ДЖОКОНДАНЫҢ ЖҰМБАҚ ЖЫМИЫСЫ
30.10.2018
5353
0

…Міне, ол Джоконда екеуі жұрт көзінен оңаша қалды. Ол қолдарын бірінің үстіне бірін қойып, жұмсақ орындықта отырған сұлу әйелге қарай жақындап келеді. Алақандары тершіп, тұла бойы ысып, демі жиілеп барады. Ал Джоконда болса, сол баяғыша кең маңдайы жарқырап, бар-жоғы білінер-білінбес жіп-жіңішке қастары қиылып, бұдан көз алмай, жымия қарайды. Кенет ол қалтасынан әлдебір құтыны алып шықты. Сосын асыға-үсіге құтының қақпағын ашып, ішіндегі …әлдеқандай қышқылды өзіне көз алмастан әлі де жымия қарап отырған «ғашығына» шашып жіберді. Қышқыл Джоконданың көйлегіне төгілді. Алайда ол еш дыбыс шығармастан, өңін бұзбастан, қолдарын бірінің үстіне бірін қойған күйі әдеттегіше жымиып күліп отыра берді. Себебі, ол …жансыз болатын. Ол …картина болатын…


«СҰЛУЛЫҚ СФИНКСІ»

«Монна Лиза дель Джоконда ханымның портреті» Леонардо да Винчи

«Мона Лиза» немесе «Джокон­да» – әйгілі итальян суретшісі Леонардо да Винчидің (1452-1519 жж.) шамамен 1503-1505 жылдары салған ең атақты картинасы. Толық атауы – «Монна Лиза дель Джокон­да ханымның портреті».
Франсуа-Анатоль Грюйе: «Мо­на Лизаның» өзіне әбден көзі той­ған­ша, құмары қанғанша қараған­нан кейін құпиясын білмек боп тал­қылауға кірісетіндерді ақыл-есі­нен айырып келе жатқанына төрт жүз жыл болмақ», – депті. ХІХ ға­сыр­дың соңында өмір сүрген өнер­тану­шының осы сөзін бүгін де қай­талап айтуға болады. Өйткені әлем­дегі ең жұмбақ әйел әлі де та­лай­ларды өзіне телміртумен келеді. Бар гәп – оның жымиысында. Адамға не қуана, не қулана, не ел­жірей, не кекете қарап тұрғаны бел­гісіз жұмбақ жымиы­сында. Кали­форния университеті про­фес­сорларының тұжырым­дауын­ша, бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес. Себебі, Джокон­даның күлкісінің қандай екені оны көріп тұрған адамның сол сәттегі ішкі күйіне байланысты екен. Ол көңілді адамдарға күлімсірей қараса, қа­палы жандар оның күлкісінен мұң көреді. Аяғы ауыр әйелдер үшін қарсы алдарында «отырған» – қаймыжықтай жұқа еріндеріне бақыт күлкісі тұнған болашақ ана. Ал қатыгездерге бірден өңін суыта­тын ол өзіне немқұрайлы қарау­шылар­ғ­а тіпті мән де бермейді.
«Мона Лиза» ұзақ жылдар пат­ша сарайларының көркі болған. Ақсүйектер де, қарапайым адамдар да қыздарын Мона Лизаша жы­м­иып күлуге үйреткен. ХІХ ғасыр­дың соңында оған ғашықтық хаттар жолданып тұрған.
«Джоконданың жұмбақ күлкісі» дегенді алғаш әдеби қолданыс ре­тінде қалыптастырған француз жазушысы Теофиль Готье болатын. Ол 1855 жылы былай деп жазған: «Ол – оның басты қаруы. Оған ғашық болуға болмайды, бірақ ғашық болмау еш мүмкін емес. Джоконда! Бұл сөз бірден Леонар­доның картинасындағы жұмбақ жымиып тұрған сұлулық сфинксін еске түсіреді. Бұл елестің тартым­дылығы сонша – оның торына түсіп қалу өте қауіпті! Оның күлкісі бейнебір беймәлім ләззат сыйлай­тынын айтып тұрғандай. Сонымен қоса, оның күлкісінде таңғажайып кекесін де бар. Егер Дон Жуан Джо­кон­даны кезіктіргенде, оның бойы­нан өз өміріндегі үш мың әйелдің бәрін тапқан болар еді». Ал орыс өнертанушысы Евсей Ротенберг: «Он­ың күлкісі – ешқандай да өз ар­тықшылығын сезіну немесе ай­на­ласындағыларға немқұрайлы­лық­пен қарау күлкісі емес. Бұл – өз-өзіне деген байсалды сенімділік пен өз-өзін толық басқара білу­шілік­­тің нәтижесі», – десе, тағы бір орыс зерттеушісі Виктор Лазарев: «Оның күлкісі шынайы. Тартым­ды­лы­ғының сыры да сонда. Оның күл­кісінен ішкі толғанысы байқала­ды», – деген пікір айтады. Джо­кон­даның күлкісіне баға беруден эстетизмнің басты идеологы са­на­ла­тын белгілі ағылшын өнертану­шысы Уолтер Патер де тысқары қал­маған. Ол аталған картинаға там­сана келе, өз ойын: «Леонардо да Винчи «Мона Лизасының» күл­кісі арқылы екіұшты ойды бере біл­ген: бірі – шексіз ләззат сыйлай­ты­нын айтып тұрса, екіншісі – үл­кен қауіптен хабар беретіндей» деп түйіндейді.

КАРТИНАДАҒЫ ӘЙЕЛ КІМ?

1911 жылғы 21 тамызда бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құ­рал­дары «Джоконда» ұрланды!» деп жарыса шуласты. Лувр мұражайы­ның теңдессіз жауһарын бәрі жап­пай, жанұшыра іздестіре бастады. Іздестіру жұмыстары кезінде, тіпті, әйгілі суретші Пикассо мен ақын Аполлинерден күдіктенушілер бол­ған. Францияда көше музыканттары Джоконданы жоқтап, мұңлы әндер шырқаған. Картина екі жылдан кейін – 1913 жылы қаңтар айында табылады. Оны ұрлаған Лувр мұра­жайы­ның қызметкері Винченцо Перуджиа атты итальяндық болып шығады. Сөйтсе, ол картинаны өз Отанына қайтармақшы болған көрінеді.
Осылайша талайдың тірі адам жоғалғаннан бетер мазасыздығын тудырып, әбігер еткен бұл әйел кім өзі?
ЛИЗА ГЕРАРДИНИ. Зерт­теу­ші­­лердің болжамынша, ол Мона Лиза Герардини дель Джоконда, Изабелла Гуаландо, Изабелла д’Эсте, Филиберта Савойская, Конс­танция д’Авалос, Пачифика Брандано болуы мүмкін. Әйтсе де, бүгінде әлем жұртшылығы бұл өнер туындысын «Мона Лиза» немесе «Джо­конда» ретінде таниды. Оған себеп: біріншіден, Леонардо дүн­ие­ден өтерінде картинасын мұрагері ретінде шәкірті Салаиге қалдырып кетеді. Ал Салаи оны қарындас­та­рына мұра етеді. Портрет Салаиден туыстарына мұра боп қалған зат­тардың тізімінде «Ла Джоконда» деген атаумен сақталған (Көп ұзамай картинаның жаңа иелері оны Франция королі І Францискіге көп ақшаға сатып жібереді. Италия жерінде дүниеге келген туындының Францияның Луврында тұруының себебі де осында.).
Екіншіден, бейнелеу өнерімен қатар, өз еліндегі суретшілердің өмірбаянын жазумен айналысқан суретші Джорджо Вазари 1550 жы­лы мынадай деректі қағаз бетіне түсіріпті: «Леонардо Франческо Джокондоның тапсырысымен (не ұлды болуына, не жаңа үйге кө­шу­леріне орай – автор) оның әйелінің – Лизаның суретін салуға кірісті. Төрт жыл бойы еңбектеніп, оны аяқталмаған күйде қалдырды. Ұлы шебердің қолынан шыққан бұл туынды өнердің табиғатқа қанша­лық­ты жақын бола алатынын кө­руге мүмкіндік береді. Ондағы ұс­ақ-түйек бөлшектердің өзі кес­­­кіндеме өнерінің нәзіктігін таны­тады. …Әйелдің көздерінде кәдімгі тірі адамның көздеріне тән жарқыл мен ылғал бар. Ал мойын бөлігінен мұқият қараған көрермен тамыр­ларының бүлкілдеп соғып тұрғанын байқай алады. Суретші портретпен жұмыс кезінде жанына лирада ойнап не ән салып отыратын му­зыканттарды әкеліп қойған. Сон­дай-ақ, өте әдемі әйелдің көңіл­ді отыруы үшін сайқымазақ­тарды да шақырған. Сол себепті әйелдің күлкісі өте жағымды боп шыққаны соншалық, бейнебір адам бала­сының бейнесін емес, киелі бейнені көріп тұрғандай боласың».
Вазаридің осы жазбасын негізге ала отырып зерттеушілер Мона Лиза туралы біршама деректерді ұсынады. Мәселен, Лиза Герардини (қыз күніндегі тегі) 1503-1505 жыл­дары 25 жаста болған. Ақсүйек­тер әулетінен шыққан ол – Франческо дель Джокондо дейтін мата сатумен айналысқан флорентиялық сауда­гер­дің үшінші әйелі-тін. Он бес жа­сында өзінен жиырма жас үлкен адамға шынайы сезіммен күйеуге шыққан.
Алайда өнертанушыларды мы­на­дай сұрақ толғандырады: Леонар­до Мона Лизаның суретін тапсырыс бойынша салған болса, онда неге картинаны Франческоның өзіне бермеген? Не себепті 1516 жылы оны өзімен бірге Францияға алып кеткен? Не үшін оны өле-өлгенше өзі­мен бірге алып жүрген? Бұған қа­тысты жиі айтылатын болжам бойынша, Леонардо портретпен жұмыс кезінде Лизаға ғашық боп қалған. Картинаның ұзақ салыну себебі де сонда. Суретші жанын азапқа салған жауапсыз махаб­бат­тың салдарынан оны аяқтай да алмаған.
Әйтсе де, картинада Мона Ли­за­ның шашын жартылай жауып тұрған шәлі зерттеушілердің ара­сын­да талас-тартыс тудырып ке­ле­ді. Себебі, мұндай шәліні тек жесір әйелдер таққан. Ал Франческо Джокондо ұзақ өмір сүрген. Бұл орайда «қаралы шәлі – да Винчидің пәлсапалық ойының жемісі» деу­ші­лер де бар. Яғни, мұнда шәлі – өмір­де әрбір адамды өлім күтіп тұр­ғанының белгісі іспетті.
КОНСТАНЦИЯ. 1925 жылы ита­льян өнертанушысы Вентури Ваза­ридің жазбасын «Мона Лиза – бар болғаны жазушы қиялының жемісі ғана» дегенге келтіріп, жоққа шыға­рады. Оның ойынша, карти­надағы әйел – итальян герцогы ІІ Джулиано Медичидің (1479-1516 жж.) ашынасы – герцогиня Конс­танция д’Авалос. Бұған дәлел – флоренциялық ақын Энео Ирпино шағын бір поэмасында Леонар­доның Констанцияның портретін салғанын жырлаған.
ПАЧИФИКА БРАНДАНО. 1957 жылы итальян зерттеушісі Карло Педретти «картинадағы әйел – ІІ Джулиано Медичидің тағы бір ашынасы – Пачифика Брандано» деген болжамын айтты. Бұл нұсқа бойынша, портрет 1515-1516 жыл­дары салынған. Тарихи деректерге сүйенсек, Пачифика испан дворя­ны Федерико дель Бальцоның же­сірі болған. Олардың некелері ұзақ­қа созылмаған. Күйеуі көп ұза­май қайтыс болады. Орыс жазу­шысы Алексей Гастев «Леонардо да Винчи» атты өмірбаяндық ро­ма­нын­да: «Ашық мінезді, көңілді Пачификаны сарайдағылар Джо­кон­да деп атайтын», – дейді. Расы­мен, «джоконда» сөзі итальян тілі­нен аударғанда «көңілді», «ойнақы» деген мағынаны білдіреді. Гастев шығармасының желісіне сүйенсек, басқа әйелге үйленген Медичи көп ұзамай өкпе ауруынан көз жұмады. Ал Пачификаның 1515 жылы Джу­лианодан туған Ипполито атты ұлы жас кезінде у беріліп өлтірілген. Портретті салу кезінде Леонар­доның да денсаулығы сыр бере бас­таған көрінеді. Жалпы, Пачифи­каға жақындаған адамның өміріне қауіп төнетін. Оның айналасында­ғы­лардың күш-қуатын тартып алатын қасиеті болған («Джоконда» картинасының «Адаммен ойнаушы Джоконда» деп те аталуы тектен-тек емес.). Суретшінің бойында бұ­рын еш сезілмеген селқостық пен шаршаңқылық пайда болады. Оң қолы дірілдейтінді шығарады (Ол, негізі, суретті сол қолымен салған. Бір жағынан, сол үшін әрі өнертап­қыш­тығын теріс түсініп, замандас­тары оны жындармен байланысы бар сиқыршы ретінде қабылдаған. Өйткені «сол қолды зұлым күштер басқарады» деген наным болған. Осы орайда, псевдотарихи қиялға негізделген, киносыншылардың жоғары бағасымен қатар бірнеше киножүлдеге де ие болған «Да Вин­чи­дің сайтандары» атты теле­хикая­ның (АҚШ–Ұлыбритания; 2013-2015 жж. Авторы Дэвид Гойер) барын айта кеткеніміз жөн.).
Леонардо Римнен Францияға кетерде шақыртуы бойынша өлім аузында жатқан Медичимен кезде­седі. Ол портретті суретшінің өзіне қайтарып береді. Күнделігінде «Медичилер мені өздері тапты және өздері құртты» деп жазып кеткен Да Винчи 1519 жылы апталап төсектен тұра алмайтын, оң қолы тіптен бағынудан қалған ауыр халде көз жұмған.
СУРЕТШІНІҢ АНАСЫ. Ита­льян ғалымы Анжело Парати­коның айтуынша, Леонардоның анасының ұлты қытай болған. Зерттеуші 20 жыл Шығыста өмір сүріп, жергілікті салт-дәстүрлердің итальяндық Қайта Өрлеу дәуірімен байланысын зерттейді. Сонда жүріп бір қызықты дерекке кезігеді. Леонардоның әке­сі – куәлан­ды­рушы боп қызмет еткен Пьеро да Винчидің кеңсесіне жиі келуші бір бай болған. Оның қашанда жаны­нан қалдырмайтын, бір сапарында Қытайдан әкелген Катерина атты күңі бар-тын. Міне, осы әйел – Лео­нардо да Винчидің анасы. Рес­ми деректерде де Леонар­до – нотариус Пьеро мен жергілікті ша­руа әйел Катеринаның ұлы екені жазылған. Пьеро тексіз қызға үйле­не алмайтындықтан Катеринамен байланысын үзіп, белгілі әулеттен жасауымен қыз алады. Алайда әйелі Донна Альбиера бала көтеруге қа­бі­лет­сіз болып шығады. Ал Кате­ри­на болса, өзін тастап кеткен ғашы­ғы­нан туған ұлын жалғыз өзі тәр­­биелеп жатқан болатын. Содан Пьеро некесіз туған ұлын өз тәр­бие­сіне алады. Анжело Паратико: «Леонардоның бойында шығыс қаны болғанына оның әйгілі «қол­таң­басы» – оңнан солға қарай жаза алғандығы да дәлел болады», – дейді (суретшінің күнделіктері сондай жазу үлгісімен жазылған). Әрі портреттегі әйелдің бет-бейне­сінен де, оның арт жағында бей­нелен­ген табиғат көрінісінен де шы­ғысқа тән ерекшеліктерді бай­қайсыз. Осы орайда, «анасынан бала кезінде (3-5 жасында) ажырап қал­ған суретші өмір бойы карти­наларында оның бейнесі мен күл­кісін «тірілтуді» ойлаған» деген пі­кір бар. Мұндай болжам авс­триялық белгілі психолог Зигмунд Фрейдтің «Леонардо да Винчи. Балалық шақ туралы естеліктер» атты зерттеу еңбегінде де кездеседі. Ғалым: «Лео­нардо да Винчидің «Киелі Анна Мадоннамен және сәби Хрис­тоспен бірге» деген картина­сын­дағы екі әйел – сурет­шінің туған және өгей анасы», – деп жазады. Ең қызығы, Катерина бейнесіндегі Аннаның күлкісі – «Джо­кон­да­ның», «Иоанн Шоқын­дыру­шы­ның» және Леонардоның басқа да кейіпкерлерінің күлкісі екен. Сондай-ақ, Киелі Аннаның көйлегі­нің қыртыстарынан лашын­ның сұлбасын көруге болады. Ал суретшінің күнделігінде: «Бесікте жатқанымда лашын ұшып келді де, тұмсығымен менің аузымды ашты. Бірнеше рет құйрығымен ерін­де­рім­ді түрткіледі» деген жазба қал­ған. Фрейд оның бұл жазбасы – анасының омырауын емгені туралы естелігі санайды. Сосын ежелгі мы­сырлықтардың нанымында ла­шын­ның иероглиф түріндегі бей­несі – Мут атты Құдай ананың белгісі болған.
Кей өнертанушылар «Мона Лиза» – бірнеше әйелдің жиынтық бейнесі екенін де айтады.
СУРЕТШІНІҢ ӨЗІ. «Мона Ли­за» – суретшінің автопортреті» деген де пікір бар. Компьютер ар­қылы Джоконда мен Леонардо­ның бет пішіндерінің анатомиялық ерекшеліктерін өзара салыстыру олардың геометриялық тұрғыдан мінсіз үйлесетінін көрсеткен. Мона Лизаның күлкісі – Леонардоның күлкісі екеніне Қайта Өрлеу дәуірі өкілдерінің бірі, суретші Андреа Вероккьоның «Балық ұстаған То­вия» деген картинасы арқылы көз жеткізуге болады. Өйткені туынды авторы өзі бейнелеген архангел Михаилдің суретін ең талантты шәкірті Леонардо да Винчиге қарап салған.
САЛАИ. «Мона Лизаны» жа­қыннан тамашалаған адамдар оның нәзіктігі мен қарапайымдылығына қарамастан, бет-бейнесінен ер адам­ға тән ерекшеліктерді байқауға болатынын айтқан. Мәселен, көзге көрінер-көрінбес етіп салынған қас-кірпіктері оны жас жігіт ретінде қабылдатады. «Джоконданы» ұзақ жылдар зерттеген белгілі итальян­дық өнертанушы Сильвано Вин­чети: «Леонардо картинаны әйел киімін киген жас жігітке қарап салған», – дей келе, «Ол – сурет­ші­нің «Иоанн Шоқындырушы» және «Адам бейнесіндегі періште» картиналарында бейнеленген Са­лаи атты шәкірті. «Джокон­да­ның» күлкісі оларда да бар», – деп тұжырымдайды. Мұндай пікірдің тууына, Вазари жазып кеткендей, Леонардо мен Салаидің арасындағы ерекше жақын қарым-қатынас әсер еткен. Бұл Зигмунд Фрейдтің еңбе­гінде де айтылады. Да Винчидің Салаи туралы жазбалары да осыны меңзейтін көрінеді. Осыдан бір­неше жыл бұрын итальян өнертану­шылары цифрлы техниканың кө­ме­­гімен «Мона Лизаның» сол көзін­де «С» (Салаи), ал оң көзінде «Л» (Леонардо) әріптері жасырыл­ғанын анықтады. Өмірбаянына үңілсек, Леонардо да Винчи еш­қашан үйленбеген, балалары болмаған. Шәкірттері асқан талан­тымен ерекшеленбегенімен, кіл сымбатты жігіттерден құралуы да замандастарының таңғалысын тудырған. Тіпті сол кезеңнен аты-жөні белгісіз адамның шағымы сақталып қалған. Онда суретшінің 17 жастағы Джакопо Салтарелли дейтін жігітпен «Содом күнәсін» жасағандығы жазылыпты.

ЕРЕКШЕ БОЛЖАМДАР

Зигмунд Фрейд суретшінің күн­делі­гіндегі жазбаларға психоталдау жасай келе, көптеген өнертану­шы­лар­дың наразылығын тудырған ерекше тұжырым жасайды. Жұм­бақ­­тамай ашып айтсақ, жыныстық тұрғыдан ерте жетілген Леонардо үшін құштарлық нысаны – өзінің анасы болған. «Мона Лизаның» шексіз ләззат пен үлкен қауіптен хабар беретін күлкісінің сыры да осын­да. Да Винчидің оны ең қым­бат туындысы ретінде үнемі өзімен бірге алып жүруі де, өлерінде ең жа­қын адамы санаған шәкіртіне қалдырып кетуі де психологты осын­дай ойларға жетелеген. Мұн­дай батыл да оғаш пікірді белгілі испан суретшісі Сальвадор Дали де қостайды.

«Киелі Анна Мадоннамен және сәби Христоспен бірге» Леонардо да Винчи

«Мона Лизаның» жұмбағын шешуге ұмтылғандардың қатарында жазушылар да жоқ емес. Солардың бірі – америкалық жазушы Дэн Браунның «Періштелер мен сайтандар» атты шығармасының жалғасы боп саналатын, әлемдік бестселлерге айналған «Да Винчи коды» романы (2003 ж.). Бүгінде туынды елуге жуық тілге аударылған және 81млн.-нан аса таралыммен тараған. Ешқандай тарихи дерекке негізделмеген, қаламгер қиялынан туған шығарманың жалпы мазмұны «Леонардо да Винчи «Мона Лизаға» болашаққа хабар ретінде құпия белгілерді жасырып кеткен» дегенге саяды. «Да Винчи кодының» желі­сімен аттас фильм де түсірілген (АҚШ, 2006 ж. Режиссері Рон Ховард).
Ал орыс жазушысы Дмитрий Мережковскийдің 1901 жылы басылып шыққан, діни сипаттағы «Қайта тірілген құдайлар. Леонардо да Винчи» романының («Христос пен Антихрист» трилогиясының 2-бөлімі) сюжеті «Мона Лиза» – суретшінің сурет түрінде көрініс тапқан ішкі жан дүниесі» деген тың ойға құрылған. Ал оның күлкісі – Христостың он екі апостолының (шәкіртінің) бірі – Фоманың – ұстазы өлгендердің арасынан қайта тіріліп келгеніне қолдарындағы шегеден қалған іздерді өз көзімен көрмейінше сенбеген кездегі күлкісі делінеді.

«МОНА ЛИЗАҒА» ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚТАР

«Мона Лизаны» бәрі бірдей жақ­сы көреді деп ойласаңыз, қате­лесесіз. Оған тамсанушылармен қатар, кәдімгідей кіжініп, жеккөру­шілер де, тіпті, қастандық жасау­шы­лар да жоқ емес. Мақаламның кіріспесінде шағын оқиға түрінде баяндап өткенімдей, «Джокондаға» химиялық қышқыл да шашылған, шыныаяқ та, тас та лақтырылған. Сол себепті, 2015 жылы картинаның алдыңғы жағына оқ өтпейтін мықты әйнек қойылған.
«Мона Лизаны» сөзбен тілдеу­ші­лер де баршылық. Олардың бірі талайлар үшін тартымды саналатын күлкіні – сайтанның күлкісіне баласа, енді бірі оның өзін жыланға теңейді.
Өз кезегінде «Джоконда» да адамдарға «күшін» танытып қояды. Олай дейтін себебіміз, картинаға сағаттап қарап тұрудың немесе онымен бір залда ұзақ уақыт оңаша қалудың нәтижесінде аяқ астынан өздерін жайсыз сезініп, өз-өзінен мұңайып, үрейге бой алдырып, тіпті, есінен танып қалғандар да болған. Мұндай жан күйі ғылымда «Стен­даль синдромы» деген атаумен белгілі.

«ДЖОКОНДА» – ДӘРІГЕРЛЕР КӨЗІМЕН

О, «Джоконданың» күлкісі кім­дерді әуре етпеді дейсіз?! Олар­дың қатарында тіпті дәрігерлер де бар. Солардың бірі – гинеколог Хулио Крус «Джоконда» – дәрігер көзі­мен» атты кітабында кейіпкерінің «денсаулық жағдайына» толықтай медициналық сипаттама берген. Жалпы, кей медицина өкілдерінің сөзіне сенсек, бейшара әйел мына­дай ауру түрлерінен зардап шегіпті: алопеция (шаштың түсуі), қан құрамындағы холестериннің жоға­ры деңгейі, маскүнемдік, Паркин­сон және Даун аурулары, липома (оң қолындағы ісік), қитар­лық, катаракта, гетерохромия (көздері­нің түсінің әртүрлілігі), демікпе. Әлі де жалғастыра беруге болатын бұл тізімнің ішіндегі ең күлкілілері – бейнебір әйелдің күлкісі сықылды боп көрінетін «бет бұлшықетінің құрысуы» және «нақұрыстық» дейтін диагноз. Алай­да тарихи деректер Лиза Ге­рардинидің дені сау және есі дұрыс болғанын көрсетеді. Ол 63 жасында, өзі туып-өскен Флоренция қала­сында көз жұмған. Күйеуінен бес бала сүйген.
Әлгі тізімде «Мона Лиза карти­на­ны салу кезінде бала күтіп жүр­ген» деген қызықты болжам да бар. Америкалық гинеколог Кеннет Д.Килдің айтуынша, ол құрсағындағы сәбиін сырт көздерден қорғау мақсатында қолдарын алдына қойып отырған. Бұған қоса, Қайта Өрлеу дәуірінде Флоренцияда аяғы ауыр әйелдер Джоконданың үстін­дегідей «газ» дейтін матадан тігілген көйлек киген. Деректерге сүйенсек, 1503-1505 жылдар аралығында Лиза Герардини Адреа атты ұл баланы дүниеге әкелген (жоғарыда айтып өткен Гастевтің шығармасында Пачифика Бранданоның да порт­рет­пен жұмыс кезінде жүкті бол­ғаны жазылады). Сондай-ақ, кар­тина­ның «Монна Лиза дель Джо­­­кон­даның портреті» деген ата­уы да осындай ойларға же­телейді. Өйткені мұндағы «Монна» («мона») сөзі – Мадонна – Құдай ана деген сөзден қысқартылып алынған.

СОҢҒЫ СӨЗ

Леонардо да Винчидің «ең атақ­ты әйелінің» күлкісіне қатысты Кешеден басталған талас-тартыс Бүгін де толас тапқан жоқ. Ал Джоконданың өзі сол баяғы жас қалпында, жазық маңдайы жарқы­рап, жіңішке қастары қиылып, бізге картинадан көз алмай қарайды. Қаймыжықтай жұқа еріндеріне жұмбақ күлкі тұнып қалған. Ол күл­кінің сыры Болашақта да ашылмасы анық. Өйткені өнердің құдіреттілігі – оның қолжетпес биіктігінде.

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір