«ТАЛАН» ТАҒДЫР
23.10.2018
3691
0

Режиссер Болат Қалымбетовпен әңгіме


ФИЛЬМНІҢ ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

«Талан» – режиссер Болат Қалымбетовтың психологиялық драмаға құрылған авторлық фильмі. Фильмде 1917 жылғы «Октябрь революциясынан» кейін орнаған қызыл өкіметтің қырғыны баяндалады. Қызыл өкімет белсенділерінің тепкісі мен теперішін көрген жұрт жан сауғалап үдере көшеді. Көш басында – әулет анасы Мүтәра әже және оның кенже ұлы – Таласбек мырза. Мүтәраның үлкен ұлы мен немере інісінің сүйегін суыр ініне су құйып, қақпан құрып жүрген екі бала: Тағай мен Керім тауып алады. Көмусіз қалған ашық ордың ішіндегі мәйіттерді көрген Керімнің тілі байланып қалады. Қатты қорыққаннан тілсіз қалған Керім өмір бақи сөйлемей өтеді. Тек, Шорманның оғы тиіп жараланып, Тағайдың арқасында келе жатқан кезінде ғана: «Мені елге апарма, Тағай. Менің ауылды көргім келмейді», – дейді. Таласбектің бой тасалап көшіп бара жатқанын жантық шал (Мүтәра әжейдің қызметіндегі міскін) Шорманға жеткізіп барады да, Таласбектің жұртын қызыл белсенді Шорман қырып салады. Осы кезде бетіне қырбық мұз қата бастаған өзенде оюлы текемет ағып бара жатады. Жау оғынан бала Тағай мен оның құрбысы Керім ғана аман қалады.
Арада біраз жылдар өткенін білдіретін кадрдан кейін біз керме иықты, келбетті жігіт Керімді көреміз. Керім тамырын көлге жіберген алып қарағайдың бұтағында отырады. Көзі отты. Әлдекімді елегізи күтетін сияқты. Кейін оның күтіп жүрген адамы Бибісара екені білінеді. Ал, Бибісара – күйеуі соғыста өлген жесір келіншек. Жесір келіншек бойын өрттей шарпып, жар құшағын тілеген тән қызуын жүн сабап отырып қана баса алады. Ауылда болса, соқталдай болып Табылған жүр. Табылған – Қастек қарияның жалғыз ұлы. Өзі ақыл есі кемдеу бозбала. Әскери белдік тағынған ол талтүске дейін талықсып ұйықтауға бар. Ояна кетсе әдеті – айна алдына тұра қалып қолын тапаншаға ұқсатып кезену. Бірақ, бұл кезенудің жан білмейтін құпия себебі бар екен, себебін фильм оқиғасының шиырыққан бір тұсында, Қастек пен Шүкір әңгімелесіп отырғанда түсінеміз. Қастек қарттың қолында Табылған болып жүрген Тағай екен. Тағайға бірде аудандық милицияның нәшәндігі Шүкір әскери белдігін сыйлайды. Әскери белдікті беліне байлаған Тағай білдірмей Шүкірдің тапаншасын алып, айнаның алдына тұра қалғанда ар жағынан ежелгі дұшпаны Шорманның бейнесі шыға келеді. Содан бері кекті жас есалаңның кейіпіне еніп, Шорманның жолын күтіп жүреді. Күткендей-ақ, Шорман да келеді. Өйткені, Қастектің баласын әскер қатарына тізімдетуге келген Шүкір жоғалып кетеді. Шүкірді баласын соғысқа беруге қимаған Қастек жазым еткен еді. Қастектің қылмысын алыстан аңдып, біліп келген Шорман жас сұлу әйел Бибісараны оңашалап отырып, оның қолындағы білезікті көреді. Көреді де, Бибісараны тергей жөнеледі. Бопса сөзден ықпаған келіншекті Шорман буындырып өлтіріп тастай да жаздайды. Осы кезде Бибісара бұл білезікті тау сағалап, қиянда жүрген түсініксіз жаннан сыйға алғанын амалсыз мойындайды. Шорман мылтығын оқтап алып тауға бет алады. Оған Тағай жолбасшылық жасауға келіседі. Өйткені Табылған – Тағай Бибісараны таудағы жабайыдан қызғанатын еді. Фильмнің соңында Шорман – Керім – Тағай үштігі ұшырасады да, оқиға Шорманның өлімімен аяқталады. Шорманды Тағай қаныпезердің өз мылтығымен қандайды. Керім де өледі. Тағы да су бетінде текемет жүзіп бара жатыр. Суға алақанын өптірген жүкті Бибісара жағалауда жалғыз қалады.


Дәурен Қуат: Болат мырза, құт­тықтауымды қабыл алыңыз! Сіз кезекті рет көпшілік көрермен қызыға тамашалайтын толық мет­раж­ды көркем фильм түсіріпсіз. Қазір қандай көңіл күйдесіз? Әдет­те шығармашылық адамы ойға алған дүниесіне нүкте қойған соң оған беттей алмай жүреді емес пе? Мысалы, жазушы қандай да бір әңгімесін не роман, повестін жа­зып бітірген соң ішкі әлемі бос қалғандай күй кешеді. Сіз де сон­дай көңіл күйдесіз бе, әлде қалай­сыз? «Таланды» түсіру барысын­дағы құлшыныс тап қазір бой­­ыңыз­­дан табыла ма?
Болат Қалымбетов: Фильмнің көңіліңізден шыққанына қуанып отырмын. Жылы лебізіңізге алғыс айтамын. Фильмді түсіріп болған соң, жай тапқандаймын. Босап қалған сияқтымын. Десе де, «Та­лан­ды» толық көңілімнен шықты дей алмаймын. Бір эпизодты бас­қаша түсіруім керек еді. Бұл тақы­рып­ты қолға алғаныма, осы тақы­рып­ты түсіремін дегеніме он жыл­дың жүзі бопты. Біраз жылдар бойы сценарийді жазып, то­лық­тырдым. «Таланда» көрес­тілетін тауқымет жылдары қазақ­тың басы­нан сан қилы оқиғалар өтке­ніне көзім жетті. Қазақ тари­хын­дағы осы бір қасіретті жыл­дарды қарапайым адамдар арқылы көрсетіп, олардың жан-дүниесін кино тілімен ашуды мақсат тұттым. Қолымнан келген, келмегенін көрермен өзі шешер. Бірақ, азамат ретіндегі өз міндетімді атқардым деп ойлаймын.
Дәурен Қуат: «Талан»… «Талан дегеніміз – таланына табылғанды жеу – бұйырған нәсіпті көру, маң­дайына жазылғанын көру» деп түсініктеме береді «Сөз – сандық» атты кітабында Кәкеш Қайыржан ағамыз. Маған алдымен әсер еткен жайт: фильмнің «Талан» аталуы болды. Бөке, тарихи оқиғалар қол­дан жасалады. Оны сіз бек жақсы білесіз. Енді ашылып жатқан құпия дереккөздері жарты әлемді жал­маған «қазан төңкерісі» Ресейде емес, алдымен Шевейцарияда болуы керек еді» дейді. Бірақ, төрт­күл дүниені асты үстіне келтіріп билеуді жоспарлап отыратын халы­қаралық жасырын ұйымның жал­даптары революцияның ұрығын әкеліп Ресейге себеді де, оның тетігін Лениннің қолына ұс­та­тады. Ал Лениннің, Ленин бас­таған большевиктердің не істегені бел­гілі. Ақ патшаның қанды қы­лы­шының астына қараған жұртты қынадай қырып отырып, ком­мунис­тер билігін орнатты. Қоғам­ның дегдар қауымын асты, атты, қайтып келмес сапарға айдады. Халықты аштықтың аран аузына апарып тастады. Осының бәрін өзгелерден бұрын қазақ халқы көрді. Алайда, алаяқтар мен жен­деттерден құрылған күш өздерінің адамзат алдындағы қылмыстары мен күнәларын «бостандық», «тең­дік», «езілген таптың еркіндігі» де­ген сияқты саяси ұрандармен бүркемелеп бақты. Әйткенменде, большевик-коммунистердің көз­дегені бір-ақ нәрсе еді: ол – қазына байлыққа ие болу. Сіздің «Тала­ныңыздан» мен соны көрдім. Жан сауғалап ауа көшіп, босып бара жатқан Таласбек мырзаның соңына ерген қорғансыз халықты қырып салып, «қызылдарға қызметін асырған» Шорман (Ержан Нұрым­бет) фи­льм­нің кульми­нация­сында Та­ғай­мен кездеседі ғой. Сонда Тағай (Асан Мәжит): «Ей, Шорман, сенің өмір бойы іздегенің менің әкемнің алтындары еді, мә, ал соны, ал да, құлқыныңды біте!» деген сөз айтады. Осы көріністен мен Шор­ман мен Таласбек, Талас­бектің жал­ғызы Тағай арасындағы тартыс­ты ғана емес, тұтас дәуірдің, кешегі қанқұйлы заманның бар болмысын көргендей болдым. Оның үстіне қазір көпшілік ұмыта бастаған «Талан» сөзі ХХ ғасырдағы қазақ­тың маңдайына жазылған тағдыры екен, сол тағдырды менің аталарым қайткенде кешіп өтуге тиіс болған екен деп және толқы­дым.
Болат Қалымбетов: Фильмнің атауын қоярдан бұрын жақсылап ойландық. Іздендік. Қазан төң­керісі, ашаршылық, атамекеннен амалсыз жер аудару сынды нәу­бет­терді сараптай келе – қазақтың тағ­дыры талан-таражға түсіп жат­қанын ұғасыз ғой. Сол себептен де фильмді «Талан» деп атадық. Оның үстіне – талан сөзі тағдыр сөзінің синонимі. Бұл тақырып кинода енді ғана көтіріліп отыр.
Иә, «Таландағы» тартыстың ар жағында «ақ пен қызыл болып айқасу» немесе Совет өкіметіне қарсылық білдіріп елден, жерден кету емес, ашкөздік, дүниені басып қалсам деген тойымсыздық жатыр. Алайда, Таласбектікі әкеден қалған мүкәмал мүлікке ие болып соны сақтаудың қаракетін аңғартса, Шормандікі басқа. Оны жер дүние­ге сыйдырмай аласұртқан мәселе – Таласбектің алтын күмісін басып қалу. Фильмнің ақыр соңында ол әлгі ойын әшкерелеп алады. Бы­лайынша, Совет өкіметінің адал құлы көрінгенімен Шорман бай­лық қуған қаныпезер адам. Шор­ман­ның сондай суық келбетін, жан­дүниесін қатыгездік жайлаған жат пиғылды жан екендігін актер Ержан Нұрымбет келістіре сомда­ды деп ойлаймын.
Дәурен Қуат: Үнді халқының ұлы жазушысы Рабиндрант Тагорды «әйел жанының білгірі» деседі. Тагордың «Құлдырауын» («Крушение») оқыған соң әде­биет­тегі беделді пікір иелері осылай дес­кен көрінеді. Әрине, әдебиетте «әйел жанының білгірі» жалғыз Тагор емес. «Бавари ханымымен» Флобер, «Анна Каренинасымен» Толстой мақтана алатын болар. Ал бізде «Қаралы сұлу» бар, Ай­мауы­тов­тың «Ақбілегі» бар, Әбіш Кекіл­баев­тың «Шеткері үйі» бар, Ма­ғауин­нің «Тұлымханның бақыты» да сұмдық. Осыдан шығарып айтпағым, сіз, байқауымша, қазақ руханиятының қайнар бастауынан қанып өскен режиссерсіз. «Талан­дағы» тулақ сабап отыратын Бибі­сара мысалы, «Қаралы сұлудағы» Қарагөздің күйінде көрінеді. Айып етпеңіз, сіздің ВГИК-ті бітірген әріптестеріңізді бірі болса, Бибі­са­раны анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш етіп, көрерменнің көз алдында ыңырсытып қана қояр еді. Ал сіздің – ері соғыста өлген жап-жас әрі сұлу, бәденді Бибі­сара­ңыз тулақ сабап отыр. «Тұл қатын тулақ сабап қалды» деген осы бо­лар. Осы эпизодтты қалай тап­ты­ңыз? Маған режиссердің әлгі эпи­зод­тағы тапқырылығы қайдан, неден келді – соны білу «қызық» боп тұр.
Болат Қалымбетов: Кез келген адам баласы жан мен тән табиға­тына қарсы табандап күрескенімен, одан бәрібір жеңіліс табады. Бұл эпизодта жесір қалған әйелдің жар құшағын аңсап, сол сәттен арыл­уын, бойындағы алау отын өшіруін дәл осылай бергім келді. Себебі: жүн сабау – о замандағы әйелдің тұрмыстағы бір тірлігі. Кейде ол ішкі шерін жүн сабап отырып тар­қатқан. Әйел жанын азапқа сала­тын қиындау эпизодтарды көрер­мен­ге астарлап жеткізбесең бол­майды. Біздің көрермен шеті­нен эстет: ар – ұятты бәрінен жо­ғары қояды. Мен соны барынша ескеріп, әдептен озбауға тырыстым. Оның үстіне экранда Бибісараның жан-дүниесі мен сыртқы пласти­касы әдемі үйлесім тапқандай болды. Менің «тапқырлығы­мы­ның» бар кілті осында. Керім мен Бибісара оңаша қауышқан сәтті де абайлап бақтым. Ол кездесуде қос ынтық бір бірінің бетін бүлдірген­нің қызылымен бояйды. Не үшін? Оны тәптіштеп жатудың қажеті жоқ шығар. Кино тілі дегеніміз – осы. Кинода бәрін ашып айта беруге болмайды.
Дәурен Қуат: Дұрыс айтасыз. Әйтсе де, «Таландағы» әйелдер роліне қайыра бір оралайық. Әми­на Өмірзақовалардан басталған әйел – ана бейнесі қазақ киносын­да сәтті жалғасын тауып келе жатыр. «Менің атым – Қожадағы» Қожаның әжесі қандай, мысалы! Оразбек Сәрсенбаевтың әңгімесінің желісі бойынша түсірілген «Доланадағы» Тамара апамыз (Қосубаева) кейіп­теген ана бейнесін әлі күнге әспет­тейміз, құрмет тұтамыз. Кейінгі уақытта түсірілген кино-картина­ларда да, мәселенки, Досхан Жол­жақсыновтың «Біржан салы» мен «Құнанбайында», Ермек Тұр­сынов­тың «Аңшысында» әйел – аналардың характері ерекше көрінеді. Қазақ киносындағы сол әйел – аналар галереясынан сіздің Мүтара әжеңіз де өз орнын тапты деп, басқаны білмеймін, өз басым ашық айта аламын. Әдетте біз шетелден кино өнерінің белгілі бір майталманын әкелер болсақ, оның түр келбеті қазаққа келе ме, жоқ па, қарым қабілеті қандай дегенді ысырып қойып, атағына, даңқына жығыламыз. Сіздің «әжеңіз» де жай адам емес. Қырғыз Республикасы­ның халық әртісі – Жамал Сейдах­метова! Мүтараның ұлы, немере ағайынының баласы дұшпан қолы­нан қаза тапқанда еш қайыспауы, жер жеміріп, жел кемірген өліктер­дің жүзіне батыл қарауы тағы да «Талан» тағдырдың қазақтың маң­дайына жазған талайы болса керек. Қырғыз актрисасын қалай тапты­ңыз? Оның жүзіндегі, әсіресе, анау иегі мен ернінің үстіне түскен әжім­дері арқылы туған жерін ерік­сіз тастап ауа көшкен ел тағдырын көрсете алдым деп ойлайсыз ба?
Болат Қалымбетов: Бұл ак­три­са­ны мен баяғыдан білемін. Жамал Сейдахметова – қырғыз киносын­ның дамуына үлес қосқан актриса. Қырғыздың «Құрманжан датқа» фильмінде эпизодта Құрманжан­ның қартайған шағын сомдағанын көріп, бірден шешім қабылдадым. Өйткені, бұл кісінің фактурасы біздің Мүтара образына дәл келген еді. Сондықтан да кинобайқау өткізбестен осы кісіні ролге бекіт­тім. Мүтара әжейдің түр келбеті қа­зақ­тың басына түскен нәубет­терді айтып тұр. Қанша қиындық көрсе де, Мүтарадай әжелеріміз мойымаған. Қасиеттерін жоғалтпа­ған. Бекем болған.
Дәурен Қуат: «Сардарды» еске алайықшы. Ол – «ақтабан шұбы­рынды, алқакөл сұлама», «қайың сауған, ел ауған» заманның зарлы бейнесін таспалаған фильм. «Айналайында» ядролық сынақ­тар­дан «сүйегі» сырқыраған Семей даласындағы елдің халі…оған міне, «Талан» қосылды. Сіз кино тілінде туған халқыңыздың қасырет кеш­кен тағдырын сөйлетіп келесіз. Осы талабыңыздан таймаңыз. Себебі: бүгінгі ұрпаққа, жалпы әлем көрерменіне қазақтың «Таланға» түскен, талауға түскен кешегі тағдырын кино арқылы көрсету мейілінше керек сияқты. «Таланмен» тағдырлас Фэн Сяо­ган­ның «1942 жылды еске алғанда», Стивен Спилбергтің «Шиндлердің тізімі», т.б. фильмдер қазір кино әлемінде трендке айналған сияқты. Міне, осындай трендтерден қазақ киносы да тірек тауып, өзек тауып, дами беруі керек. «Таланды» көріп отырып мен осыны ойладым.
Болат Қалымбетов: Біздің буын кинематографистері киноны ойын-сауықтық дүние деп қабыл­дамайды. Біз үшін кино – үлкен өнер. Біз бұл өнер түрі арқылы еліміздің, халқымыздың кешегі және бүгінгі тарихын экранға кино тілімен жеткізуді мақсат тұтқанбыз. Әрі бұндай ауыр тақырыптарды киноға әкелу менің азаматтық парызым деп білемін. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда «қазақстандық кино» және «қазақ киносы» деген үрдіс пайда болды. Бұл қаншалық­ты дұрыс не бұрыс үрдіс екенін уақыт көрсетер. Кинодағы қазақ образын қазақы танымдағы режис­сер жасамаса, онда оның бәрі бекер кинотуынды болмақ.
Дәурен Қуат: «Сардарда» сіз екі жігіттің кино өнеріндегі жолын аштыңыз. Ол екі жігіт: Ержан Нұрым­бет пен Қуандық Қыстық­баев. Қазір бұл екеуі танымал тұлғаларға айналды. Ал «Таланда» ашқан тарландарыңыз: Тағай – Асан Мәжит пен Керім – Жасұлан Әйтенов дер едім. Таласбек мырзаның баласы Тағай жұртта қалып өзімен тағдырлас Қастектің бауырынан пана табады. Қастек оған «Табылған» деп ат қояды. Фильмнің оқиғасы өрбіген тұста Табылғанды ақыл есін жоғалтқан бозбала екен деп ойладым. Бір кереметі Табылған өзінің кеміс­тігіне көрерменді сендіріп бағады. Ол Бибісараға іштей ынтық болып жүріп, оған таудың тар шатқалында кездесіп қалған сәтінде «Құс болып ұшайықшы» дейді де, қыран құс­тың қиқуын салып, беткейден төменге ұра жөнеледі. Мен осы жерде селк ете қалдым: ол жынды емес екен, ол еркіндігін аңсаған ер екен. Ал еркіндігін ештеңеге айыр­бастағысы келмеген Керім таудың тағысына айналып ер жетеді. Бір бірін көрмей өскен өрімдей екі жасты ортақ дұшпан Шорман «табыстырады». Негізінде Тағай мен Керім бала күндерінен бірге өскен дос, туыс. Бала кездерінде Тағай өжет, Керім момындау бала болады. Бірақ, сұрқай заман Тағай­ды «жынды», Керімді бөрілермен бірге жорытқан бөлтірік ұл етеді. Енді сіз маған режиссер ретінде фильмдегі актерлар қалай таңдал­ды, олармен қалай жұмыс істедіңіз? Қандай қиындықтар мен қисынды сәттер болды – соны айтып бер­сеңіз деймін.
Болат Қалымбетов: Асан Мә­житті бұрын танымайтынмын. Бірде теледидардан оны көріп қалдым. Сосын іздеп жүріп тауып ал­дым да, Асанмен екі жылдай жұмыс істедім. Оны әбден дайын­дадым. Бұл – Асан Мәжиттің кино­дағы тұңғыш басты рөлі. Ал Керімді кейіптеуге тиіс актерді біраз ізде­дім. Өйткені, бірінің түр-түлғасы сай келсе, екіншісінің ойы сәйкес келмей жатты. Түсірілімге үш-төрт күн қалған кезде көмекшілерім Жасұланды маған алып келді. Көрдім де он минуттай сөйлесіп, Керім роліне осы жігіт лайық-ау деп, ролге бекіттім. Актерлермен жұмыс істеуді ұнатамын. Өйткені менің бірінші мамандығым актер. Оның үстіне жеті жасымда менің кинодағы әкем – Абдолла Қарсақ­баевтың көзіне түсіп, оның фильм­де­рінде ойнадым. Актерлермен жұмыс істеуді Абдолла ағамнан үйренгем. Мен актерлерге сцена­рийді толық бермеймін. Тек өз­деріне тиесілі репликаларын ғана беремін. Сценарийді түгел оқып қойған актер, айтатын сөздерін жаттап алады да, кейіпкердің жан-дүниесіне енбей, жұтаң ойнап шығады. Ал мен ондай ойынды қабылдай алмаймын. Актер ролге жан-тәнімен берілуі қажет деп ойлаймын.
Дәурен Қуат: Бөке, «Таланда» суға неше текемет ағыздыңыз (әзіл)? Ал, әзіл қалжыңды былай қойып айтсақ, суға ағып бара жатқан текемет – қазақтың ағып өткен бір дәуренінің көрінісі іспет­ті дүние ғой. Бұндай көрініс бұрын соңды қазақ киносында болмаған сияқты. Сіз жалпы кинода ымды, символдық белгілер мен таңбалар­ды шебер сөйлете аласыз. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Ал бүгінгі әң­гімемізді «Таландағы» суға кет­кен текеметпен түйіндесек деймін.
Болат Қалымбетов: Суға үш текемет кетті (күлді). Киноның іс-шаруашылығын басқарған жігіттер атпен қанша қуғанымен текеметтер ағып жеткізбей кетті. Сөйтіп «Қазақфильмге» үш текемет қарыз болып қалдық. Текемет – қазақтың, ал су – өмірдің символы деп алдым. Қазақ қайдан келіп, қайда кетіп барады деген сауалға әр көрермен өзі жауап берсін деп фильмнің финалын ашық қалдырдық.


«Талан» – авторлық, писхологиялық драма
Ролдерде ойнағандар:
Жамал Сейдахметова – Мүтәра
Ерік Жолжақсынов – Таласбек
Шынар Жанысбекова – Бибісара
Ержан Нұрымбет – Шорман
Ұлан Нүсіпәлі – Шүкір
Оңдасын Бесікбасов – Қастек
Асан Мәжит – Тағай
Жасұлан Айтенов – Керім
Қаршыға Әлікенов – бала Тағай
Аян Өміржан – бала Керім
Режиссері – Болат Қалымбетов
Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің қатысуымен сценраийін жазғандар: Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір