Үлес
23.10.2018
2187
0

Жазушы Жанат Ахмади бізге айтулы «Дүрбелең» романынан белгілі қаламгер. Кезінде Ж.Ахмади әдебиет әлеміне «мен келдім» деп кіргеннен бері біз Шығыс Түркістан тақырыбының үстінен шыққанбыз. Шығыс Түркістанның қилы тағдырына сүңгігендей болғанбыз. Кең көлемде бұл тақырыпқа қазақ оқырманының көзін ашқан Қабдеш Жұмаділов болса, одан кейін Қытай қазақтарының қилы тағдырын кең толғаған ұшқыр қалам иесі Жанат Ахмади болды. Бұл қуанарлық жайт. Бүгінде шекара асып келген қай қаламгердің болмасын кітабын ашып қарасаңыз, Қазақстандағы қазақ тіліне құйылған жаңа кәусар бұлақ көзіндей әсер етеді. Сол тұс-тұстан келіп, тұнба бұлақтай Ұлы Далаға құйылған қазақтар Ата жұрттағы ана тіліміздің тынысын кеңейте бастағандай. Бір Жанаттың өзі алып келген, бұрын қағазға түспеген тілдік олжа неге тұрады! Жанат Ахмадидің кез келген жаңа кітабын ашқан сайын мен осындай ойға қаламын. Жанат арғы бабалардың шешендік сөздерін арқалап жеткізіп, арамызда жер басып жүрген сонау XVIII-XIX ғасыр өкіліндей көрінеді. Бізде кітабы жақсы оқылатын, айтары бар жазушылар аз емес. Ал бірақ, Ж.Ахмади сияқты таңырқата жазатындар көп емес. Бұл айтқанымызға іштей болса да наразылық байқатқысы келетіндер Жәкеңнің шығармаларын таңдап жатпай-ақ, оның кез-келген бір романын оқыса ғой дер едім. Автор үшін емес, әр қазақ өзі үшін оқуы керек.

Мен Жанат Ах­мадидің бірнеше романын оқыдым. Ма­қала көлеміне орай «Айтұмар» және «Тектілер те­геуріні» аталған романдарына тоқтал­мақпын.
Ертеректе жазушының Шығыс Түр­кістан тарихын қозғайтын «Дүр­белең» романын оқы­ғанмын. Со кезде-ақ әдебиетімізге өз қол­таң­басы және төл тақырыбы бар «Жанат Ахмади» деген дарынды қаламгердің келгенін ұққанбыз. Мына кезекті роман да жазушының сол төл тақырыбы – тарихқа арнал­ған. XVIII ғасыр ба­сы. Мына жатқан – жоңғар, мына жақтан – Қо­қан, ана жақтан – орыс қазақты қыспаққа алған заман. Ақтабан шұбырынды. Қазақ ба­сына күн туған осы заман бейнесі қарадан шығып хан болған Нұрабай мен оның әкесі Дәулет батыр тағдыры арқылы берілді. Одан басқа ро­ман­да Шақылдақ әже, ару Алуа, Күйік Бақсы тәрізді әдебие­тімізге жаңа леп болып қосылған кесек кейіп­кер­лер бар. Жанат Ах­мади қолтаң­ба­сының басты негізгі ерекшелігі бұл – жазу­шы шығар­маларында қазыналы қа­зақ тілінің ағыл да-те­гіл, дәлірек айтқанда ағыл да-төгіл тасқындап жатуы дер едік және қа­зақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сау­ық, шешендік өнер, билер ай­тысы тәрізді сан қилы этногра­фия­лық жәдігерлік­тердің толас­сыз тоғы­тылып жатуы дер едік. Сондық­тан да автор жаңа «Ай-тұмар» романын «этнография­лық роман» деп атаған, шығарма­ның жанрлық болмысын дәл басып дұрыс атаған. Қалам­гер­дің бұл қы­ры, яғни ағыл да-төгіл тіл байлығы бү­гінгідей қолданыстағы тіліміз та­қыл-тұқыл күйге түскен, тіптен оның келешек көкжиегіне бұлт үйі­рілді ме деген күпті көңіл жағдайда дәт­ке қуат боларлық, қолда бар қазынадай қадірлі байлық дер едік.
Жалпы, бұл қасиет – тіл қасиеті Қытайдан қазақ жеріне қоныс аударған қаламгерлерді ерекше­лей­тін бір жақсы қасиет. Жанат Ахмади жазу үстінде шабыт беліне мінген сәтте тіл жүй­ріктің тізгінін босатып, еркінше көсіле алады. Және афо­ризмдік бейнелі сөзді сонша көп білетін автор қайда жұмсап, қалай қол­данса да, сарқылмайтын осы шешендігін кең көсіліп сілтеген тұста да оқырманын жалық­тыр­май, беттен бетке тартып отырады. Қа­нығып қана емес, құнығып оқисыз. Этногра­фиялық «Ай-тұмар» рома­нындағы билердің шешендігі жоң­ғар-ойрат шапқыншылығы қалың елді қарсы аттандыруда да аса бел­сенді рөл атқарады. Жалпы айт­қан­да, «Ай-тұмар» ро­маны қолға ұстаған кімнің де болса көзайы­мына айна­лары даусыз дер едік.
Мінеки, қолымызда жазушы Жанаттың тағы бір кітабы – «Текті­лік тегеуріні». Расын айту керек, бүгінде не көп, өмірбаяндық кітап­тар көп. Олар негізінен жүрекпен емес, тапсырыспен жазылады. Сон­дықтан оқылуы да қиын. Соның бірі болар деп секеммен кірдік кітапқа. Алайда алғашқы беттерінің өзі тартымдылық салмағымен жетелеп, басталған кі­тап барған сайын ағысы жылдам­даған өзен­дей үйіріп, тере­ңіне тарта берді. Шын талант өзі білмейтін, өзі сүймейтін тақырыпты қозға­майды. Арындай таза ақ қағазға адал болу үшін, өзі біліп, өзі көрген тақырыпты қаузап, жан жалынымен жазады. Сонда ғана оның қаламы әсем жор­тақтап, қиялына қанат біте­ді. Жанат осы үдеден шыққан. Әңгімені әрі­ден, өзі білетін, шет жа­ғасын өзі көрген шың­жаңдық қазақ елінің кешегі көшпелі дәуірінен бастаған. Өйткені, сол заман – Жанат Ахмади сүйетін заман және оның өзінің жеке тақыры­бындай. Сол заман туралы толғағанда жазу­шы­ның қаламы көсіліп сала береді. Әсіресе, көршілес қазақ-қалмақ қарым-қатынасынан кісі өлген даудан хабар беретін – Балқия қыз баянын жаз­ғанда қаламы қас жүйріктей жүйіт­­ки­ді. Барымташы­лармен бірге барып, қалмақ қолына түсіп қала­тын еркекшора қыз Балқияның басынан кешкендері тұнып тұрған кино. Әсіресе, Балқия қыз тағдыры және ел намысы тара­зыға түскен қазақ-қалмақ билері­нің қарақұрым халық алдында, ашық аспан ас­тында ай­тысқа шығуы аса айшықты зергер­лікпен суреттелген.
Егер Қазақстандағы қазақтар «ком­му­наның қы­зығын» отызын­шы жылдары көрсе, Қытай қазақ­тары алпысыншы жыл­дары көргені белгілі. Ел басына әң­гір таяқ ойнат­қан Маоның тағы бір сорақы нау­қаны тарихта «Мә­дениет төңкеріс» деп аталды. Мао­лық «ақылы тол­май, күші толған» жас хунвәй­бин­дер халықтың діні, дәстүрі, әдебиеті, тіліне тиген қара дауылдай жайпап өтті. Шулаған жас ұрпақ қолымен аға ұрпақты ұрған бұл зұлымдық Мао саясаты еді. Талай қаймақ­тардың тамырына балта шабылған қасіретті жылдар болды. Талайлар ата-бабасы бай болғаны үшін сабал­ды, кергіге түсті, асылды, атылды. Мәселен, Толы ауданындағы Қазез­дің отбасының қырылуы. Тал түсте үйінен байлап әкетіп бара жатқан Қазезге араша түспек болған қарт анасы және қызы Сапура қоса көз­сіз соққыдан өлуі. Сол сияқты ком­мунаның быламық ботқасына тоймайтындығы үшін Маоның астық, азық норма сая­сатына қарсы жау ретінде мойнына арқан тағы­лып, талға асып өлтірілген Қарадәу бала-шағасы­ның көз ал­дында мерт болады. Сондай сұрқия саясат шеңгеліне түскен талайлар шекара аса қашты. Соның бірі жазушы 18-19 жасында Ата жұртқа жетіп жы­ғыл­ған Жанат Ахмади. Хунвәй­бин­дердің құрығына іліккен­дердің бірі – Шарипа еді. Шарипа шекара асып қаша алмады. Хунвәй­биндер қырына ілікті, бір атасы бай бол­ғаны үшін. Хунвәйбиндер құры­ғынан Шарипаның құтылу хикаясы тіптен қызық. Тозақ отына тастал­ға­лы тұрған жері­нен құтқарған Ал­ла­­ның әмірімен Үрімжіден келген дө­кей Шияу Ли болды. Кезінде Ша­рипа­ның әкесі Қазез ажалдан аман алып қалған қытай баласы болып шықты. Он жасына дейін Шарипаның үйінде өскен Шияу Лиге марқұм әкесі «Ақжолтай» деп ат қойған. Шарипадан жасы сәл үлкен Шияу Ли бала­лық шағы бір шаңырақ астында өткен өзінің қытай ағасы болып шықты. Он­даған жылдар өтсе де, өзін өлімнен құт­қарған, әке орнына әке болған Қа­зезді ұмытпаған Шияу Лидің Шари­паны құзғын хунвәйбиндер шең­­ге­лінен құтқарған тарауын тебі­ренбей оқу мүмкін емес. Ес тоқтата бере қазақ шаңырағында бес жыл тәрбие алған Шияу Ли өзіне жа­салған жақсылықты жақсылықпен қайтарады. Қазақ қарындасы Ша­рипаны қудалаудан құтқарып, ауданның бір белді басшылығына көтереді. Оқырман соған өз адамы көзі ашылмас азап­тан құтылып, жақсылыққа жеткендей рақат күй кешеді. Бұл әрине жазушының қарым-қуатына, шеберлігіне тіре­леді. Бұл роман – сол қауым бастан кешкен қиямет күніндей сұрапыл тағдыр туралы ойтолғау. Кітап оқыр­маны сиреген бүгінгі заманда Жанат Ахма­дидің бұл романы қызық қуалайтын қарапа­йым оқыр­ман­дардан гөрі, шұрайлы сөзге үйірсек тіл мамандары мен қаламгерлер үшін қызықты, құнды туынды. Зиялылар Жәкеңді осы арқылы да тани түсуі, біле түсуі керек. Себебі, жоғарыда айтқа­нымыздай жүйрік жазу­шы Жанат Ахмади нені жазса да, тек өзінше өрнекпен жазады. Өзіне тән зергерлік сөз байлығын ағыл-тегіл ақтара отырып жазады. Бейнелі сөздер тізбегі, афоризмдік ше­шен­дік тіркестерді көп білетіндігі сон­ша, оны үнемдеп жатпайды. Сөз тізгінін еркіне жібе­ре, көсіле, ақта­рыла жазады. Сол ағыс­тың, нөсерлі сөз ағысының арасынан қазақ тілі­нің көнере бастаған, бүгінде айна­лымда жоқ тосын иірімдері алтын сәулесіндей, жалт-жұлт көзге ұрып отырады. Көз алдында алтын ба­лық­тай бұлқып, аударылып-төң­керіліп жатады. Керегіңді сүзіп ала бер. Лингвистер үшін, қалам ұс­та­ған қауым үшін таптырмас олжалар. Кешегі қиыр жайлап шет қонған киіз туырлықты халықтың шы­райлы сөзі, шұрай­лы кітап бетінде тіріліп сала береді. Тіл ғажабы мен содан туындайтын ой ғажабына сүңгіп, өзіңді ұмытып отырасын. Рухани дүниең пікірге толып, қиялыңа аяқ бітіп, дүн­иені шарлап кетесің. Су жаңа боп жаңғырасың.
Әрине, бүгінгі халық бұлай сөй­лемейді. Бірақ, бүгінгі халықтың ата-бабалары осылай сөйлеген. Қалай сөйлегенін сіз Жанат Ахмади кітаптарынан табасыз. Көріп отыр­ғаныңыз­дай, осы кітап жайлы пікі­рімізді біз «Үлес» деп атадық. Өйт­кені кітап авторы, оның шы­ғар­­­­ма­­­шылық әлемі – ұлттық руха­ниятқа қосылған үлес еді. Үлкен үлес еді. Бұл – хал­қымызға тәуел­сіз­дік алып келген тартулар­дың бірі. Ендеше қазақ жеріне табан тіреген әрбір оралман – ұлтқа тарту. Тәуел­сіздік тартуы. Нем­есе Тәуелсіздікке тарту. Ал сол орал­ман­дар арасында Жанат тәрізді жайсаң талант­тардың келуі, нұр үстіне нұр, еселенген тар­ту дер едік. Ұлт руханиятына қосыл­ған тарту. Жанат тәрізді Алаш перзен­тінің Аспанасты елінің қарамағындағы бір шетін өзі көрген көшпенді қа­зақ­тардың, оның ішіндегі қазы-билердің сөз сөйлеу мәнеріндегі асыл жәу­һар­ларын тір­нектеп жиып әкеліп, сөз өнерімізге қосуы бір оқырманы ретінде бізді ойламаған жерден олжа тапқандай қуанышқа бөледі.

Смағұл Елубаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір