ҚАЗАН
30.10.2018
2727
0

Есенғали Раушанов


Қазан айы қашан дәл биылғыдай жаймашуақ болды екен?! Құдай тағаланың ықыласы ауып, мейрiмi түсiп бiз пенделерiне берген бiр нығыметi дейсiз бе, жоқ бүкiл ғаламдық жылынудың бiздi айналып өтпейiн дегенi ме, әлде келер қыстың кереметiм әлi алда деп тырнағын iшiне бүккен алдамшы тыныштығы ма – әйтеуiр майтоңғысыз мамыражай күндер ұзаққа созылды.

Қазақтың күн қайыруға бағыт­тал­ған ескi өлеңiнде:
«Қай қазан, мына қазан –
жәйлi қазан.
Мал семiз, малшы ыржақай,
майлы қазан», –
дейтiн жолдар бар. Демек, биыл­ғы­дай мамыражай күздер қашан да болған, лайым бұдан былай да бола бергей. «Майлы қазан» де­ген­нен шығады, бұл расында шы­бын-шiркей жоғалып, шөптiң буы­ны қатып, төрт түлiк қоң­дана­тын кез. Бала-шаға соғымға дейiн қызылсырап қалмасын деп қойы мен тайыншасын сойып күздеудегi елдiң «қазан майлайтын» берекелi, мерекелi шағы. Ойдағы диқан дәнiн ұраға төгiп, ендiгi жерде қай базарда қандай нарық бар екен деп қиялымен байып – ол жатыр.
Табиғат ше? Ағаш бiткен жа­пы­рақтарынан айрылып, өңi қу­қыл тартқан. Әсiресе, үйеңкiнiң қы­зыл ала, жөкенiң сары ала жа­пы­рақтары «табан астында аяқпен бопыр ақша басқандай сықыр­лайды» (Жұматай Жақыпбаев).
Бiр айға бiр ат аздық ететiн секiлдi.Әр айға қосымша құстың, аңның, ағаштың атын қоюға болмас па? Мысалы дейсiз бе? Мысалы, қазан айын шетеннiң айы десек ше?

Күзгi желiк күллi алапты күпiр ғып,
Астан-кестен.
Не боп кеткен бұ тiрлiк?
Шетен ғана қызарады шет тауда,
Ұялады – оған-дағы шүкiрлiк.

Шетен ғана қызарады қияда,
Оған бола күз айылын жия ма.
Шешең байғұс сен
туғанда, әттең-ай
Шетен бесiк неге алмаған, би аға?
Би-ағасы бар болсын, әңгiме ол туралы емес, жоқ ол әңгiме ету­ге арзымайды, әңгiме – табиғат ха­қында болмақ.
Шынында, шетеннiң күзгi «өртi» ерекше. Көлденең жатқан көкжасыл таулар кенет бiр түннiң iшiнде сақал-шашын қызылға бояп ұйқыға кеткен үндiнiң абызы секiлдi. Әсiресе, қара жидек шетен (рябина черноплодная немесе арония) батар күннiң сәулесiмен құбылғанда бейне алыстан талып көрiнетiн тандырдың аузындай алаулайды. Сөйтiп, мамыр-мау­сым­да алма ағашының гүлдерi секiлдi аппақ гүлдерiн ашатын ше­тен күз түсе жапырақтары жал­қын тартып екiншi рет құбылады.
Шетеннiң жидегi өт татиды. Iшiн ашсаңыз үш дәнегi болады. Әдетте сол ащы жидек алғашқы аяз сорып өткен соң әдепкi дәмiн жо­ғалтып шырын татиды. Айтпа­ғы­мыз ащы болған соң оған ешкiм де, ештеңе де тимейдi, өрттей қызарып ұзақ тұрады. «Бiз шетен­нен қаламыз ба?» дегендей өрiктiң жапырақтары да нарттай жанады. Бiрақ жемiс ағаштарының денi бұл кезде жалаңаштанып бiткен, сұрқай, сидаң, сұрықсыз. Осыдан бар-жоғы бес-алты ай бұрын мына сидиған бұтақтар аппақ гүлдерге бөленiп алыстан мен мұндалап тұратын едi дегенге қалай сенесiң. Күзбен ақтық жапырағы қалғанша айқасатын мықтының бiрi сирень. Көктемнiң жазға ұласар кезiнде әрi кетсе екi апта ғана гүлдеп одан кейiн көзге iлiне бермес көп бұта­ның бiрiне айналатын сиреньнiң осындай ғажап қасиетi бар. «Тұл­пар бойын жасырады» демекшi елеу­сiз тұрып-тұрып, ең мықты дей­тiн еменнiң өзi сидиып ж­а­лаң­аш қалғанда қара жаңбырға қас­қайып қарсы тұратын жасыл жапы­ра­ғы ерекше нұрланып сала бередi. Алғашқы қар жауғанша сирень жапырағынан айырыл­майды. Орманшылар арасында «сирень бiр жылда екi рет гүл­дейдi» деген әңгiме бар. Бiрiншi гүлдеуi – көктемде, екiншi рет гүл­дейдi дегенде қазан мен қара­шаның қаһарынан қаймықпаған өрлiгiн айтса керек.
Халық жорамалында «Ағаш­тың жапырақтары кеш түссе қыс ұзаққа созылады әрi суық болады». Бетi аулақ, биыл әлi жапырағы түспеген ағаштар бар. Славян ха­лықтары ертеректе бұл айдың атын «жапырақ түсетiн ай» (лис­топад) деп бекер айтпаған.
Биылғы қазанның қыркүйек­тен айырмашылығы аз боп тұр, әйтпесе, бұл екеуi бiр үйдiң бiрi са­бырлы, бiрi шайпау апалы-сiңiлi екi қызы секiлдi екi бөлек мiнездiң иелерi.
Күнпарақтар бiзге дейiн талай ауысқан. А.Грибоедовтың «Ақыл­дың азабы» атты драмасы бәрiмiзге мектеп қабырғасынан таныс қой. Сонда Хлестова қалай деушi едi: «Ка­лендарлардың бәрi де өтiрiк ай­та­ды» демей ме?! Расында, таби­ғатты сүйген адамның еш­қай­сы­сы да күнпараққа қарамайды, себебi табиғат қатып қалған қара тас емес, ай сайын, апта сайын, тiптi сағат сайын өзгерiп отыратын тiрi құбылыс. Биылғы күздiң аужайына қарасақ айда отыз күн емес, қырық күн деп есептеген мақұл болар едi.
Ғылымда қазанның орташа температурасы +3, 3,8 градус делiнедi. Биылғы күз одан бiрнеше есе жылы болып тұр.
Қайыңның алтын сырғалары жерде жатыр төгiлiп.
Емен жапырақтары жездей жалтырайды.
Дегенмен, қазанның түсi сары да, қызыл да, күлгiн де, көгiлтiм де, ақсұр да, жасыл да түс емес, қазан­ның түсi – қарақоңыр. Жер бедерi бiр тегiс, топырағы бетiне шығып, алуан түрлi құстардан тек қарға мен құзғынға ғана мекен боп құлазып жатыр. «Құзғын» демекшi бұл айдың «қазан» аталуы әу баста осы құзғынның атына байланысты деген де сөз бар. Көне түрiктер құз­ғынды «кұзан» деген көрiнедi, құ­занымыз келе-келе фонетика­лық өзгерiстерге ұшырап «қазан­ға» айналған. Ғылым, оның iшiнде тiл iлiмi де – болжамға толы.
Осындай жерi де, құсы да қарақоңыр, аспанын екi бастан қара бұлттар бүркеген қазан айы­ның өзiнен iздеген адам алуан түрлi бояу табар едi. Күзгi селдiр орманда келе жатып кенет араның ызыңын естисiз. Байқап қараса­ңыз әбеқоңыр әлемнiң ортасында «жылқы iшiнде – ала жүр» әдемi бiр гүл өсiп тұрады. Сары гүл. Оны сарыраушан дейдi, орысша аты – золотая роза. Күздiң ең соңғы гүлi!
Сарыраушаннан ертеде каучук алған дейдi.
Сарыраушаннан матаның өңiн келтiрер түрлi-түстi бояулар алған көрiнедi.
Сарыраушан иiс май, опа-далап өндiрiсiнде кеңiнен қол­да­нылған дейдi.
Мұның бiрi де қызық емес. Қызығы сол – қарайған, қоңыр тартқан, уайым шеккен таби­ғат­тың қайғысын жеңiлдетейiн, жабыққан көңiлiн көтерейiн де­ген­дей суықтан, соғатын желден сескенбей, жасқанбай гүлдейдi. Бәлкiм ол күнi ертең жынды дау­ыл, қасат қардың құрбаны бола­ты­нын сезетiн де шығар. Мейлi. Өлiм­нiң де өлiмi бар.
«Өлiм емес бұл өлiм есiркейтiн,
Әдемi өлiм, бұл өлiм ғажап өлiм»,–
дейдi ақын. Рас айтады. Бұл тар­мақтарға тағы бiр еншiлес iздесек – ол хризантема гүлдерi. Алғашқы қар жауып тұрғанда ол әлi ажарын бермей әдемiлене түседi. Жерорта теңiзi жағалауы елдерi «хризантема солса қыстың келгенi» дейдi екен. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдары Алматы мен Астанада, Атырау, Ақтауда вилла, коттедж салуға жап­пай кiрiскен «жаңа қазақтар» да олардың алтын-күмiске малын­ған «жаңа бәйбiшелерi» де үй алдына гүл отырғызуға көңiл бөле бермейдi, бiтпейтiн, таусылмайтын құрлыстың соңында жүргенде ағаш, гүл өсiріп, баптауды ұмытып та кетедi. Нәтижесiнде салған үйi тастың үстiне тас үйген секiлдi сұ­рық­сыз, сұрқай бiр ғимаратқа айналады.
Есентай бойы – ен тоғай.
Есентай бойы – құстардың мекенi.
Жазда қай құстың қай ағаштың арасынан шырқағанын бiлмейсiң. Бұлбұлдың әнiн естiгенмен өзiн көрмегендер көп. Ағаш бiткен қа­нат­ты достарының ұяларын жа­пырақтарымен бүркемелеп сұқ көзден, суық желден, күннен қор­ғап тұрады. Ағаш құстарды қор­ғаса, құстар зиянкестерден ағаш­тар­ды қорғайды. Сiз бен бiз ақтар­ған неше бiр ақылды кiтап­тарда айтыла беретiн, қайталана беретiн «үйлесiм» (гармония) де­ген осы емес пе? Сiз бен бiз сырт­тай табынып, iштей ақыл жетпес үлкен бiр ұғымдарға балап жүрген Ұлы үйлесiм өте-мөте қарапайым нәрсе екен. Әсте, ұлы нәрселердiң қай қайсысы да қарапайым. Ендi бүгiн ағаш жапырағынан айырыл­ғанда жалаңаш бұтақтағы ескi ұялар анық көрiнедi. Мұнда да үйле­сiм бар, тәртiп, заңдылық бар. Қарға ұя салған ағашқа басқа құс жоламайды. Құрқылтайдың сал­ба­рып тұрған «қалта-ұясы» сол ағашты жалғыз иемденген.
В.Бианки өзiнiң бiр әңгiмесiн «Двойная весна» деп атаған. Сол­түстiктегi Ленинградта сең ендi жүре бастаса, оңтүстiктегi Кавказ тауларында көктемнiң кемелiне келiп тұрғанын айтады. Екi аймақ, екi көктем.
Қазақстанның әрбiр жыл мезгiлiн осылай атауға болар едi.
Есентай бойын қазан айында көктемнiң өзi болмағанымен елесi кезiп жүрсе, Көкшетаудың көк ормандарын қар басып жатады. Бiз айтып отырған жай­машуақ қазан солтүстiкте бұ­дан бiр ай бұрын қонақ едi, жәйлi «қонақтың» соңын ала «кәрi құда» қыс келгелi қашан.
«Жұт жетi ағайынды» деймiз.
«Жетi қазына», «Жетi шәрiп» т.б.
Қазан қалай келедi? Жетi қыр­дың астынан ақырып келедi, жетi жынын шақырып келедi, жетi сауал арта келедi, жетi сауап тарта келедi; жетi сауабы не жетi сауалы не дейсiз бе?
1. «Егiнiңдi егейiн бе?» – деп келедi (Ақ егiстi һәм жемiс ағаш­тарын отырғызуды мегзеп айтса керек).
2. «Қырманыңды суырайын ба, қызылыңды қуырайын ба?» – деп келедi (жиын-терiмдi нұсқап отыр).
3. «Бөркiңдi терiс кигiзейiн бе?» – дейдi екен (халық «қазанның қара дауылы» деп атайтын желдi ай­тады).
4. «Тұнығыңды ылайлайын ба?» дейдi екен – (Өзен-көлдiң тар­тылуы, бұлақтардың сар­қылуы).
5. «Тұмарыңды жұлайын ба?» – деп келедi екен («қазанның жа­пырақ желi» яки жапырақтардың түсуi, жемiстердiң пiсуi).
6. «Төбеңнен құяйын ба?» – деп келедi екен (жаңбыр, тұман, қар).
7. «Төменнен сыпырайын ба?» («қазан ұрды» дейтiн ызғырықты айтып отыр).
Халықтың қазанға берген ба­ға­сы осындай. Мұның қай-қайсы­сы да талай жылғы тәжiрибеден алын­ған, көзбен көрiп, көңiлге түй­ген­нен шыққан ойлар. Артық-кемi жоқ.
«Қазан атты келе ме, қатты ке­ле ме, шана мiнiп келе ме, арба же­гiп келе ме?» деп сұрайтын көрiнедi iлгерiде. Шанаға мiнiп келгенi – қар жауғаны, арба жек­кенi – жаймашуақ, жайлы мезгiл болғаны емес пе?
Тағы бiр рауятта алғашқы қар жауып ерiп кеткен соң алты апта­дан кейiн нағыз қыс түседi дейдi.
Қысқа әлi ерте. «Қазан жылы болса қыс қатты болады» дегенге де сенгiң келмейдi.
Суық түндердiң, сұрғылт күн­дердiң қыр астына келiп, берi өту­ге жүрексiнiп тұрғаны, бiзден емес әлi қайтпаған құстардан қорық­қаны болар. Әлде, құстарды құрметтегенi ме?
Аза бойыңды қаза ғып қазанда тырна қайтады. Иван Буниннiң бiр әңгiмесi бар едi ғой, «Кешеу күздiң шайдай ашық салқын күнi едi, кең жолда желе жортып келе жатыр едiм, кенет соңымнан ат тұяғының дүрсілі естiлдi, бұрылып қарасам, бiреу жеңiл арба жеккен атын ақ тер, көк тер ғып шауып келедi екен. Тани кеттiм – көршi деревнядағы пәленше деген екен. Малы қонды, шаруасы оңды қаражамбас күйлi жiгiт болатын. Киген киiм, мiнген атының өзi қатарының алды екенiн айтқыз­бай-ақ танытып тұр. Сонымен, жанымнан «Мырза, жол берiңiз, былай кетiңiз, мырза» деп айқай салып ағызып өте шықты. «Апыр­май, астындағы аты қам екен, аяғына қан түсiрiп обалына қал­маса қайтсiн» дегенiмше болған жоқ ұзап барып атынан аунап түсiп, жер бауырлап жата кеттi. Байқаймын, удай мас. Тақап келiп едiм, сақалын жас жуып:
– Кеттi ғой, мырза, жеткiзбей кеттi ғой, – дедi өксiп, – кетiп қал­ды ғой, мырза. Тырналарды айтам, тырналарды. Кетiп бара жатыр тырналар».
Бунин неге ұлы? Әсте, Абыз та­­биғат өзiн өлердей сүйген су­реткермен «сыйға-сый» деп ұлы­лы­ғын бөлiсетен болуға керек.
Аңшылардың арасында «күздi күнi атқан оқ құсқа тимейдi» деген сөз бар. Мұның мәнiсi неде? Әл­бет­те, оқ тиедi, бiрақ құс құламауы мүмкiн. Мысалы, қырғауыл қа­рауылға нақ iлiккенмен ауып барып қайта ұшып кетедi, үйрек пен қаз да солай, оңайлықпен құламайды. Себеп? Күзде құстар әбден семiредi бұл – бiр, екiншiден – түлеуден кейiн пайда болған қауырсындары қалың боп өседi, қашықтан талып жеткен бытыра­ның өтпейтiнi содан. Мұның мә­нiсiне бармаған желауыздар неше түрлi адам сенгiсiз әңгiмелердi әлдеқандай бiр құбыжықтармен байланыстыра майын тамыза «жырлағанда» аңқау елге нағыз «арамза молда» боп шыға келмек.
Бiздiң ел ерте көшiп, кеш қайтады.
Елменен бiрге көшiп құс қайтады,–
дейдi қара өлең. Бұл жыр да, ша­масы, биылғыдай жайлы, қазаны майлы, қазанда шықса керек.
Құстар кеш қайтты.
Боқырау (Покров) (ескi есеп бойынша 14-қазан) тыныш өттi! Қар да, жаңбыр да жаумады, тiптi жел тұрып ағаш басы қимылдаған жоқ. Әдетте, боқырауда алғашқы қар түсушi едi. Жиын-терiм аяқталып, диқан демiн алса, малшы қора-қопсысын қайта бiр қарап қысқа дайындалатын.
Айдың басында бал арасы
ом­артаның есiгiн iштен «iлiп» ұйқыға кетпеушi ме едi?!
Оны айтасыз, биыл қазанның соңында бақ-бақ қайта толып үлпiлдей ұшты.
Бәрiн жақсылыққа жорып бiз отырмыз.
Көресiз әлi, бәрi де жақсы бо­ла­ды. Жақсы ырым, жақсы сөз, жақсы заман…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір