Талғат Кеңесбаев

0
137 қаралды

Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға душар болды. 58 жасқа қараған шағында талантты жазушы, қоғам қайраткері Талғат Кеңес­баев өмірден озды.
Талғат Кеңесбаев 1961 жылы 15 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Сарыжал ауылында дүниеге келген. 1992 жы­лы Семей педагогикалық институтын тәмамдаған.
Алғашқы шығармалары 1980 жылдары баспасөз беттерінде жариялана бастаған. Тұң­ғыш кітабы 1990 жылы «Француз әтірі­нің иісі» деген атпен жарық көрген. Одан бері «Моцарт» романы, «Үнсіз нота», «Ленин­нің бәтенкесі» атты әңгімелері мен «Гауһар», «Ойшоғыр» сынды бірқатар повестері оқырманға жол тартқан болатын.
1988 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанып, 2017 жылы «Ұлт болмысы» журналы ұйымдастырған «Ұлт болмысы» әдеби конкурсында бас жүлдені иеленген.
Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет жасаудың тәлімін, өнегелі өмірдің үлгісін көрсете білді.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Талғат Кеңесбаевтың жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағынының секретариаты


Қош болыңыз жақсы аға!

Өмірде Талғат көкеммен ағалы-інідей араласқан жоқпын. Көпшіліктің арасында кездесіп қалғанымызда сәлемдескеніміз болмаса, кеңінен отырып, әңгімелес­кен емеспіз. Рахымжан ағамның шығармашылығына арналған «Дара жол» хабарына қатысқан кезде ғана онымен жақынырақ таныстым. Бір кеш сырласқаннан-ақ жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, өте қарапайым, баладай аңғал, әрі адал адам екеніне көзім жетті. Бірнеше айдан соң «Таңшолпан» журналында жарық көрген әңгімеле­рін оқып, әлеуметтік желіден жақсы пікірімді білдір­генімде балаша қуанған еді. Хабарласып «Аманчик, бір күні кездесіп, асықпай кеңінен отырып сөйлесейік» деген. Менен бұрын ажал кездескен екен, аяулы ағама. Амал нешік? Қош болыңыз жақсы аға!

Амангелді Кеңшілік


ШЫҒЫСТЫҢ БІР МАҢҒАЗЫ ЕДІ…

Талғат – әдебиет деген әлем таныстырған досым еді. «Егемен Қазақстан» газетінің Абай еліндегі күндеріне орай Семейге сапарымда қонақүйге іздеп келіп, қоярда қоймай шаңырағына ертіп барып еді. От­басымен, бала-шағасымен таныстырып, бір марқайып қалып едік-ау сонда.
Одан кейін де шығармашылық тұрғыдан хат-хабарымызды үзген жоқпыз. Пойызбен Шымкентке өтіп бара жатқанда Тараз вокзалынан күтіп алып, елдің сәлем-сауқатын беріп жіберіп едім, шіркін. Бәрі күні кеше ғана болғандай.
Іші шерге толы жазушының бірі еді Талғат досым. Халыққа кімді қалай алғаш рет танытқанын, ол үшін шығарда жаны ғана бөлек жанашыры болғанын қабырғасы қайыса отырып әңгімелеп берген еді талай.
Жазушы ағасы Роллан Сейсенбаев туралы әңгі­ме­лері де қызық-тын. Мәскеуде, Ролланның үйін­де жатқандағы еркеліктері мен еркіндіктері үшін ағасынан жеген «шапалағы» туралы әңгімесі де жақын бауырлар үшін бір ғибрат-тұғын.
Есіл де есіл, Талғатым-ай! Қолына қалам ұстаған кей­біреулерге арман болған Қазақстан Жазушылар одағы деген ұйымның мүшелігінен өз еркімен шығып кеткен жалғыз қаламгер де осы Талғат – тарлан ғой.
Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым! Сен көрмеген қызықты, сен жасамаған жасты артыңда қалған ұл-қыздарың көрсін, жарың көрсін!
Басқа не деймін!
Бақұл бол!

Көсемәлі Сәттібайұлы


Жаны нәзік, жүрегі таза еді…

Жүрегіңіз ауыратынын, ауруханаға қатты сырқаттанып түсіп қалатыныңыз­ды жақсы білсем де, дәл осылай тез айырылып қаламыз-ау деген де ой еш­қа­шан болған емес… Қалай болсын?.. Шау тартып тұрған да жоқсыз ғой!..
Сізбен қалай танысқаным әл әзір есіме түспей тұр… Бір білерім, артыңыз­дан «Аға» деп ілескен, сіздің тара­пыңыздан тек қана жылы сөз естіген бір бауырыңыз едім!.. Өзіме айтатыныңыз өз алдына, сыртымнан да тек жақсы сөздер айтып жүретініңізді жақын, тіпті бейтаныс жандардан естіп жатушы едім… Тілеулес едіңіз… тілектес едіңіз…
Үнемі хабарласып хал-жай білісіп тұрдық. Телефон соқпасам «Неге хабарласпай кеттің?» деп ренжуші едіңіз. Ылғи да «Әй, бауыр-сен емес, аға-мен іздеймін сені!» деп өкпе артушы едіңіз…
Сіз туа бітті өз мінез-құлқыңыздан, табиғи қалпыңыздан өзгерген жоқсыз… Өзіңізше өмір сүрдіңіз!.. Ал біз өзгер­дік… Амалсыздан тонымызды теріс қаратып киюге мәжбүр болдық… Өмірлік көзқарастарымыздан, ұстын-ұстанымдарымыздан еріксіз бас тарта бастадық… Ал Сіз өміріңіздің соңына дейін Өзіңізге адал боп кеттіңіз!.. Сол адалдығыңыз Өзіңізге Сор болғанын да білеміз… Жаныңызды жаралап, жүре­гіңізге салмақ салғанын да білеміз… Бә­рін білеміз… Бірақ айта алмаймыз… Айтып көрші… Не болатынын тағы білеміз!.. Сонан кейін амалсыз үнде­меуге тырысамыз… Бірақ кезегі келеді… Айтамыз…
Жүрегім ауырып отыр… Өлім түгілі, Өкпеге қимас жан едіңіз!.. Жаныңыз нәзік… жүрегіңіз таза еді…
Бақұл болыңыз, Аға!..
Жатқан жеріңіз жайлы, топыра­ғыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын!..
Рухыңыз пейіштің төрінді шалқы­сын!

Думан Рамазан

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.