Деген екен…
30.10.2018
2445
0

***

Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы сол заманның саясатымен ұлан-асыр той боп өтті ғой. Тойдың басы Қазақстан астанасында басталып, соңы Мәскеудегі ойын-сауық, мәжілістермен аяқталғаны мәлім. Сол Мәскеудегі тойға Қазақстаннан жүзге тарта өнер қайрат­кері, ақын-жазушылар қатысады. Бір­неше күн тойлап, бастары аздап шыңыл­дап, Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов бірде таң атпай «Москва» мейманханасының алдында таза ауа жұтып тұрса, іштен Герольд Бельгер шығып келе жатыр екен дейді. Герольд Ғафекең мен Сырағаңның көзіне оттай басылып, екеуі оның қолынан шап беріп ұстай алыпты да, қайым айтыстың үлгісімен былайша өлеңдете жөнеліпті:
Ғ а ф у:
Немістің бір ақыны Бельгер еді,
С ы р б а й:
О бастан жомарттығы белгілі еді,
Ғ а ф у:
Үш тілдің басын қосқан қайран сабаз,
С ы р б а й:
Еңбегін жалпақ жатқан ел біледі.
Ғ а ф у:
Мәскеуге келе қалған сапары екен,
С ы р б а й:
Біз десе соға қалған ер жүрегі,
Ғ а ф у:
Болса да орыс-қазақ тауыстық қой,
С ы p б а й:
Немістен ішер кезек енді келді.
Қазақ тілінің құдіретін де, дәмін де, мәртебесін де жақсы білетін Герольд Бельгер риза болып, екі ағасын қолтықтап бөлмесіне қарай жөнеліпті.


***

Қазақтың аса талантты жазушыларының бірі Дулат Исабеков 1991 жылы республикалық теледидарға Бас директор болып тағайындалады. Бар өмірі баспа, газет-журнал редакциялары төңірегінде өткен, теледидар дейтіннен хабары шамалы Дулатқа ол жерге бастық болу оңайға соқпайды. Бірақ бастықтың аты бастық қой, қызметкерлерге пікір айту керек, ортаға ұсыныс тастау керек, жайы келсе ескертпелер де жасаған жақсы, қысқасы «бұл саладан түк білмеуші едім» деп қол қусырып отыра бермей, оларға бағыт-бағдар, жөн сілтеу міндет. Осы оймен Дулат та қызметіне білек сыбанып кірісіп кетеді. Құдай тағала пендесін қолдайын десе қолында екен ғой, бастық болған алғашқы күндері-ақ Дулатқа өз қызметкерлеріне қатаң ескертулер жасаудың, тереңнен әңгіме қозғаудың реті келе кетіпті.
Әдетте «Уақыт» ақпарат бағдарламасынан кейін республика теледидары көрермен назарына көркем фильм ұсынады екен. Бірде кешкілік сол «Уақыт» пен кинофильм аралығында экpaн үш минут бойы бос тұрып қалады. Ертесінде таң атпай Дулат қызметкерлерін шақырып алып, осы жәйтті қатаң ескертіп, кезекшілікте болғандарды ұрыса бастайды:
– Бұл барып тұрған жауапсыздық! – дейді ашуланып. – Бұған кім кінәлі, сол кісіні маған шақырыңдар!
Жаңа бастықтың айбынынан ығып, шеткерірек отырған қызметкердің біреуі:
– «Томсон» қызып қалып… – деп ақтала бергенде, Дулат оның сөзін кілт бөліп жібереді:
– Жұмыс уақытында қызып жүрген ол кім? Ондай пиәншікті бүгіннен бастап жұмыстан қуу керек! – дейді екпінін баса алмай.
– Дулат Исабекович, оны сіз қуа алмайсыз… – дейді топ ортадан тағы біреу күмілжіп.
– Неге қуа алмаймын?! Көк тіреген қолдауы бар болса да қарамаймын, қуып шығам! – дейді Дулат та намысқа тырысып.
– Қуа алмайсыз дегенім… ол — темір ғой, аппарат, Дулат Исабекович… Сол қызып кетіп, суытқанша экран үш минут бос қалған еді…
Сонда Дулат өкінгендей басын шайқапты да:
– Қап, бәлемді… ол оңбаған, темір болмағанда көресіні көрсетер ем! – деген екен.


***

Баяғыда Алматы маңындағы «Алатау» санаторийінің бастығы – Абай, оның орынбасары – Жамбыл деген жігіттер болыпты. Бірде Сырбай Мәуленов дем алмақ оймен әлгі санаторийге барса, орын жоқ екен.
– Абай мен Жамбыл басқарған мекемеге Сырбай сығалап қайтса да қанағат қой! – деп Сырағаң ренжіңкіреп, қайтар есікке беттейді.
Мұны естіген бастықтар Сырағаңнан кешірім өтініп, бір орын тауып берген екен.


***

Майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев қаламгерлер арасында әзілкештігімен, тауып айтар тапқырлығымен мәшһүр кісі. Бірде сол ағамыз қаламгер інісі Адам Мекебайды іздеп Жазушылар одағының екінші қабатына көтеріледі. Қараса төрдегі диван үстінде шүйіркелесіп бір топ ақын отыр екен.
– Адамды көргендерің бар ма? – дейді Қалекең салған жерден.
Қалекеңнің аман-саулық жоқ, төтеден сұрақ қойғанына қитыға қалған ақын Мейірхан Ақдәулет:
– Қалеке, сонда біз не… адам емеспіз бе? – дейді.
Сонда Қалекең:
– Мен бұл жерден Адам көріп тұрғам жоқ! – деп бұрылып кетіпті.


***

Жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде қызметтес жігіттерімен ақыл-кеңес құрып отырып, Ахаң саумал иісті Сарыарқаның ғажайып табиғаты төңірегінде толғана әңгімелеп кетеді. Сөз арасында:
– Баяғыда, біздің ауыл іргесіндегі тұма бұлақтан құйрық жалы төгілген құландар келіп су ішіп тұрушы еді, жарықтық! – деп бір қояды.
Осы арада Ахаңның ұзақ-сонар әңгімесін бөліп, балалар жазушысы Алпысбай Шымырбай:
– Аха, баяғының данасы Асанқайғының өзі «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер», –деп жырлаған ғой. Сіздің ауылдың суатына құлап жүрген қандай құландар болды екен? – депті.
Ахаң жауап беруден кідіріңкіреп, шақшасын тықылдатып, асықпай насыбай атады. Насыбай атып отырып:
– Сұрағың орынды, шырағым… Бірақ, құлан ғана емес, бұ заманда бәріміз де тоқал ешкідей күзелдік қой, қайтейін енді! – деп күрсіне жауап беріпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір