МАҒЖАННЫҢ ЕСІМІ ТАТАР ЖЕРІНДЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

0
7 қаралды

Биыл қазақтың сыршыл ақыны, Алаш арысы Мағжан Жұмабайұлының туғанына – 125 жыл. Міне, осынау мерейтойға қатысты Татарстан астанасының Қазан қаласынан жақсы жаңалық жетті. Туысқан татар бауырлар Мағжан сынды қазақтың аяулы перзентінің құрметіне тағылымды шара өткізіпті.

«ХХІ ғасырдағы филология және өнертану» атты жастардың ІІ ғылыми мектебі аясында Ғ.Ибрағимов атындағы Тіл, әде­биет және өнер институты ұйым­дастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз қатысушыларын Татарстан Ғылым академиясының салтанат залына жинады. Жиын Қазақстан Республикасының Қазандағы генералды консулы Е.Тукумов­тың құттықтау сөзімен ашылды. Одан кейін сөз тізгінін алған Инс­титут директоры Ким Ми­н­ну­лин: «Мағжанның жырлары татар халқына, күллі түркі қауы­мына қадірлі. Ақын кітаптары Қазан қаласында жарық көрді. Ол татар шайырларымен тығыз шығармашылық байланыста болды», – деп, ақын рухына құр­мет танытты. Кеште қазақ, татар, башқұрт, қарақалпақ, әзірбайжан ғалымдарының Мағжан шығар­ма­шылығы жөніндегі баянда­ма­лары оқылды. Қазақ ақынының кітабын татар тіліне аударып, же­ке жинақ етіп шығарған Та­тар­с­танның Халық ақыны Радиф Гаташ пен әзірбайжан тіліне тәржімалаған түркітанушы ғалым Рамиз Әскер әдеби салыстырулар жасады. Конференцияда арнайы шығарылған «Татар-қазақ әдеби байланыстары және Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім мең­ге­ру­шісі, филология ғылым­да­рының докторы, алаштанушы Орынай Жұбаева Мағжанның лингвистикалық және педагоги­калық мұрасына, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті қазақ әдебиеті кафедра­сының доценті Қайырбек Кемең­гер ақынның қазақ әдебиетіндегі орнына, татар әдебиетімен бай­ланысына тоқталды. Ал дәстүрлі әнші, өнер зерттеушісі, Қазақ­с­танның Еңбек сіңірген әртісі Серік Оспан «Сүй, жан сәулем», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» секілді Мағжан сөзіне жазылған әсем әндерді төгілтті. Осылайша, әсерлі де мазмұнды кеш Мағжан ақынның өзі жайлы айтқан «Жер жүзіне ер атағым жайылған» деген әйгілі сөзінің растығын тағы бір паш етті.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.