«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» КҮНШЫҒЫС ЕЛІНЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
02.11.2018
1217
0

«Қазақ әдебиеті» газетіне жазылу науқаны жүріп жатыр. Жыл айналып соғатын осындай бір науқан бар. Оны, әрине, білесіз! Бірақ, ұмыта бересіз. Ұмытпаңыз!

Келесі жылы «Қазақ әдебиетінің» жарық көріп келе жатқанына 85 жыл толады.
«Өз ғасырын өзінің иініне алған» «Қазақ әдебиеті» қазақ оқырманының рухани қамалы болып, қасқайып тұр.
Міне, осындай болмысы – дегдар, мәртебесі – асқақ, парасат пайымы терең газетті бүгінгі заманның әсіре қызыл дүниелеріне айырбастай саламын десең – өзің біл! Бірақ, бәрібір «Қазақ әдебиеті» өзінің қалың оқырманымен қалады. Біздің тілек: сен де туған халқыңның рухани кеңістігінде бол, бізбен бірге бол!
Күллі Жапонияға кеңінен тарайтын «Жапония және Еуразия» газетінің №1497 санында «Қазақ әдебиеті» Күншығыс жұртына кеңінен таныстырылыпты. Әне, көрдіңіз бе? Алыстағы жапон халқы бізге жалт қарап, жаңа кеңістігім, жазиралы өрісім деп отыр. Біз де жапон әдебиеті мен мәдениеті туралы жазып, айтып отыруды құп көреміз.
«Қазақ әдебиетіне» бір жылға жазылу бағасы 5 мың теңгеден аз-ақ асып жығылады.
5 мың теңгенің кейде жоқтан өзгеге жұмсалып кететіні бар емес пе? Одан да оны игілікке жұмса, өзгенің емес, өзіңнің «Қазақ әдебиетіңе» жазыл!
Ұмытпа!


«Қазақ әдебиеті» Жапонияға таныстырылды

1948 жылдан бері шығып келе жатқан, бүкіл Жапонияға кеңінен тарайтын «Жапония және Еуразия» газетінің №1497 жаңа саны Алатау баурайындағы қазақ және қырғыз халықтарының мәдени-рухани тыныс-тіршілігіне арналған.

Атап айтсақ, газеттің 1,2,3-бетте­рін­дегі дәйекті суреттермен айшық­тал­ған мақалаларда биылғы жылдың тамыз айының соңынан бастап, қыр­күйектің ортасына дейін Жапония делегациясының Қазақстан мен Қыр­ғызстан республикаларына жасаған са­пары туралы егжей-тегжейлі жазыл­ған. «Жапония-Еуразия» ұйымының ұйымдастыруымен алдымен Алма­ты­дағы «Ядролық қарусыз әлем» деп аталатын конференцияға қатысып, Қырғыз жеріндегі «Көшпенділердің ұлттық ойындарын» тамашалаған Жапония азаматтары Алатау сапары­нан түйген ойларын тұшымды мақа­алары арқылы жеткізіпті.
Газеттің бірінші бетіндегі бейбіт­шілік пен мәдени ынтымақтастық сапарын сөз еткен көлемді мақалада жапондардың он бір күн бойы қазақ пен қырғыздың қонақжайлығы мен кең пейіліне тәнті болып, жаңа дәуірдегі Орта Азия мәдениетінің тамаша үлгілеріне қаныққаны туралы айтылған. Тау баурайындағы Алматы шаһарының сұлулығы кеңі­нен сурет­телген. Алатаудың әсем табиғаты, көшпенділер заманынан жеткен ұлттық ойындардың ерек­ше­лігі жапон оқырманына кең көлемде таныс­тырылған.
Екінші беттегі Алматы халқының дархан көңіліне деген ризашылықты бейнелейтін тақырып аясындағы ауқымды мақалада 29 тамызда өткен қарусыз әлемге үндейтін халықаралық конференция туралы сөз болады. (Осы конференция және жапон деле­гация­сының сапары туралы «Алатау-Фудзи арасы…» деп аталатын Шара­фат Жылқыбаеваның мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетіне (7.09.2018.20 бет. №35) жарияланып, жапон тара­пының сұрауымен жапон тіліне аударылған болатын).
Жапон тіліндегі мақалалары ар­қы­лы Күншығыс еліне Қазақстанды насихаттап, екі ел арасындағы достық байланыстың дәнекері болып жүрген Шарафат Жылқыбаеваның таныс­тыруымен «Қазақ әдебиеті» газетінен алыстағы оқырмандар хабардар. «Жапония және Еуразия» басылымы­ның осы нөмірінде «Қазақ әдебиеті» туралы сөз қозғалып, қазақ басылы­мына еларалық ынтымақтастықты паш ететін көлемді мақала жария­лан­ғаны айтылған.
Жапон басылымының үшінші беті толығымен «Хантәңірі етегінде» деген тақырып аясында қазақ-қырғыз жеріндегі мәдени, рухани тіршілік көріністеріне арналыпты. ХХІ ғасырда ежелгі ұлттық мұрасын сақтап отыр­ған көшпенді ел ұрпақтарының өне­ріне тәнті болған жапондар Жетісу та­биғаты мен қырғыздың Қыршын жай­лауындағы өздері қатысып, тама­ша­л­аған шаралар туралы тамсана суреттеген.
Делегация мүшесі Ямада Таэ «Ал­маты суреттері» деген мақаласында алып шаһардың тарихына терең бойлап, өзі көрген заманауи қала көріністерін әдемі теңеулермен өр­нек­теген. Алатауды Солтүстік Альпі тау­ларына теңеген мақала авторы «Еу­разияның Камикоучиі» деген та­қы­рыпта Алматының сұлулы­ғына таң қалғанын жазады. «Алма­тыны көргенде Камикоучиге (Жа­­­понияның Нагано префектура­сын­дағы жерұйық саналатын табиғаты ғажайып өлке) келгендей әсер алдым» дей келе, сөзін «Орта Азия­ның болашағы зор» деп түйін­дейді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір