Ғафу – жыр ғасырларға көше бермек…

0
156 қаралды

Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің туғанына 90 жыл толуына орай «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» атты жыр мүшәйрасын жариялаған болатын. Бәйгеге барлығы 44 ақыннан 132 өлең келіп түсті. Қазылар алқасы құрамында ақындар Жадыра Дәрібаева, Бақыт Беделхан және мен болдым. Біз ең алдымен бүркеншек аттармен келіп түскен өлеңдердің таңдаулыларын іріктеп алдық. Сонан кейін барып, жүлделерге іліккен ақындардың есім сойын айқындадық. Бүгін газет бетінде жарияланып отырған өлеңдер сол жүйріктердің Ғафу ағамызға арналған үздік өлеңдері.
Бірақ біз бәйге шарты бойынша, бұл ақындардың Ана тақырыбына арналған өлеңі мен еркін тақырыпқа жазылған жырларын да ескердік.
Мүшәйра демеушісі, Ғафекеңнің ұлы, ақын Бақыт Қайырбековтің бұл бәйгенің жарияланар алдындағы бір өтінішін ойға салғымыз келеді. Ол – жыл сайынғы аналар мерекесі қарсаңында, Анаға арналған жырларға «Ғафу Қайырбеков атындағы мүшәйра» жарияланып, сол мәңгілік тақырыпта жазған ақындардың таңдаулы өлеңдеріне бәйге берілсе деген тілек. Бұл болашақта дәстүрге айналады деген ойдамыз.

Бауыржан Жақып,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын


Бас жүлде

Ғафу – жыр
Ғафу Қайырбековке

Залдар мен аудитория, сахнада,
Мен сізді көргенім жоқ, Ғафу аға.
Сіздей-ақ болсын деймін биік адам
Ақындық – адал болған, бәтуаға.

Мен сізді көрмесем де тірі көзбен,
Сырласып өсіп едім жырыңызбен.
«Гогольдің» көшесін де жырға қосып,
ЖенПИ-дің сүйкімді бір «гүлін» үзген.

Сіз жайлы аңыз да көп, әзіл де көп,
Еске алып отырамыз қазір де көп.
Қаймағы қара өлеңнің бұзылған соң,
Бүгінгі өлеңдегі «нәзір» бөлек.

Мәңгілік – атты даңғыл «көшені» өрлеп,
Ғафу – жыр ғасырларға көше бермек.
Қазақтың өлең құмар әр баласы
Сусындап жырыңызбен өсе бермек.

Торғайдың түлеп қайта топырағы,
Өрнегі қара өлеңнің тоқылады.
Сандығын ашып кейде сол күндердің…
Сағынып Бәдеш апам отырады.

Күзетіп тыныштығын құла түннің,
Ақындық – құлы болған мұратының.
Болғанмен дүниеге келген күні,
Болмайды өлген күні шын ақынның.

Залдар мен аудитория, сахнада,
Мен сізді көргенім жоқ, Ғафу аға.
Сіздей-ақ болсын деймін биік адам
Ақындық – адал болған, бәтуаға!

Әлібек Шегебай


1 орын

ҒАФУДЫҢ МОНОЛОГІ

Сағым жылдың көшін бірге көргендер,
Және өмірге менен кейін келгендер.
Армысыздар!
Мынау кеште рухым бір,
Өздеріңмен қауышад деп сенгендер!

Бала болып күле алмадым, шерлі едім,
Азып-тозған, көшіп-босқан ел көрдім.
Тілім-тілім жерді көріп жыртылған,
Алдын ала ғафу сұрай келгенмін!

Торғайлықпын!
Ұлы деме қай маңның?
Жырлай жырлай мен де құсқа айландым.
Адамдарға жасамауға қиянат,
Алдын ала ғафу сұрап қойғанмын!

Туған жердің дүрсілдеткен жүрегін,
Тұлпарларым қырылғанын білемін.
Беу дүние-ай!
Желге тосып тұмсығын,
Құйғытатын алып қалғам мінезін!

«Екі ши бар, екі-үш үйдің арасы»,
Есімнен бір кетпейтінін қарашы.
Туған жерді көп сағынған жүректің,
Көп соғуға жетпей қалған шамасы.

Қостанайым қалай қалам жырламай?
Сол мекеннен таң көрінді, күлді арай.
Бәдешіме ғашық болып өтуге,
Екі дүние аздық етіп тұрғаны-ай!

Шабыт келсе кейде нөсер, кейде отпын,
Азабы көп сұрап алған бейнеттің.
Жер бетінің жиып біраз ақынын,
Оларды да тек қазақша сөйлеттім.

Досқа адал, жарға болдым опалы,
Сыйлайтұғын үлкен-кіші, қатары.
Өлең, әзіл, аудармадан кетті озып,
Ана жайлы жазған жырдың атағы…

Қыздарымды құшағыма жиі алдым,
Ақын болды ұл.
Тұтқыны боп қиялдың.
Әжесінің алданышы ед сондықтан,
Ұлым деуге аруақтан ұялдым.

Қызыл-жасыл дүниенің жыртыңы,
Жанталасқан сағаттардың сыртылы,
Ұмыттырмасын!
Аман болса қара өлең,
Оң жамбаспен түрегелем бір күні!..

Мағиза Құныпияқызы


2 орын

ЖАР МОНОЛОГЫ
(Бәдеш апаның әңгімесінен)

Қайыспас қара атандай,
Өмірдің асты белесін.
Кісі жоқ менің Ғафамдай,
Сағынып жүрмін елесін.

Ақын жоқ асқан Ғафаңнан,
Өзекті өртер өлеңі.
«Арқалы шайыр» атанған,
Толқыса, терең көл еді.

Мінезі – аңғал баладай,
Бұртиып кейде қалады.
Шабыты келсе қарадай,
Заулайтын жүйрік қаламы.

Салдырмай тірлік ноқтасын,
Жазарын жазды таңдарда.
Отаны менен отбасын
Ғафаңдай сүйген жан бар ма?

Жарқырап жанған жұлдызым,
Көгімде сөнбей тұратын.
Мені де сүйген ұл-қызын,
Мен үшін Ғафаң ұлы ақын!

Ағайын-жұртқа сая-бақ,
Таппасың ондай дарынды.
Баламдай өбіп-аялап,
Төремдей күткем жарымды.

Құдайға шүкір айтамын,
Өсірдік ұрпақ өндірдей.
Басына барып қайтамын,
Отырмын отын сөндірмей.

Жалғыздық дерттің уы бар,
Жанымды жейді қу қайғы.
Ғафаңдай адам туылар,
Ғафаңдай ақын тумайды!..

Ғалым Қалибекұлы


2 орын

***

Тағдырымыз
Өлеңге айналды аға,
Бұл дерт пе екен,
Жабысты қайдан ғана.
Сырға толы ақыннан
Жыр күтеді,
Туған ел мен гүл кілем
Жайған дала.

Өмір жайлы жыр оқып,
Қызғалдақ қыр,
Қараша кеп, үмітті
Күз де алдап тұр.
Күреңіткен күндерден
Көңіл суып,
Өлең жазып отырмын
Сізге арнап бір.

Нені ұмыттым,
Есіме түспейді енді,
Шабыт көрдім түсімде
Құс бейнелі.
Ақынсыз ғой,
Ақын боп көз жұмғансыз
Аңсап кеттің ендеше,
Іштей нені?!

Ақ, қараны,
Өмірді, тіршілікті,
Күншілдіктен жаныңыз түршігіпті.
Бәрі-бәрін жыр ғылып
Төккеннен соң
Түн соңынан тағы да,
Күн шығыпты.

Бар сезімді сарқып ап санадағы.
Өлең болып өрілді
Жан азабы.
Еркіндікті сүйетін жүрегіңе,
Жазылды ма кім білсін,
Дала заңы.

Тағдыр, өмір
секілді егіз ұғым,
Кім бар дейсің фәниде
Өмірі ұзын.
Ғафу салған өлеңде
Бір соқпақ бар,
Баса алмайды,
Өзгелер оның ізін.

Роза Сейілхан


3 орын

АҢЫЗ АҚЫН

Таулардың тойға бөлеп омырауын,
Соқтырған сайын дала қоңырауын.
«Балықшы Иванмен» де таныстырған,
«Жерасты жұлдыздары» жамырауын.

Етене жүздестіріп Есенинді,
Шабытын Шевченконың шеше білді.
Тебірене тәржімалап Толстойды,
Байрон мен Некрасов мұңын есе білді.

Кеңестік кездің көріп қиастығын,
Кей кезде тұмандаумен ұласты күн.
Таймаған, тайсалмаған тарлан ақын,
Дәуірдің айтып салды ыластығын!

Жұмыстан заңсыз қуғын көрседағы,
Өртене сілтеп өтті өр садағын.
«Бас кетсе желке бірге кете ме?» деп
Өрмінез, өзін өршіл, ер санады!

Ғажайып болатұғын Қайырбеков –
Жасаған Жаратқаным шайыр етіп.
Сәбең мен Ғабеңдер де еркелетіп.
Тұрқына тоқталатын пайым етіп.

Дарыны дәріптеліп тірісінде,
Қосылған ақындардың ірісіне!
Бір емес жетер әлі сан ғасырға,
Ғафудың ғибраты мол жүрісі де.

Қостанай!
Ұланғайыр даласы да!
Қуаншы түлеп Торғай қаласы да.
Ғафудай әз ақынды «іңгәлатқан»
Бір аунап түскен шығар анасы да!

Ғафу!
Ол – тілден балын тамызатын,
Атанды ақиықты аңыз ақын!
Шабыты тау суындай тасқындаған,
Азамат!
Атышулы нағыз ақын!

Мыңбай Рәш


3 орын

ДЕГДАР

Ғафу аға!
Ғафу аға!
Жұртыңа шаштың жырдан шашу, аға.
Балдырған шыбықтарың терек болды –
Бас иген батаңа да бәтуаңа,
Сен едің өткел бермес асау өзен,
Сен едің басын имес асу, аға!

Сен едің ақындарда ұлық күлік.
Сөйлеуші ең найзағайдай тіліп тұрып.
Жүрушің ең өшкен отты үрлеп жағып,
Жүруші ең араздарды біріктіріп.
Тәует бас, қақпан белдің нақ өзі едің,
Қалса да шабатұғын жілік сынып.

Қазақтың мұңы дертіп қабағыңда,
Отты ұшқын ойнаушы еді жанарыңда.
Мұзартқа ұя салған мұзбалақ ең,
Жанып ең ақындықтың алауында.
Рухы Көк Бөрінің кеудеңде еді –
Қалмайтын қалың иттің қамауында!

Қастерлі тарих сынды көнеріп ең.
Сырластың өзегіңмен – өз еліңмен.
Қарсы алдың заманды да өлеңіңмен,
Қарсы алдың ажалды да өлеңіңмен.
Дегдар жан дәл өзіңдей сирек туар –
Ғаламның ғажайыбын көре білген!

Жан едің жан адаммен бәсекең жоқ.
Біз білдік – тұнық жырдың басы екен деп.
Адамға ақ жүрегің ашық тұрды,
Қарамай қарт екен деп, жас екен деп.
Барасың болашаққа сол қалпыңда,
Қаласың мәңгі өлмейтін Ғафекең боп!

Әбубәкір Қайран


3 орын

***

Ғафур Алланың бір аты.
Кешіруші, кешірім деген мағына береді.
Баспа бетінен

Пенделіктен келгенмен жырақ тұрғым,
Ақтың кіршең боларын бір-ақ білдім.
Адалдықтың алдында ар кірлесе,
ҒАФУР, сенен кешірім сұрап тұрмын.

Адаспайтын жолдарда адастым көп,
Тіршілік, о, не деген талас, дүрмек.
Тағдырда ақымақпен тайталастым,
Бірер сәт ақылдымен санасқым кеп.

Бар сезімді жүрекке сыйдырып ап,
Үмітімді бір мұң кеп қиды, бірақ.
Пенделікке бас ұрдым ақыр соңы,
Періштемнің қанатын күйдіріп ап…

Мың сан ойдың қаққанмен есігін көп,
Тағдырлы өлең жазғанның несі міндет?!
Өзіңдей ғұмырлы өлең жаза алмасам,
Кешірім жоқ!

Нұртас Тұрғанбекұлы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.