Қазақтан шыққан Моцарт
30.10.2018
1505
0

…Сахнаға өрімталдай жас бозбала шықты да, пианино алдына жайғасып, өз туындысы ретінде хабарлаған классикалық шығарманы ойнай жөнелді. Салалы саусақтары бейнебір ақ-қара пернелер үстінде билеп жүргендей еркін қимылдайды. Зал толы көрермен сілтідей тынды. Жүрек түкпіріне терең бойлап, ой-қиялға қанат бітірген ғаламат музыка аяқталысымен, бәрі түгел орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарын құттықтауға арналған салтанатты кеште теңдессіз талантымен талайды тамсантқан бұл жас композитор Рахат-Би Әбдісағин болатын.

Осы кеште Елбасымыз дарабоз өреннің өнерін, тіпті, Моцарттың өзімен тең бағалапты. Ал Тұңғыш Президент күніне орай «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасының жас жеңімпаздарымен кездесуінде: «Әдет­т­е мен ұйықтар алдында Мо­царт­ты тыңдаймын. Адамды тыныштандырады. Оған бейне аспаннан, ғарыштан тылсым күш келген сияқты болып көрінеді. Мұндай музыка жайдан-жай пайда болмайды ғой, солай ма?! Сенікі сияқ­­ты. Енді мен сені тыңдайтын бо­ла­мын», – деген еді. Бар болғаны он жасында қазақ музыка кеңістігін дүр сілкінтіп, алғашқы классикалық шығармасын дүниеге әкелген әлем­дегі ең жас кәсіби композитор Ра­хат-Би Әбдісағин осыдан кейін ел арасында «Қазақ Моцарты» атанып кетеді.
Ол бала күнінен өнерге жақын болып өскен. Сурет те салатын, жұм­сақ ойыншықтар жасаумен де айналысатын. Алайда ішкі жан дү­ние­сін сыртқы әлемге танытуға му­зыка көмектесіпті. Қатарластары­нан озық туған өнерлі жеткіншек он үш жасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетіне оқуға түсіп, Италияның Бергамо қаласындағы Санта-Сесилия музы­ка академиясында Константин Бо­ги­ноның сыныбында қатар білім алады. Мұқан Төлебаев атындағы жеті жылдық музыка мектебін төрт жылда үздік бітіреді. Он жеті жа­сын­да Қазақ Ұлттық Өнер уни­вер­си­те­т­інің магистратурасына қабыл­данып, Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерва­то­рия­да тәжірибеден өтсе, он сегіз жа­­сында өнертану ғылымының магистрі атанып, Рим қаласындағы Санта-Сесилия академиясының докторантурасына қабылданған. Ол – «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының ең жас иегері. Тәуелсіз Қа­зақстан тарихында он жеті жа­сын­да ТМД Парламентаралық Ас­самблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталған ең жас әрі жалғыз мәдениет қайраткері. П.И.Чайковский атындағы Халы­қа­ралық музыка байқауы лауреаттары ассоциациясының мүшесі. Батыс және шығыс музыка мәдениеті тари­хының білгірі. Му­зыкатану оқулық­тарының авторы. Оның 14 жасында жарық көрген «Математика және қазіргі заманғы музыка» атты ғылыми еңбегі маман­дардың жоғары бағасына ие болған. Жасы он тоғызға енді ғана толған вундеркинд музыкант – симфония­лық оркестрге және әр жанрдағы камералық ансамбльдерге арналған жүзден аса классикалық музыкалық шығармалардың авторы.
Оның туындылары өз елімізден бөлек, Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Мюнстер, Лос-Анджелес, Байройт, Франкфурт, Бейжің, Сеул, Анкара, Ыстамбұл, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Ялта, Бергамо, Грац, Мюрццушлаг, Аркей, Али­кан­те, Теулада-Морайра, Каир, Амман, Ал­ександрия сынды әлемнің ірі қала­ларының сахналарында орын­да­лып, классикалық музыканың талғампаз тыңдармандарын тәнті еткен. «Қазақ рапсодиясы» атты шығармасы АҚШ-тың Оңтүстік Иллинойс университетінің «Discography» атты XV ғасырдан бастап әлем­дік классиканың үздік үлгілері жинақталған Әлемдік қорына енген. Оның туындыларын Еуропа, Азия және Американың симфониялық оркестрлері мен камералық ансам­бль­дері, атақты солистері орын­дай­ды. Композитордың замандас досы, белгілі ресейлік дирижер Дмитрий Крюков өз таңданысын былайша білдіреді: «Мені оның осы күнге дейін істеген жұмысы немесе небәрі 19 жасында игерген шексіз білімі емес, мені таңғалдыратыны басқа – оның бойындағы шығармашылық қуаты, музыка тудырудағы шексіз мүмкіндігі. Енді он жылдан кейін қандай туындылардың өмірге ке­лерін ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл – шынымен-ақ, құбылыс».
Әлем назарын өзіне аударған талантты музыкант өткен аптада өз еліне естен кетпес тарту жасады. «Ас­­тана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залын­да елордамыздың 20 жылдық ме­рей­тойы аясында «Зымыран – Заман» атты авторлық концертін өткізді. Классикалық музыка кешіне Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лықова, Мәдениет және спорт ми­нист­рі Арыстанбек Мұхамедиұлы, белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­кер­лері қатысты. Екі бөлімді кон­церт­те Ресей Үлкен театры мен Ме­м­лекеттік академиялық сим­фониялық капелласының дирижері Дмит­рий Крюковтің дирижерлік етуімен кеш иесінің «Романтизм жаңғырығы», «Өмірге құштарлық», «Тәңір тұрағы», «Нұрлы жол», «Тас­тү­нектің арғы жағы», «Тым-ты­рыс­тың тырсылы», «Зымыран – Заман», «Қазақ рапсодиясы» атты барлығы сегіз симфониялық шығармасы орындалды. Бұл орайда композитор­дың өзі былайша ағынан жарылады: ««8» – симметриялық сандардың бірі, кемелденудің шағын көрінісі, ал көлденең күйінде – шексіздіктің белгісі. Мұны жай ғана сәйкестік деп ойламаймын».
Жас та болса, тұма таланты пен алғыр ойын қатар ұштастыра білген дарабоз өнерпаз: «Ғылым мен музы­ка бір-бірімен тығыз байланыста. ХХІ ғасыр – даму мен жылдамдық дәуірі. Мен он төрт жасымда «Мате­матика және заманауи музыка» атты ғылы­ми еңбегімді жаздым. Мәскеуде ғы­лы­ми жобалар жарысында 1-орын ал­ған осы жұмысым арқылы матема­ти­ка мен музыканың органикалық тұр­ғыдан өзара тығыз байланысты ек­енін көрсеттім. Онда менің тұ­жырымдамаларым көрініс тауып, тарихи сараптама да жасалды. Пифагор, әл-Фараби зерттеулері жалғастырылып, алғаш рет нөл (математикада), кідіріс (музыкада), қуыстық (әлемде) ұғымдары енгі­зі­ліп, олардың өзара қарым-қатынас­тары айшықталды. Ал он екі жасым­да интеграл сериализм техникасын қолдана отырып жазған «Петро­глиф» атты шығармамда ғарыш туралы көзқарасымды жеткіздім. Біз, бәріміз де аспанға, жұлдыздарға қараймыз. Оны болашаққа балай­мыз. Шындығында, ол – өткен шақ. Жарық секундына 300 мың шақы­рымды еңсереді. Ол күннен жерге дейін 8 минутта жетеді. Ал бір галак­тика мен екіншісінің арақашықтығы миллион жылдарды құрайды. Сондықтан бір жұлдызға қарағанда, оның қазіргі бейнесін емес, миллион жылдар бұрынғы кейпін көреміз. Дәл осы ұғым секілді, петроглифтер өткен тарихтан сыр шертеді. 2013 жылы Киевте «ІІ Гольфстрим» фес­тивалінде орындаған «Тоннель түбіндегі жарық» атты туындымның құрылымын Эйнштейннің грави­тация теориясымен байланыс­тыр­дым. Мұндағы дыбыс, тіпті, тыныш­тық та сол теориямен үндес­тік та­­бады. Жалпы, қай шығармамды ал­сақ та, ғылыми теориялармен үйлесім тапқан», – деп тереңнен толғайды.
Алматыдағы №159 мектеп-гимназияда қазақ тілінде білім алған Рахат-Би орыс, итальян, испан тіл­дерінде еркін сөйлейді. Енді фран­цуз, неміс тілдерін үйреніп жүр. Он екі жасынан ағылшын тілінде дәріс оқиды. Қазір Римде 1585 жылы Рим Папасының ықпалымен ашылған Санта-Сесилия музыка акаде­мия­сының докторантурасында білім алуда. Рахат-Би Төлегенұлы – Санта-Сесилия тарихында музыка академиясына түскен ең жас докто­рант және ең алғашқы қазақстандық. Аталған оқу ордасына кез келген талант түсе алмайды. Өзінің ай­туы­н­ша, алдымен талап бойынша академия сайтына өз өтінішін, со­сын өзі жазған барлық туындысын жіберген. Жүздеген үміткердің іші­нен тек 14-і ғана соңғы емтиханға жіберілген. Олардың 13-і –итальян­дықтар да, біреуі – біздің Рахат-Би. Оксфордтың РһD-ін тәмәмдаған, тіпті, арнаулы оқу орындарында оқыт­ушы болып қызмет ететін ита­льяндықтардың жасы орта есеп­пен 35-те болған. Соңғы сынақта үздік 14-тің тек бесеуі ғана оқу ордасына түсе алған. Сол бесеудің бірі – біздің Рахат-Би. Бүгінде жас музыкант маэстро Иван Феделенің сыныбында талантын ұштауда. Халқымыздың үкілі үміті келешекке былайша көз жібереді: «Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» атты мақаласында ұлттық кодты сақтаудың мән-маңызына айрықша тоқталған болатын. Композиторлық мектебіміздің жаңа буыны ұлттық кодты сақтай отыра дүниежүзілік заманауи жетістіктерді меңгеріп, өз мақсаттарына пай­даланып, әлемге таныла алады. Біз қазір әлем халықтары мәдениетінің белсенді диффузиясы заманында өмір сүрудеміз. Сондықтан, әлемдік мәдениетте қазақ елінің ұлттық мәдениеті ойып тұрып орын алуы керек. Ұлттық мәдениет бүгінгі заманмен үндестікте болғаны абзал».
«Музыка – адамның ой-сана­сына терең әсер ететін мықты құрал» деп ойлайтын жас таланттың, қас таланттың алға қойған биік мақсат­та­рына сүрінбей жетеріне бек сене­міз.

Мәдина Сейітмағамбетова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір