Жапыраққа жазылған жыр…
30.10.2018
2745
0

Бауыржан ҮСЕНОВ

Өлеңге ғашық болып, өмірге келген талантты ақын Бауыржан Үсенов бар-жоғы 31 жыл өмір сүрді. Жыр құмар қауым алдында жігерлене өлең оқып жүрген жанның өмірінің қысқа болғаны өкінішті-ақ. 1981 жылы әскерден оралған соң, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 10 жыл дегенде бітіріп, 1991 жылы диплом алды. Бірақ сол дипломды қолына ұстағаны болмаса, оның қызығын да көре алмады. 1991 жылы 29 шілдеде өмірден озды. Еліміз тәуелсіздік алардан сәл-ақ бұрын өмірден өтті. Бар-жоғы 31 жыл ғұмыр кешті. Бірақ ол осы жас аралығында артына мол әдеби мұра қалдырды. Ақынның поэзиясында азаматтық сарын да, философиялық тұжырым да, көңіл-күйдің кезеңдері де, табиғаттың таңғажайыбы да бар. Өз тағдырын поэзиямен егіз қозыдай байланыстыра білген Бауыржанның арманы мен тілегі, желбіреген үкілі үміті тазалыққа тұнып тұр. Жүрегі нәзік ақынды мезгілсіз қураған жапырақ та, қанаты кесілген қыран да, көзі бітелген бастау да, беймезгіл үзілген гүл де толғандырмай қоймайды.


Самғау

Менің ұшқым келеді биік-биік,
Бұлттарменен тигізсем иыққа иық
Содан кейін түйіліп төмен қарай,
Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып.

Су-су болып жүгірсе жайран қағып,
Қара өлеңді сағынған қайран халық.
Таңдай қағып, сан соғып, шапалақтап,
Думан қалып жайына, сайран қалып.

Шамаң жетсе ұшқанға не жетеді,
Бәрімізге бір самғау қажет еді.
Ұшам десең, қылтиған қанатыңа,
Сөзі өтеді біреудің, көзі өтеді.

Шамам жетсе ұшар ем айдан әрі.
Мүмкіндік бар шолуға айналаны.
Ең жақсысы ол жақта естілмейді,
Ұша алмайтын «жандардың» байбаламы.

Өлең-мені биікке жалғап өт сен,
Өз обалым өзіме шаңға бөксем.
Армансыз-ақ өтер ем, әз халықтың,
Аспанынан бір рет самғап өтсем…

Шабыт көкпары

Көңілдің көк дөнені ал, кісіне,
Жараспас жабы тірлік сал кісіге.
Соқтырып жөнелейін, мінсіз бүгін,
Шабыттың белі жуан, әлдісіне.

Сандалкөк-сауран тектес додаға кір,
Ой-қырды келтірейін тобаға бір.
Сүрінсең бұл сіркілде, атпазына,
Боп қалсын мәре болған оба қабір.

Серкені сексен қадақ бұйым көрмей,
Іс қылсам дос-дұшпаным күйінгендей.
Жеткенін шашып кетсем,
Мәселенки,
Долы жел құмнан құйып үйіргендей.

Па, шіркін, тартыс буы желіктіріп,
Жіберсем аспан астын бөріктіріп!
Көкпарды сағынған ел жер көшіріп,
Қол соқса қызығыма өліп тұрып.

Дүрмектің шамға көміп тамам бозын,
Келгенде, салса арулар маған көзін.
Қорғаған намысыңды қайран өлең,
Мен де бір жалғыз атты шабандозың.

Жалғыз ат, жалаң қылыш-ердің бағы,
Дәмелі бір бүркіттен елдің бәрі.
Сапары үзілмесе үйден шыға,
Салармын салымыңды зәңгірге әлі…

Сұңқар–қиял

Сұңқар-қиял,
ал енді Самға, самға,
Сүйегіне иеңнің таңба салма,
Жеті қабат көкке кет,
Зарыққанда
Жерге келіп қонарсың анда-санда.

Томағаңды сыпырдым,
Жөнел, кәне,
Жұлдыздан да алып кет өлеңді әрі,
Кеуде жарып шығардай аласұрған,
Табылады жүрекке сенен дәрі.

Сұңқар-қиял
Сыйынған пайғамбарым,
Сеземісің сұрапыл майдан барын.
Қамал бұзар жиырма бес,
Келіп қалды
Жердің шарын бір рет айналмадым.

Сұңқар-қиял
Топшыңды жайға жаны,
Шамырқансын шабыттың тай қазаны
Мекеніне жасынның жете алды екен,
Жыр баптаған даланың
Қай қазағы.

Сұңқар-қиял,
Сия көк аспан мекен.
Қанатыңның қайғысы дастан ба екен
Сенің әрбір сәттерің төмендеген
Менің қызыл қанымды шашқанға тең.

Сұңқар-қиял
Бір сәт те төмендеме,
Өмірде де
Өлшем жоқ өлеңде де.
Төмендесең талқан қып сенімімді
Тұғырыңа қайтадан келем деме,
О, сұңқар қиял!

Ауыл түні

Тоңазыдым,
Түн бүгін салқын ба еді?
Таулы ауылым сынап тұр бәлкім мені.
Мына жақтан шу етті бір қора ит,
Ана жақтан әңгі есек әңкілдеді.

Сылдырады сонан соң құлын үні,
Батпаққа мас бақалар шұры-бұры.
Қойнау жақтан у-һу деп үкі үн берді,
Түн жамылып құтырған зұлым ұры.

Күркірейді тоғайда сарқырама,
Құю үшін теңізге алқына ма.
Жолаушыға жөн сілтер Темірқазық,
Мұхитында жұлдыздың қалқы дара.

Алтын теңге сияқты ай да толық,
Тоған жатыр жарқырап сайға толып.
Жағасында жантайып қырман жатыр,
Тастағандай алтыннан қойма төгіп.

Қызыл отау жақтағы тамашаны,
Көріп қайтсам, әрине, жарасады.
Бастырмасы көршінің тасырлады,
Бүгін бәйге қаракер тау асады.

Тәтті түтін аралас ауа қандай,
Тәтті ауада дәм бардай, дауа бардай.
Ит келді ме,
Қаз-үйрек шарбақтағы,
Қиқу салды бір ауық жау алардай!

Теңгермейтін ханыңа, қарашыға,
Бәйек болып анам жүр баласына
Жүрек, шіркін, барады алып-ұшып,
Кеттім, апа, жастардың арасына.

Жапырақ жайлы бір өлең

Кеше ғана биікте ең,
Бүгін жатсың табанда.
Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!

Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде?
Қансыраған жүректей жерде жатып бүлкілде.

О, бүлкілде, бүлкілде,
Шірігенше бір тынба.
Ағаш сені не қылсын, қабығы бар сыртында.

Бұтақ сені неғылсын, тамырлар бар нәр берер,
Қыстай қатып,
Көктемгі жылылықпен әлденер.

Жапырақ-ау, жапырақ,
Сары аурудай сарғайған,
Ғұмыр дейтін –
мәңгілік таусылмайтын қан майдан.

Құладым деп қамықпа,
Өлдім ғой деп түңілме,
Терегіңнен серейген дің де қалмас түбінде.

Алты ай бойғы армансыз
Ғұмырыңа тәубе де,
Сені таптап жүргендер түсе берсін әуреге…

Музаға сыр

Бозбала – өзі хан, өзі бай,
Бақыттан жайнаған көзі де.
Енесін іздеген қозыдай,
Емініп ұмтылды өзіңе.

Жаза алмай шекесін көмді тер,
Жия алмай ойларын шашылған.
Мейірім іздеп жүр сергітер,
Самал боп сипашы басымнан.

Құлын ем босаған желіден,
Құлдырап жүгірген қыратта.
Айырылмас дос болған сенімен
Сезімтал жанымды жылатпа.

Өзің ем мұңымды шағатын.
Қуансам өзіңе ұшқан ем.
Бекімей жатса да қанатым,
Қырандар көретін түс көрем.

Жастықтың қайғысыз күндерін,
Деген ем жазамын тасқа өріп.
Әйтсе де, көзімде тұр менің
Бір өлең мөп-мөлдір жас болып.

Сезімді оятқан гүл едің,
Күбірлеп айтатын сан дастан,
Сен маған көрінбей шынымен,
Өстің бе шыңдарға қар басқан?

О, муза, демі өрт, қыз ерін,
Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.
Мен сенің гүліңді үземін,
Тек өзім үзіліп кетпесем.

Малды ауылдың бір кеші

Қой маңырап, иттер үріп,
Қарауытып тау іргесі,
Тәтті түтін сүттей ұйып,
Тағы орнады ауыл кеші.

Шұрқырайды жылқы малы
Бара жатқан жоннан асып.
Құрбақалар жыртылады,
Мағынасыз хорға басып.

Қара шал жүр ет мүшелеп,
Қонақ сыйын бүтіндеген.
От басына жетті шелек,
Сүтке толып шүпілдеген.

Тал-терекке түн асылды,
Бұлт боп басты маса шамды.
Уыс-уыс мың асылды
Жомарт аспан шаша салды.

Таныс бәрі, мал иісі
Талдысайға келіп қонған.
Самаладай қара үй іші
Кіл қазақи көрік толған.

Қара мақпал тартқан алап,
Күйіңе кеп, өзгер енді.
Шежіре айтар қартқа қарап,
Жантаятын кез де келді.

Бүйрек туралы жыр

Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген
Бүйрегім түбі мені жеп тынады.

Бұл жағдай айқын болды атқан таңдай,
Жүрсем де тірлік кешіп саптан қалмай.
Қараймын болашаққа күдікпенен,
Алдымда күтіп жатқан қақпан бардай.

Демі өрт, жүзі жарқын, ұраны әсем,
Жиырма бес, жолықтың ба жыраға сен?
«Кеп қалса», қиналғанша, көнер едім,
Кетеді-ау тағдырыма бірақ есем.

Қасқырдың үйіріндей қоршап қайғы,
Құралай үміт менен алшақтайды.
Қазы жеп, қымыз ішер қыр қазағы
Қалайша сүт көжемен жан сақтайды?

Бүйректен бөлінген у басқа шауып,
Шаба алмай, қан қақсайды қасқа шабыт.
Мезгілсіз тасырқады өлеңім де
Кезінде сынайтұғын тасқа салып.

Жарасар жастық шақта бәрі дедік,
Бірқатар дос-дұшпанға мәлім едік.
Жүйкемді көп жұқартты емшілер де,
Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.

Төгуші ем той-думанда таңдайдан ән,
Білтесі бітетұғын шамдай жанам.
Елемей өткізіп ап жылым дертті,
Шыбықша қурағаның қандай жаман?!

Әйтеуір, бір келеді қаза деген.
Кетеді, соны ойласам, маза менен.
Әйтсе де, мойынсұнбай,
Қаламсабым
Қолымнан түскенінше жаза берем.

Бас та өлең, бауыр да өлең, бүйрек те өлең,
Ақынды ажалың да күйретпеген.
Кеудемде жүрек-бұлбұл шыр-шыр етіп,
Көшімді Күншығысқа сүйреп келем.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір