«ЖАЛПЫДАН ЖЫРЫЛҒАН ЖАЛҚЫ»

0
170 қаралды

Суреткер

Дүниені айырып келбетінен,
Рухтар көшіп жатыр жер бетінен.
Кісі деген бірге еріп кетеді ме,
Шыңыраудан сыр тартып шерте білген.

Кітап жазып ұсынған сыйлы еліне,
Аға, қалам ұстаған киелі ме?
Әуезовтен кейінгі тау тұлғалы
Суреткер ең сөз сіңген сүйегіне.

Өжет жандар ер салса күреңіне,
Сірә, жетпей тынбаған тілегіне.
Әуезовтен кейінгі суреткер ең,
Тәңір өзі сөз жазған жүрегіне.

Бір жұлдызды бетке алып тұрған жанып,
Жол үстінде жетілдің тұлғаланып.
Ұлы Абайдың жұмбағын шештің қалай,
Ешкім шеше алмаған мың толғанып.

Сондай заңғар биіктен сені көріп,
Буырқанып жыр жазам тебіреніп.
Неге екенін, кім білсін, сен жоқ жерде,
Біреулердің қалатын жері кеңіп.

Найзағайдың көзіңде оты өріліп,
Болашаққа жол тарттың төте жүріп.
Сен жоқ жерде қысық көз біреулердің
Қалушы еді еңсесі көтеріліп.

Жасыл желек жамылып, торғынданып,
Бір төбеде жатырсың мол қымтанып.
Сен аттанып кетсең де ағып жатыр,
Сенен қалған ұлы өзен толқынданып.

Өмір кешіп жүрген соң белең-белде,
Құдіреттің бәріне сенем мен де.
Махамбет өлген күні ай тұтылса,
Күн тұтылған, жан аға, сен өлгенде.

Рафаэль Ниязбек


ТӘКЕН ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ ТҮПНҰСҚА
ЖЫР-ДӘПТЕРІ

Менің қолымда классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың өз қолымен өрнектеп жазған өлең дәптері бар. Кәдімгі 48 парақты қалың оқушы дәптері. Сыртына «Тәкен Әлімқұлов. Жаңа өлеңдер» деп қойыпты. Өмірінің соңында бізге қалдырған сыбағасы. Бұрын еш жерде жарияланбаған жазушының жан сыры. Өз жүрегінің шындығы. Әр өлеңнің Тәкен өміріне байланысты өзіндік тарихы бар.

Соңындағы даталардан бұл өлеңдердің 1981 жылы қағаз бетіне түскенін көреміз. Ал Тә­кеннің тасқа басылған ең соңғы өлеңдер жинағы, жаңылыспасақ, көзінің тірісінде, 1980 жылы «Қаратау өрнектері» деген атпен «Жазу­шы» баспасынан шыққан. Оның өзі де екінші басылым. Ол кітапқа бірқатар өлеңдерімен қатар «Ақбикеш», «Зындандағы дүрсіл», «Ленин Разливте» атты үш поэмасы енген. Алғысөзін Дихан Әбілев жазған.
Енді Тәкен Әлімқұловтың бұрын жарық көр­меген жаңа жырлары енген түпнұсқа жыр дәптері біздің қолымызға қалай түскеніне келейік. Белгілі ақын, марқұм Бекен Әбдіраза­қов­тың зайыбы Қазына Нұрмахановадан (әдебиет сыншысы Қалжан Нұрмахановтың туған қарындасы) сұхбат алу үшін барғанбыз. Тәкен ағамен құдайы көрші болыпты. Қазына апайлар бірінші қабатта, Тәкен аға екінші қабатта тұрған. Жазушының сүйегі осы үйден шығыпты. Әңгіме арасында Қазына апай Тәкеннің жерлесі екенімді біліп, ол кісінің өзінде 22 жыл сақталған сыр-дәптерін көрсетті. Жата жабысып, қалап алдым. Ал енді Тәкеңнің бұл өлең дәптері Қазына апайдың үйіне қалай келгенін ол кісінің ері, ақын Бекен Әбдіраза­қовтың күнделігінен көреміз. Марқұм Бекен аға сырлас ағасы әрі көршісі жайлы былай деп жазыпты:
«1985 жылы Тәкен аға жазушылардың «Шығармашылық үйіне» келді. Орналасты. Іздеп бардым.
Көңілсіздеу екен. «Рауан (ұлын айтып отыр – Б.Ә.) келіп кетті. Ақша бердім. Шешесі сұратып отыр ғой ақшаны…» – деді.
Қазына екеуміз барғанбыз. – Келін, – деді Тәкен аға, – жазу үстелінің суырмасына апарып қоярсың, – деп Қазынаға өлеңдер жазылған дәптерді, қойын кітапшасын ұсынды.
Сол дәптер әлі күнге дейін біздің үйде тұр».
Тәкен бұл қойын дәптерін Қазына апайға неге берді? Әрине, сақтауға. Бұл кезде айықпас дертке ұшырауына жақын қалған кезі. Отбасында жайсыздық болды ма екен, жоғалып кетер деп қорыққан. Сол үшін сенімді қолға тапсырған. Білетіндер Тәкеннің өте ұмытшақ, ұқыпсыз, аңғал болғанын, талай рет жаңадан жазып жатқан қолжазбаларын қоқысқа атып ұрған жерінен құтқарып қалғандарын айтады. Ал енді бұл өлеңдерді қара сөзде ешкімге дес бермеген жазушы тек ермек үшін жазды, негізгі мұраларына қосқысы келмеген деуге болмайды. Тәкең өзін ақын санап өткен сияқты. Жалпы, қазақтың біз білетін барлық атақты жазушы­лары (Әуезовтен басқасы) әуелі өлең жазып бастаған. Тәкен де алғашқы адымын ақындық­тан бастаған. «Жұмбақ жан» кітабында бұл туралы: «Мен өлеңді бала жастан бастап жазған адаммын. Тырнақалды өлеңдерім «Социалды шаруа» деп аталатын аудандық газетте, «Қаратау кеншілері» аталатын рудниктік газетте басылды. Еш жерде жарияланбаған бір дәптер махаб­бат лирикасы Шымкентте жоғалды» деп жазады. Лирикасы ұнағандықтан Қасым Аманжолов бауырына тартыпты. 1950 жылы «Сапар» атты тұңғыш жыр жинағы, одан соң «Жазғы жаңбыр» мен «Боз жорға» өлеңдер жинағы шыққан. Пушкиннен, Науаидан, Лермонтовтан аударғандары бар. Атақты сыншы Төлеген Тоқбергенов «Тарлан ашқан талант» («Тоғыз тарау», «Жазушы» баспасы, 1974 ж) атты талдау еңбегінде: «Ол Пушкиннің «Дауылын», Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасының арнау жырларын қазақша әсем жеткізген-ді. «Қу ағашқа қонып ап, Жаннатың құсы жапанда, Көк қанаты жарқылдап, Қарайтын өстіп жаһанға» немесе «Бозғылт бір тартып жылтылдар аспан, Тұманда сұрғылт тамаша теңіз, Дауыл, көк, толқын бәрінен асқан, Емес пе ғажап шыңдағы сол қыз» деген жолдар шын шабыт иесінің жүрегінен туған еді» деп жазады Т.Әлімқұлов турасында. Тәкен – өлең жазып не аударып қана қоймай, «Поэзия және поэзия сыны», Абай, Қасым және басқа да көптеген қазақ ақындарының поэзиясы, Пушкин, Маяковский аудармалары хақында терең әдеби сын мақалалар жазған адам.
Білімпаз Тәкен Әлімқұлов «Көке, сіз жазушысыз ғой, ақындықты қайтесіз?» деген сол кездегі жас, максималист ақын Аманхан Әлімге «Кешіріңіз, мен мәдениетті ақынмын» депті биіктен қарап…

Білетіндердің айтуынша, сөз­ге сараң Тәкен ешқандай жазу­шылармен қоян-қолтық ара­ласпаған, ешкімді жанына жа­қын жібермеген. Ішін берме­ген. Бәрін үнсіз ұқтырғысы кел­ген. Бір жағы, әрине, менсінбеу де бар. Осындай оңашаланған жұмбақ жанды жұрт қайдан ұқсын? Осы табиғи тумысы өзіне де батса керек. Менің қолымдағы дәпте­ріне іштен қайнап шыққан сы­рын былайша түсіріпті:
Көп білгіштің тыңдамай ақылдарын,
Жаман ойын өзімнің мақұлдадым.
Бір пенденің ашпадым есігін мен,
Бір пендені қонаққа шақырмадым.

Жырға мен жомартпын ба,
сараңмын ба,
Өмірде адалмын ба, араммын ба?
Менсінбес дүниеде ешбір жанды,
Қырсық боп табиғаттан жаралдым ба?!
Тәкеңнің туған жері Бабаатаға жерленгені белгілі. Бабаата – Жартытөбе ауылдық аймағына қарайды. Жазушы өмірінің соңын­­да осы Жартытөбеде де тұрған. 1988 жылдың қоңыр күзін­де марқұмның 70 жылды­ғына орай ішінде сыншы Төлеген Тоқ­бергенов, шымкенттік жазу­шы Мархабат Байғұт бар бір топ аудан атқамінерлері Жар­тытө­беге со­ғып, Тәкен тұрған үйдің қабыр­ғасына ескерткіш тақта қойған. Мы­нау, міне, осы Жартытөбеге ар­­налған өлеңі (қысқартылып берілді):
Жартытөбе-ау,
бүтін болсаң не етеді,
Бүтіндікке жарты қашан жетеді?
Баурайыңда шөгіп қалған қыш тамдар
Түсіреді еске ежелгі кепені…
Мені бастап, түздегі үйге апаршы,
Ұқсап маған, көзіңе іркіп, жас алшы.
Не болмаса үзеңгіге шіреніп,
Аттан түспей, «құлдық ұр» деп қасаршы.
Сонымен, сарғайып тозығы жеткен дәптердегі өлеңдердің бәрі Тәкеннің табиғатын та­ныта­тындығымен, ең бастысы, шы­найылығымен құнды. Дәптерде сондай-ақ екі аударма және бір орысша жазған өлеңі де жүр.
«Жұмбақ жан» атты тамаша кітабында «Дәуір арқылы Абайды ашамыз ба, яки болмаса Абай арқылы дәуірді ашамыз ба? Абай Құнанбаев осының соңғысына жатады» деген сырлы суреткер тағы да «Менің дәуір арқылы танылғым келмейді. Дәуірді өзім арқылы танытсам деген дәмем бар» депті. Айтса айтқандай, біздің бүгін тұтас бір дәуірді Тәкен шығармалары арқылы та­нитынымыз анық. Мынау өлең­дер де соның бір тамшы үзігі…


ӘДЕБИЕТ БОЛАШАҒЫ

Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды көптен, бастан бөлек санайтұғым. Біз «Жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім.

Мұхтар Әуезов
(Т.Ахтановқа хат. 1961)


СУРЕТКЕР ЖАНЫ

Әлімқұлов әңгімелерінің қаһармандарының сарыжайлау, самал жел төскейдегі, көк балаусалы көл жағасындағы бейқам тірлігінің өзі неткен драма; әр сәті, әр сағаты, тамырының әр бүлкілі ұшқын атып, от шарпып жатқан жоқ па? Бұл – суреткер жаны… ләззат пен азап толқыны алма-кезек шарпыған, аумалы-төкпелі тұңғиық құбылысқа, рухани сергектікке, азаматтық белсенділікке толы жан.
Оның бір күнінен бүкіл өмірі, бүкіл заман дидары көрініп тұратындай.

Тахауи Ахтанов


НҰРЫНДАЙ ТӘҢІРІНІҢ КӨКТЕН СЕБЕР

Қаламгер, не зергерді әкелсе егер,
Ішінен озып шыққан Тәкең шебер.
Жыршысы Сұлулықтың, Серіліктің,
Нұрындай Тәңірінің көктен себер.

Ғафу Қайырбеков


ЛИРИК

Т.Әлімқұлов – лирик. Оның бояу әлемі аса жұмсақ, аса нұрлы. Бірақ, лиризм Т.Әлімқұлов әңгімелеріндегі драмалық кернеуді еш әлсіретпейді, қайта ол адам жанындағы шарпысқан шар тарап сезімдер мен ойлар қақтығысын – рухани драманы терең түсініп, нәзік жеткізуге, шығарманың гуманистік сипаты мен оптимистік үнін айқындай түсуге көп әсер еткен.

Әбіш Кекілбаев


«ЖАЛПЫДАН ЖЫРЫЛҒАН ЖАЛҚЫ»

«Ерке болмыстың тәуелсіздігі»

Шүкіршілік. Тәкен Әлімқұлов туралы сонау Асқар Сүлейменов, Әкім Тарази, Төлеген Тоқбергенов, Қалихан Ысқақ сынды саңлақ­тарыңыздан бастап-ақ жазғандар, жазып келе жатқандар аз емес. «Жалпыдан жырылған жалқы» — Асқарыңыздың қалыптастырған ұғымы ғой. Қалжамызға қарамай, мына біз пақырыңыз да 1998 жылы бір мақала мәністеген едік. Марқұм Тәкен көкеміз сексенге тол­ғанда. «Тылсым Тәкен» деп. «Жұм­бақ жанын» бастарда бүй дейді ғой Тәкеніңіз: «Бұл тұңғиық­та бір күнде, бір айда, бір жылда ше­шілетін құпия жатқан жоқ, ға­сыр­лар шешетін, бәлки шеше жа­та­тын жұмбақ жатқанын меңзейді».
Иә, Абай жұмбағын да, сол се­кілді Тәкен тылсымын да әлі талай ғасырлар шешпек. Шеше алса, әри­не. Шешпекке ұмтылса, әл­бетте.
Тәкен көке сексен жасқа, оны айтасыз, тіпті жетпісіне де жете алмады. Бағамдап байқасаңыз, жетпісіңіздің қырқасынан асып үлгерген біздерге біртүрлі іні іспет­ті сезіліп, сергелдеңге салады-ай.
Алпыс тоғызға да толықтай толып үлгермеді.
1987 жылғы сұрықсыз сәуі­ріңіз­де Тәкендейін тылсымы­мыздың жансыз тәні түнге қарай Алма­ты­дан Бабатаға бет алды. Күн шығар-шықпаста Оңтүстігіңіздің орта­лы­ғына ілінген ізгі тізбек Шым­­кен­тіңіздің Коммунистік прос­пектісіндегі, өзі жаухатшы болып істеген «Оңтүстік Қазақс­тан» газеті редакциясының алдын­да аялдады. Әкеле жатқандар Тәкеніңіз талай-талай тамақтанған диеталық асханадан шәй ішіп, жүрек жалғады.
Тәкеннің тәні, яки алып денесі темір көлікте тым-тырыс жатты ғой таңертеңгілікте. Ал жаны қалаңызда жапырақ жайып үл­гермеген, кенет келген үсіктен үлбіреген нәзікеш көшеттердің үс­тінде шарқ ұрған шығар-ау сонда.
Сәлден соң Жаратқан Иеміздің жарқын нұры айрықша аялайтын Бабатаға қарай жолға шықтық.
Сол күні Созақ ауданына Ген­надий Колбин келген. Кесепат Колбиннің зәhарлы-зымиян тү­ріндей сәуір сыздана суытқан. Тәкен Әлімқұловыңыз Бабата ма­заратының күншығыс-теріскей мүйісіндегі ашықтау алаңқайға жерленген.
Облыстың да, ауданның да би­леп-төстеушілері түгелдей дерлік сол кездегі Қазақстан басшысы­ның айналасынан шыға алмаған.
Ресми билік буындарынан іліп аларлық ірілердің бір де бірі төбе көрсетпеген.
Сөзгер зергеріңізді жер қой­нына қоймаққа оның талантына табынушылар мен кейбір қатар­дағы қызметкерлер ғана қатысқан.
Сәуірдің сумақай дауылы үдей түскен. Өкпек желдің өтіне шыдас бере алмағандар ақшылтым ав­то­бус­қа тығылған. Тәкен тылсы­мы­ңыз тезірек, жылдамырақ жападан жалғыз, жалпыдан жырылған жалқы күйде қалуға асыққандай көрінген. Солай сезілген. Бізге. Бәлкім, басқа да біраздарға. Сәл­ден соң-ақ, Үлкен Әулие Ысқақ баб және өзге де әнбиелер жатқан зираттың Қаратауға қарата тыр­мысатын төбесі тепсеңінде, ең-ең-ең шетте, ескі қорғанға шептес мүйісте Тәкен көкемнің қоңыр­қайлау моласы жер томпайтып қала берген.
Тірі кезінде де жалпыдан жы­рыла беретін жалқы жыл­қыдайын Тәкеніңіз Қаратауына қарата ау­нап түскендей елестеген. Бізге. Бәлкім, басқаларға да.
Жетпіске жыл өте толған. Тә­ке­ніңіз. Оншалықты атап өтіле қоймаған. Созақтағы 14-ші мектеп-интернатқа аты берілген. Құрғақ­тау жиын өтіп, сындағы күйші Тө­леген Тоқбергенов қана құнар дарытқан.
Сексен жылдығында дүбірге ілескенбіз. «Тылсым Тәкен» деп. Жазар ма едік, жазбас па едік, біраз-біраз бірге жүргенбіз ғой. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында, мә­д­е­ниет пен әдебиетке, өнерге қаты­сы бар бөлімнің пұшпағын илейтін жылдарымызда бізге көп келетін.
Міне, енді ереніңіз, көркем прозаңыздың кенеркөгін кеңейт­кен кемеліңіз жүзге толып оты­рып­ты. Тағы да жазар ма едік, жазбас па едік, классигіңіздің, проза королінің (Бақыт Кәрі­бае­ваның берген бағасы ғой) өз қолы­мен жазған өлеңдері толы қоңыр­қай дәптері мына бізде бірқанша жылдардан бері сақтаулы. Осы жолы сол қоңырқай дәптер ха­қында аз-кем болса да айтпақтың жөні келіп тұр.
Қоңырқай дәптердегі өлеңдері туралы жазбас бұрын сәл-пәл ғана прозасына hәм Шымкентіңізде жү­ретін шақтарына шолу жаса­мақтың да жосығы жоқ еместей-ау.
1998 жылы, Тәкен көкеміз сек­сенге толарда көлемдірек мақала мақамдағанымызды жоғарыда ескертіңкіредік. Әрине, қазақ сөзінің соншалықты зергер білгірі, шандоз шебері жөнінде, жаратқан туындылары турасында жазбақ та, айтпақ та оңай емес. Өзгелерді қайдам, өзімізге жеңіл тиместігі аян-дүр. «Тылсым Тәкенімізді» Таупістелі дейтұғын туған ауылы­мызда жазғанымыз жадымызда. Алдын-ала қазақ прозасының хас тұлпары туралы жазылған дүние­лер­дің қолымызға түскендерін түгел тәптіштеп қарағанбыз. Қадала. Тәкен жөнінен жазған­дар­дың ешқайсысы ереніңіздің «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» дейтұғын дүрри-гауһар ұғымын, тағылымды да текті тіркесін байқамай өтіп кеткендей көрінді. Әйтеуір ешкім­нен де кездестіре алмағанымыз рас. Диссер­та­ция­лар­дан да таппадық. Ал өзіміз осы «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» тіркесін Ақан сері туралы сом­далған «Көк қаршыға» әңгімесінен оқығанымызда ше, жүрегіміз атқақтап, алқымымызға тығыл­ғаны рас. Жаңалық ашқан­дай шаттанғанымыз өтірік емес.
Жауһар жазушымыздың күй хақындағы, күйшілер турасын­дағы, жалпы өнер жөніндегі туын­дыларының бар-баршасындағы бас кейіпкерлер – жалпыдан жы­рыл­ған жалқылар. «Сары­жай­лау­дағы» Тәттімбет те жалғыз. Жал­пыдан жырылған жалқы. «Соңғы кездері ол ылғи осылайша дара қаңғыратын болған», «…тіршілік­тің өркенсіз қыбыр-жыбырынан аулақтанған». Дейді қаламгер. Әңгімесінде. «Қаралы қобыздағы» Ықылас старшынның тасыраңда­ғанын көтере алмайды. Тайсалмай тартысады. Жасқанбай шарпы­сады. Жалғыз атты қобызшының ойы озықтығын, өзінен жоғары беделі мен атақ-абыройын биші­кештер күйіне күндейді. «Әсіресе, өнер қуған тамалар, тіл қуған та­рақ­тылар, шаруа қуған қоңыраттар баласының аузына старшынға түкіртпей, қобызшыға түкіртке­ніне жыны келеді», – дейді жазу­шыңыз. Сондықтан старшыныңыз қобызшы Ықыластың сахараға салған «лаңын», оның даңқы бо­лыс-билеушілерден асып, жарым­пат­шалықпен тайталаса­тынын дуанбасыға мағлұмдайды. Жазу­шының «Ерке болмыстың тәуел­сіз­дігі» ұғымы осы тұста бір қы­лаңы­тады-ай.
Ақандайын ақынның, компо­зитор-әншінің соңына да шырақ алып түскендерді Тәкеніңіз түйре­ген­де, сарказммен шықпыртады. Ауылдың атқамінерлерінен бас­тап, жандаралға дейін Ақан серіге жымысқылық танытып, түбіне жетуге тырысады. Оның бар қыл­мысы – «Ерке болмыстың тәуел­сіздігі». «Асылы, ел басқарамыз деп селтеңдеген шоғыр топ – өзіне ұқсамаған адамды иттің етінен жек көрмек. Халық алдында беделі асып кеткен кісіні қудаламақ», – дейді «Көк қаршығада». Тәкен Әлімқұловтың өзін де оның зама­нын­дағы, қорқау қоғамын­дағы әміршілер, билеп-төстеу­шілер, бақылап, қадағалаушылар, өкімет өкілдері мен партияның әсіреқы­зыл белсенділері ғана емес, оның ойы озық, білгірлігі басым, проза­сы­ның биік екеніне іштері удай ашитын «қаламдас­тары» мен «қадамдастары» да «Ерке болмыс­тың тәуелсіздігі» дейтұғын «қыл­мысы» үшін қуғын-сүргінге түсірді емес пе?!
Ал енді осы орайда «Қараой» әң­гімесінің жөні бөлек, жосығы ерек қой, шіркін. «Әңгіме жазу оңай ма, роман жазу оңай ма? Еке­уі де бейімге, дарынға бай­ла­ныс­ты», – деген еді зергеріңіз. Сонсоң тағы да: «Қазақ әңгімесінің бір кемшілігі – әрбір ситуацияның ішкі сырын ашпай, сыртқы қаң­қасын баяндауға саяды. Теңеу, салыстыру, меңзеу дегендер аз. Әңгіменің аяғын менмұндалап бі­тіру – барып тұрған қарадүрсін­дік. Жазушы сыршыл, сыпайы келмек. Ал бізде кейбір автор өз сөзін өзі түсіндіруге тырысады», – дейді.
Әлімқұловыңыздың әрбір әңгімесі жайынан құлшына сыр қозғамаққа құштарлар баршылық. Қозғап та жатыпты. Солардың ішінде «Қараойға» тоқталмай өте­тіндер жоқ. «Қараой» әңгімесі кітап­тың он үш бетін ғана алған. Бес жүз беттік романға айырбастай алмайсыз.
«Ақыраптың ауыр түнінде Ма­хам­беттің көңілі алағаржақ. Құл­қынсәріден тұрып, абыржулы күйінен арыла алмай тысқа шық­ты. Қарашаның сұлу атқан таңы таянып келе жатқан сұмдық оқи­ға­ға кереғар еді». Жазушы оқыр­манды әдейі әрі-сәрі етіп, жүрегін суылдата түседі. Жанын шошы­тады. Сезімін шоршытады. Торы­ғып тоқыраған ақын. Күңі­реніп, күресінде жалғызсыраған, жал­пыдан жырылған жыршы-күрес­кер. Сары жұртта төңкеріліп қал­ған қара шаңырақ. Көзі көміле тұншыққан бұлақ. Тілі байланған бастау. «Тұлымы қырқылған тұл сұлудың қайта шыққан шашындай шөптер».
Авторыңыз артқа шегініс жасаң­қырап, дауылпаз ақынның, дара күрескердің өткен күндерін аса сараң тіркестермен көз алдыңа келтірер. Шұбырған сөйлем, бә­туа­­­сыз баянның бірін де таппас­сыз. Анық та танық тұспал­дармен, өшпестей бәдізденер бедерлермен бәр-бәрін білдіріп, сомдап сы­ғымдайды. Қапысыз, қалтқы­сыз ұғындырады. Селкеусіз сезіндіреді. Махамбеттің де жалпыдан жы­рыл­ған жалқы екендігіне жан-жүре­гіңіз одан әрмен ышқынады-ай. Мұқағали ақынның жалғыздық жайындағы жалғыз жолы зарла­нып, запыланып, жарғақ құла­ғыңыз­ға құмығып жетеді-ай.
Ақырында: «Ол қазықтың қа­сында жатқан тоқпақпен Ма­хам­беттің басына ұрды. Махамбет ақтық рет «Әуес!» деп, сылқ түсіп сұлап қалды…».
Күйеуінің өлігін құшып, қыз­дай сыңсыған Әуес. Қылышқа ұрына қансырып, етпеттей еңіре­ген Нұрсұлтан. Шырылдап үй ай­налған нәресте. Боздаған бота. Аңыраған түйе. «Сол түні ай тұ­тыл­ған».
Сексенінші жылдарыңыздың басында Тәкен көкеңіз Алма­тыңыздан Шымкентіңіз бен Соза­ғыңызға қашып келетін. Нәсіред­дин Серәлиев екеуі осы күнгі «Ордабасы», ол кездегі «Восход» мейманханасының маңайында, Қошқарата бұлағының бойын­дағы, қиялау қыраттардағы сүр­леу-соқпақтарда серуендейтін. Әлімқұловыңыз «Восход» мей­манха­насын­да әлденеше айлар бойы тұратын. Біраз туындылары, әсіресе очерктері осы мейман­ха­нада жазылды. «Фосфор» дейтұ­ғын алып зауыттың маңын­дағы ауылда қарындасы мен күйеу баласы бар. Анда-санда солардың үйіне барып қайтатын. Көбінесе Шымкентіңіздің шаңытқан байыр­ғы көшелерінде оқтын-оқтын мұрнын уқалап қойып, жа­падан-жалғыз ойланып бара жататын. Жанына жақындауға батылымыз бара қоймас.
«Әлдекімдер әдейілеп «арнау­лы ауруханаға» тығып тастапты». «Шын жанашыр інілері әзер шы­ға­рып­ты». Мінекиіңіз, осын­дай да сұмдық суық ақпараттар алқынып жетіп, алқымымыздан тұншыға­тынбыз.
Әйтеуір тағы да Тәкен көкеміз Шымкентке қашып келген. Құт­ты­хана қонақ үйінде ұзақ тұрақ­таған. Қалтасында көк тиыны жоқ болып, ішіп-жемі мен мейман­ханалық жамбас пұлы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жария­лана­тын очерктерінің отыз сомына ғана қарап қалатыны қандай өкінішті еді десеңізші! Облыстық газеттің біз отыратын бөліміне көнетоз кәстөм-шалбарымен, ақ­жемденген ескі топылиымен кіріп, сәлемімізді сәл-пәл ғана жылы жымиыспен қабылдап, қызарың­қы танауын жұдырығымен уқалап жіберіп, жырымдалған қызғылтым креслоға асықпай жайғасатын. Қойын қалтасынан екі бүктелген, бес-алты беттей қағаз шығарады. Құрақ ұша қағып аламыз. Біз. Бас алмастан, бірден оқып шығып, мәшіңке басатын қыздарға беріп, қайта ораламыз. «Әмірсейіт пен Өскенбайға айт. Тездетіп салсын. Байдулла батырдан қаламақымды алдын-ала жаздырып әкелші…» дейді. Мұрнын тағы да уқалап, күтіп отыра береді. Отыз сом қалтасына түскен сәт күрсінеді. Іле күлімсірейді. Танауына тағы да жұ­дырығын сүйкей иіскетіп: «Мені шығарып салшы. Нәсір Қызылордасына, Қашқансуына кетіпті», – дейтұғын…
Бір күндері: «Бауырым ауыру­шы еді. Арақты қойдым. Шым­кент­тің сырасымен емдеп жүр­мін», – деді.
Бертініректе қазақтың сараб­дал сыншы қызы Бақыт Кәрібаева­ның «Тәкен» дейтін көлемді, терең тебреніспен, білімпаз талдама­шылдықпен жазған дүниесін оқы­дық қой. Бір тұсында: «Иә, Тәкен­ді мен көргенде аузын айға білеген қазақ әдебиетінің белді жазушысы емес, трагедиялық тұлға, тіпті трагико-комедиялық кейіпкерге айналған екен. Мен оның «ер арыса – аруақ» бұл түрін көріп, алғашқыда абдырап қалдым. Тіпті романтикалық болмысым басып, алқымыма өксік тығылды. Шара­сыздыққа бой алдырдым. Оны аяп-аялауды немесе өкініп опық жеуді біле алмай дал болдым» – дейді. Алайда, тап осы мақала Тәкен көкемді тиісті биігіне шыға­рады. «Тәкен иілгенімен, сынған жоқ. Тәуелсіз», – дейді және бір жерінде.

Қоңырқай дәптердің құпиялары

Енді біздің қолымызда бір­талай жылдан бері сақталып келе жатқан қоңырқай дәптеріндегі өлеңдеріне оралайықшы. Тәкен мен Тоқашты көке дейтін бауырла­ры­ның бірі, «ерке болмысы ерек­ше тәуелсіздердің» бірегейі Есен­ғали Раушанов бір жазбасын­да: «Тәкеннің көптеген ойларын біз қағазға түсіргенмен, әзірге жария­ла­мауды ұйғардық. Қоғам, әдеби орта ол пікірлерді қабылдауға әлі дайын емес. Жалпы біздің қоғамда кейін айтылыр сөздер көп. Жыл­дар өтер, Тәкен туралы әңгімелер пісіп-жетілер, сол кезде көркем әде­биет туралы ойларымыз өзге­реді…» дейді.
Әп бәрекелде-е-е… Дейміз. Біз. Мына қалыңдау қоңырқай дәптердегі бірталай өлеңдерді де әзірше жариялауға мүлде болмай­ды, ағайындар. Әлдекімдер қып-қызыл шатақ шығаруы бек мүмкін. Есенғали бауырымыз меңзегендей, жылдар жылжиды, айлар аунайды, күндер сусиды. Ұрпақ алмасады. Сол шақтарда жариялана жатар. Ал, әзірше бірнеше өлеңіне ғана ой жүгіртіп, шолу жасаумен шек­телейік.
Қоңырқай дәптер…
Бір тұсындағы өлеңінде Тәкен көке бүй дейді: «Ашынамын құдды тұтқын шарасыз; Сыздар жүрек кеудемде жоқ жарасыз. Тілім дұспан көп жолдасты жау етер; Өтіп жатыр күнім менің мазасыз. Аш адамдай әсте тамақ талғамас; Әр жанрда саламын мен қарбалас. Бойтұмардай кітап емдер жүректі; Жалған кітап өмірімді жалғамас. Жұмыскер боп өсіп едім жасымда; Күндемеуші ед достасым да, қа­сым да. Құлағымның құртын жей­ді өңшең жау; Енді менің сақинам бар басымда». Бұдан әрі бастың сақинасына ем қонбайты­нын, бейкүнә, жас жұмыскер шағын сағынатынын, зерлі тақты да тәрк етіп, табиғатқа кетпекті көксейті­нін кейіптейді. «Табиғат­ты» Тәкен «тәбиғат» деп, «дұшпан­ды» «дұспан» деп жазады. Өлеңдерінде.
«Сыр мен лебіз» деген өлеңі одан сайын тереңдей түсетіндей. Ойсыз, бейғам жұртқа ұқсап жүре бермей, өзінен өзі сөз деген айық­пас дерт жабысқанын, сондықтан да басқалардан туажат мінез біт­кенін Абайша абайлайды. Жақсы адамнан сыр тартып, хас наданмен басқа-бөгде тілде сөз тосарына налиды. Ақындарға аянбай тиіседі. «Көп ақынның жалдама жүрегі бар; Тілге қызыл сүйенер тірегі бар. Жарапазан сөзіне қызықсам да; Шідерлеулі жүйріктей жібер­мейді ар…» Қоңырқай дәптердің сыры қат-қабат. Тәкен көкеңіз өзі­нің кім екенін, қай-қандай биіктерде жүргенін жетік білген және жеткізе алған. «Өз өмірімді жазбадым, сол өкініш; Бөгде адамның айтқаны өткінші іс. Кей сыншының асыра мақтауынан – Жалпақ жұртқа атағым тарапты-мыс! Менің өмір тарихым елден ерек; Қаз-қалпында айтылған шын­дық керек. Бір көргенім есімде екі жастан; Жадым менің, шамасы елден ерек», – дейді өзі турасында.
Әлі есімізде ғой, жетпісінші жылдарыңыздың соңына таман Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімше­сінің жетекшісі, көп сөйлемейтін керемет қаламгер ағамыз Нәсіред­дин Серәлиев Алматыдағы кезекті пленумға қатысып, Әнуарбек Дүйсенбиев, Әбілмәжін Жұмабаев сынды достарымен қыдырың­қырап, ұзақтау жүріңкіреп орал­ған. «Не жаңалық бар екен, Нәсір аға?» – деп сұрағанбыз. Ол кісі кәдуілгі дыбыссыз күлетін әдеті­мен, сирек тістерін көрсете біраз сықылықтағандай көңілденіп ба­рып, кенет кіжініс тапты. «Ой­бай, қызық! – деді қайтадан қулана күлімсіреп. – Бүкіл Алматы у-шу. Тәкен Әлімқұловтың қай жүзден, қандай рудан екенін анықтай алмай алашапқын…».
Мәскеуіңізде он бес жылдай тіршілік кешіп, еліне кешірек қайтқан, әулекілік жайлаңқыраған әдеби ортаға онша кіріге алмаған Әлімқұловыңыз әуре-сарсаңды аз көрмеген, әрине. Азапқа буылған айлары мен жылдары да аз болма­ған, әлбетте. Міне, мына қоңыр­қай дәптердегі біраз өлеңдері де осыны анық аңғартады. Біреуін ғана келтірелікші: «Менің өмір­бая­ным жатқан жұмбақ; Шет жағасын аңғартам, көбін қымтап. Қайсы рудан екенім – «қараң­ғылық»; Сұрағанға мылқауша айтам ымдап. Руды айтсаң, сорыңа тілің пәле; Әлдебіреу етеді есек дәме. Жат жұрттығын істемей қоймайды деп; Кіжінеді кейбіреу әлденеге. Ортасында өстім мен надан елдің; Қашып кетіп Мәс­кеуге, қайта келдім. Дұспан­ның да, достың да сыры мәлім; Топы­рағы алдамас туған жердің».
Қоңырқай дәптердегі оншақты өлеңі емханада жазылған. 1983 жылғы маусым, шілде, тамызда. Әлдекімдер, әлдеқалай күштер жазушыңызды әдейілеп жатқыз­ған. Десетіндерді еститін кезде­ріңіз ғой. Баяғы. Біз тілбезей бер­мейік. Өзінің өлеңдері жеткізсін. «Емхананың сорпасы жуындыдай; Ішеді жұрт таласып суындырмай. Ит жынды мен болғасын жуынды сол; Қойды мені сырқатқа ұрын­дырмай. Нәр татпасаң, зорлайды даңғой өңшең; Жылай алман кем­пірдей кемсең-кемсең. Ерінге ұшық шығарар сорпа орнына; Ішер едім даңғойлар, уды бер­сең…».
Мына бір шумағы Шымкен­тіңізде болыңқырап, Созағыңызды аралаңқырап қайтқандағы хал-ахуалындай: «Үй ішіңді сағынып келсең елден – Әкетеді үйіңнен «жедел жәрдем. Қарсылассаң, қолыңды байлайды артқа; Қара күшпен тіресер бар ма дәрмен?!». «Жалғыздықтан шектім жапа өмірде; Жүйкем менің сынбай тозбас темір ме?!» деген шумағы­ның соңына 9. VIII. 83 ж. деп жазыпты.
Тәкен көкем «Оңтүстік Қа­за­қс­тан» газетінің редакциясына жиі келер еді-ай. «Сен мені шығарып салшы» дейтін. Комунистік проспектіңізден Совет көшесіне түсетінбіз. Одан әрі қарата Қош­қарата жиегіне жеткенше жарты сағат, әулие есімін еншіле­ген қайнардың бойымен тағы да талай сағат үнсіз-тілсіз жүре беретінбіз. «Сен өзі Нәсірден де бетер үндемес екенсің», – дейді. Үндемеймін. «Дұрыыс, – дейді Тәкен көкем. – Ұялмас бетке талмас жақ бітеді деген…» Қазір Комунистік прос­пектіңіз Тәуке хан даңғылы, Совет көшесі Қазыбек би, Энгельс кө­шесі Тәкен Әлімқұлов деп ата­лады. Шүкіршілік.
Қоңырқай дәптердің тағы бір беті сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді: «Мен, әттең, зиялы боп нәзіктендім; Тізбектеп жырға бә­рін әріптердің. Дәріні нәзік тәнім қабылдамай; Бір рет о дү­ние­­­ге барып келдім. Жатырмын ем­хана­да тағы бүгін; Сырқаттың тыңдар жан жоқ шаққан мұңын. Атар ем өзімді өзім берсе наган; Имандай елге шертер осы сы­рым!..

24.VI.83ж».

Осы өлеңін жазғаннан кейін Тәкеніңіз төрт жылға жетер-жетпес өмір сүрді.
Сексен жетінші жылыңыздың суық сәуірінде, кісәпір Колбиніңіз Созақтың Шолаққорғанында азу тісін ақситып, сақ-сақ күліп, қа­зақ­тың қайран тілін мазақтап сөй­леп тұрғанда Тәкеніңіздің тәні Бабата зиратындағы қоңырқай то­пырақ қойнына кіріп бара жатты.
Ал асыл жаны сол сәуірде нәзік нәурізек құс болып, қасиетіңнен айналайын Қаратауға қарата қалықтап қанат қаққандай-тұғын.

Мархабат БАЙҒҰТ


ТӘКЕННІҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН «ЖАҢА ӨЛЕҢДЕРІНЕН» ҮЗІНДІ

Емханада

Ұяңды аңсап, оралып келсең елден,
Әкетеді үйіңнен «жедел жәрдем».
Қарсылассаң қолыңды байлайды артқа,
Мылқау күшке, қайтесің, бар ма дәрмен.

Емханада таба алмай тамырыңды,
Ине шаншып, шымшиды сабырыңды.
Білегіңді қайыспен буындырып,
Шімірікпейді естісе сарыныңды.

Емханадан бұйырса саған азап,
Аяғансып етеді сені мазақ.
Армандайсың өлімді бебеу қағып,
«Мүше он екі сауыңда ал» дер қазақ.

«Ит жанды адам» деген рас екен,
Зираттан бұйырмады маған мекен.
Бақытты енді маған берсе де алман,
Шетіне өмірімнің шермен жетем.

Анкет

– Қайда, – деп, – осы сенің анкетің,
Шұқшия біреу мені тергейді.
– Анкетсіз өстім мен жетім,
Десем тергеуші оған сенбейді.

Қолтаңба, – дейді – маған керегі,
– Кітабымда таңба деймін мен күліп.
Өткеннің әлі-ақ табылар дерегі,
Жұмбақ көп дүниеде мәңгілік.

Туған күн тіркеусіз сахарада,
Мұқамбет-Қанапия – Шоқанның есімі.
Ұялдым, қысылдым мен осы арада,
Жетімек паспорттың тиді кесірі.

Дейді шал: «Қарашада туғансың»,
Кемпір дер: «Наурызда,
келгенде қарлығаш,
Жаңбырмен тәніңді сен жуғансың,
Уыздан бұйырған тұңғыш ас».

…Туыппын, тегі, түйенің қомында,
Бүркеншік бір атым – Іргежал.
Таңғалар тентек те, момын да,
Іргежалға құласам бейне сал!..

***

Маған бір мөр бұйырмады,
Нығайтар қолтаңбамды.
Жүрген жерім шиырланды,
Із кесуші шамданды.

Ит теріге мөрін басар –
Би емес ол бұрынғы.
Таңбасы оның жүз жыл жасар,
Айтсаң қапысыз сырыңды.

Шарасыздан жазды жырды,
Әр шумақтың мөрі бар.
Досқа да айтпас осы сырды
Біледі ізші іші тар.

Есімдер туралы жыр

Қойылар кітап ашпай қазақы есім,
«Құл» мен «бек», «бай» мен «мырза» –
оңай шешім.
Қоянның көжегіндей «әли», «ғали»,
Араптан еншіге алған соның несін?!

Мен сыншы «әлиге» де, «ғалиға» да,
Зиялы жуасқа да, далиға да.
Араптың қылышында сана жоқ-ты,
Ішіңде Фирдоуси мен Жәми бар ма?!

Есімді бұралқысыз жаратамын,
Білемін арғы тегін әр атаның.
Шежіре менің жадым жүз ғасырлық,
Есімді жүз тарауға таратамын.

Қашаған мәрмәрға есім жыр секілді,
Артқыға шеккен сұмдық сыр секілді.
Шығады жарысқанда жүзден жүйрік,
Екшеу жөн жүз есімнен бір есімді!

***

Жинағым тұңғыш «Сапардан»
Өмірім бар асы жыр.
Қалсам да кейде қатардан,
Жырымды әркім айтып жүр.
Шөберем кейін ұғар ма,
Кепілдік емес айтарым.
Егіз бе, әлде сыңар ма,
Және де жинақ тартамын.
Байқалмас еді жоталар,
Болмаса адыр-саласы.
Әкенің мейірі от алар,
Күлгенде тұңғыш баласы.
Әдеби алғаш әліппе –
Екен ғой өлең, байқасам.
Жыр оқыр сау да, кәріп те,
Өмірін дәлдеп айта алсаң.
Құралды соңғы жинағым –
Небәрі үш жүз өлеңнен.
Жұртыма барым сыйладым,
Қысылмай қораш көлемнен!

Қымызшы жеңге

Бар еді қымыз сатар сұлу әйел,
Аузының суы құрып, айтар әр ел.
Бір жігіт жолаушылап келе жатып,
Кезікті бейне қаңбақ айдаған жел.
Базарға бет алдың ба, жеңге? – деді,
Берейін мен де саған теңге, – деді.
Атынан аударылып түсті жеңге,
Беткейге түйе-тайлы дөңгеледі.
Бір местен көрді жігіт татып қымыз,
Мынауың,– деді, – екен саумалды уыз;
Екінші месіңнің де ашшы аузын,
Куә жоқ, базардан тым жырақ тұрмыз.
…Әйелдің екі месте екі қолы,
Әрине, қоя берсе қайнар соры.
Сәт керек сусын екеш сусынға да,
Қымыз ішкіш жігіттің болды жолы.

Қалыңдық қаһында баллада

Қамын жер көп ақынның жолдасым сал,
«Табамын, – деді саған оңдасар жар».
«Делдалға қаным қарсы бозбас жастан»
Десем, ол деді: «Сенің сырқатың бар».
Әрине, жолдас салда болмайды дерт,
Білмейді жанатынын ішімде өрт.
Су сепсе қарлығаштай, әлбетте, игі,
Қапылыс жермай құйып жүрмесе тек.
…Қасыма жалт ете қап отырды қыз,
Байланды өрт орнына ішіме мұз.
«Мейманның қонақ үйде пысады іші»,
Біледі қайдағыны меймандос қыз.
Іш пысу рас еді, аштым шампан,
«Неге жоқ сізде, – дейді, – сері компан».
Отырды жалаңаштап ақ білегін,
Наз тастап, елең-алаң атқанша таң.
Білегін жалаңаштар қысылмастан,
Түсірдім ауыл қызын киіз басқан.
Көзіме елестеді бозбас шағым,
Үстінде текеметтің дәм татысқан.
Асықтым алыстағы ауылыма,
Жейдешең шомылмақ боп жауынына.
Шіріген апельсинді кеттім тастап,
Жеңсік боп жеңшем еккен қауынына.
…Өтті күн. Баяғы қыз келді жетіп,
Жеңешем шашты шашу, ырым етіп.
Болды тар туған ауыл енді маған,
Қаңғырып, құла дүзге қалдым кетіп.
Баяғы қамқор сөздің келді кері,
Аурумын, шынында да, содан бері.
Әсте емші сауықтырар таба алмадым,
Ұрғандай шапалақпен мені пері…

***

Кітап сауда мекемесін басқарған,
Құрады жік кіл зымиян жастардан.
Жазып мысқыл таңғаларлық ұрпаққа,
Кетті дәрмен енді ақын Асқардан.

Кітабы оның «еле-еле» шығады,
Ал келерде саудашы әлгі бұғады.
Жазады арыз саудашы іңір-күңгіртте,
Сөнгенінше бықсып жалғыз шырағы.

Зымияндар алады одан үлесін,
Саудашы дер: «Бәрі өзімдей түлесін!».
Жүзден жүйрік қараулы ел шығады,
Белгілі ғой жалпақ жұртқа бір есім…

Көкпар
(Шабандоз Сұлтанбекке)

Салмайсың бізше қағазға шимай,
Сайысқа атта сізден жоқ ұста.
Таптауға жазда егінді қимай,
Шабасыз көкпар қар жауған қыста.

Аттарың шапқан бұрқылдап ақ қар,
Ұқсайды атқан арайлы таңға.
Тұрады «Чайка» – байланған ақ нар,
Тартылар кейін бұйырған жанға.

Сіз дейсіз маған: «Додадан сақтан!»,
Бұйырсын қайдан ноқайға дода?
Сөкпеймін сіз құласаңыз аттан,
Мертікпей тұрсаң, айтамын «тоба!».

Жасымда мен де шапқанмын көкпар,
Салмадым, әттең, сізше мен салым.
Қанымда қалған тартыстан от бар,
Енді алам қыздан өлеңмен «алым».

Шауып көкпар жүре де бермей,
Айтуым өлең бекер ме, бәлкім?
Бір жанға бітпес қос өнер бірдей,
Қол жетпеске құмартар әркім.

Үзеңгі жолдас
(Өзбек жазушысы Пірімқұл Қадіровке)

Сен жүдә ізетшіл едің Мәскеуде,
Лауазымымыз болса дағы тепе-тең.
Мен едім өзімше өр кеуде,
Көрмедің шеккі әсте сен.
Сен мілләттің мінезін таныттың,
Мен, әлбетте, оны жөн көрем.
Мен баласы көшпелі халықтың,
Дөрекі бейнесіз сөйлемен.
Сен маған деуші едің: «Шешенсің!»,
Халық қой шешенді саралар.
Сен ізетпен шын шешен екенсің,
Назираң – шежіре-шешенге барабар!
Сен бастырсаң май сорған палауды,
Мен табиғи жамбасты кемірем.
Ұмыттым жолдас санын санауды,
Өзбектен елестетем сені мен.
Арада Сырдария көпір бар,
Несібе бөлгізген ежелгі кезден.
Үлесінен ұрпақ мақұрым қалар,
Алмаса ғибрат кәттә – Сіз бен Бізден!

Дайындаған
Төреғали ТӘШЕНОВ


СИРЕК ҚҰБЫЛЫС

Тәкен – …өзгелерге ұқсай бермейтін, тіл, стиль, тәсіл, жанр өзгешелігімен, өзінше үн-әуенімен нәзік тереңдіктен табылар сезімтал суреткер, қайталап айтамыз – сирек құбылыс. Тәкенді екінің бірі деп те, егіздің сыңары деп те айта алмайсың. Өйткені қазақ әдебиетінде оған ұқсайтын екінші бір жазушы жоқ.

Төлеген Тоқбергенов


ОЙШЫЛ ҚАСИЕТ

Заманымен, тағдырымен емес, өмірге, еліне, жеріне деген ілһам құштарлығымен, талайымен емес, талантымен, суреткерлік ізденіс, толғаныс-толғағымен еншілес екенін күйттейді.
Т.Әлімқұловтың көрінеу бір сындарлы, көп жазушының бойынан табыла бермейтін ойшыл қасиеті маған осыдан көрінеді.

Асқар Сүлейменов


МАҢДАЙ АЛДЫ СЫНШЫ

…Тәкен қазақ әдебиетінің маңдайалды сыншысы атанар еді. Оның сын кітаптарында терең білімділік, кең құлаштылық, батылдық, әділдік қатар табылады.

Рахманқұл Бердібаев


ДАРА ДАРЫН ИЕСІ

Қалың қауыммен ширек ғасырдай ана тілдің кестелі отауында дидарласып келе жатқан Тәкен Әлімқұлов – ешкімге ұқсамайтын дара дарын иесі. Тәкен творчествосының өзекті арнасы – өнер адамы…
Тәкен творчествосында өнердің өзі сөйлейді.

Хасен Әдібаев


ҰЛЫ СУРЕТКЕР

«Жұмбақ жанды» ұлы суреткер Тәкен Әлімқұловтың роман-эссесі десек дұрыс сияқты. Роман-зерттеу десек тіптен нақтылана түседі. «Жұмбақ жан» сияқты роман-эссенің, роман-зерттеудің қазақ әдебиетінің, қазақ көркем ойының бір шыңы болып табылатыны мақтаныш тудырмаса, әсте дау тудырмайды.

Сайлаубек Жұмабек


ЖАЗУШЫЛЫҚ ДАРАЛЫҒЫ

Қазақ прозасында әдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негізделуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық ізденістері қалыптастырды. Күй сазынан, үн жүйесінен мән-мағына табу, оған нақты мазмұн дарыту немесе белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру – Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы.

Қансейіт Әбдезұлы


ІРІЛІГІ ЖҰМБАҚТЫҒЫНДА

Мен ертеректе Калининград қаласында болғаным бар. Сонда философ Канттың зиратының басына бардым. Көк гранит тастан қашалмай жасалған табыт жердің өзімен астасып кеткен. Ұлы философтың табыты тылсым сыр ұқтырғандай. Сонда мен былай деп ойладым: «Тіпті мынау қаланың аты өзгеріп кетсе де, Кант орнынан қозғалмас-ау»,- деп. Бұл — философ айта беретін «Вещи в себе»!
Олай болса, біз де Тәкен құдіретінің жұмбағына үңіліп, босқа арамтер болмай-ақ қоялық. Әрі-беріден соң оның ірілігі осы жұмбақтығында болса керек.
Қазақтың көрнекті жазушысы Тәкен Әлімқұлов қалдырған тамаша прозалық туындылар, терең талдауларға құрылған сыни шығармалар, шабытты көңіл күйінің сәттерін паш ететін өлеңдері кәделі мұра есепті оның өзіне өзі орнатып кеткен елеулі ескерткіш екеніне мен кәміл сенемін.

Сафуан Шаймерденов


ӘМАНДА ЖАРҚЫРАП ТҰРАДЫ

Т.Әлімқұлов – әке құты, ана сүтімен қазақ сөзінің қасиетін бойына сіңірген үлкен сырлы суреткер. Ол заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірлесіп Абай шығармашылығы хақында кітап шығарды. Көсегенің Көкжонында қара күзде ұстазымен бірге адасып, түн ішінде аспандағы Темірқазық жұлдызына қарап жол тапқаны да жадта. Жер мен ғалам, заман мен адам, тұлпарлар мен сұңқарлар тағдыры – Тәкең туындыларының Темірқазығы. Ол жұлдыз жол көрсетіп әманда жарқырап тұрады.

Аян Нысаналин


ҚАРА СӨЗДІҢ ХАС ШЕБЕРІ

Тәкен Әлімқұлов – сүйегіне күй сіңген жазушы.
Тәкен Әлімқұлов – қара сөздің хас шебері.
Тәкен Әлімқұлов – қазақ әдебиетінде «Тұлпарлар тағдыры» деген атпен тақырыптық кітап жасаған бұрын-соңды жалғыз қаламгер.
Тәкеннің таланты әңгіме жанрында ерекше гүл ашты.
Өлеңді көркем проза биігіне көтере талдаудың тамаша үлгісі – «Жұмбақ жан».

Құлбек Ергөбек


Тәкен Әлімқұлов

ӨМІР ШІРКІН

Абай Шыңғыстауда өссе, мен бір қияндағы Қаратауда ақындардың ішінен Абайдың есімін бірінші естідім. Қара танымайтын сәби шақта құлаққа кіріп, көкейге қонған – Абайдың нақыл өлеңдері. Сауатқа шала балалық кезеңде, Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойласы» білікті біреудің айтуынан жат болған-ды. Бір отырыста, бір айтылғаннан машық боп қалған-ды. Енді сол өлең осы кітаптың есіміне жүріп отыр. О баста күндер­дің күнінде ұлы Абай турасында кі­тап жазамын деген ой басқа кел­ген бе?! Өмір шіркін осылай екен!..

ЕКІ ДАНЫШПАННЫҢ БАС ҚОСҚАН ӘЛЕМІ

Менің өзім бала кезімде Пуш­кин­мен қазақ тілінде таныстым. Бертін келе таныстық-білістікке айналды. Пушкиннен тіл жеткісіз сыр ұқтым. Бір қызығы, «Евгений Онегинге» мен ең әуелі Белинс­кий­дің мақаласынан қанықтым. Ма­қалада романның сюжеті тапшы сөзбен баяндалады. Соған қарамай роман туралы толық түсінік аласыз. Классикалық сынның құдіреті де осында еді… «Евгений Онегиннің» өзін оқығанда сананың сәулесінде Белинский тұрғандай болды. Әлем ашылғандай болды. Екі данышпан­ның бас қосқан әлемі еді бұл!

СӨЗ ШЫРАЙЫ

Поэзияның ғұмырлы қасиеті – сезім мен ой-пікірдің тұтастығында.
Дарын қаншама биік болса, сезім соншама терең келмек.
Табиғаты тайыз ақында шебер­ліктің шеңбері тар, сыпаты жалқы.
Жазушының жаны сөз шырайы­нан көрініп тұрмақ.
Сөз шырайы – құрғақ қиялдың емес, тірі өмірдің бетке шыққан шы­райы.

ӘДЕБИ СЫН

Әдеби сын, оның ішінде поэзия сы­ны, ең алдымен өзі шығарма бол­­уы шарт, тұлғасы сымбатты, оқу­шыға эстетикалық ләззат берерлік, оның ой-қиялын оятып, санасын марқайтарлық пікір мен сезімге мей­лінше толы шығарма болуы шарт.
Адамның білімі молайып, ой-өрісі кеңейіп, талғамы тереңдеген са­йын сыншылдық көзқарасы арта бермек.

ЖАНСЫЗҒА – ЖАН, ТОПАСҚА ТҮЙСІК БІТІРЕДІ

Қаламгер атаулы, оның ішінде жазушы – халықтың ортақ ұлы, сурет­­кер ұлт тілін түгел тексеріп, жіті ек­шейді. Өзге адам байқамаған, байыптамаған қазынаны аршып, қалың көпшіліктің кәдесіне асыра­ды. Жансызға – жан, топасқа түйсік бітіреді.

БОЛМЫСЫ БАЙТАҚ

Стиль дегеніміз адам деседі. Шеберлік те осыған саяды.
Табиғаты тайыз ақында шебер­лік­тің шеңбері тар, сыпаты жалқы.
Болмысы байтақ ақын қалай салсаң солай ағып кете береді. Ол – өмірлік материалдың ұстасы. Сенімді, батыл ұста. Ол он өлшеп, бір-ақ пішеді. Қиындыны қиқым­нан ажырата біледі. Әр нәрсенің жарасымын табады.

КӨРУІ АЙШЫҚТЫ, ДҮНИЕ ТАНУЫ ТЕРЕҢ, ТҮЙСІГІ ТҰҢҒИЫҚ

Ұлы ақындардың әлемді көруі айшықты, дүние тануы терең, түйсі­гі тұңғиық келмек. Бүған ақылдың орамдылығы қосылмақ.
Ой-пікірдің, сана-сезімнің ұзақ жасауында болмыстың құнары жа­тады.
Абайдың өмір сырына қанықты­ғын, қилы пиғылға, мінез-құлыққа сұңғыла сыншылығын, сүйініш-күйінішін былай қойғанда, туған табиғатты көре, сезе, сезіне білуінде қаншама құдіретті нәзіктік жатыр.

ТІРШІЛІК ДЕГЕН – ОСЫ

Қасымның ақырғы күндерi көз алдыма келедi. Ол тынысы тарылып, жарық дүниемен қоштасқалы жат­қан­да, күнi кеше үстiнен ғайбат ай­тып, жүйкесiн тоздырған адам­дарға кектенбей: «Кештiм», – деген.
Өлiктi молаға түсiрерде белгiлi бiр жазушы:
– Жанынан артық емес, – деп, су жаңа сұр бешпеттiң жаға­сын тiл­гiледi. Әлгi жазушы:
– Қош, Қасым! – дегенде, көзi­нен жас шықты.
Бұрын Қасыммен көп ұстасқан көз жасы жас бейiтке тамды…
Тiршiлiк деген – осы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.