Жүрегімнен тарап жатқан тамшылар…
22.10.2018
1124
0

Ғафу Қайырбеков


Еске алу

Әке деп жүргенімнің аға екенін
Мен сәби есейгесін білдім кейін.
Қаз тұрып жаңа ғана бассам керек
Кеткенде әкем тастап жер мекенін:

Үйретті ағам маған өмір атын,
Мол сапар, оған барар жолдың сәтін.
Үйретті қуанышын, өлеңін де,
Мен, бәлкім, содан бастап болдым ақын!

Үйретті ол, ол – қадірлі жолдас еді,
Жанының жалғыз бауыры олжасы еді.
Бір ғана үйретпеген нәрсесі оның –
Қасірет, қайғы-уайым, көз жасы еді.

«Қош» деді зор майданға сапар шекті,
Көп нәрсе айтар ма еді, айтпай кетті.
Сендім мен, жеткіншегін жылатпауға
Көңілінде бірге аттанды берген серті.

Оралмай қалды ол елге қайтып содан…
…Аңыз бар жеңді деген ажалды ағам…
Жылауға еш мүмкіндік бермей өткен
Дүниеде содан қымбат кім бар маған?!

Ғафу-Ғафулар

Өзім – Ғафу,
Қызым менің – Ғафура,
Екі әріпті
Жалғап тұрған атыма,

Тағы менің
Келді өмірге немерем,
Таусылмайтын ұрпақ жайлы айтуға.
Оның аты – Бақытқызы Ғафура,

Ол қырқынан
Шығу керек жақында,
Шаңырағымда жаңғырады үш Ғафу –
Бұдан артық сыйлық бар ма ақынға?!

Дүниедегі ұлы байлық – ұрпақ қой,
Барлық арман –
Соны сақтап тұрсақ қой.
Өз алдына соның бәрі – несібе,

Тас төбеңнен
Төгіп тұрған бұршақ қой.
Рахмет, тағдыр,
Сенің жомарт қолыңа,

Менің солай
Маржан сепкен жолыма.
Ал, Ғафулар,
Бұйырамын сендерге.

Тізіліңдер Бас Ғафудың соңына!
Сонда көңілім
Жазғы аспандай аршылар,
Көкірегімнен

Айтылмаған ән шығар,
Өз қанымнан
Өмір жасап, бөлініп,
Жүрегімнен

Тарап жатқан тамшылар.
Жасаңдаршы, Рахатқа тояйын,
Өмірімді өңшең жырмен бояйын.
Бер қолыма,
Ғафураны кішкентай –
Өзімді өзім иіскегендей болайын.

Өмір күші

Мыңдаған қалам өрнегі түсіп,
Алуан көздің от ізі қалған.
Талайдың басып алақаны ыстық,
Екінші қолға суымай барған,

Маған да жетті сол қағаз қымбат,
Жүректен шықты мызғымас антым.
Қаламның бойын қуалай зырлап,
Құйылды барып қағазға әрпім.

Үндеуден көрді көзім тез шалып,
Інімнің қолын қойылған шапшаң.
Тұрғандай болды тұтасып халық,
Осынау байтақ астында аспан.

Жалауын бейбіт өмірдің ортақ,
Көтеріп қолдан айбарлы үнмен.
Астында тудың тұрды бір шырқап,
Өзімдей ұлан өмірді сүйген.

Толды да кеуде сезіммен күшті,
Өмірдің алып қайратын көріп.
Келешек маған жымия түсті,
Өзінің ғажап ісіне сеніп.

***

Жүр едім серуенде тал түсте мен,
Жер қара, әлі үстіне қар түспеген.
Шыққаны әлде дүкен, әлде мектеп,
Бір бала келе жатты нан тістеген.

Жартысы ғана қалған ақ шүректі
Лақтырып, табанымен басты, кетті.
Жүрегім шымыр етіп, ми қозғалып,
Қайдағы еске салды тақсіретті.

…Жыл еді елге түскен жеті қырсық,
Аштықтан бар төңірек кетті ыңырсып,
Шөп қайзап, сарсу ішіп, сарымсақ жеп,
Нан түгіл, көзден ұшты құрт-ірімшік.

Жамылып құрым киіз, жамау шоқпыт
Тіршілікке не істетпеді амал жоқтық.
Іздеген талғажауды табан асты
Жүрдік біз жеген иттей «айналсоқтық».

Соғыстың іште, сыртта желі аңырап,
Сатылап құлап жатты сан шаңырақ,
Астынан сол шаңырақтың қылтидық біз
Секілді жауын күнгі саңырауқұлақ.

Дегендей «өлмегенге өлі балық»,
Жаз шығып, жерден жуа теріп алып,
«Атшоқай», «Атқұлақ» пен «Көк буылдық»
Жеуші едік қолмен үгіп дәнін жарып.

Аңдыдық азаматы бар үйлерді, –
Ол үйде таба жауып, нан илейді.
Лақтырар әр ауызға жарты тілім,
Жарылқап жаутаңдаған сәбилерді.

Сол нанды содан қайтып түсте көріп,
Жатамыз жеген болып, тістеленіп,
Қарынын қайта оянғанда, қайта ашады,
Не пайда түспеген соң ішке келіп…

Бұл – тарих қоятұғын еске алмай-ақ,
Сұм заман қалдырмаған еш жанды аяп,
Оянды тағы кеуде түкпірінен
Ақ нанды қарғыс атқыр басқанда аяқ.

Ұмтылып келдім дағы қолыма алып,
Үргілеп, иіскедім, шаңын қағып,
Әлгі нан сөйлегендей болды маған
Адамдай әрі мұқап, әрі налып:

– Кесапат осы күнгі болып жатқан
Қарғысым қалың елді менің атқан,
Құтырып кеткен жоқ па иттен жаман
Тойынса, асыраған иесін қапқан.

Қашанда ұрмас тегін кепиетім, –
Кез болды бастан бақыт кетіретін,
Нан-иман, ұмыттыңдар иман атын,
Әдетің өткізіп ап, өкінетін…

О, ғажап! Нанның сонша тілі жатық,
Болғанмен зілмауырдай мұңы батып,
Бала емес, бар жазаны мен алғандай
Орнымда оңала алмай тұрдым қатып.

***

Үстінде бар солдаттың сұр плащы,
Өзіменен бірге кешкен жорық жол.
Кірпігінде жылт-жылт етіп бір тамшы,
Туған өзен жағасында тұрды ол.

Төрт жыл, бәлкім, көп болар ма одан да
Жорықта өткен күнін айға баласа.
Баяғыдай балғын құрақ бауырында,
Сол күйі әлі – туған өзен тамаша.

Салтанатпен сәлем беріп ол тұрды,
Саптағыдай әсем ұстап тұлғасын.
Көз алдында толқын қуып толқынды,
Жаңғырығып соғып жатыр жар астын.

Ақша бұлттан үзіліп бір түскендей
Шүйіледі көктен төмен шағала.
Туған жерде бақытты еді құс нендей,
Кең бесікте ұқсайды ерке балаға!

Көк өзенге тынып, кейде тулаған
Қарайды ұзақ көзін солдат бір алмай.
Жамыраған жас толқынға, жинаған
Сағынышын үлестіріп тұрғандай.

Ой толқиды құбылып, мың бұралып,
Ой толқынын қайталайды толқындар.
Көз алдынан жатыр өтіп, шұбалып
Қаһармандар, ер жолдастар, сол жылдар.

Қасиеттеп, ойда әлдилеп өткенін,
Келер күнге құшақ ашып тұр солдат.
Туған жердің қарсы ап жарқын көктемін,
Жаны күліп, көкірегінен нұр саулап…

Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым

Еске алсам, ескі күннің мұнарынан
Бой созып бір өзгеше шығады ұлан.
Еңіреп, ерте айрылып кеткен еді ол
Өмірдің маздап жанған шырағынан.

Сондықтан бейітіне қатарлатып,
Қойып ек қолымыздан от орнатып.
Тұр сол от әлі күнге лаулап жанып,
Жанынан өткен жұртты жалт қаратып.

Жанады ол «өлмес өмір өлеңіндей»,
Жұлдыздың жерге түскен бөлегіндей.
Әлдилеп асау дауыл қанатымен,
Ақ нөсер сүйеді оны бөбегіндей.

Сол ұлан — ақын еді Қасым деген,
Бір туған біздің өжет ғасырменен.
Ортаймас оның жомарт қиялынан
Жалындай жан-жағына шашылды өлең.

Жасынан нөсер құйып, дауылға ерген,
Сол дауыл қанатына дабыл берген.
Оңаша «от шайнаған» кездерінде
Ер Дәуіт тентектігін қабыл көрген.

Атына ғашық болып алыстан мен,
Түсімде жолыққандай арыстанмен.
Аспанның қос бұлтының нажағайы
Секілді шарт-шұрт келіп табысқан мен.

Ол сонда маңдайымнан сүйген менің,
Есімде жұмбақ бақыт күйге енгенім.
Ақ көңіл ақтарылған жаныменен
Шарт етпе мінезін де үйренгенім.

Жарқырап ә дегеннен көрінді ашық,
Көңлімді танығандай менің ғашық,
«Түбінде шатастырып алмайын – деп
Жібердім ақындықтың мөрін басып».

Дер еді маған қарап, жұмсақ күліп,
Бусанған маңдайыма көз сап тұрып.
Маздаған қара шоқтай қос жанарын,
Бүркітке қойған тағдыр ұқсастырып.

Көп еді айтары да, жазары да,
Аурудың жаны күйді азабына.
«Кеш» – деген жалғыз сөзбен кетті өшіп,
Жалт қарап жалпақ туыс қазағына.

Көргем жоқ содан бері оны ұмытып,
Тұрғандай болам күнде қолын тұтып,
Сипасам маңдайымды жыр жазғанда
Кеткендей өлеңіме жалын бітіп.

Еске алдым мінезіңді сағынғасын,
Жасамай кеткен сабаз жарым жасын.
Бұл күні біз қайтеміз деймін тағы
Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым.

Ықылас

Жатқанда жер құпиясы құлпын ашпай,
Хақ тәңірі пендесімен сыр сырласпай,
Тылсымын көк пен жердің шешу үшін
Дүниеге келді біреуі Ықыластай.

Құдайдың ықыласын кетті аударып,
Аңырап шыққан бір үн көкті жарып,
Азынап жердің мұңы, күңіренісі,
Алланың құлағына жетті барып.

Жер-ана Ықылас деп қойған атын,
Жайғанда бар ұлысқа күй қанатын,
Оятты ол он ғасырды аттап түсіп,
Баяғы Қорқыт-ата аманатын.

Шанағын шаңнан сілкіп көн қобыздың
Қаптаған терісімен көк өгіздің,
Оятты ол дабылдарын, дауыстарын
Баяғы Қыдыр қыпшақ, көне Оғыздың.

Баяғы баба түрік саздарынан
Сыр тартып, самаладай маздады жан,
Оянды сар даланың батырлары
Жеңімпаз жалауына жазған ұран.

Түріктің шаңырағын ұстап қалған
Бар ма екен қазақта арман, қыпшақта арман?
Бар ма екен, о, дүние, Ықыласта арман
Қобызын Қорқыт-ата құшақтаған!

Сол үшін Ықыласқа табынам мен,
Күй санап, сөз көбейтіп не ғылам мен?
Тірілтер ата-баба, ел мұрасын
Тағы бір сондай ерді сағынам мен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір