Деген екен…
24.10.2018
1785
0

***

Өтежан Нұрғалиев (1938-2011) жақсы ақын ғана емес, мықты аудар­машы ретінде қазақ оқыр­манына танымал ғой. Соны білген баспагерлер ол кісіге: «Мына бір топ өлең­ді ау­да­рып берсеңіз?» – деп бірде қолқа салады. Өтекең өлеңдерді парақтап қараған болады да:
– Жігіттер, кешіріңдер… Мен үп-үлкен ақын басыммен мынау секілді отызға толмаған сопляктарды аудармаймын! – дейді.
Сөйтсе, Өтекеңнің айтып тұрған «отыз­ға тол­маған соплягі» – Михаил Юрьевич Лермонтов екен.


***

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарының бұл ісін мінеп-шенеген жиналыстар көбейгені, соңдарына шырақ алып қудалап-соттаған науқан басталғаны мәлім. Сондай жиналыстың біреуі бұрынғы Мемлекеттік баспасөз комитетінде де өткен болатын. Республикалық баспалардың жетекші мамандары, баспахана басшылары, комитет қызметкерлері түгелдей қатысқан үлкен жиналыста Тұрсынбаев деген арнайы шақырылған қарт профессор ұзақ-сонар сөз сөйлейді. Сөзінде, алаңға шыққан қазақ жастарын сынаумен тынбай, соның төркінін әріден, қазақтың өз мінезінен, дәстүр-салтынан, шығып жатқан кітаптардың ішінен іздеуге тырысып бағады. Қысқасы, не керек, ол қазақтың ақ көңілділігі мен қонақжайлылығын да ұлтшылдық деп тауып, соның салдарынан сүйекке таңба түсірген желтоқсан оқиғасына келіп ұрындық дегенге саяды ғой. Профессордың мұндай баяндамасынан соң жиналған жұрт біреу төбелерінен қойып қалғандай, не айтарларын білмей сілейіп отырып қалыпты. Осы кезде жазушы Сұлтан Оразалинов қалың топтың ішінен суырылып шығып, мінбеге беттейді. Біреулер оқу мен жұмыстан шығып, енді біреулер сотталып, біреулер атылып жатқан, әйтеуір «қазақ жаман» деген қиын-қыстау кезең болса да, мінбеге шыққан Сұлтекең профессордың сөзін тайсалмай жоққа шығарып, халқын арашалауға тырысады. Қазақтың қонақжай мәрттігі совет үкіметіне дейін де пәленше рет дәлелденгенін, тіпті, оны қазақтың өзі шығармағанын, сонау Ибн-Фадлан, Ибн-Батута, Рубрук, Марко Полодан бастап, кешегі Паллас, Аткинсон, Янушкевич пен Залесскийлерге дейін тайға таңба басқандай хатқа түсіріп кеткенін нақты деректермен дәлелдеп береді. Профессор жақ аша алмай отырып қалыпты.
Жиналғандар арқасынан ауыр жүк түскендей «уһ» деп дем алып, сыртқа шыққан кезде бір досы Сұлтекеңе:
– Мынау алмағайып заманда бәлеге қалармыз деп бәріміз жүрексініп отыр едік, көңіліміздегіні айттың… Алла-тағала өзіңе жар болып, қызылкөзден сақтасын! – дейді шын ризашылдығын білдіріп.
Сонда Сұлтекең:
– Тау сыртындағы жау кәрлі келеді деуші еді, ту сыртындағы жау одан да бетер болады екен! – деп, ашуын баса алмай, маңдай терін сүрте беріпті.


***

Қазақ әдебиеті мен өнеріне қатысты белгілі қайраткерлердің әзіл суреттерін салып, оқырманға аты белгілі болған суретші Еркін Нұразхан бірде жолы түсіп, Жазушылар одағының «Шығармашылық үйіне» бара қалады. Көктемнің жылымық жайдары күні екен, есік көзіндегі ұзын орындықта бір топ қаламгер күншуақтап, маужырап демалып отырады. Келіп сәлем берген Еркінді олардың біреуі таныса, біреуі танымайды екен. Ол кездегі Еркіннің бастығы, «Балдырған» журналының Бас редакторы Мұзафар Әлімбаев:
– Жігіттер, сендердің аузы-бастарыңды қисайтып салып жүрген мықтың осы болады, – деп таныстырады.
– Е, осы жігіт пе еді? – деп, қаламгерлер риза болып, Еркінге қошемет сөздер айта бастайды.
Сонда орындықтың бір шетінде үнсіз отырған ақын Өтежан Нұрғалиев:
– Еркін інім, бұл ағаларыңды қисайтып салдым екен деп қысылма, сен әлі күнге бұлардың түп-түзу, тәуір портреттерін салып жүрсің. Ағаларыңның шын бейнесін көргің келсе, қарызға молырақ ақша сұра… Беттерінің қалай қисайғанын сонда көресің. Міне, ағаларыңның нағыз портреті сол! – деген екен.


***

Өр Алтайда есімі күллі Қаратай жұр­тына мәшһүр Абдолда Шегіров деген сыйлы ақсақал болды. Көп жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған, мінезі бала секілді аңғалдау, сол ақ көңіл адал­ды­ғымен жұртқа жұғымды қызмет атқар­ған абыройлы кісі. Ол өңірде «Ше­гіров солай депті, Шегіров бұлай депті» деген аңыз әңгімелер әлі күнге дейін кездеседі. Сол Шегіров ағамыз жетпісінші жылдар­дың соңында, ауылдық кеңестің төрағасы боп істеп жүрген кезінде өз еліне демалысқа келген жазушы Оралхан Бөкейді арнайы қонаққа шақырады. Орекең қасына совхоз дирек­торы Сайфолда Ауғанбаевты ертіп, Шегіровтің ауылына қарай тартады ғой. Машинадан түсіп, Шегіровтің ауласына кірсе – ауланың төрінде бір аяғынан байланған арқандаулы әтеш жүр екен дейді қыт-қыттап. Үйден Шегіровтің өзі шығып, қонақтарды құшақ жая қарсы алады. Амандық-саулықтан соң қашанда тілге шешен, сөзге өткір Сайфолда:
– Әбеке, қазақ ат арқандаушы еді… Сіз әтешті арқандай­тын болғасыз ба? – деп сұрайды.
Сонда Абдолда ағамыз:
– Әттесіне нәлет, бұл бір оңбаған, жүргіш әтеш. Біздің үйде жалғыз ғана тауық бар еді, сол тауықты менсінбей, көрші үйдің көп тауығымен көңілдес боп алды. Соған ашуланып, зинақорлық жасамасын деп әдейі арқандап тастадым, – депті бар шындығын ақтарып.


***

Жазушылар Ақселеу Сейдімбек пен Кәдірбек Сегізбаев бір-бірімен қатты қалжыңдасатын көрінеді. Былайғы бөтен жерде отырса да бірін-бірі мысалға келтіріп, әңгімелеріне бірінің атын бірі қосып, былайша айтқанда әзіл араластыра «тұздықтап» отыратын секілді. Бұлардың қалжыңына қаламдас достарының да үйреніп кеткені сонша, кейін ондай-ондайға мән бермейтін болып кетіпті.


Бірде Ақселеу «Жалын» баспасында жатқан бір қолжазбаға жабық пікір жазады. Қолжазба біреудің жазған ұзақ сонар ертегісі екен. Тегі ертегі нашар жазылған болса керек, Ақселеу: «Ертегінің қисынсыздығы сондай, сонау ықылым замандағы Шыңғысхан мен өткен ғасырдағы Наполеон соғысып, оларды бүгінгі біздің арамыздағы замандасымыз Кәдірбек Сегізбаев арашалап жүргендей әсер етеді» – деп, ресми пікіріне досының атын тағы да қосып жазып жіберіпті.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір