ЗАМАННАН ЗАМАН ОРАЛҒАН
23.10.2018
26539
9

«Қайырсыз неге десеңіз…»

Ұлттық ұстаным мен перзенттік парыз, ақындық мінез бен азаматтық міндет елдің тағдыры сынға түскен кезде айқын бай­қалатыны белгілі. Әсіресе, бұл ұғымдар қазақ елін отарлаушылар билеген дәуірді жырлаған өлең-толғауларда нақты көрініс тапты. Соның ішінде зар заман әдебиетінің айтулы өкілі, ел мен жер тағдыры, ұлт пен жұрт ахуалы жөнінде ой толғаған Мұрат Мөңкеұлы жырларының орны бөлек.
Ақынның «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әт­тең, бір қапы дүние-ай» толғаулары – қоныс­тың құтсыздығына налып, көшкен жұрттың хал-ахуалын шынайы бедерлеген біртектес дүниелер. Бәрінде де көшпенді ел өмірінің қайғы-мұңы айтылған. Бірақ бұлар – ауыз әдебиетінде ежелден бар дәстүр бойынша көштің сән-салтанатын асырып, керуеннің мал-мүлкін, керемет жасау-жабдықтарын мадақтайтын өлеңдер емес, көшкен елдің жұртын сағыну сарынындағы толғаныстар. Үш шығармада да біркелкі сурет: иесіз қалған жер, амалсыз қоныс аударған ел, жақсылар­дың табаны тиген жайлау мен жайылым, сай-сала, енді қайтып оралмас қимас дәу­рен… Ақын осының бәрін еске алып, өзегі өртеніп тұрса да, мұндай жерді халықтың мекендеп қалуына қайлы емес. Сонымен, Мұрат антиутопиясының түпқазығы – «ады­ра қалғыр, қайырсыз қоныс» десек, мұның себебін ақынның өзі былайша тұжырым­дайды;
Қайырсыз неге десеңіз,
Асан Қайғы, Қазтуган,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Қалған екен солардан.
Біз де бір сондай болармыз
Артық па едік олардан?!
Бұл – ежелден келе жатқан жайлы жер іздеу идеясынан туындайтын сарын. Асан Қайғы жерінген («Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер»), Қазтуған жырау жиренген («Қарға бойлы Қазтуған, Қайғыланып көшкен жер») қоныс қашаннан қазақтың атамекені болса да, елді бір жайсыздық билеп, қауіп-қатердің елесі кезе бастағанда «берекесі кеткен, киесі қашқан» жұпыны күйде суреттелуі – халықтық көңіл-күйдің әсері. Жан жақтан анталаған жау бой көтерсе, алдымен жерге көзі түсерін жырау­лардың қай-қайсысы да айтты… Туған даланың тулақтай бөлігі үшін қан төккен қазақ үшін ел мен жер – бір ұғым. Қоныстың құты қашты деген сөз жалпақ жұртқа жайсыз заман келе жатыр дегенді білдіреді. Асан Қайғының «Жерұйықты» іздегені туралы аңыз-әпсаналар – қыспаққа ұшыраған елдің ой-арманының көрінісі. Себебі, академик Сейіт Қасқабасов айтқандай, «Мұндай саяси-әлеуметтік жағдай елдің наразылығын туғызбай қойған жоқ, халық енді бұл дағ­дарыс­тан құтылудың жолын іздеді. Оны қиял­дан, әлеуметтік утопиядан тапты. Өйткені қиыншылықтан, қоғамдық езгіден құтылудың басқа жолын халық білмейтін». Міне, Асанның жайлы жер қарап, бір мекеннен екінші мекенге кетуі Мұраттың «қайырсыз қоныс» қағидасының қозғаушы күші болып саналады. Ақын бабалардың атамекенді тастап, үдере көшуін отарлау жорығымен байланыстырады.
Еңсемді кәуір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.

* * *

Билікті кәуір алар деп ,
Қараның ұлы Сидақтың
Қайғыланып көшкен жер.

* * *

Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Елімді кәуір алар деп,
Тыным алмай көшкен жер.
Мұрат толғауларында аталатын тұлғалар – өткен тарихымызды айшықтап, кешегі күніміздің бағасын арттыра түсетін, әрісі аңыз-әңгімелерге, берісі дерегі бар шежіре-жазбаларға арқау болған белгілі кісілер. Ақын соларды ұлы көштің үстінде, ел баста­ған кейіпте көреді. «Еңсемді кәуір басар деп…» – көшпенді өмірмен рухтас жау­гершілік заманның тағы бір дабылы.

«Мен заманнан қорқып барамын…»

Жалпы, Асан Қайғы есімі зар заман ақындарының ішінен Мұрат Мөңкеұлының шығармаларында көп ұшырасады. Мұның өзіндік себебі бар. Мұрат ақын Асан тол­ғауларынан басталатын «ауа көшу», «қоныс аудару» сарынына үн қосады. Қоныстың құтсыздығы – ақынның негізгі тұжырым­да­рының бірі. Ол көшкен елдің әйгілі адамда­рын санамалап жырға қосқанда, Асан есімін ауық-ауық атап отырады: «Артынан қазақ жұрты кетем деген, Соңынан Асан бидің жетем деген», «Асан би жердің үстін барлап кетті», «Қонысқа таласасыз бұ заманда, Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген», «Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ Мамай, Біз түгіл осылар­дан қалған қоныс», т.б… Қазақтың басына бұлт үйірілгенде жайлы қоныс іздеу идеясын Асан бастаған тұлғалардың әрекеті арқылы негіздеген Мұрат ұлы ойшылдың болжал өлеңдерінің де табиғатын сезінеді:
Заманның болар тәрізін,
Асан Қайғы әулие
Көзі көрмей байқады.
Тегінде, Мұрат шығармаларын оқығанда ақынның өзі ғұмыр кешкен өлкедегі жер-су атауларына өте жетіктігін, өңірдің тарихына қатысты аңыз-әңгімелерді жақсы білетінін аңғаруға болар еді. Бабаларының басқан ізіне қарап, тұлғаларды жоқтайтын «Үш қиян» толғауында қазақ жұртының өткен өмірінен мәлімет беретін сан алуан атаулар мен есім­дер көптеп кездеседі. Мұраттың жырында «Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер» делінгендей, қоныстан қоныс таңдап, жер үстін шарлаған ойшылдың аз-кем тұрақтаған мекені болған көрінеді:
Ақтөбе менен Қорғанша –
Асан Қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
Мұның бәрі ақынның Асанның шығар­маларының сарынын толғауларына арқау еткенін, оның өзіне қатысты ауыздан-ауызға жеткен әңгімелерді санаға сіңіріп өскенін дәлелдейді. Ал басқа зар заман жыршыла­рының өлеңдерінде Асан есімі аталмайды. Бірақ оларға тән сәуегейлік айту үрдісі данагөй тұлғаның толғауларынан бастау алатыны анық.
Эсхатологиялық түйсікті оятатын үрей, қорқыныш, қауіптің пайда болуы – айнала­дағы құбылыстардың жақсылық әкелмесіне көз жеткізгендіктің белгісі. Заманақырдың алғы шарттары ретінде сипатталған жаманат нышандары зар заман жыршыларының шығармашылығында толық көрініс тапқан. Әрине, әрқайсысының таным-тағылымы әр қилы. Бірақ бәрінің де ортақ байламы «таби­ғат азды, заман азды, адам азды» тұжырымы төңірегінде тоғысады. Осы нақты шешім келешекке қауіп ойлатады. Белгісіз болашақ­тың бейнесі көңілге қорқыныш ұялатады, үрей туғызады. Күнделікті тіршілігіндегі келеңсіз нәрселердің көбеюін жаман ырым көріп, алдағы күннен секемденеді. Себебі, фольклоршы ғалым Болатжан Абылқасымов тұжырымдағандай, «әу баста адам баласы маңайында болып жатқан сан түрлі құбылыс­тың сырын әр түрлі белгісіз күштерден көруі заңды». Бір атап кетерлік нәрсе, бұл қара бастың қамы, жеке адамның сезімі емес, халықтық үрейдің поэзияда ақындық «мен» арқылы айтылуы. Мысалы, Мұрат Мөңке­ұлы­ның мына ой-тұжырымдарын осы тұрғыдан түсінгеніміз дұрыс.
Мен заманнан қорқып барамын,
Кейінгі өскен жас бала,
Кіріптарда қалар деп

* * *

Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін.
Ақынның «Топқа түскендегі толғауын­дағы» «Алпыс күн тасқан дария, алты күнде қайтады» деген тіркесін әдебиеттегі діни мазмұндағы образ түрлерін зерттеуші Асылан Жақсылықовтың: «Жарық дүниенің ақыры – заманақырдың көп мағыналы тұспалмен аталып өтуі», – деуі құптарлық-ақ. Әйтсе де бұл Мұраттың барлық шығармаларына тән үрдіс емес. Кей тұста тіршілік, болмыс хақында «қиямет» ұғымымен байланыстыра ой толғайтын («Кімдер бар да, кімдер жоқ, Дүние қараң қалған соң») оның зарзамандық концепция­сы отаршылдық дәуір туындатқан құбылыс­тар­ға («Бір пәледен мың пәле, Өсіп кетті балалап») негізделген.

«Еділді алса – елді алар…»

Зар заман ағымы өкілдерінің қай-қайсы­сының шығармаларынан да «елді алды», «жерді алды», «жау алды» тіркестері ұшыра­сады. Мысалы, елдің трагедиясын («Қара бұлттай қабындап, Халықты басты қайғы-шер»), жердің қайғысын («Өлексесін құшақ­тап, Қала берді туған жер») жырлаған Дулат Бабатайұлының бар мұңы «жау алды» ұғымының төңірегінен туындайды. Ол «Ата қоныс Арқадан» деген өлеңінде ілгерідегі шапқыншылық туралы: «Қалмақ тартып барды алды, Ұйқысы түссіз қанбаған, Ел қалап, ер таңдаған, Берген серттен танбаған, Аққұба ару жарды алды», – десе, Шортанбай Қанайұлы отарлаушылардың билеп-төстеуін «Еділді алды, елді алды, Енді алмаған нең қалды?», – деп күйінішпен баян етеді. Еділ – ежелден қазақ жырында атамекеннің тұтас ұғымы ретінде қалыптасып кеткен атау. Осыған орай академик Рәбиға Сыздықова: «Қазтуған «кір жуып, кіндік кескен туған жер, отан, халқының тұрақты мекені» деген идеяны білдіру үшін Еділ өзенін символ етіп жырлайды… Туған жердің, ел отанының символы ретінде Еділ, Жайық деген заттық нышандарды алу күні кешегі Махамбеттерге дейін келді», – дейді. Зар заман поэзиясында да «Еділді алу» – ел мен жерден айырылу ұғымын танытады. Мұраттың «Сарыарқа» толғауындағы «Еділді алу» – қазақ жерінің қақпасына кіру, отарлау жорығының басталуы дегенді білдіреді. Елдіктің символы – Еділдің басқаның қолына көшуі – халықтың басты қасіреті, трагедиялық ахуал­дың түйінді тұсы. Мұраттың ұғымына салсақ, Еділ – «ел», Жайық – «жан», Ойыл – «ой» түсініктеріне орайлас қасиетті нышандар. Осы үшеуі тұтастық құрап, бір-бірін толық­тырып тұрады. Ақын «Қазтуған» атты жы­рында сол қастерлі үштіктен біртіндеп айы­рылудың қайғысын баян етті: «Еділді алса – елді алар, Енді алмаған не қалар? Жайықты алса – жанды алар, Жанды алған соң не қалар? Ойылды алса – ойды алар, Ойлашы, сонда не қалар?».
Мұраттың әйгілі «Үш қиян» толғауында да туған жер ұғымы үштағандық тұтастық («Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян») арқылы аңғартылады. Бұл ұғымға Мұрат ақын көбіне-көп елдік, халық­тық тұрғыдан мән берген. Ол отарлаушылар­дың алдында кесе-көлденең жатқан үш өзен­ді жайлаған үш мекенді жауды жақын­датпайтын қалқан көреді. Бұл үштіктің іргесі сөгілсе елдің күйі қашқаны деп санайды: «Еділді тартып алғаны – Етекке қолды сал­ғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойдағысы болғаны».
«Үш қиянның» азалы түйін-тұжырымы осы. Әбубәкір жырында бұл ахуал: «Еділ-Жайық екі су, Ел қонарға тар болды», – деп бейнеленеді. Сондай-ақ Еділ мен Жайық атаулары ел мен жерден еріксіз жылжу оқиғасын баяндаған көрші халықтардың әдебиетінде де кездеседі. Мысалы, Л.С­.Толс­това «Аралдың оңтүстік өңірінің тарихи аңыздары» атты еңбегінде мынадай дерек келтіреді: «Жиделі Байсын жерінде 4 сан қарақалпақ пен 6 сан қазақ болыпты. Қа­ра-қ­алпақтардың бегі Орман би екен. Оның соңында жалғыз қызы ғана қалыпты. Әйелден би шықпайды дегенді ұстанған қазақтар өз арасынан би сайлайды. Сөйтіп, билікке ие болған қазақтар қарақалпақтардың Жайық деп аталатын жайлауын тартып алыпты». Қарақалпақтар сонда былай деп жыр айтқан көрінеді:
Едилди алды – елди алды,
Жайықты алды – жайды алды,
Енни алмаган не қалды?
Ферғана қарақалпақтарының аузынан жазып алынған бұл ежелгі аңыз сонау Ноғайлы дәуірінен жеткен өлең тармақтары­ның әр халықтың поэзиясына кеңінен жайы­лып, әбден сіңісті болып кеткенін көрсетеді. «Еділді алды, елді алды» – адам баласының өзі мекендеп отырған жерден ығысып, қо­ныстан айырылуының зары болып шығады.

«Мынау Жайық деген суыңыз…»

Елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарынының үндестігі қазақ және қырғыз ақындарының өлең-жырларында қатар байқалды. Талауға түскен елден кетіп, жайлы жер, ыңғайлы қоныс іздеу идеясы еркіндік, бостандыққа ұмтылу мұраттарымен орайлас келеді. Кетіп бара жатып, атамекенге қайырылып сөз айту, сол арқылы көкіректегі ащы шерді ақтарып, сағыныш пен мұң өрбіту – екі ел ақындарының поэзиясына тән нәрсе.
Әй жақсылар, жақсылар,
Бұл қоныстан кетпесең,
Бұны талақ етпесең,
…Жалауыңды жолақ деп,
Одаманды одақ деп,
Қасына соның ерерсің, –
деп Мұрат Мөңкеұлының Қазтуғаны ескерт­кен қауіп расқа айналып, ел-жұрт үдере көшкен заманда ақындардың қоштасу жыр­лары көптеп айтылды. «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келедінің» жаңа сипаттағы үлгілері өмірге келді. Қойнауы ырыс-несібеге, жайлауы малға толған туған жерді аңсау сарыны қоштасу жырын айтар тұста айқын аңғары­лады. Асан Қайғы сияқты Жерұйықты келе­шек­тен іздемей, өткен өмірді, түтіні түзу тір­лік­ті сағыну зар заман ақындарының бәріне тән.
Туған жердің табиғатына тамсана қарап тұрып, өткен күннің елесін іздеу, жастық дәуренді, балалық шақты еске алу үрдісі көрші ел ақындарының өлеңдерінде көптеп ұшырасады. Бұл сағыну мен зарығудың жөні бөлек. Өлең-жырларға өзек болған нәрсе – атақоныстың талауға түсіп, өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң мен шер. Қырғыз ақыны Солтобай Тоқтаболатұлының (1834-1918) Ыстықкөлмен қоштасу жырында өткенге деген сағынышы былайша өріледі.
Ыр кылганым Ысык-көл
Ысылайт белең кайран эл.
Жайлооң менен төрүң ай,
Жайнап жаткан көлүң ай,
Жакаң менен чөлүң ай.
Көз ачканда көргөн жер,
Кичинемде жүргөн жер,
Айдаган малым өргөн жер.
Бұл – жоғарыда келтірілген Мұраттың «Сарыарқасымен» сарындас, үйлес келетін толғау. Екі ақын да бала кезінде жүрген жерді, тау мен көлді, бел-белестерді санамалап, өткен өмірін ойша шолады. Соның бәрін басқаның билеп-төстеп, құтсыз, баянсыз мекенге айналғанына күйінеді. Бұл күйінішті Мұрат: «Шалқыған тасқын судай көңілін басып, Біреуге пенде болды кербездерім», – деп түйіндесе, Солтобой: «Көлдө ойногон балыгың, Көк башы күткөн арыгың. Ысык-көл сенден айрылып, Көп ыйлайт го карыбың», – деп баяндайды.
Көшу, қашу сарыны орын алған өлеңдер­дегі ортақ үрдіс – «Бұл жерден мына кісілер көшті, бұл соның қонысы еді», – деп, көз көр­ген адамдардың аттарын атап жырлау. Сол арқылы ақын атақоныстың өткенін көз алдына келтіреді, сағынышын оятады. Әрі елдің қадірменді кісілерін тізбелеп, игі жақсыларды есіне түсіреді. Бұл көбіне-көп Мұрат Мөңкеұлының шығармаларына тән:

Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,
Кәуірдің қорлығына тұлданғаннан.

***

Қажы қашты Жалмұхамбет, Беркінменен,
Өзінің кетем деген сертіменен.

***

…Мынау Жайық деген суыңыз,
Жайықбай байдың қонысы ед!
Мұратпен үндес қырғыз ақыны Солтобай да өз толғауында елді билеп, жерге қоныстан­ған тұлғалардың атын атайды, халыққа құт-береке дарытқан сол кісілердің атамекенінен ажырап, көшіп бара жатқанына күйзеледі. Өйткені ақындардың өсіп-өнген ортасы әркелкі болғанменен бастан кешкен ахуалы бірдей. Сондықтан олардың ой-пікірлерінен рухани тамырластық аңғарылады. Мұраттың қоныстың қайғысын айтқан өлең оралым­дары Солтобай шығармаларынан мазмұндық үйлесім, стильдік жақындық тауып жатуы­ның себебі осында. Қырғыз ақыны еріксіз көшкен өз тұлғаларын жырлау жағынан қазақ ақындарынан алабөтен ерекшелік байқата қоймайды:
Буластаган Чоң Карач,
Буулугуп көчтү Аралдан,
Текени тууду маралдан.
Текеберлүү чоң Карач,
Теңселип көчтү Аралдан.
Өмүрзак көчтү Чычкандан,
Дүнүйөсү кыскандан.
Өмүрзак, Карач эки дөө,
Ат-Башыда көп черик.
Мұндай ұқсастық пен үндестіктің мысал­дарын екі елдің зар заман әдебиетінен көптеп кездестіреміз. Қазақ пен қырғыздың көр­шілігі ­де, елдік дәстүрлері де ақындардың ортақ тақырыптарына арқау болды.

«Мұның бәрі адамнан…»

Ақырзамандық болжамдарға көп жүгіне бермейтін Мұрат Мөңкеұлы заманның азып-тозуының себеп-салдарын түсіндіргенде адамның іс-әрекетін алға тартады. Оның өз дәуіріне наразылығы пейілі бұзылған адамға қарап жиренуден туындайды. Шортанбай арқылы заманның зары құлаққа жетіп, бүлінген замана келбеті алдымен көзге шалынса, Мұратта тіршіліктегі адамның ролі туралы топшылаулар басымырақ. Ақынның тұжырымы бойынша, адамның азуы заманға емес, керісінше, заманның азуы адамға байланысты. Тіпті Мұрат өлеңдерінде дәс­түрлі «заман азды» тіркесінің кездеспейтіні де бірқатар ойға жетелейді. Оның орнына «сұм заман» мен «адыра қалғыр заман» тіркестері қолданылады. Адамның азған белгісін сипаттаған ақын «заман азды» ұғымына басқаша көзқарас танытады:
Бәйіт еттім бұ сөзді
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын,
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Мұның бәрі адамнан.
Мұраттың «Үш қиян» толғауындағы заман адамы туралы ой-тұжырымдары алдыңғы ақындардың дәстүрінен алшақ кетпейді. Ақын өткен өмірдегі тарихи тұл­ғаларды идеал тұтып, олардың көшкен орнына, басқан ізіне дейін сағыныш оятса, бұл – өз дәуірінде текті ұрпақтың тоз-тозы шыққанына күйінгендіктің, өз заманына көңілі толмағандығының көрінісі. Мұрат кейіптеген қайғылы кезеңнің баянсыз перзентінің қоғамдағы орны «Асылзада баласы Дәулет кетіп қолынан, Қоңсысына құл болды», – деп бағаланды.
Дулат Бабатайұлы: «Қилы, қилы заман­ды, Заманға сай адамды, Салыстыра қарасам, Су мүйіз болған танадай, Шыр көбелек айналам», – деп жырлаған дәуірдің сипатына қарап, тиянақ таба алмай дағдарған бағдар­сыз ел адамы Мұраттың тұсында өз ортасына әбден икемделді. Оның толғауындағы «шыр көбелек айналу» – тиянақ іздегендіктің емес, тіршілікке бой үйреткендіктің белгісі:
Шырқ көбелек айналып,
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды.
Ақынның шығармашылық болмысы қоғамдағы қайшылықтармен тығыз байла­ныс­ты. Отарлау саясатының етек алуы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет жыр жүйрігінің таным-түсінігіне әсер етті. Ай­наласында болып жатқан өзгерістерден ой түйген ол өмір құбылыстарын өзінше топ­шылады. «Заманнан заман оралған, Дүние шіркін соны алған», деп жырлаған Мұраттың ақындық ғұмыры күрес пен қайшылыққа толы күрделі кезеңде өз үнін танытқан­дығымен, елінің қайраткер ұлы болғанды­ғы­мен, қазақ әдебиетінің тарихында айрықша орны бар тұлға ретінде қалғандығымен бағаланады.
Ендеше, ақын жырлары туған жеріңе деген перзенттік сезімді орнықтыратын, туып-өскен өңіріңнің әр мүйісін аялауға үн­дейтін баға жетпес құндылық болып санала­тынына дау жоқ.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

ПІКІРЛЕР9
Аноним 05.11.2019 | 20:36

👎

Аноним 10.11.2019 | 15:00

Керемет

Аноним 10.11.2019 | 18:25

Жаксы екен

Аноним 11.11.2019 | 21:52

Жаксы

Аноним 21.11.2019 | 12:41

Керемет👍👍👍

Аноним 02.08.2021 | 03:47

жақсы ма?

Аноним 24.10.2021 | 15:50

Керемет 🤘

Аноним 26.10.2021 | 19:22

Жақсы

Аноним 09.11.2021 | 13:22

Норм

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір