Дауыл
16.10.2018
1239
0

Ішкі жағы шаң басып кірлеген терезе. Тыстан тырс-тырс ұрғылаған жаңбыр тамшылары сорғалайды. Көк пен сұр рең араласқан қаланың бұлдыр-сұлқ сұлбасы көрінеді. Алқаракөк әйнек ғимаратының қабағы түксие қалыпты. Үрейлі үн терезені ұрғылай түседі. Асфальттан шашыраған су терезені шайып әкетті.
Ол тысқы көріністен гөрі, қиялындағы ішкі көрініске қарай бастағанда әлдене жанұшыра шыңғырып шыққан айқайды естіді. Селк етіп, жан жағын тінтті. Автобус ішінде жаңбырлы дауылдан құнысып мүлгіген бастар үрпиеді. Әлдебіреу есікке қыстырылып қалды ма деген сәуегейлік секем алған-ды. Олай да болмай шықты.
Терезге қайта үңіле қарағанда өзінің сұлбасы жартылай үлкен қалаға кірігіп; қаланың алыстау шетінен түнере төне түскен көріністі көрді. Қаланың аласа аспанына кілең қоқыс, қағаз-мағаз тәрізді жеңіл заттар шарықтап шығып, шыр-көбелек айнала жөнеліпті. Одан әрі қарасұрланған ұбақ-шұбақ дауыл-жел… Қаланың бір шетін іргесінен түре-сыпырып, жолындағысының бәрін тас-талқан жайпап, толқын-толқын боп бораған алып аран аузына түскеннің бәрін жалмап жұтып келеді. Теміржол бекетінің биігіне орнатылған алып сағатты қопарып жұлған жойқын жел сағаттың қаңқаларын қаңбақтай әуелетіп алыпты. Ескерткіштер тағанымен опырылып гүрс-гүрс етіп, алып мүйістер бұрқ-бұрқ құлап жатыр. Ұлы адамдардың есімі жазылған бағыт көрсеткіш қаңылтыр тақтайшалар құйынның ішінде қаңғалақтап барады…
Ол осы кезде жол жиегіндегі әлдебір теректің түбінде, қалаға қарап тұрған жаңғыз адамға көзі түсті. Әлгі адамның ғаламат дауылға қараған шарасыз жүзін көргенде манағы қысылып шыққан айқай тағы да естілген-ді.
– Соңғы аялдама – «Мәңгі қала», – деп білегінен түртті кондуктор қыз.
– Ең соңғы аялдама?
– Иә. Өтіп кеттіңіз бе?
–…
Иығында мылтықша іле салған асай-мүсейі. Қиялдағы мың-сан бояулардың палитрасы; бәрі-бәрі үркіп ұшқан шілдей божырапты. Үнсіз қалпы автобустан түсіп бара жатты.
Терезені ұрғылай тырсылдаған желді жаңбыр естіледі…

Бақытбек Қадырұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір