Керең еститін, зағип көретін тіл – мейірім
16.10.2018
1046
0

Америкалық жазушы, журналист және қоғам қайраткері Марк Твен (шын есімі – Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс) 1835-1910 жылдарда өмір сүрген. 1864-1910 жылдар аралығында әртүрлі жанрда 50-ге жуық кітап жазған. Қаламгер шығармаларының желісімен 1920 жылдан бастап күні бүгінге дейін 20 фильм түсіріліп, көрермендерге жол тартты. Марк Твеннің кез-келген туындысынан гуманистік әрі демократтық көзқарасы анық байқалады. Мұны әсіресе нақыл сөздерінен аңғарасыз. Төменде жазушының www.brainyquote.com сайтында жарияланған нақыл сөздерін аударып беріп отырмыз.

Алға жүрудің құпиясы – алғаш­қы қадамды жасау.

***

Керең еститін, зағип көретін тіл – мейірім.

***

Батылдық деген қорқыныштың жоқтығы емес, батылдық – қорқы­ныш­пен күресу және оны жеңе білу.

***

Патриотизм – еліңді әрдайым қолдау, ал билікті қолдауға лайық болса ғана қолдау.

***

Төбелесте маңыздысы – иттің үлкендігі емес, иттің ішіндегі «төбе­лес­тің» үлкендігі.

***

Оқымайтын адамның оқи алмай­тын адамнан еш артықшы­лығы жоқ.

***

Адамның мінезін ол күнделікті қолданатын сын есімдерге қарап білуге болады.

***

Әуелі дәлел жинаңыз, сосын оларды өзіңіздің ыңғайыңызға қа­рай бейімдеп аласыз.

***

Дұрыс нәрсе істеңіз. Сонда кей адамдарды қуантасыз, ал өзгелерін таңғалдырасыз.

***

Махаббатты ауламақ болсаңыз, ақылмен емес, жүрекпен қармақ салыңыз.

***

Күркір – жақсы, күркір – таң­ға­ларлық құбылыс. Бірақ бар жұмысты істейтін найзағай ғой.

***

Егер әрдайым шындықты айтып жүрсеңіз, сізге ештеңені есте сақтау­дың қажеті жоқ.

***

Адам баласының шын мәнінде өтімді бір қаруы бар. Ол – күлкі.

***

Ұлтыңа әрдайым, ал билікке лайық болса ғана адал бол.

***

Дұрыс насихаттаудың арқасын­да көптеген кішкентай нәрседен үлкен дүниелер жасалған.

***

Әжімдер күлкінің ізін ғана көр­сетуі керек.

***

Қасаң қағидамен, қыңырлықпен өмір сүру әлі күнге дейін ешбір шын­жырды үзіп, адам жанына бостандық берген емес.

***

Бәрі еңбекке байланысты. Өрік бастапқыда ащы дәнек қана болатын.

***

Әзіл – адамға берілген үлкен несібе.

***

Әлемде тән қуатының үйрен­шікті, қалыпты нәрсе болып, рух мықтылығының сирек кездесе­тіні қызық.

***

Әлі тоқтамай, дөңгелеп бара жатқан гольф добын жерден көтер­меу де – шеберлік.

***

Кейбір мәжбүрлі жағдайда киіміңнің кірленуіне мән бермеуге тура келеді. Ал жаныңды әрдайым таза ұста.

***

Адамдардың екі түрі бар. Бірін­ші­сі істі соңына дейін өзі жеткізеді. Екіншісі дайын нәрсеге ие болғысы келеді. Алғашқы топтағылардың саны анағұрлым аз.

***

Адамның ең шыншыл сәті – өзі­н­ің өтірікші екенін мойындаған кезі.

***

Өзіңді қуантудың ең жақсы жолы – өзгені қуанту.

***

Егер біз туғанда 80-де болып, уа­­қыт өткен сайын жасарып, ғұмы­ры­­мыз­д­ың соңында 18-ге келсек, өмір бұ­дан гөрі әлдейқайда жақ­сырақ болар еді.

***

Негізінде, сөзден гөрі әрекеттің «дауысы» қаттырақ шығады.

***

Әр нәрсенің өзіне тән шегі бо­лады. Темірді алтынға айналдыра алмайсыз.

***

Адам – жүзі қызаратын немесе қызаруды қажет ететін жалғыз мақұлық.

***

Арғыгүні істеуге болатын ша­р­уа­ны тіпті ертеңге де қалдыр­маңыз.

***

Ең қатты қорқатын нәрсені істеңіз. Сонда қорқыныштан мүлде арылатыныңыз сөзсіз.

***

Өркениет дегеніміз – қажетсіз қажеттіліктердің шексіз көбейтілуі.

***

Дұрыс сөз өтімді болуы мүмкін. Бі­рақ ешбір сөз ешқашан керек же­рінде үнсіз қалу секілді өтімді болған емес.

***

Мыңдаған дарын ерекше қа­білетін өзі де танымай, өзгелерге де таныта алмай өмірден өтіп кетеді.

***

Қоғам – пікірі түкке татымайтын жалғыз сыншы.

***

Егер адам 48 жасқа дейін пес­си­мист болса, онда тым көп біледі деген сөз. Ал 48-ден кейін оптимист болса, онда білімінің тым таяз болғаны.

***

Егер сізді достарыңыз жас кө­рі­не­сіз деп мақтай бастаса, бұл – қар­тая бастағаныңыздың белгісі.

***

Жақсы адам болу – асыл іс. Бірақ айналаңызға жақсы адам болудың үлгісін көрсету – ана­ғұрлым жоғары нәрсе.

***

Даралануға тым қатты ұмтыл­май-ақ қояйықшы. Ешқандай жақұтың болмағаннан гөрі ескі де болса асыл тасың болғаны жақсы.

***

Ең қызықты ақпаратты балалар­дан аласыз. Өйткені, олар білетін нәрсесін ғана айтады.

***

Адам өзін өзгелер жақсы көруі үшін көп нәрсе істейді, ал өзін өз­гелер қызғануы үшін бәрін жасайды.

***

Сый-құрметке лайық бола тұра одан мақұрым болу — лайық бол­масаң да, сый-құрметке бөленіп жүруден жақсырақ.

***

Егер жұмысыңыз бақа жеу болса, оны таңертең ұйқыдан ояна сала іс­те­геніңіз жөн. Ал жұмысыңыз екі бақа жеу болса, онда үлкенінен бастағаныңыз абзал.

***

Дауыстың қатты естілуі еш­теңені де білдірмейді. Жұмыртқа басып жат­қан тауықтың жұлдыз басып жатқан­дай қатты қытқыл­дайтынын жиі көреміз.

***

Дөңгелек адамнан төрт бұрышты жерге нық орналасуын күтпеңіз. Әуелі оған пішінін өзгертуге уақыт беріңіз.

***

Өлімнен қорқу өмір қорқыны­шы­нан туындайды. Кемел өмір сүретін адам өлімге кез-келген уа­қыт­та дайын жүреді.

***

Кей адамдар көптеген үлкен істі істей алғанмен, бақытсыздардың жанында өзінің бақыты жөнінде айтпау қолынан келмейді.

***

Марапаттан бас тарту – оны да­бы­сы жер жаратын тәсілмен қа­былдау.

***

Ол бай болудан кедейлік дең­гейіне «көтеріліп» келе жатыр.

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір