ҚИЮЫ ҚАШҚАН ЖЫЛДАРЫМ КӨП БОЛДЫ

0
135 қаралды

Жабайыл Бейсен:

Күллі қазаққа таныс «Ауылым» әні туған жерге арналған гимн болғалы қашан! сол әннің авторы, Қазір Шығыс қазақстан облысының Үржар ауылында тұратын 83 жастағы ақын Жабайыл Бейсенді сөзге тарттық.

– Жабайыл аға, сіз арғы бетте ту­­ғанмен, бар ғұмырыңыз Тарба­ғатайдың күнгейінде, қасиетті Ала­көлдің маңында өтіп жатыр. Қазір ден­саулығыңыз қалай?
– Рақмет. Халім жаман емес, тек екі көз бұлдырап, көру на­шар­лап барады. Міне, өзіңнің сұлбаң­ды ғана шамалап отырмын. 1991 жылы-ау деймін, апатқа ұшырап, бір көзім зақымданған еді, соның зардабы екінші көзіме тиіп, соқыр болуға айналдым. Бұл, ең алдымен шығармашылығыма кесірін тигізе­тін болды. Не баспасөзді қарай ал­­май, не кітап оқи алмай пұшай­ман халге түстім. Қазір қалыңдығы бір елі көзәйнек тағып, маркермен жазған болам. Оның өзі анда-санда.
– Сіз жайлы жұртшылық аз бі­ле­ді. Өмір жолыңыз туралы оқыр­ман­дарға айтып беріңізші.
– Мен Қытайда, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Жайыр деген таудың етегіндегі Дәм өзені маңында дүниеге келдім. Сол жақ­та жастық шағым өтті. Әке-шешем әжептәуір малды адамдар еді. Толы ауданында орталау мектепте оқы­дым. Сосын Шәуешек гимназия­сын­да оқып жүргенімде оқудан шы­ғарылдым.
– Неге?
– Біз өзі Шәуешек гимназия­сы­на қарақұлақтанып бардық. Он­да қазақ, татар, өзбек, ұйғыр т.б. ұлттардың ұл-қыздары дәріс ала­тынбыз. Етек-жеңімізді жиып, бозбала болып қалғанбыз, ептеп қыздарға қырындағымыз келеді. Қалада өскен олар қырдан келген бізді менсінбейді. Елтірі шапан мен елтірі тымақ шынында да сө­кет­теу көрінетін болса керек. Аман­жан, Төлеубек үшеуміз бірі­гіп, қайтсек те сол қыздардың мы­сын бассақ-ау деп жүргенде ойы­мыз­ға мынадай бір жайт сап ете түсті.
– Ол кісілер кімдер еді, кейін бері өтті ме?
– Аманжан Жақыпов бірнеше кітаптың авторы, талантты ақын, жазушы еді. Төлеубек Жақыпбаев жұртқа кең тараған «Кездессем ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек» деп басталатын атақты ән мәтінінің авторы, «Лашын» де­ген атпен прозалық кітап жазған. Екеуі де бақилық болды.
– Содан?
– Бұларды өлеңмен, мазмұнын келістіріп түйреу қажет. Қазақтың бір көркем жігітіне барша әдемі қыз ғашық болып, ұмтылады. Ол жігітті қалай жасадық де? Біреу­міз­дің бойымызды, біреуміздің ша­шы­мызды, мойнымызды, тағы біріміздің қасымызды алып, бір ке­лісті жігіт жасадық. Оны мектеп­тің қақ ортасына ескерткіштей тұрғызып, әлгі бізді жаратпай жүр­ген қыздардың аттарын атап, со­ның алдынан бір-бірлеп жүргіз­дік. Біз жасаған кейіпкер олардың бірін де менсінбейтін болып шығады.
– Өлеңмен ғой?
– Әлбетте, өлеңмен. Мәселен, былай енді:
…Жарайды Жабайылдың бойын алдық,
Ал, енді мойын іздеп кімге бардық.
Аманжан алма мойын жігіт еді,
Қоймастан бермесіне сұрап алдық, –
осылай басталып, кете береді, арғы жағын ұмытып қалдым. Осыны әдемілеп жаздық та, көп дана етіп көшіріп, түнде гимназияның ішіне шашып тастадық. Таңертең са­бақ­қа келсек, балалар у-шу, бәрінің қолында біз жазған «Сыр – дәптер» деген өлең кітапша. Аты аталған татар, өзбек, ұйғыр қыздары екі көздері бұлаудай болып, жылап жүр. Содан қойшы, сол күннен бастап, татар, ұйғыр, өзбек мұ­ға­лім­дері бізге қырын қарайтын бол­ды. Олардың да шамына тиген сың­ай­лы. Үшеуміздің бұл қы­лы­ғы­мызды ерлікке балап отырғам жоқ. Жастықтың бір желігі ғой. Алайда, осы желік басыма кейін қара бұлт­тай үйірілді де отырды. Олар мұ­ны ұлттық алауыздыққа айналдырып, ұлғайта түсті. Мектепті қойып, қа­лалық сақшыдан адамдар келіп, сұраққа ала бастады. Іс насырға шапты. Алма бағында бір топ болып отырғанымызды, жаны­мыз­да А.Фадеевтің «Жас гвардия» кі­табы жатқанын біреулер жет­кізіп­ті. Тергеу кезінде суреті де бар екенін айтты, бірақ көрсеткен жоқ. Сөй­тіп, оқудан шығарылдық. Үш ай­мақ­тың қалаларында (Алтай, Тар­бағатай, Іле) ешқандай оқуға алын­басын, жұмыс берілмесін деген жарлығы қоса шық­ты. Сонда да оқу із­деп үшеуміз Үрім­жі­ге келдік. Аз күннен кейін Аманжан Шәуе­шектегі жалғыз шеше­сіне алаңдап, қай­тып кетті де, Тө­леубек екеу­міз Шың­жаң институ­ты­ның сурет факультетіне тапсырып, сынақтан өттік. Жазушы Қажығұ­мар Ша­бдан­ұлы­ның үйін­де жаттық. Жеңгеміз сол тұста түсіріліп жатқан «Хасен-Жәмила» көркем филь­мінің эпизо­дында ойнайтын­дық­тан, Шанхай­да, түсіру алаңында еді. Қажекеңнің үйінде тұрып жатқанымыз бір ес­еп­тен дұрыс болыпты, ол «Шұ­ғыла» журналы бас­тығының орын­ба­сары. Өлеңде­рімізді кезексіз басып, қаламақыға қарық қылып тастады. Алайда, бұл тірлігіміз де шолақ болды, жергі­лікті билік құрығынан көп ұзай алмадық, екі-үш айдан кейін ар­ты­мыздан қағаз келіп, тағы оқудан шығарылдық.
– Не кінә тағып отыр сонда?
– Баяғы сол әуен. Ұлтаралық дүр­дараздық тудыратын іс жасап­пыз. Айрандай ұйыған жастардың арасына іріткі салып, алатайдай бүлдіріппіз. Кітаптағы Олег Коше­вой сияқты ұйым құрмақ болып­пыз. Негізгі әңгімеден сәл ауытқып кеттім-ау деймін. 1955 жылы Кеңес үкіметі «Тың және тыңайған жер­лер­­ді игеру» деген ұран тастап, бір­аз азаматтар атамекенге бет бұр­ды. Солардың арасында достарым Аманжан мен Төлеубек те кетті. Олардан менің де қалғым келмей, әкемнен рұқсат сұрадым. Жарық­тық далада түйеге тұз салып жүр екен, үндемей жүріп алды. Бірсы­пыра уақыттан кейін жаныма таяп келіп: «Әй, балам, біз бұл жерде көп ауылмыз. Олардың бірі де қозғалған жоқ. Біздің де жылы ор­ны­мызды суытқанымыз жара­мас. Оның үстіне жаңа түйеге тұз беріп жүрген­де байқасам, барлы­ғы­ның көзінен жас парлап тұр» деді. Әке сөзі біз үшін заң, сөйтіп, ешқайда шыға алмай қала бердім. Қалғанымды қайтейін, ешкім, ешқайда не жұмысқа, не оқуға алмайды. Елде бір саяси науқан басталса-ақ, алды­мен мені шақыр­тып, тергеуге ала­ды. Жас өмірім қызыққа емес, қия­нат­қа белшесі­нен бата бастады. Арада екі жыл өткенде достарыма ілесіп Кеңеске өтпегенім, жасты­ғым ескеріліп, Үрімжі педагогика­лық институ­ты­ның тіл-әдебиет фа­культетіне баруы­ма рұқсат беріл­ді. Құдай қол­дады, жоғарғы оқу орнына түсіп, зая кеткен жылдар­дың есесін қайтарғандай, білімге бас қойдым. Дегенмен, қуанышым тағы ұзаққа созылмады. Жаңадан ашылған 3 жылдық институттың 2 курсында жүр­генімде Қытайда «Стиль дұ­рыс­тау» деген саяси нау­қан белең алып, ел ішінен ұлтшыл­дар мен оң­шылдар іздестіріле бастағанда, тағы атым аталып, құрыққа іліндім. Бір ай бойы ел алдына тұрғызып қойып, қоғамға қарсы істеген іс­теріңді өздерің әшкерелеңдер деп әлек салды.
– Сонда не сұрайды, қандай талап қояды?
– Не десін? Сендер Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде «Сыр-дәптер» деген өлең жазып, ұлт арасына іріткі салғансыңдар. Кеңес жазушысы Фадеевтің рома­нын көтеріп жүргенсіңдер. Ол ро­ман­ның кейіпкерлерін біз жақсы біле­міз, олар көтерілісшілер. Сен­дер де соған еліктеп Жуңгоға (қы­тай­ға) қарсы ұйым құрмақшы­сыңдар дейді. Одан қалса, Жағда Бабалықұлы бастаған «Үш түтіннің басын қосу» (онысы моңғол, қытай және Қазақстанның қазақтары) ұйымына да кірген шығарсыңдар деп әурелейді. Біз ақталған бола­мыз. Ақыры бізді қара жұмысқа кесті. Оны айтасың, Қытай үкіметі сол 1959 жылы кеңес елінде оқуда жүрген қазақ жастарын қайта ша­қы­рып алды да, түгелдей қара жұ­м­ыс­қа айдады. Олардың ішінде қа­зір­гі атақты жазушы Қабдеш Жұ­мә­ділов, дәулескер күйші Бекен Уәлиев, баяғы досым Төлеубек Жақыпбаев та бар.
– Сонда сіз де Қабдеш Жұмә­ді­лов секілді болат қорыту пешіне жұмысқа айдалдыңыз ба?
– Жоқ. Мені осы күнгі Достық – Алашонькоу теміржолының ал­ғаш­қы линиясы жүргізіліп жат­қан құрылысқа салды. Қара күзге дейін сонда болып, оқуымды ары қарай жалғастыруға рұқсат алдым. Келесі жылы институтты бітіріп, Шәуе­шек­ке мұғалімдікке бөліндім. Бір­ақ, мұғалім болып алаңсыз істей алмадым. Ол елде оқтын-оқтын адам­дарды тексеріп тұратын саяси науқан болады. Міне, сол кезде өзгеден бұрын көзге мен түсе ке­тем. Осылайша ырың-жырыңмен тағы 2 жыл өтіп, 1962 жылдың қы­сын­да жұбайым Бәукеннің кеңес­тік паспортына тіркеліп, Қазақс­тан­ға өттім.
– Бір «уһ» деген шығарсыз?
– Иә, бірақ алдымда ұзақ шыр­ға­лаң күтіп тұр екен. Дегенмен, Ата­мекеннің жөні бөлек. Менің артымнан жазғытұрым шекара ашы­лып, ел бері қарай жөңкіліп өте бастады.
– Ағайын-туыс, дос-жаран, та­мыр-таныстарыңыз келіп көзайым болдыңыз ғой.
– Әлбетте. Ол келгендер бірден Кеңес паспортын алып, мәре-сәре болып жатты. Ал, тағдыр мені не олардың, не осы жерлік қазақтар­дың тобына қосқысы келмей бір­ша­ма әуре-сарсаңға салды.
– Неге бұлай дейсіз? Атамекенге өттіңіз, артыңыздан еліңіз келді. Әлде басқа себептері бар ма?
– Ол кезде Кеңес одағы өз пас­портына адам тіркесе, қытай пас­порты қоса беріледі. Маған Қытай паспортын беріп тіркегендіктен, Кеңес паспортын ала алмай әлегін көп көрдім. Ол кезде екі мемлекет арасындағы қатынас нашарлап тұрған кез. Маған жылышырай таныту былай тұрсын, күдікпен қарайтын секілді. Оны ішім ептеп сезеді. Әйтеуір, мұғалімдік қыз­мет­ке іліндім. Мақаншы ауданындағы Жарбұлақ селосы шекара түбінде, Алакөлдің жағасында. Сол жерде Б.Майлин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. 80-90 шақырымдық аудан орталығына келгенше бірнеше постыдан өтеміз. Автобуста қалың елмен келе жатып, жаңағы тексеру­лерге келгенде, мені талай ұстап алып қалған жағдайлар болды. Өй­т­кені, бұл жердің азаматы емеспін.
– Қамап тастай ма сонда?
– Жоқ. Постыда тұрған солдат бастықтарына телефон шалады. Оны былайғы жұрт сарылып то­сады. Жолаушылардың мазасы ке­теді, жас балалар қыңқылдап жылай бастайды. Жауап келгенше күтеміз. Осыдан менде көңіл күй де болған жоқ, денсаулығым да сыр бере бастады. Бала күнімнен кәсіп еткен өлеңді де тастап кеттім. Оның үстіне ұстаздық аса үлкен жауапкершілікті талап етеді ғой.
– Жалпы, сол тұста «Бұл Қы­тай­­дан бітірген, дипломы жарамсыз» деген сияқты әңгімелер туындаған жоқ па?
– Басында болды, кейін бәрі дәлелденді ғой. Жетпісінші жыл­дар­­дың басында Жарбұлақтағы Б.­Май­лин атындағы орта мектепке КРУ келіп, тексеру жүргізді. Нә­ти­жесінде менің Қытайда, Үрімжі пе­дагогикалық институтынан алған дипломым жоғары білімге жатпайтын болып, он жылдай алып келген еңбекақымның бір бөлігі мемлекетке қайтарылсын деп шешіп кетті. Енді не істеу ке­рек? Кімнен көмек тілемекпін?
– Бұл кезде Кеңес паспортын алып па едіңіз?
– Иә, 1968 жылы арғы беттен өткеніме 6 жыл болғанда әрең алғанмын. Сонымен, бала кезден бірге өскен Қабдешке (Жұмәділов) бардым. Ендігі мақсат, дипломның жоғары білімге жататынын дәлел­деу ғой. Ол бірден КазПИ-дің рек­торы Құлахметов деген кісіге алып барды. Дипломды ұйғыршадан қа­зақшаға аударатын бір ұйғырды тауып, аударттық та, сол кездегі оқу министрі Роза Есенжоловаға кірдік. Ол министрліктің жоғарғы оқу бөлімін басқаратын Лениншіл Рүстемов деген адамға жіберді. Рүстемов мұны шеше алмайтынын, соңғы сөз тек Мәскеу тарапында екенін айтты. Енді мұны орысшаға аударту үшін Қабдеш екеуміз Жазу­шылар одағындағы аударма бөліміне, Азат Сүлеевке алып келіп едік, Азекең коньяк ішеді екен, әлгісін алып шықты. Бір-бір рөм­ке­ден кейін, кабинетке ақын Мұ­қағали Мақатаев кірді. Қабдеш­пен жолдас көрінеді, екеуі құшақ­та­сып амандасты да, мені таныстырды: «Әй, Мұқағали, 1954 жылғы «Әде­биет және искусство» журна­лын­дағы сенің өлеңіңді жатқа айтатын жігіт бар деп едім ғой. Міне, өзі алдыңда тұр», – деді. Енді ол бөлек әңгіме. Сонымен, құжатымды аудартып, Мәскеуге жібердік. Та­мыз айы туды, балалардың дема­лы­сы аяқталып келеді, бірақ Мәс­кеу­ден хабар жоқ. Айдың аяғына таман сағындырып, сарғайтқан жауап хат та келді-ау. «Сол кезең­дегі Үрімжі педагогикалық инс­ти­ту­тында сабақ берген кадрлардың түгелге жуығы Ташкент қаласынан білім алғандар, бағдарлама ортақ, сондықтан диплом жарамды деп танылсын», депті. Қол қойған СССР оқу министрлігі жоғары оқу орындары басқармасының бас­тығы Усанов деген. Сөйтіп, қайта­дан дәріс беруді жалғастырдым.
– Поэзияға қашан қайта орал­дыңыз?
– 1972 жылға дейін бірде-бір өлең жазғам жоқ. Бұрын төте жазу­мен оқығандықтан, кириллицаға үйреніп, қазақ оқулықтарында кездесетін орыс терминдерін дұрыс ұғынудың өзі жеткілікті болды. Күн­дер зулап, айлар жылжып өтіп жатты. Біршама есімді жиғаннан кейін енді ескі кәсіп – өлең жазуға көңілім шапты. Сол өлеңнің біреуі өздеріңіз айтып жүрген «Ауылым» болатын.
– Аға, ауылым дегенде біздің көз алдымызға кәдімгі осы күнгі шатыр­лы үйлер елестейді. Сіз қай ауыл кел­бетін жырладыңыз? «Ауылым» әні қалай туды? Бұл өлең Темір­жан­ның қолына қалай түсті?
– Әрине, «Ауылым» деп туып-өскен мекенімді жырладым. Әлі есімде, Жайыр тауының қой­на­уында жұмыртқадай әппақ киіз үйлер тұратын көк түтінін жібек­тей созып. Күркіреп өзен ағып жатады, әудем жердегі тепсеңде бие байланып, желіде құлын тұрушы еді. Жерошақта от лаулап, кешқұрым жастар алтыбақан ойнап, мәре-сәре болып жататын… Жалпы, ауыл дегенде ата-бабала­ры­­мыз ғасырлар бойы мекен еткен, ұлтымыз өсіп-өнген киіз үй көз ал­­дыңа келеді ғой. 1995 жылға дейін табаны күректей 36 жыл бір мек­тепте ұстаздық еттім. Бір сәт қол босағанда артта қалған елімді, жастық шағымды еске алып, сағы­нып жүргенде туған өлең ғой. Бірде үйге белгілі әнші, атақты «Хасен-Жәмила» көркем фильмнің басты кейіпкері Абылай Түгелбаев келді. Өткен-кеткенді айтып, шер тар­қатыстық. Бір кезде ол: «Жа­ба­йыл, сен Шыңжаңда жүргенде әжеп­тәуір ақын едің. Осы жаққа келгелі үнің шықпайды ғой», – деді. Мен: «Оның рас, денсаулығым да, көңіл күйім де болмай жүр. Бір елден бір елге көшу оңай дейсің бе!? Көңілім ойпыл-тойпыл», – дедім. Үстел үстінде жатқан қағаздарды қарап отырғанда көзіне төтеше жазылған осы өлең түскен ғой. «Япырай, Жә­ке, мына өлеңің әнге сұранып тұр екен. Мен осыны бәленше деген (атын ұмыттым) композитор­ға берейінші», деп алып кеткен. Кей­ін әлгі айтқан композиторы емес, Теміржан Базарбаев ат-түйедей қалап алыпты. Бұл 1972 жыл еді. Келесі жылдан бастап, Ришат Аб­дул­лин радиодан айта бастады.
– Әнді алғаш естігенде әжептәуір толқыған шығарсыз?
– О не дегенің! Бұл өзі Қытай­дан көшіп келіп, осы жерге сіңісе алмай жүрген кез ғой.
– «Ауылымның» әнін жазған Теміржан Базарбаевпен жолыға алдыңыз ба?
– Иә, жетпісінші жылдардың ортасында Жарбұлақ совхозының директорына айтып, Семейден Теміржанды шақырттық. Қасында марқұм әнші Дауыл Хайруллин бар, келді. Бірақ, Теміржаннан дәріс тыңдаған шәкірт мұншама көп болар ма? Ауылға кіре берістен күтіп алып, қаумалап, Темкең кез­десуге келе алмады. Кейін Семейде әлденеше рет жолығып, әңгіме­лесу­дің сәті түсті.
– Соның бірін айтып беріңізші.
– Алғаш көргенімді айтайын. 1974 жылы мұғалімдердің бір ай­лық білім жетілдіру институтына оқуға келдім. Жатақханадан орын алғаннан кейін, Теміржанды іздеуге шықтым. Таптым, бес қа­бат­ты үйдің екінші қабатында тұрады екен, өзімді таныстыр­ған­нан кейін, қалбалақтап қалды. Әйелінің аты Әлфия екен. Темкең бір коньякты әкеліп қойып, пианиноға отырды. Сосын, «Жәке, өмірімнің бірсыпырасы Семейде өтті. Сондықтан, Семей туралы ән жазсам деп жүруші ем, соны сіздің «Ауылымыңызға» жазғаным қан­дай дұрыс болған. Егер, Семей ту­ралы болса аясы тарылып, бір-ақ уыс болып қалғандай екен. Ауыл бүкіл иісі қазақтың шыққан жері, анасы. Баршамызға ортақ тақырып болғандықтан дүр етіп, шарықтап кетті ғой. Оның үстіне сіз Алакөл­дің бергі бетінде болсаңыз, менің ауылым арғы бетінде еді. Ымырт түсісімен жерошақтың оты жыл­тыл­дап көрініп тұрушы еді. Ауылды сағынып, сезімім сергелдеңге түсіп жүрген шақта осы өлең қолыма келіп түсті. Бұл әннің екі нұсқасы болды. Сіздің естіп жүргеніңіз, ел аузында жүрген сәл күрделілеу, екінші нұсқасы. Бірінші нұсқасы – мынау», деп бастай жөнелді. Ма­ған, әрине, өзім үйреніп қалған нұс­қасы ұнады. Кеш батқанша әң­гіме-дүкен құрдық. Ән Алматыда көркемдік кеңестен өткеннен кейін Ришат Абдуллиннің: «Әкел нотасын, сен біреуге беріп қоясың. Алдымен радиодан мен айтамын», – деп қолындағы қағазды алып қал­ғанын айтты. Содан кейін-ақ Ал­тай мен Атырау, Алатау мен Арқа арасын, тіпті дүниежүзіндегі қазақ­тарды шарлап кете барды бұл ән.
Темкең өте талантты, бірақ, жуас адам еді. Қалжыңдап: «Әй, Темір­жан, осы әннің елдің аузынан түс­пе­уі­не қайсысымыз көп еңбек сіңірдік?» деуші едім. Ондайда: «Сөзі келіспей жатса, қандай жақ­сы ән болса да жұрт арасына кең та­­рала қоймайды. Әрине, сен жаз­ған өлеңнің қуаты», – деп жымиятын.
– Кейін Семейде жолыққан жоқсыздар ма?
– Әлденеше рет жолығып, сыр­лас болдық қой. 1978 жылы ғой дей­мін, мен жеңіл автокөлік алмақ болып Семейге бардым.
– Ол кезде екінің біріне мұндай бақыт бұйыра бермеуші еді ғой…
– Рас айтасың. Оның тарихын айтып берейін. Біздің Жарбұлақ ауылы төл алудан облыс бойынша алдыңғы орынға шығып, шілде айын­да ауылымызда облыстық се­минар өтті. Семей облысының бірінші хатшысы Жақан Смағұлов, ауданның бірінші хатшылары, кіл дөкейлер келді. Совхоз директоры Рақымғали Төлеубеков қонақтарды күтуді маған тапсырды. Мен білек сыбана кірістім. Екі күннен кейін семинар аяқталды. Той біткен соң бірінші хатшы маған: «Жәке, бәрі жақсы өтті, мен сіздің талан­тыңыз­ға, адамгершілігіңізге тәнті болып аттанып барамын. Не тілегіңіз бар?», – деді. Жөпелдемеде сасып қал­дым: «Жоқ, еш тілегім жоқ», – дедім. Сосын ол: «Үйің бар ма?» деді. «Бар» дедім. «Машинаң бар ма?» деді. Жоқ нәрсені қалай бар дейін. «Жоқ» дедім. «Ендеше кезек­­сіз машина аласыз. Ертең өті­ні­шіңізді жазыңыз» деді. Осы­лайша «Жигули» автомашинасын алмақ болып, сол жылы қараша айында Семейге келдім. Теміржан бірге жүріп, машинаны қоса таң­дасты. Балаша мәз болып, керемет қуанып еді сол жолы.
– Жүргізуші куәлігін не қыл­ды­ңыз, бұрын болып па еді?
– Жоға. Бұрын тұрмақ, қазір де жоқ. Сол машинаны тоғыз жыл жүргізуші куәлігінсіз теуіп, кейін сатып жібердім.
– МАИ қызметкерлері ұстаған жоқ па?
– Біріншіден, мен алысқа ұзап шыққан жоқпын, екіншіден, осы «Ауылым» әнінің құдіреті шығар, тоқтатса да бәрі сыйлайтын. Бір күні бір МАИ қызметкері ұстады. Нөмірімді, барлық құжаттарымды сыпырып алды. Әлі күнге дейін есім­де, аты Бейсенбай еді. Содан күндердің күнінде генерал Бапса­нов келе қалды, айтып едім, әлгінің өзіне нөмірімді қайта таққызды. «Сен бұл адамның кім екенін білесің бе өзі?», – деп бірсыпыра ұрыс­­ты. «Бүгіннен бастап 12 – 72 нө­мірлі «Жигулиді» ешқайсың тоқтатпайсың», – деді, бітті.
– Аға, сіздің есіміңіз көп кездесе бермейді. «Жабайыл» деген сонда не мағына береді?
– Менің азан шақырып қойған есімім – Жабайыл. Анам 16 құрсақ көтерген жан еді. Сұлтан, Рахым­бек деген балаларынан кейін ше­тін­ей берген соң мен туғанда есімім жайлы әжептәуір талас болғанға ұқсайды. Біреу Бейсенбай, Сейсен­бай болсын деп, енді біреуі ажал жаңылып қалсын деп Жаңылбай деп қоймақшы болады. Содан сол жердегі Заман деген қажыға қой­ғыз­­ған екен. Қырық қазанның құ­ла­ғын тістетіп, киіз үйдің жабы­ғы­нан шөмшекке «сатып алған» көрінеді. Кейбіреулердің айтуын­ша, Меккеде ме, Мәдинада ма бір қасиетті тас бар-мыс. Соны «Жаба­йыл-Нұр» деп атайтын көрінеді. Бір қызығы, қытайдағы паспор­тымда есімім мүлде қате, «Жабаир» болып, кейін осы жақта оның ал­дына «Д» әрпі қосылып, «Джабаир» болып жазылған.
– Әлі күнге дейін солай ма?
– Әлі күнге дейін солай. Араб әліпбиінде де, Ахмет Байтұрсынұлы енгізген төте жазуда да «л» мен «р» әрпі ұқсас. Соңғы әріптің өзгерге­нін өз басым содан көремін.
– Аға, ән мәтінінің жекелеген жолдары, сөздері өзгерген сыңайлы. Осының төрелігін өзіңіз айтыңызшы. «Ауылым» әнінің сөзі дәл өзіңіз жазғандай айтылып жүр ме?
– Жалпы, ән мәтіні келіспесе ан­ау айтқандай жұрт арасына та­рала қоймайды. Сондықтан, әннің сөзі түпнұсқадан ауытқы­мауы тиіс. «Ауылымның» толық, дұрыс мәтіні былай:
Кіндігімнің жас қаны
Тамған жерім, ауылым.
Шабытымның асқары
Самғау жерім, ауылым.

Жастығымның куәсі
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы
Бұрқыраған, ауылым.

Биік-биік шың-құзға
Құмар қылған, ауылым.
Бүлдіршіндей бір қызға
Сыңар қылған, ауылым.

Тоймен таңды атырып
Ән салдырған, ауылым.
Сары қымыз сапырып
Тамсандырған, ауылым.

Көк түтіні шұбалып
Жібек созған ауылым.
Ай көрмесем құмартып
Жүрек қозған, ауылым.

Көк торғындай көктемде
Сағым буған, ауылым.
Алыс сапар шеккенде
Сағындырған, ауылым.
– Енді кейбіреулердің бұзып ай­та­тын жекелеген жолдарына тоқ­тал­саңыз.
– Мәселен, бірінші шумақтағы «Самғау жерім» деген тіркес «Сам­ғау­шы едім» болып, үшінші шумақ­тағы «Тоймен таңды атырып» деген жол «Әнмен таңды атырып» бо­лып, төртінші шумақтағы «Жібек созған» «Желек созған» болып, соңғы шумақтағы «Көк торғындай» деген теңеу «Көк торғайдай», «Са­ғым буған» деген етістік «Сағым қу­ған» болып айтылып келеді. Осы көңіл­ге кірбің ұялатады. Оны ай­тасың, «Ауылымды» бүтіндей басқа ақынның қанжығасына байлап жібергендер де бар. Мәселен, ана бір жылдары «Той жыры» деген жи­нақ шығып, соны шығарушылыр «Ауылым» әнінің сөзін жазған Қадыр Мырза-Әлі» деп басып жі­б­еріпті.
– Кейін басқа әндерге сөз жаз­дыңыз ба?
– Иә, Қытайда аймақтық ком­по­зиторлар одағының басшысы, белгілі композитор, Ерболат Қы­зы­кенов «Күнгейім менің» деген өл­е­ңіме, осындағы жергілікті сазгерлер Амантай Әліпов «Достық толғауы», «Үржар вальсі», Ахмет­хан Алпыспаев «Кезіп кеткім ке­леді», Кентау Назарбек «Үржарым –құт­ты мекен», күйші Қизат Сейіт­қазин «Қайран, Дәм», «Шопа­най сазы» деген өлеңдеріме ән жазды. Жұрт арасында айтылып жүр. «Ауыл әндері», «Алтын бесік – ауылым», «Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің» атты 4 жыр жина­ғым шықты.
– Барлық кітаптарыңыз арғы беттен бері өткен соң шыққан болар?
– Әрине, ол кезде біріншіден, жас болдық. Екіншіден, алмағайып бір заман туды ғой. Үрімжідегі пе­дагогикалық институтта жүргенде үш альманахқа топтамаларым шықты. Ал, төрт кітабым осында жарық көрді.
– Аға, кімдерді сүйіп оқисыз?
– Өз басым Сұлтанмахмұт пен Қасым ақынды пір тұтам.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Берікхан Тайжігіт

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.