ЖҮРЕККЕ ӘЖІМ ТҮСЕДІ
16.10.2018
3970
0

Алмат ҚОДАСБАЕВ,
кардиооташы, Алматы қалалық кардиология орталығының басшысы:

Ол – Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңінің жеңімпаздарының бірі. Биылғы «Егемен елдің 100 қайраткері» көшінен ойып орын алған мерейі үстем, абыройы асқақ азамат. Қазақстан Республикасының талантты жас ғалымдарына арналған Мемлекеттік стипендияның лауреаты. Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі. «Даңқ жұлдызы» орденінің иегері. Алматы қалалық кардиология орталығының басшысы. Таныс болыңыз, «Қазақ әдебиетінің» тың кейіпкері – ақ халатты абзал жан – Алмат Қодасбаев.


Хакім Абай: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма?» – дейді. Құран Кәрімде 132 жерде жүрек жайлы айтылады екен. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Назар аударыңдар! Адам денесінде бір бөлік ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады» деп өсиет етуі де адам өмірі үшін жүректің ерекше маңыздылығын аңғартса керек. Жер басып, тірі жүрмегіміз кеудеміздегі «жүрек» дейтін бір жапырақ қана қызыл еттің лүп-лүп еткен соғысына байлаулы. Ол тоқтаса, бұл дүниедегі өмірің де үзіледі. Ал сол бір жапырақ ет бүкіл ағзаңа салмақ салатын дертке шалдықса, қайтпек керек? Әлбетте, Хақтан медет тілей отырып дәрігерлердің көмегіне жүгінесіз. Менің бүгінгі кейіпкерім – жиырма жылдан астамғы еңбек жолын ауырған жүректерді сауықтыруға арнап келе жатқан ерекше тұлға. Ол – талайлардың өміріне шипалы қолымен, өз ісін сүйген, адам баласын сүйген мейірімді жүрегімен араша түсіп, алғыс арқалаған ардақты жан. «Жүрек оташысы» дейтін кез келгеннің қолынан келмес қиын да ауыр кәсіптің биігіне шыққан білікті де тәжірибелі маман.


– Әр адамның кеудесінде лүп-лүп соғып, тіршілік сыйлап тұратын, иесінің сезімдері мен сырларын, толғаныс-тебіреністерін сақ­тау­шы «жүрек» дейтін «Алла жаратқан ең аяу­лы жауһарды» алғаш көзіңізбен көріп, қо­лыңызбен ұстағанда қандай сезімде бол­ған едіңіз?
– Жақсы сұрақ. Ол деген – ерекше се­зім. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес.
– Ал алғашқы отаңыз есіңізде ме? Жал­пы, ота жасауға дейінгі дайындық кезеңінің өзі дәрігерден асқан жауаптылықты қажет етеді дейді. Сол жөнінде айтып берсеңіз.
– Алғаш С.Асфендияров атындағы ме­дициналық институттың ІІІ курсын аяқтар кезде бауырға жасалатын отаға екінші көмекші болып қатысқанмын. Операцияға алғаш рет жуынып кіргенім де сол кез. Ота жасаудың алғашқы кезеңі – маңыздылығы ғылыми түрде дәлелденген «жуынып кіру» кезеңі. Алдымен жұмыс киіміңді шешіп, ота жасауға бөлек киім киесің. Бетпердеңді (маска) киесің. Сосын қолыңды бекітілген тәртіп бойынша шынтақтарыңа дейін жуасың. Қолды тек құбырдан ағып тұрған сумен жуу қажет. Сондай-ақ, қолды төмен ұстап тұруға болмайды. Саусақтар жоғары қарап тұрады. Өйткені қол жуған су шын­тақ­тармен төмен қарай ағуы керек. Әрі қарай қолыңды арнайы ерітіндіге саласың. Оның қолыңды ұстап тұратын өз уақыты болады. Содан кейін қолың стерильді таза болып шығады. Енді ол қолмен ештеңе ұстауға болмайды. Соңсоң дайын тұрған медбикелер келіп, стерильді халатыңды кигізеді. Оның да бұлжымас тәртібі бар. Ол еш жеріңізге тимеуі керек. Таза қолға қолғап киіп, құрал-саймандарды ғана ұстауыңызға болады. Қолыңыз абайсызда басқа нәрсеге тиіп кетсе, онда қайта жуынасыз. Операция үстеліне арқаңызбен бұ­рылуға болмайды. Ота аяқталғаннан кейін қолғапты сыртқа қарай айналдырып шешіп, арнайы жерге тастайсыз. Медбикелер келіп, өздері халатыңызды шешеді. Сыртқа шыққанда бетперде мен бас киімді тастайтын орын болады. Бұл тәртіпті бұзсаңыз, онда хирург бола алмайсыз. Кей журналистер: «Операцияға кіріп бара жатқанда не ойлайсыз?» – деп сұрайды. Мұсылман болғандықтан әр опе­рацияға кірерде табалдырықтан «бісміллә» деп аттаймын. Сосын операция жасайтын жер – артық ой ойлайтын, бейпіл сөз ай­та­тын орын емес. Ол жерде ота жасауға қатысатын 7-8 адам бір-бірін ым-ишара арқылы түсінеді. Отаға кірерде қандай ота жасайтыныңды, ота жасау жолдарын бүге-шігесіне дейін біліп барасың. Сол жоспар­лан­ған нәрсе қатаң сақталуы қажет. Сонда ғана ота сәтті шығады.
– Ал жүрекке кәсіби дәрігер ретінде алғаш қандай ота жасаған едіңіз?
– Аспирантурада оқып жүргенде, өзің ұмтылып тұрсаң, ота жасауға мүмкіндік бе­рілетін. Әрі жас кезде жүректі ашып кө­руге, ота жасауға деген батылдығың да ерекше. Алғашқы отам туа біткен ақауға байланысты жүректі тоқтатпай жасалатын ота болды.
– Осы уақытқа дейін барлығы қанша ота жасадыңыз? Ең ұзақ жасаған отаңыз қанша уақытқа созылған еді?
– Ең ұзақ жасаған отам бір тәулікке созылған. Сосын жасаған оталарымды санаған емеспін. Кезінде күніне екі-үш ота жасайтынмын. Қазір аптасына екі-үш күрделі отаға кіремін.
– Барлық отаңыз бірдей сәтті аяқталып келе ме?
– Сәтсіздіктер болмай тұрмайды. Өйт­кені бұл – медицина. Бұл – хирургия. Жал­пы, ешқандай хирург «барлық отам бір­дей сәтті аяқталады» деп айтпайтын шығар.
– Жұмыс тәжіри­беңізде қандай да бір ерекше ота болды ма?
– Осыдан біраз жыл бұрын бес-алты жастағы баланың жүрегіне ота жасайтын кезде жасы үлкен ағайларыммен арада пікір қайшылығы болып қалды. Мен тек­серу қорытындыларына сүйеніп, баланың жүрегінде онкологиялық өзгеріс барын айттым. Ол кісілер: «Жүректің бұл бөлі­гінде онкологиялық өзгеріс болуы мүмкін ем­ес», – десті. Расымен, жас балалардың жү­регінде онкологиялық өзгерістер өте сирек кездеседі. Содан жауапкершілікті өз мойныма алып, әлгі баланың жүрегіне ота жасадым. Айтқанымдай, жүректің бұл­шы­қ­етінде онкологиялық өсінді бар екен. Ме­дициналық еңбектерде жазылып жүр­ген­дерден бөлек жерде болып шықты. Орналасуы өте күрделі. Ота кезінде өсін­діні алып тастағанымызбен, ата-анасына мұн­дай жердегі өсінді алдағы уақытта қай­та шығуы мүмкін екенін айттық. Бір­неше жылдаң соң балаға екінші ота Ре­с­ей­де жасалды. Ота барысында өсін­дімен қатар жүректің біраз бөлігін алып тастап, қосымша жамау салған. Бірақ үстіңгі та­мыр­ларды қызметін бұзбай сақтап қалған. Ба­ланың әкесі – тәртіпті қатал сақтайтын адам. Жыл сайын тек­серуге алып келіп тұрады. Бүгінде ол баланың жасы 19-ға келіп қалды. Меди­циналық университеттің ІІ курс студенті.
– Ота жасатқандар кейін де алғысын ай­тып, хабарласып тұра ма?
– А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғы­лыми хирургиялық орталықтың кар­дио­хирур­гия бөлімінде жұмыс істеген кезімде туа біткен ақауы бойынша ота жасатқан жас балалар кейін отбасы құрған той­ла­рына шақырып тұратын. Ал біздің кар­дио­ло­гиялық орталықтың емделушілері – тек қана ересектер. Олар жылма-жыл тек­серу­ге келіп тұрады. Араларында біздің орта­лық­қа сенім білдіріп, таныстарын тек­сертуге, емдеуге ертіп келетіндері де бар.
– Ота арқылы басқа біреудің жүрегін салдыртқан адамға сол жүректің иесінің сезімдері, тебіреніс-толғаныстары қоса беріледі деген сөз қаншалықты рас?
– Мұны қиял деуге келмейтін шығар. Сондай-ақ, «біреу жүрегін ауыстырғаннан кейін мінез-құлқы өзгеріп кетіпті» дегенді де естіген емеспін. Алайда бұрын ауру жүрекпен қиналып келген адамның жаңа жүрекпен өмір сүру сапасы жақсаратыны анық. Оған дәлел – осыдан үш жыл бұрын жүрегін, бүйрегін, бауырын ауыстырған бес-алты адамды Астанадан жасақталған спорттық құрамамен бірге Испанияға жарысқа шығарып салғанбыз. Жалпы, қазіргі медициананың ең үлкен жетістігі – жүрекке жасалатын оталар, оның ішінде, жүрек ауыстыру оталары. Ондай оталар тек Астанада жасалып жүр. Әйтсе де, өзіміздің ұжымды да соған дайындап жатырмыз. Бұ­рын­ғыдай өте ауыр жағдайдағы науқас­тарды Астанаға не Сызғанов атындағы орталыққа жіберіп қоймаймыз. «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде» деген талай ауыр науқастарды аман алып қалып жүр­міз. Өзім ұжым қызметкерлерін: «Осы сала бойынша білім алдың, шетелге барып, үйрен­генің бар, қажетті құрал-жабдықтар­дың барлық түрі бар, сондықтан қорқудың қажеті жоқ», – деп жігерлендіріп отыра­мын. Негізі, жүрек ауыстыру оталары жа­сала­тын болса, ол – дәрігерлердің ғана емес, соған мүмкіндік туғызып отырған мемлекеттің де жағдайы жақсы деген сөз. Жүрек ауыстыру отасына қатысу – менің арманым болатын. Мұндай оталар әлі жоқ кезде жүрек ауыстыру тобының құрамында осы іспен айналыстым. Телеарналардан сөйлеп, газеттерге мақалалар жазып, дін өкілдерімен сөйлесіп, адамдарды, жалпы қоғамды осыған дайындадық. Сау жүрек апатты жағдайлардан кейін ми өліміне ұшыраған, қалған мүшелері сау, басқа қауіпті ауруы жоқ адамнан алынады. Алайда ол адамның туыстарын мұндай қадамға көндіру де оңай шаруа емес. Олар­ға осы жайында айту бізге де қиын. Қай жақынын да он екі мүшесін түгел етіп жер­лейтін қазақ саусағын да бере қой­майды. Дегенмен, көміліп кететін адамның сау мүшелерін алып қалып, сау мүше қажет науқастарға беріп, өмірін сақтап қалу – кім-кімнің де тарапынан сауапты іс деп ойлаймын.
– Әдетте қалам иелері не нәрсені де жү­ре­гіне жақын қабылдайтындықтан, әсер­шіл, сезімтал келетіндіктен жүрек ауруына шал­дық­қыш келеді дейді. Сол рас па? Жал­пы, кез келген тән ауруы жан қиналысынан туа­­ды демекші, жүректі дертті ететін мінез­дің қандай кеселдері?
– Жүректің қызметі мидың қызметімен тікелей байланысты. Адам миымен қабыл­дағанының бәрін жүрегімен сезеді. Өмірде болатын күйзелістер мен қиыншылықтар бірден жүрекке әсер етеді. Демек, жүректің саулығы адамның көңіл күйіне байла­ныс­ты. Қалам иелері жүрек ауруларына жақын келеді дейтін статистика деректері жоқ. Жасы 70-80-ге келсе де, жазудан қол үзбе­ген, көңілі ояу, жаны таза адамдар болады. Яғни, жүректің дертке шалдығуы ешқан­дай да мамандыққа байланысты емес. Біз, дәрігерлер, жүрегі ауырып, ота жасатқан адамдарға дәрі-дәрмектермен қатар салауатты өмір салтын ұстануға, темекі, ішімдік секілді зиянды әдеттерден аулақ болуға, дұрыс тамақтануға, әсіресе, теңіз өнімдерін көбірек қолдануға кеңес береміз. Заманауи ұстаным солай. Ал бізде теңіз өнімі аз. Қайбір жылы Жапониядан келген ғалым дәрігерлердің баяндамасын тыңда­дым. Сонда бір баяндамашы: «Жапония­дағы өлім-жітімнің негізгі себебі – жүрек аурулары», – деді. Ал Жапония – теңіздің ортасында орналасқан, жан-жағы мұхит­пен қоршалған мемлекет. Халқының көп қолданатын тағамы – теңіз өнімдері. Со­дан: «Сіздердің елдеріңізде өлім-жітімнің 90 %-ы жүрек ауруларынан туындайтын болса, бұл «теңіз өнімдерін көбірек жеу керек» деген ұстанымға қарама-қайшы келмей ме?» – деп сұрадым. Профессор бір-екі себеп айтқанымен, көңілімнен толық шығатындай жауап бере алған жоқ. Жалпы, өзім медициналық мақалаларды көп оқимын. Солардың бірінен не себепті жапон халқының өмір сүру ұзақтығы басқа халықтарға қарағанда жоғары екендігі туралы мәліметке қанықтым. Жапония сияқты теңіздің, мұхиттың ортасында өмір сүретін Еуропаның Скандинавия елде­рін­де де тамақтану салты жапондардыкіндей. Алайда халқы жапондарға қарағанда аз өмір сүреді. Осы жайтты шетелдік бір инсти­тут зерттеп, «аурудың бәрі – астан емес, аурудың бәрі – бастан» деген тұжы­рым­ға келіпті. Неге? Өйткені жапон халқының ауызекі сөйлеу тілінің өзінде адамның көңілін қалдыратын дөрекі сөздер мүлдем жоқ екен. Яғни, олар кім-кімге де жылы лебіз білдірулері арқылы өз денсаулық­тарына еш зиян келтірмейді. Бір сөзбен айтқанда, жапондықтардың ұзақ өмір сүрулері кімнің де болсын алдында құрақ ұшып тұратын салт-дәстүрлеріне, адамға деген құрметті биік қоятын сана-сезім­де­ріне және ашулануды білмейтін, қашанда жайдарылықпен ерекшеленетін көңіл күйлеріне байланысты екен. Демек, адам ауырмай жақсы өмір сүруі үшін зиянды әдеттерден аулақ болудан бөлек, көркем мінезді болуға да ұмтылғаны жөн.
– Бүгінде жүрек ауруларының бәрін ота жасау арқылы емдеуге бола ма?
– Өкінішке орай, қай аурудың болса да, ота жасауға келмейтін ауыр түрлері бар. Олар не асқынып кеткен, не адам жүректен бөлек қосымша басқа аурулармен де ауырады. Мәселен, туберкулез, онколо­гия­лық және қан аурулары. Дегенмен дүн­иежүзі медицинасы жолдарын іздес­тіруде. 1998-2000 жылдары «әттеген-ай» дейтін кездеріміз көп болған. Ал қазір медицина дамыды. Науқасқа өмірін ұзар­туға қатысты түрлі кеңестер береміз.
– Жүрекке ота жасаудың майталмандары деп кімдерді атар едіңіз?
– Қазаққа аты шыққан мақтанышымыз, жастардың өнеге тұтары – Сейітхан Жо­шыбаев. «Қазақстан хирургиясының ата­сы» десем де, артық айтқаным емес. Бүгін­де жасы 70-тен асты. Әлі күнге дейін ота жасайды. Өзінің шәкірттер даярлайтын мектебі бар. Кардиологиялық орталығы да қаншама науқасқа өмір сыйлап келеді. Бәріне өз еңбегімен жеткен адам. Кезінде Сейітхан ағаның жасаған оталарын мұра­ғат­тан көріп, кандидаттық жұмысыма қол­данғанмын. Өзім де, хирургия майтал­маны бола қоймасам да, жас хирургтерді дайындауға көп көңіл бөліп жүрмін.
– Орталықтарыңызда шетелдермен тәжірибе алмасу қай деңгейде жүргізіліп келеді?
– Шетелдерге оқу, үйрену үшін шығу – біздің орталықта қатаң талапқа енген мәселе. Әрбір өзіне сенетін, өзін жақсы дәрігермін дейтін азамат міндетті түрде шетелге барып, үйреніп, тәжірибе алмасуы керек. Өткенде Мюнхен қаласына дүние­жү­зінен 25 000 кардиолог қатысқан кар­дио­логтар конгресіне біз­дің орталықтан 11 дәрігер барып қайттық. Сегіз дәрігеріміз жақында Ресейге барып келді. Ал күні кеше ғана Италиядан осы уақытқа дейін 50 мыңнан астам ота жасаған атақты дәрігер, профессор Роберто Антонионы шақырып, Қазақстан кардиологтарының ІV конгресін өткіздік. Конгресс аясында шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Робер­то мырза орталығымызда төрт науқасқа ота жасады. Сол оталарды кардиологтар кон­гресіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100 адам конгресс залында онлайн жүйеде тікелей көрсетілім арқылы тама­шалады. Профессор қонағымыз отаны бәрін бүге-шүгесіне дейіне айтып тұрып жасады. Арасында конгреске қатысу­шылар­дың сұрақтарына жауап берді. Тікелей көрсетілімді өзімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия, Польша елдері де тамашалады. Сосын залдағылар Польша мен Италияда жасалып жатқан оталарды көріп отырды. Жалпы, біздің орталық заманауи цифрлық технологияға көшу жағынан алда келеді.
– Қазіргі уақытта медициналық оқулық­тар, еңбектер қазақ тілінде қаншалықты жарық көріп жүр?
– Өзім оқыған кезге қарағанда, қазір қазақ тіліндегі медициналық оқулықтар да, еңбектер де өте көп. Бірақ, таза қазақ тілінде жазылғандары жоқ. Бәрі аударма. Сол себепті, сапалары да әртүрлі. Мәсе­лен, бір ғалым клетканы – жасуша деп ауда­рады, енді бірі торша дейді. Осының бәрін бір жүйеге келтіру керек деп ойлай­мын. Жалпы, Елбасымыздың ағылшын тілін үйрену жайлы бастамасын құптай­мын. Өйткені шет тіліндегі медициналық кітаптарды аудармасыз тікелей оқудың пайдасы өте зор болмақ.
Сосын өткенде Қытайдан келген бауыр­лар ертеректе өмір сүрген қазақтың әй­гілі шипагері, емші Өтейбойдақ Тілеу­қа­былұлының «Шипагерлік баяндары» де­ген кітабын әкеліп берген. Тілі қиын сияқты болғанымен көңілге қонымды тұстары көп екен.
– Сұхбатымыз басталмас бұрын газеті­міз жайлы жылы лебізіңізді білдіріп өттіңіз. Әдебиетке жақын көрінесіз…
– Бала күнімде әдеби кітаптарды көп оқи­тынмын. Қазір өз салама қатысты ме­ди­циналық еңбектерді оқимын. Мерзімді басылымдарды үзбей қадағалап отырамын. Жақында Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» деген кітабын оқыдым. Өмірде болған оқиғаларға негізделіп, жүректері ауыстырылған адамдар туралы жазылған. Тамаша кітап. Пікірімді Сәуле апайдың өзіне де айтқанмын. Бүгінде ол кітап шет тілдеріне аударылуда. Еуропадағы ең үздік кітаптардың қатарында. Шерхан Мұртаза ағамыздың «Жүрекке әжім түспейді» деген сөзін білмейтін жан жоқ шығар. Бұл астарлы оймен, әдеби тілмен бейнелеп айтылған сөз ғой. Ал мен өзімнің кәсібіме орай «жүрекке әжім түседі» дегім келеді. Әжім басқан жүрек – ауру жүрек. Бала анасының құрсағына біткенде алдымен жүрегінің соғысы пайда болады. Сол жүрек өмір бойы істеп тұрады. Ауырып тұрса да, қыз­метін тоқтатпайды. Адамның бұл өмірдегі дәм-тұзы таусылғанда ғана тоқтайды. Біз ота жасағанда, ғылымның жетістіктерін пайдаланып, соғып тұрған жүрекке дәрі егіп, кейін зардап шекпей­тіндей етіп уақытша тоқтатып қоямыз. Сосын оны қайта соқтырамыз. Бұл – бір жағынан, медицинадағы ерлік іспетті, ал, екінші жағынан, «кардиохирургпын» деп кеуде қаққанмен, кейде өзімді өмір заңына қарсы шығып жатқандай сезінетінім бар…

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір