Жез самаурын

0
79 қаралды

Салтанат Айдарбекова

(Әңгіме)

Құлқынсәріден көні кеуіп оян­­ған Инеш сәске түстен кейін де жата алмады. Жалғызына ал­аң­­дап, түскі шайды ішіп те жа­рыт­­­пады. Енді, міне, тамағы қу­рап, шөл қысып бара жатқаны оны ақыры орнынан тұрғызды. Сүйретіліп барып есік алдындағы ескі сарайға кірді. Кірген беттен-ақ сарайдың күлімсі иісі қолқаны қапты. Ұқып­сыз, қалай болса солай тастай салған заттар ша­шы­лып, әуелгіде нені іздеп кел­генін ұмытып, есік аузында бір­шама состиып тұрып қалды. «Жи­наса қайтеді осыны» деп іштей келіні Зағираға кейіген­дей болды. Аяғын сүйрете басып, көзіне ыстық көрінген үлкен жез самаурынды өрмекші әбден тор­лап тастаған қуыстан тысқа алып шықты. Самаурынның шаңы бес елі, тіпті астының күлі де қағыл­маған екен. Сусып түс­кен шаң аралас топырағымен іші­нің күлі қоса із салып, құдық басына алып барды. Одан құм­ға­нына су тол­тырып, самаурынды тазалауға құ­дық басына қайта келді. Осы құ­дықты алғаш келін болып түс­кен жылы атасы ақы­сы­на бір тай беріп көрші Әлмәм­бетке қаздыр­ған еді. Атасының да, Әлмәмбет­тің де кетіп қалға­нына қанша жыл. Құдық әлі сол қалпы. Суы мөлдір, әрі тұщы. Қай­бір жыл­да­ры үй-үйге су құ­бы­ры тартылған­да Есентай көміп тастамаққа бе­кін­ген, сонда бұл кемпір ұлы­ның сөзіне қарсы шығып көмдір­меген. Шешесінің сөзін қимады ма, әлде көмуге қиналды ма, Есентай құдықтың бетіне жалпақ тақтай жауып қоя салған. Ішіне ештеңе түспесін деп Инеш те жаман қамзолымен қым­тап, тас­пен бастырып қой­ған-ды. Құ­дық­тың бетін ашқаны сол еді, кемпірдің әжімді жүзін салқын леп сипай, ақ қырау шал­ған самай шашын жаймен талдап өткендей болды. Ал мына жез са­­маурын мұның жасауының алды. Шешесі Күләнда татар саудагерден аттай қалап сатып алып, жасауына қосқан. Содан бірге жасасып келе жатқан еді, тек Зағира түскелі шай ескі са­райдан орын алған. Неге еке­нін қайдам, Ин­еш­тің осы са­мау­рын­нан шай ішпесе шөлі қанбай­тындай көрінді. Күн болса ми қайнатар ыстық. Келін­ге не өкпе, Есентайдың іш­кен арағынан әбден мезі бо­лып, кей шаруаны мүлде ысырып тас­тады. Келгелі балағынан баласы домалап, бес-алты немерені кем­пірдің етегіне салды да қойды. Бірақ басынан таяқ, көзінен жас арылмаған келінін бір сәт іштей аяп та ке­те­ді. Тап өзінің жас кезін­дегі көрген құқайды келіні де айналып өт­педі. Инеш тірлікке сарамжал епті еді. Бірақ құрса­ғына құдай Есентайды ғана берді. Зағираның тірлікке ебі де, құлқы да жоқ. Бірақ құрсағы алтын бол­ды. Айырмасы тек сол ғана. Зағи­ра таңнан кешке дейін мектепке кетіп, кеш болғанда үйге сүріне-қабына зорға жетеді. Әуел­гіде ене болып тірлігіне мін таға­тын. Он­дайда Есентай Зағираны шаштан сүйреп, тепкінің астына алатын. Көгала қойдай болған келінін ақырында өзі әрең ұлынан ара­шалап алатын. Кейін әл-дәрмені кеткен соң мүлде сөйле­мейтін де бол­ды. «Осының өзіне керек тір­лігі ғой, мен көріме әке­­темін бе?» деп көз жұма қа­рауға да еті үйренді.

Кейуана құдық басында ұзақ отырды. Жез самаурын күнге ша­ғылысып жалт-жұлт еткенде бұл да өзінің аңқасы кеуіп, тілі таң­дайына жабысып, аузы құрғап кеткенін сезді де, қауғамен су тарта бастады. Түбі тесік қауға­ның суы құдықтан шыққанша орта бүйіріне таяп, кемпір самау­рынға азын-аулақ су құйып, бір шайқап төкті де, қалғанын ақтара сала жерден майда шырпы теріп әкеліп, самаурынды ұштамақ болғанда сіріңке керек екені есі­не түсті. Оған да үйге бару керек деп отыр­ғанда ақ жемі шыққан мәсісінің қонышына немереле­рінен алып қойған сіріңкені көріп, қуанып кетті. Самаурынды ұштап, тағы да ойға кетті.
Келіні задында жаман қатын емес. Қолында күректей дипломы бар көрші ауылдың қызы. Әке-шешесі де момын жандар. Есен­тайы­ның тоқпағына шыдап, төркінге бір де бір рет қашпағаны қуантады мұны. Елдің қатынын көріп-ақ жүр ғой, қит етсе шашы жалбырап төркінге жүгіретін. За­ғи­раның мұғалім екенін естігенде қайнысы Торсанға жүгірген. Тор­сан әке-шешеден тұл жетім қа­лып, немере ағасы, яғни мұның қайын атасының үйін паналаған еті тірі, пысық жігіт. Бұл келін болып түскенде тырнақтай қара бала еді, жатсынбай бауырына басты. Маңдайынан сипап, қою көжесін алаламай беретін Инешті қайнысы да кәдімгідей пана тұтатын. Инеш­тің қолында ер жет­ті, ширақтығы­нан оқуға түсті, ақыры, міне, мектеп директоры болды. Есен­тайы­ның басы екеу болып қуан­ғаны бар, әрі өзі оқы­маған соң мұғалім дегенді құ­дайдай көретіні бар, әйтеуір За­ғира осыларды бір ұшпаққа шы­ғарар деген үлкен үміті мұны Торсанға құстай ұшы­рып алып келген. Торсан ішкен көжесін, жеген нанын ақтады. Өт­кен күндері көкейінде сайрап тұрса керек, бір сөзге келместен жұ­мысқа алды. Арақтан аузы боса­ма­ған Есентайы да сонда қа­ра­уыл. Бір-біріне сеп болып, ел бо­лып кетер деген ой еді мұныкі. Сол күні Инештің төбесі көкке жет­кендей масаттанған. Бірақ Есен­тай бәрібір арағын тастай алмады. Кейде Торсанның аға­лық ақылын да аяққа таптап, ұятқа қалдырып жүрді. Сонда да Тор­сан Инеш алдындағы ұятты бә­рінен жоғары қойды. Есентай­дың кей қылығын көрсе де, көр­ме­гендей сыңай танытты.
Екі иығынан дем алған самау­рын ысқыра жөнелгенде Инеш кенет селк ете қалды. Қойған шайы­ның әне-міне қайнап қал­ға­нына балаша мәз болған күйі тік көтеріп алмақ болып еді, белі кілт ете қалды. Білектен де, бел­ден де күш кеткелі қашан. Инеш ауыр күрсінді де, бүкірей­ген қалпы зілдей самаурынды сақыл­датып, үйге әрең жеткізді. Иісі бұрқыраған құрғақ шайды уыстап салып, қою етіп демдеп, сүт қа­тып, дастарқан басына бел жаза отыра кетті. Кеседегі күрең шай ерніне тигені сол еді, зыр­қыра­ған белді ұмытып, шекесі жазыла берді. Ыстық шай тамыр-тамыр­ды қуалап, жанын жадыра­тып, әп-сәтте шеміршек­тей қатқан қара кемпірдің буын-буынын босатып, бұрқ еткізіп тер шығар­ды. Осы шайды аңсағалы қанша күн. Діңкесі құрып, өзі шай қоя алмасын сезіп, токтың шайын місе тұтпай қабағының кіржіңі жазылмастан жүр еді. Енді, міне, бүгінгі ширақ қимы­лы­на өзі де риза сияқты бір серпі­ліп, көңілі марқайып қалды. Жалғыз өзі бабы келіскен ыстық шайды сораптап ұзақ ішті. Көні қурап, аңқасы кеуіп-ақ қалған екен. «Құдық суына, самаурын­ның шайына не жетеді?!» – деді іштей масайрап. «Е-е, байдан, баладан көрмеген рақатты шай­дан көр­дік-ау»-деді бір сәт ауыр күрсініп. Бағанағыдай емес, кәрі сүлдері жеңілдеп, маңдайынан шыққан шып-шып терді көйле­гінің кең етегіне сүрте салды да, тысқа шық­ты. «Осы шай екен ғой мені құртып жүрген. Баяғыдан бері өзім осылай қойып ішсемші» де­ген оймен есік алдын­дағы көлең­кеге келіп, дөңбек үстіне отыра кетті. Түс ауып, күн қызуы қай­тып­ты. «Әлгі жалғыз осындай ми қайнатар ыстықта қайда жүр екен, тағы да ішіп жүр­месе не қылсын» деген ой кемпір­дің санасын шырмап алды. «Алма ағашынан алысқа түспейді» де­гені рас екен. Осы Есентайын бетінен қақпай өбектеп өсіріп, алдына барын тосты. Бірақ ауызы арақтан құрғамаған әкесі Бай­ғара­ның нақ көшірмесі бола қой­ды. Байғарадан Инеш перзент сүйгені болмаса, шекесі шылқып қызық көрмеді, арақтың соңында құрдымға кетті. Адам қылам деп қанша сүйреледі, болмады. Ақыры ажалға беріп, араша тап­ты. Атасы жарықтық сондай асыл кісі еді. Байғараның араққа неге үйір болғанына Инеш­тің ақылы жет­пейді. Кейуана сырт­та өз ойы­мен арпалысып отыр­ғанда шашы қобырап Зағира шықты. Қолына ұстаған орамалы­мен ебет-себет шашын жинай салды да, енесіне естіртпей: «Мы­нау да жатпайды екен, жарбиып отыры­сын қарашы. Шай қояйын. Ана атауыңды ішкірі жоқ қой тағы» – деп күбір ете қалды. Кіре беріс­тен ток шәйнекті алып, кранды аш­ып су толтырып, ішке алып кіріп кетті де, артынша әлі суып үл­­­гер­меген самаурынды алып шықты.
– Сіз де қайдағыны шығарады да жүреді екенсіз, мен бір шайдан қағып жүргендей, не мынау? – деп енесінің алдына самаурынды діңк еткізіп, тастай салды. Ыстық су лақ етіп кемпірдің тізесіне, одан мәсісінің қонышынан сорға­лай аяғына төгілді. Мәсісін шеше алмай қал­балақтаған күйде:
– Ойпырмай, шырағым, күй­дір­дің ғой! – деген кемпірдің үні аянышты естілді. Сол-ақ екен, қайдан сап ете қалғаны белгісіз Есентай шыға келді. Манағы көрі­ністің бәрін сырттай көрсе ке­рек, келе не істерін білмей аңы­раған Зағираны құлақ ше­ке­ден қойып қалды. Зағираның ащы даусы баж етіп, орамалы бір жақ­қа, өзі бір жаққа ұшып түсті. Шашы жал­бырап, қашуға ыңғай­лана берген оны Есентай тырп еткізбей басы-көзіне шойын жұ­ды­рығымен төпелей берді. Зағи­раның бет-аузы лезде қан­жоса болып шыға келді. Аяғы шала күйген Инеш «өлтіретін болды-ау жүгермек» деп, әлі келмесе де ара түспек болып бала­сының шау­жайына жармаса кетіп, шамасы кел­месе де бала­сынан келінін қорғалай берді.
– Шешеме не істедің сен қа­тын? – деп аузы боқтыққа толған дәу қара ештеңеге қаратар емес. Үстінен арақ иісі мүңкіген оған ке­регі де осы жанжал сияқты. Жан ұшыра қалбалақтаған бір жапырақ кемпірге Зағираға сіл­теген тоқпақ­тай қолы кеп тигенде кейуана мұрттай ұшып, самау­рын­ды құ­шақ­тай қимылсыз жа­тып қалды. Қыңқ деп дыбыс шы­ғаруға да дәрмені жетпеді. Тыс­тағы шудан үрке оянған үл­кен немересі құстай ұшып келіп, «Апа!» деп шыңғыра құшақтай алғанда ғана дәйіс ұл кілт тоқ­тады. Қимылсыз кемпірдің ба­сы­нан аққан қара қан самау­рынды айғыздай жерге тырс-тырс тамып жатыр екен. Зағира:
– Апа! – деп баж ете қалды.
– Апам өліп қалды ма, сіз өл­тір­діңіз бе? Апа, көзіңді ашшы, апа, маған қарашы… – деп немересі аңырай жөнелгенде Есен­тай сіле­йіп тұрып қалды. Артынша шүйке­дей кемпірді жерден тік көтеріп алғанда кем­пір әлсіз ғана дем алды да, үзіліп кетті. Аяқ­тарынан жан кете дірілдеп, қара жерге қос тізер­леп отыра кеткен маскүнем ұл есін жиғандай анасын қапсыра құ­шақ­таған күйі өкіріп қоя берді. Аулаға біртіндеп көрші-қолаң жиналып қалды. Бәрі үрпиі­сіп, Есентайға жақындауға батпай, әр тұстан әйел­дер дауыс сала бас­тады. Мас­ты­ғы тарқаған Есентай анасының жансыз денесін алып құшағынан босатпаған қалпы бір айтқан сөзін мың қайталап, өзе­гін ит тырнап, кешірім сұрап өкіре берді…
Содан бері біраз жыл өтті.
Күнде жез самаурынды жал­тырата тазалап Зағира шай қоя­ды. Есентай бір жылдан кейін арақты аузына мүлдем алмайтын болған. Қайта Зағираға жалтақ­тап, шай қоюын жиі өтінеді. Тұңғыш ұл­дары алдағы айда келін әкелмек. Соның тірлігіне Зағира ары-бері шапқылап әуре. Есентай ішуді қойғалы үйге береке мен жылу кір­гендей. Енді келін келсе, ар­ғысы ше­шесіне арнап ас беру көп­тен ойында жүр…

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.