Сәйгүліктің құлындаған дауысы…

0
239 қаралды

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ

Ақтөбем

Алматыға сүйрегенмен арманым,
Құрақ ұшып бармадым.
Аяқ асты өзгерді де талғамым,
Ақтөбені таңдадым.
Шалғай ауыл болатұғын үйіміз,
Жоқшылықты көп көрдім.
Болмағасын белгілі ғой күйіміз,
Бастан бәрін өткердім.
Қаланың да сұрап білдім мән-жайын,
Тұру қиын пәтерде.
Қолдағысын бере салар әрдайым,
Қайтыс болған əкем де.
Бірақ күнде кеткім келген қалаға,
Аяп жүрдім шешемді.
Інілерім қарағасын қораға,
Ұстау қиын «есерді».
Ақтөбенің пойызына отырдым,
Шешем қалды елеңдеп.
Көңілімді бір сенімге толтырдым,
Бұйырғанын көрем деп.
Содан бері қаншама жыл өтіпті,
Келгеніме өкпем жоқ.
Ағалықтың жасы дағы жетіпті,
Ақтөбеден кеткем жоқ.
Аға таптым, іні таптым, дос таптым,
Бәрі менің туысым.
Кейде артық жібереді қоштап тым,
Халық білер дұрысын…
Ризамын ару қалам, еңселім,
Болдың маған бақ мекен.
Бір балаңдай болып кеттім мен сенің,
Айналайын, Ақтөбем!

Ақын еді…
(Өтежан Нұрғалиевке)

Ол – ақын еді Тәңірі сыйлаған,
Атадан туған текті еді.
Жақсының бәрін жанына жинаған,
Жарқамыс еді мектебі.
Қиындық көрген шыдамды ер еді,
Тағысы сынды даланың.
Алақан жайып сұрауды білмеді,
Кірлетпей жүрек ақ арын.
Жападан жалғыз жүргенді қалады,
Болғасын жаны мазалы.
Жүрегіндегі шер – мұң жараны,
Өлеңмен емдеп жазады.
Сұхбат беріп тұрды газет бетіне,
Көңіліндегі жайды ұққай.
Ақиқатын айтты мазақ еткенге,
Тура қарады қаймықпай.
Махамбет сынды марқасқа еді-ау,
Иіліп ешбір көрмеді.
Жарамсақтардай жан бақпас па еді,
Мүсәпірлікке көнбеді.
Биігінде тұрды аласармастан,
Ақиқатпенен тілдесті.
Ісіне жұрттың жағаласпастан,
Өзімен-өзі күн кешті.
Иесі Жаппар қайғырғанын біліп,
Құзырына қарай шақырды.
Ақыннан елі айырылғанын біліп,
Өкініп сонда аһ, ұрды.

Деп едім…

Сынаққа толы өмірден,
Сынбай бір кетсем деп едім.
Бетпе-бет келмей өліммен,
Мұратқа жетсем деп едім.

Лап етіп жанып жоқ болған,
Шырпы болмасам деп едім.
Дұшпанға таба от болған,
Күлкі болмасам деп едім.

Қаңқасы кепкен даланың,
Жауыны болсам деп едім.
«Інім» деп жүрген ағаның,
Бауыры болсам деп едім.

Жандары жайсаң жандардың,
Ақ таңы болсам деп едім.
Алып та ұшқан арманның,
Бақтары болсам деп едім.

Қам көңіл жанды жұбатып,
Шырағы болсам деп едім.
Айдай аруды ұнатып,
Сыңары болсам деп едім.

Өсірген ұл-қыз бағымның,
Жүрегі болсам деп едім.
Аяулы асыл жарымның
Тірегі болсам деп едім.

Көңілім менің көктем боп,
Шалқи бер өмір – өлеңім.
Өмірге ешбір өкпем жоқ,
Болып та жатыр дегенім.

Сәйгүлік

Сен куәсің бәріне де, құла түз,
Айтылмаса жасырады тұман із.
Құйма құлақ, қаперіңде жүрсін бұл
Ел аузынан бізге жеткен бір аңыз.

Қайда, қашан һәм белгісіз тұрағы,
Нулы жерде ағып жатқан бұлағы.
Аламанның алдын бермес сәйгүлік
Қапияда батпаққа кеп құлады.

Төмен тартар батпақ жайы белгілі,
Не болмақшы жүйрік жайы ендігі?
Әрі-бері мықшыңдаумен шаршады,
Қолмен тартып шығара алмай ел мұны.

Кеш қарайды, жігіттер де шаршаған,
Амал таппай дағдарып тұр қанша адам?!
Дәрменсіздік қажытты ма, иесі
Тартты келіп қамшыменен арқадан.

Небір соққы жон арқадан өтеді,
Көрген жанның жасқа толар етегі.
Сәйгүліктің құлындаған дауысы
Үйде отырған қарияға жетеді.

«Тоқтат, балам, атта қандай құның бар?!
Жүйрік тұрмас, мейлі, қанша ұрыңдар.
Ашуыңа ерік бермей, қарағым,
Қарияның айтар сөзін ұғыңдар.

Бір-ақ жол бар жануарды құтқарар,
Күш көрсетпей, айтқанды істе ұқ та бар.
Үйір жылқы айдап өткін жанынан,
Сонда, бәлкім, тұруға ол оқталар».

Үйір жылқы жарысқандай желменен
Өте шықты, көзбен бұрын көрмеген:
Жүйрік сонда алға қарай ұмтылды,
Атып шықты қарғығандай кермеден.

Бұл оқиға үлгі болар кейінге,
Ақылмен шеш, бос әуремен күйінбе.
Батпақты да елеместен жануар,
Қарашы, әне, шауып барады үйірге.

Тура келген тар құрсаудан босанып,
Қозды оның делебесі, осы анық!
Сәйгүлікке қарап тұрып қария
Былай деді, жанарына жас алып:

«Үлкенінің өсиетін тыңдамай,
Өз бетімен лағатындар жүр талай.
Замананың батпағына құлаған,
Қазағымның, қайран, асыл ұлдары-ай!

Жалғыз жанның жаны қалай гүлдемек:
Батыл шешім қабылдамас үргедек!
Қиын-қыстау сәттер туса басыңа,
Бір-біріңді әрқашан да жүр демеп».

Алғашқы махаббат

Өлердей сонша ғашық боп,
Хат жаздым алғаш бір қызға.
Жеткенше соған асық боп,
Сырымды айттым жұлдызға.

Шалуын қырсық қарашы:
Ісіме қатты күйінем.
Сезіп қап бір күн анасы,
Шығармай қойды үйінен.

Еститін құлақ, ел бар еді:
Ақ дидарыңа тамсанып;
Атыңды атап нем бар еді,
Айғайлап, сонша ән салып?!

Шекара тұрды алдымда,
Талпындым қанша жетем деп!
Өте алмай сонан қалдым да,
Шештім мен елден кетем деп.

Достарым айтты қиылып:
«Еліңнен жырақ кетпе», – деп –
Қайтесің сонша күйініп,
Бір қызға бола өкпелеп!»

Қисық та қыңыр мінезім
Алып та кеткен қалаға.
Санамда мәңгі бір есім..
Өтсе де сан жыл арада.

Өмірдің солай шешімі…
Қайтемін бүгін ақталып.
Аяулы жанның есімі
Жүректе қалды сақталып.

Жүрсем де ақын, әнші боп,
Сағынтты мені көктемім.
Қағазға түсті тамшы боп,
Ұмытылмайтын – өткенім.

Арайлап атқан таңым ақ,
Келгенмен жастың кемелі.
Ұйқыдан тұра салып-ақ
Тартып бір кеткім келеді.

Қарлығаш

Жыл сайын біздің ауылға
Сонау бір алыс Меккеден,
Қарамай жауын, дауылға,
Жететін құстар көптеген.

Көліне кетсе қалғаны,
Қарлығаш үйге қонатын.
Балшықпен ұя салғаны
Қызықты маған болатын.

Әдетімменен бұрынғы
Болсын деп дәйім көмегім.
Ұстап ап үйден шыбынды,
Балапанына беремін.

Сабақтан үйге жеткенше,
Тамақ беруге асығам.
Ұядан ұшып кеткенше,
Осылай күнде тасығам.

Балалық досым болып ең,
Сәні боп ұшып көктемнің.
Қолыма талай қонып ең
Ыстық-ау кездер өткеннің.

Еске сап ауыл елесін,
Сағыныш кетті жаныштап..
Сен болсаң жылда келесің, –
Мен болсам барам алыстап..

Жыл құсым, менің аман жүр,
Мекенге туған келіп тұр.
Өсірген сені далаң бұл,
Көзіңмен өзің көріп тұр.

Жыл сайын мен де келемін,
Ұяңды көріп кетем деп.
Қарлығаш құсым сен едің,
Көңілде қалған мекендеп.

Сарғалдақ

Дария – көңіл тұр тасып,
Төңірек ғажап, бәрі – нұр.
Көктеммен бірге қырды асып,
Теремін барып сары гүл.

Сырымды айтам жасырын,
Сарғалдақпенен тілдесіп.
Келер деп қашан ғашығым,
Отырам сосын мұң кешіп.

Өткізем ойлап түнімді,
Қуанып, кейде жабығып.
Батырам қайта күнімді,
Көрпесін түннің жамылып.

Беріліп сұлу сезімге,
Білемін кездер өткенін.
Сонау бір бала кезімде,
Осылай өткен көктемім.

Кетсе де заман өзгеріп,
Көңілім қырда әлі жүр.
Сары жейделі қыз көріп,
Есіме түсті сары гүл…

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.