Кітапқұмар «кісілер»
16.10.2018
1367
0

(Сықақ әңгіме)

Олар екеу. Қарындары тоқ, көйлектері көк. Өмірбақи майлы жерде істеген. Қа­зір екеуі – бай да, кедей де емес, әжептәуір бе­дел­ді кісілер. Алда «кісі» деген тырнақ­шаға алынады. Себебін соңынан білесіз. Айтпақшы, оларды мырза деу де, сараң деу де екіталай. Оның да себебін соңы­нан білесіз Айтпақшы, иә, айт­пақшы… осы күнде оларға кітап­құмар деген жақсы ат жабысқан… Қалайша десеңіз, былайша…
Мимекен «кісі» әуелі өзі сияқ­ты қи­тұр­қысы қырық елі, анау-мынауды кісі демейтін біраз «кісілермен» ақылдасты: «Ата-баба, зәузәттерім туралы кітап жазсам деп едім», – деп. «Жаз, несі бар», – деп пікір қосты Шоңғал деген «кісі».
«Жазсаң болды, қабілетің – пішен, жазу не тұрады», – деп, Егентай «кісі» ақыл қосты. Бөлтек «кісі» құптады.
«Қабілет» дегеннен іші бүлк еткен Мимекен «кісі» «жазу қол­дан келе қояр ма екен?» деу­дің ор­нына, «уақыт аз ғой» дей сал­ды. «Әй, қазір кітап шығару­дан оңай нәрсе жоқ», – деді, ие­гінің астынан найза тірелген Әгібай «кісі». «Ақша болса бітті, битін сығып, қанын жалап жүр­гендер бір сәтте дөңгелетіп тас­тайды», – деді Дар­дан «кісі». «Сон­да оларға қанша беру ке­рек?» – деді Мимекен иығынан ауыр жүк түскендей боп. «Жеңіл машина», – деді Мәжіл «кісі». «Машина дейсің бе?». – «Иә!» – «Көп емес, үсті­не бір соғым қос­саң, ертең-ақ шы­ғады», – деді Қажман «кісі» (кіл «кісі», өй­дөйт!). «Апырай, ә?!» – деген Ми­мекен «кісі» сәл ойланды: «Мен бі­летін кім бар?» деп. «Е, бар екен. Долда жытқыр жазар­ман, әрі жамағайын, соған құрық тастау керек. Е, Алла! Шүкір, шүкір! Тәуба!».
Дереу телефон шалды. «Қанша ке­рек?» – деп. Долда: «Оны мырза­лы­ғыңыз бі­леді», – деп міңгірлесе керек. «Бір ма­ши­на, бір соғым бола ма?». Долда сыңғырлай күл­ді. «Ертең сізге барамын», – деді. «Не үш­ін?». – «Сөйлесеміз». – «Не сөйлесеміз?». – «Жазу үшін сөй­лесу керек». – «Солай ма?». – «Солай, кө­ке!».
Ертеңіне Мимекеннің үйіне келген Долда жазу үшін не кере­гін әрең түсінді­ріп, жарты айда жалпақ кітап жарыққа шықты. Мимекеннің туған күніне Долда жеті жүз дана кітапты артынып-тартынып алып барды. Екі езуі құлағында. Кітап жазуға барын салған-ды. Және жарты айда шалқадан түсіргенін айт!..
Мимекен «кісінің» туған күні өтіп жатыр. Дүркіреп-күркіреп. Долдаға сөз тиер емес. Кітап туралы ешкім жақ ашпайды. Долда бір шетте құнжыңдап отыр. Той бітті. Жұрт тарап жа­тыр. Қолдарында қорапқа салған бір-бір кітап. Долда Мимекен («кісі») ағасына жақындап:
– Кітап ұнады ма? – деді көздері күлімдеп.
– А, иә, – деген Мимекен жалма-жан қалтасынан ақ кон­верт шығарып, Долдаға ұстатты да, теріс айналып жүре берді.
Долда былай шығып санаса, конверт­те – отыз мың ТЕҢГЕ (екен). Долда жын қаққандай болды. Бұйра шашы қобырап, аяқ-қолы қалтырады. Иегі діріл­деді. Тістері шықырлады. Лоқсы­ды. Бірақ, құсқан жоқ. Жыласам ба деп еді, жылай алмады. Үйіне жақындай бере, қараңғы түнде сақ-сақ күлді. «Ім… м…» деп ыңырсыды…
«Отыз мың, отыз мың… ма­ши­на, машина… соғым… со­ғым…» Долда үйінің босағасын аттай бере құлап түсті…
Кенет біреу құлағының түбі­нен «Ми­ме­кен кісі» деп сыбыр еткендей болды. «Бірақ, ана кісі емес, ана кісі». – «Ұқпа­дым». –Ана кісі, бірақ кісі, енді ұқтың ба?». – «Ұқпадым». – «Мимекен кісі, бірақ ана кісі, енді ұқтың ба?». – «Ой, кет­ші, ұқпасам да ұқтым. Анау ма, мынау ма, кі­сі болса бопты да». – «Дәл солай, Ми­ме­кен кісі, бірақ… тырнақ­ша­дағы кісі». – «Ой­бай, енді ұқтым. Мимекен кісі, бір­ақ… бірақ…». – «Жарадың! Саңы­лауың бар екен. Бәрекелді!..».
Долда осыдан кейін көрші облыста тұратын тағы бір жама­ғайын ағасына тағы бір кітап жазып берді. Жазып берді не, алтынмен аптап, күміспен күптеп шығарып берді. «Ана жолы бол­маса, осы жолы еңбегім еш кет­пес, (ол да уәде еткен) жеңіл ма­шина мен соғым болатын шығар» деп. Бірақ… туған күнінде тоғыз машина мініп, алдына бір үйір жылқы салған Пыташ «кісі» Ми­мекен «кісіден» «асып» түсті. Асқаны сол, Долданың қолына көк конверт ұстатты. Сөйтіп, Ми­мекен «кісі» ақ конверт ұстат­са, Пыташ «кісі» көк конверт ұстат­ты. Сөйтіп, жамағайын Ми­мекен «кісі» берген ақ кон­верт­те отыз мың болса, жама­ғайын Пыташ «кісі» бере салған көк конвертте жиырма… жиыр­ма… жиырма мың… (доллар деп қалма…) … теңге… теңге… доллар емес… дол­лар емес… тең… теңге… болып шық­ты… иә, иә, долл… ес… долес… до… о… о… тең… тең… тең­ге…
Маған осыларды айтып боз­даған Долдаға «Өзіңе сол керек» дегеннен бөлек аузыма сөз түс­педі. Ал, айтшы, не деуім керек еді?.. Әлде, «Әй, миғұла, сен өзі бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған (пах!)… ас та төк заманда бай­лар емес, байлардың жөні басқа, бірақ, байшыкеш­терден өткен сараң бол­майтынын білмеуші ме едің?!» деуім керек пе еді? О, қасқа! Жамағайынға жарыған жалбақбай! Пішту!..

Зәкір Асабаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір