Кітапқұмар шекарашы
24.10.2018
1350
0

Рауан Қоңқабаев,
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Шығыс» Өңірлік басқармасы 2534 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары-штаб бастығы

Қазір кітап оқылмайды деген сөздің теріс екеніне 2534 әскери бөліміне барғанда тағы көз жетті. Шекарашы Рауан Сыдық­жанұлы оқушы кезінде арнайы дәптер бастап, оқы­ған кітаптарын тізімдеп жүрген екен. Қауырт жұмыстармен арада біраз уақыт өткізіп алған Рауан жақында сол дәптерін тауып алыпты. Тізімде 286 кітап тұр. «Бұл – тізімге енгені ғана. Дәптерді баста­ғанша және дәптер жоғалған­нан кейін де талай кітап оқылды ғой» дейді. Біз әр мину­ты санаулы шекарашымен аз-кем әңгімеле­сіп үлгердік.

– Кітапқа құмарлық қай жастан бас­тал­ды?
– Әріп танығаннан-ақ кітапқа құмарт­тым.
– Оған кім түрткі болды?

Шекарашы отбасымен

– Мен әріп танығаннан бастап, атам Қоң­қа­баев Ораз деген кісі «Көзім жетпей отыр, сен оқып берші» деп, ертегілерді, аңыз-әңгімелерді дауыстап оқытып қоятын. Кү­ніне 3-4 сағат тоқтамай кітап оқитынмын. Кейін ойласам, көзі көрмейтіндей кәрі емес екен, әрі ол кісіге ертегі не үшін керек? Тек, мені солай кітапқа баулыпты. Кітап арқылы тәлім-тәрбие беріпті.
– Ал, оқыған кітабыңды тізімдеу қай кезден басталды?
– Тізім жасау әбден кейін, 6, 7 сынып оқып жүргенде басталды. Ұнаған кіта­бым­ның астын қызылмен сызып қоятынмын, ал өте қатты ұнағанын қызыл әріптермен жазатынмын.
– Кітап таңдауда біреу көмектесуші ме еді? Әлде қолға тигенін талғамай оқи бердің бе?
– Менің анам Сегізбаева Жамал әдебиет маманы, бастауыш сынып мұғалімі. Үйде өзінің жеке кітапханасы болды. Сол кітап­тар­ды түгелге жуық тауыстым, мектеп кітап­ханасынан да ылғи кітап алып тұратынмын. Ол жерлерде жаман кітап болмайды ғой.
– Мына дәптерде 286 кітап бар екен. Одан бері де талай кітап оқыған шығарсың?
– Иә, бұл дәптерді кейін бастадым ғой. Ал, оған дейін де талай кітап оқығам. Олар тізімге кірмеді. Олардың атын, авторларын ұмытып та қалдым. Кейін оқыған кітапта­рым да бұл тізімде жоқ. Оқушы кезде жазған дәптерім ғой. Өткенде аяқ асты тауып алып, қатты қуандым. Қарап отырып, сол кезге қайта оралғандай болады екенсің.
– Ал, шекарашылық таңдауыңа не себеп?
– Шекарашы болуыма да атам ықпал етті деп ойлаймын. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты, кейін тәртіп сақшысы болып талай жыл қызмет істеді, тарих пәнінен сабақ берді. Сол кездердегі суреттерін көріп жүріп, әңгімелерін тыңдап жүріп, осы ма­мандыққа деген құштарлық күшейді. Содан 4 жылдық оқуын оқып, шекарадан бір-ақ шықтым.
– Шекараны қорғауға қырағылық пен асқан жауапкершілік керек. Уақыт та тап­шы. Де­ген­мен, қазір кітап оқып жүрсің бе?
– Қазір де қолым босай қалса, жарты сағат болса да кітап оқимын. Әсіресе, Бауыржан Момышұлының жазғандарын немесе сол кісі туралы жазылған дүниелердің бәрін қайталап оқып тұрам.
– Енді туған жеріңе, отбасыңа тоқтала кет. Ұл-қыздарың кітап оқи ма?
– Өзім 1982 жылы 22 шілдеде Алматы облысы Шелек ауылында туғам. Жұбайым­ның есімі Айнұр. 1 ұл, 2 қызым бар. Қыз­да­рым өзіме тартқан, кітапқа құмар. Аттары Талшын, Әлия. Ал ұлым кітаптан гөрі спортқа бейім. Есімі Шәмші.
– Әңгімеңе көп рақмет, Рауан! Ел іргесі берік болсын!


ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Жазушылар одағы бірлесіп, батырлар мен ақындар арасында үлкен басқосу өткізді. Шара шекарашы сарбаздардың рухын асқақтату және ақын-жазушылар мен журналистерге ел шетінің тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бастама алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ. Сонымен, алғашқы сапар – жақында ғана 50 жылдығын атап өткен Шонжы шекара отрядының төрінен басталды.


ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Шығыс» Өңірлік басқармасы 2534 әскери бөлімі ақын-жазушылар мен журналистерді жылы қарсы алды. 2534 әскери бөлімінің бастығы, полковник Бауыржан Тасимов бастаған шекарашылар қонақтарға ішкі тыныс-тіршілікті толық таныстырды. Сарбаздардың жаттығу алаңы, кітапханасы, кино залы, жатын орны, моншасы, бәрі де көңілден шықты. Шекараның арғы тарихынан сыр шертетін музейдің өзі бір әлем.
Кездесуде ақын-жазушылар келелі ойлар айтып, рухты жырлар оқыды. Шекарашылар да өнерден құралақан емес екен. Бірі музыкалық аспаптың құлағында ойнаса, енді бірі сүйсінтіп әнге салды. Шекарашы батыл, қырағы ғана емес, сегіз қырлы бір сырлы болуы керек. Оған полковник Қанатбек Мұғалұлының әншілігі, майор Наурызхан Ғазизұлының ақындығы, подполковник Рауан Сыдықжанұлының кітапқұмарлығы, подполковник Қанат Мейірханұлының ержүректігі дәлел!
Ең бастысы, бұл шара шекарашыларды бір серпілтіп, патриоттық сезімін арттыруға сеп болса, қаламгерлер үшін ұрпақты отанын сүюге, елін, жерін қорғауға үндейтін тың дүниелер жазуға жетелейтін жаңа өріс болды.


Ел шебінде – 50 жыл

ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Шығыс» Өңірлік басқармасына қарасты Шонжы шекара отрядының құрылғанына биыл 50 жыл. 1968 жылы бірінші тамызда қазығы қағылған Шонжы шекара отряды осы жылдар ішінде талай белесті бағындырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты биік болса, ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл, патриот келеді, халқына адал қызмет етеді», – деген болатын.
Қасиетті шекара шебінде көненің көзіндей тарихы терең әскери ұжымдарымыз барда, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелейтін шекарашыларымыз барда, ҰҚК Шекара қызметінің халық алдындағы беделі асқақтай беретін болады.

Бауыржан Тасимов,
2534 әскери бөлімінің бастығы, полковник


Дайындаған Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір