ЗҰЛЫМДЫҚ ГҮЛДЕРІ

0
232 қаралды

Шарль Пьер Бодлер – француз ақыны. Эссеист, сыншы, аудармашы. Символизм бағытының негізін қалаушы. Француз және әлем әдебиетінің классигі. Бодлерді қазақ тілінде тұңғыш рет Тұманбай Молдағалиев, кейіннен Темірхан Медетбек сөйлетті. Оқырман қауым таразысына жас ақын, аудармашы Еділбек Дүйсенов тәржімалаған Бодлердің бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.


Шарль БОДЛЕР:

* * *

Әрі қашқан соқпақтарда сүрінген
кез кенеттен,
Өткен күннен естелік боп бетке соғып
жел еппен,
Соның бәрін еске салған аяулы еді, о, неткен!

Шығыс жақтан бақыт таңы
қызараңдап жырақта,
Азап пенен күресудің арасынан, құлаққа
Жаңғырықтың даусы жетсе –
Жеттім дей бер мұратқа!

Сол жаңғырық! –
ескі шерді қозғап кетер озалғы,
Ескі өмірге көміп кетер!
Жастық пенен махаббатқа толып
кетер көз алды!

11. СӘТСІЗДІК

О, Сизиф!

Ешкімнен де қаймықпайтын мінезің
бар, көрерге,
Әй, шіркін-ай!
Сол елесің кеудеме бір енер ме!
Тек бір сәттік уақытта
тән, мәңгілік өнерге
Бір туынды жасар едім, ұқсап ұлы шеберге!

Мазардағы табыттарға
таңса-дағы барымды ап,
Тастап қашты табытыңды рухымдағы
бар ырғақ!
Менің рухым – әсем әнін, дәл өзіндей Ажалдың,
Айтуменен келе жатыр дауылпаздай дабылдап!

Алыста қап
Күрегіңіз, сүйменіңіз сайланған.
Қараңғыда, барлығын да сызып
тастап есінен,
ұйықтап жатыр
Қазынаңыз үйіндіге айналған!

Тұл жапанда
(ешкімнің де ешкімі жоқ көрері)
Жас өскіндер дәл өкініш сияқтанған
тым терең
құпия бір тәтті иісті төгіп… өсіп келеді…

14. ОНОРЕ ДОМЬЕ СУРЕТІНЕ АРНАУ

Мынау тұрған портретте, ілулі,
Данышпан жан, тіл ұғысқан суретпен.
Ол – біздерге, өзімізге күлуді,
Тек бір ғана қылқаламмен үйреткен!

Жұрт үстінен қарамастан келеді,
Әзілқой боп кетсе- дағы кейде осы.
Мейіріммен кескіндеп-ақ береді,
Зұлымдықтың, жауыздықтың бейнесін:

Алау үсті Эвменидтің, сыйдырып,
Мефисто мен Мельмотаны орнатқан.
Оларды өртеп, тәнін отқа күйдіріп,
Тоңазытып біздің жанды, сорлатқан.

Күлкілерде – із қалдырған әуре-мұң,
Жан ауыртқан ауру ма екен қашаннан?!
Күлкілерде нұр балқыған сәуленің
Һәм жүректің мейірімі қашалған!

24.* * *

Үндемейсің, сүйіктім, ұяласың,
Ажар берер ешкім жоқ түнге өзіңдей!
Бар қайғымның құйылған пияласы –
Жарым түнгі аспанның күмбезіндей.

Шөл мен Сені сүюден сертім біткен,
(Ыстықты аңсау бұйырған құсалыға)
Мені тастап, қашсаң да еркіндікке,
Тап боласың, бәрібір, құшағыма.

Сен – мұз. Мен – от.
Жаныңды жайлап келем.
Жоқ! Суыққа қыла алман мен ештеңе.
Өз басыма пәлені айдап келем,
Өлікқұрттай, жүгірген өлексеге.

Сүйем сені!
Сенің бір пақырыңмын,
Зұлымдықтан қайтпайтын мақұлығым!

80. АЗАПТАНУ АЛХИМИЯСЫ

Беу, Табиғат!
Сен – өзісің, жалынның,
Біреулерге – мұз секілді-ау тұрысың.
Бәлкім…
Бәлкім түнегісің қабірдің,
Мүмкін,өмір нұрысың?!

Беу, құпия Гермес!
Сені сүйіп ем!
Көңіліме үрей құйып, дем ерген.
Түскен кезде алхимия күйіне
Мидасқа да теңгерген!

Мен сенімен (сөздің ұзын-ырғасы)
Қалбырдағы айналамын алтынға
көктен көріп сүйкімді өлік сұлбасын.

Сүйкімді өлік:
кебін тіккен бұлттан.
Жұлдыздардың тізбегі ұшқан жерге, анау,
Қабір қоям!
Өлсем сені ұмытпан!

81. ЕЛІКТІРГІШ ҚОРҚЫНЫШ

«Той тойлағыш тобырларда қалып
қойған өрелер,
Сене көрме: көк күмбезден асты десе, ел егер.
Сенің анау іші қуыс, төңкерісшіл кеудеңді
Олар немен толтырады?
Қорек етер не берер?».

– Мына менің қанағатсыз Ақыл-ойым-шырағым,
Көптен бері тек түнектен тауып
жатыр құмарын.
Ол Овидий секілденіп үндемейді, тіс жарып,
Көз алдында жоғалтса да өз латын жұмағын.

Сен,– үстінде қара бұлттар қатар дүзеп,
әрі асқан,
Қара киген жолдары мен жағалауы таласқан
Мекендегі
Күмбезімсің салтанаты жарасқан!

Күмбезімсің, сұсты әрі салтанатты,
алып тым.
Біле білсең!
Жарқыл! Сен бір сәулесісің тамұқтың!
Жанымызда даңғырлаған бос қуаныш,
Жалықтым!

105. ҚАНЫПЕЗЕРДІҢ ШАРАБЫ

Соған кетті бар ақым,
Сыйғанынша іш!
Сарқып іш!
«Бер» деп, беттен алатын,
Қатын өлді. Жан тыныш!

Билік! Емес, ол да алшақ,
(Ауа! Қандай таза едің!)
Оған ғашық болған шақ
Дәл осындай жаз еді.

Ішсең: көңіл-күй сонда!
Шығарсың-ау аңсаған?!
Бейітіңе құйсам да,
Аздық етер дәл саған!

Оны тастап құдыққа,
Үстін бастым таспенен.
Болам енді ұмытпақ,
Шамам жетпес, әттеген!

Татулыққа бекініп,
Өткен күнге шөлдедім.
Оған талай өтініп:
«Кел! Кел!»дедім,
«Кел!» дедім.

Болмашыны бақылап,
Ұмытпасақ, сорлаймыз.
Әйел, байғұс – ақымақ,
Еее, бәріміз сондаймыз.

Білдім. Біздің жол да айрық,
Гүлденбейтін бүр едің.
Сүйгендігім сондайлық:
Өлімді де тіледім.

Құмар жанның ішуге,
Ақ кебінін, Жаратқан!
Көрсетер ме ең түсінде
Тігілгенін шараптан.

Сезімсіз ед сұлуым,
Керек оған байыған.
Сыйламады-ау жылуын,
Сөз дарымас айуан!

Сықырынан сүйектің –
Сиқырынан мыстанның –
Сылдырынан шынжырдың –
Ең ауыры азаптың –
Көз жасынан тозақтың –
«Өлім» деп қол бұлғаған,
Дем салынған тұнбадан –
тіптен ауыр тұратын –
үрейлі әрі сұрапыл.

МАХАББАТТАН бар, қашып,
Тамұқты да сұрар ем.
Шарап ішіп, алжасып,
Лай-балшыққа құлар ем.

Талғамастан жан-жағын,
Жайпап өтер бар маңды.
Доңғалағы арбаның,
Езген шақта кәлламды

Қыңсылаумен қайтам да,
Соңғы демді бітірем.
Сабырды алған –
Сайтанға,
Құдайға да түкірем!

 

Аударған
Еділбек Дүйсенов

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.