құдайдан әсте қорықпайды.
Келер заманда улы дерттей та­рай­тын, адам баласының түпкілікті азуына, тіпті адамзаттың құрып кету қауіпіне әкелетін сайтани жолдан Шор­текең туған елін сақтандырып баққан.
Қылымсыған қатыны,
Қызыл көйлек киеді.
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
Кенесары хан бастаған ұлт-азат­тық көтеріліс жеңіліске ұшырап, ер азаматтың талайы жазаланып, қу­ғы­н­ға түсіп, енді қайтып бас көтере ал­мас жағдай туып, орыс билігінің тор-шырмауына түскен халге жырау қатты ашынған.
Заман ақыр аяғы,
Заманың кетті баяғы.
Ықылас-ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады, –
деп басынан билігі кеткен елдің то­қы­рауға ұшыраған халін суреттесе, отаршыл орыстың нысапсыздығын:
Ынсапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды.
Пәлесі жоқ салмаған,
Қайысады қабырғаң.
Көтере алмай салмағын, –
деп онан әрі іштей бүлінген елдің де халіне тоқталады.
Екі кісі ұрысса…
Зәкөннің түсер жолына,
Өте қусаң – оралдың,
Орыстың жайған торына, –
деп қазақтың басындағы жағдайды айтып қана қоймайды, қазақтың сөнуге айналған рухын оятып, жол сілтеп, бас бүтіндікке үндейді.
Жақынға – жақын қас болып,
Шіл боғындай тозбайық, –
десе, онан әрі:
Ұрлық пенен қорлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан,
Бойыңды тартып тік жүрсең,
Көрмессің деген залалды, –
деген өсиетін ұлы Абайдың да әрі қарай жалғағаны әлемге мәлім.
Билер пара жемендер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Кісі ақысын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар, –
деп ұлы жырау болыс – билікке орыстың таңдауымен жеткен ендігі ел жақсыларын халықты аздырар жолдан аулақтатып, ғасырлар бойы келе жат­қан қазақтың көне арнасын еске салу­ы еш уақта құндылық бағасын жоғалтпайды.
Шортанбай жырау түркі дүниесі­нің рухани оянуына игі әсерін тигіз­ген өзінің замандасы Шаһабутдин Мар­жани (1818-1889) ғұламаның ой-пікі­рінен әсер алды десек, артық кет­пей­міз. Ш.Маржанидің заманда­сы, әрі шәкірті Камараддин Хазірет Семей медресесінің ұстазы болған. Кама­рад­дин хазіреттен Абай тәлім алып, араб, парсы тілін меңгеріп, шығыс­тың ұлы жырауларының ең­бек­терімен танысуға жолы ашылған. Шортанбай жырау Семейге барған әр сапарында осы Камараддин хазірет­пен жиі жо­лы­ғып, біраз күндерін бірге өткізген.
ХІХ ғасырдың басында Петербор, Қазан, Уфа, Омбы, Ташкент қала­ла­рында мыңдаған данамен кітабы шығып, исі түркі жұртының рухани әле­міне әсер еткен «қанша уақыт өтсе де ұмытылмай… (теріс қараған күн­дер­­де де, С.Қирабаев)», «Шортанбай – ұлы дарын… қоғам қайраткері, ірі идеолог» (Т.Кәкішев) болып ғұмыр кешкен тұлға.
Сөйтіп, Шортанбай жыры ХІХ ғасырда халық арасына ең көп тара­ған, елдің ой-санасын билеген, руха­ни күшке айналған.
Қызыл империя заманында қазақ баласын орыстық коммунистік идео­ло­гияға жығу үшін Шортанбай жырау арқылы исі қазақтың қанына сіңген қазақы идеологияны құрту қажет болды. Коммунизмнің шапанын жамылған шовинистер сол себепті Шор­танбай жыраудың әр сөзіне тыйым салды. Оның бірер шумақ өлеңін еске алғандарды қатты жаза­лады.
Қазақ халқының басына құрып кету қасіреті төніп, жер-суын тартып алып, өзенге малын суаруға келген қазақты аңша қуып, шыдамағаны шоқынсын, бағынбағаны қырылсын деген заманда отаршыл орыстың осы сұрқия ісіне өлең-жырларымен қарсы шыққан, айтқаны халқының өн-бойына сіңген, қандай заман туса да туған елінің санасында жатталған Шортанбай жырау – ХІХ ғасырда қазақ намысын ту еткен ірі идеолог.

Кәмел Жүністегі,
жазушы,
«Құрмет» орденінің иегері

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.