ХЭМ АҒАЙ

0
70 қаралды
Жедел жәрдем көлігін жүргізген жыл. 1918 жыл, Милан, Италия

Жеті роман жазып, төрт әйелмен бас құраған, үш соғысты көрген, екі рет қатерлі ұшақ апатынан аман қалған жазушы, жиһангез, әдеби ортада «Хэм» атанып кеткен Эрнест Хемингуэй отбасының ортаншысы еді. Оның әкесі Кларенс – шипагер, ал шешесі Грейс компо­зитор болатын. Ол әкесінің өзіне тәуелді медициналық үйі, шешесінің арнаулы студиясы бар бақуатты отбасында ержетті. Музыканы жаны сүйетін анасы ауылдастарына тегін концерт қойып беріп жүретін. Ұлының ойын-сауыққа аса үйір еместігін байқаған әкесі оған аңға шығуды, балық аулауды, орман аралап, тау кезуді үйретеді. Оңтүстік Мичиганның байтақ даласын кезіп өскен болашақ жазушы табиғатпен етене еді. Шың-құздың биігі, өзен-судың гүрілі, құстардың әні құлағына сонау қаршадайынан таныс болды.

Жас Эрнест 1913-1917 жылдар аралығында «Оак Парк» орта мектебінде оқып жүргенде бокс, футбол үйірмесіне мүше болып, спортпен шұғыл­данды. Онымен қоса, журналисти­кадан сабақ алып, қолына түскен шығарма­ларды ықшамдап мектеп газетіне шығарып, алғашқы жур­налис­тикалық жұмысын бастады. Марк Твен, Стефн Грейн, Тедоре Дрейссерлер секілді ол да жазу­шылыққа журналистика арқылы келді. Орта мектепті бітір­ген соң, «Кансас қала жұлдызы» газетіне журналист болып жұмысқа орналасады. Тәжірибе­сіз, бірақ арманшыл Эрнест бұл жерде жарты-ақ жыл істейді. Міне, осы уақытта ол шығарма жазу туралы өз ұстанымын, ашы­ғын айтқанда: «Қысқа сөй­лем­дерді қолдану, басқы параг­рафты жазуда көп сөзділіктен аулақ болу, сөзді са­ра­лап қолдану, күмәншіл емес, үміт­кер болу» дейтін өзіндік ерекшелік­ке ие ұстанымдарын алға қояды.
1918 жылы Эрнест Қызыл Кр­ест қоғамына жұмысқа қабыл­данып, Италияда жедел жәрдем көлігін жүргізді. Арада екі ай өткен­де, өрт апаты себебінен ауыр жарақат алады. Ендігі жерде ол тек алдыңғы шептегілерге шоколад пен темекі жеткізіп беруші болады. Тәні жарақаттанса да, Италия жауынгерлеріне қолдан келген көмегін береді. Осы бодауының өтеуі­не кеудесіне Күміс орден тағылады. 1919 жылы қосымша емделу үшін үйіне қайтады. 20 жасқа әлі келе қоймаған, қанды майдан көрген Эрнест үйде бос отыруды қаламайды. Майданда жарақат алған сәтін, өзге мемле­кетте жанымен арпалысқан шақтарын ата-анасына айтпады. Соғыстан қайтқан жас солдаттың ендігі тірлігі достарымен бірге Мичиганның жоғарғы түбе­гін­де балық аулап, серуен құру бол­ды. Осы серуендердің нәтиже­сінде ол тырнақалды туындысы «Екі үлкен жүрек өзені» атты ша­ғын әңгімесін жазды. Көп өтпей «Торонто жұлдызы» газетінде тәжі­ри­беден өтуші тілші болып істеп, ақпарат­тық туындылар жазу­ға ден қояды. Арманшыл Эр­нест­­ке болашақ жары Хадли Риптарсон Чикагода кездеседі. Көңіл қосқан екі ғашық 1921 жы­лы 3 қыркүйекте бас құ­рап, екі ай­дан кейін Парижге қо­ныс те­беді. Жер-жаһанның зиялы­лары мен «жеңіл жүрістілері» жиналған Париж шаһары «жазушы болсам» деген ізгі арманның жете­гінде жүрген Хе­мин­гуэйге өзгеше әсер сыйлайды. Ол осы қалада америкалық жазу­шы, өнертанушы Гертрвд Стейн, ирландиялық жазушы Жемис Жойс, ақын Езра Бовнд және басқа да шығармашыл топпен танысып, байланыс орна­тады. Бұл Гертрвд Стейннің дәурені жүріп тұрған шақ еді. Ол Франция­дағы модернизмнің негізін салу­шы ретінде Хемин­гуэйдің ұстазы әрі ұлы Жекке өкіл шеше болды. Стейн онымен қоймай Эрнестті Монапарнасс ауданындағы шетел­дік өнер­танушылармен, жазу­шы­лар­мен таныстырады. Әрі ол топты «Жоғал­ған ұрпақ» деп атай­ды. Бұл термин кейін Хемингуэй­дің «Тағы бір күн шығып келеді» атты шы­ғармасы арқылы төрткіл дүниеге таралды. Стейннің ықпалымен ол жазушы­лардан сырт, Пабло Пикас­со, Жон Миро, Грисс секілді даңқты суретшілермен танысып, жақын дос болады. Көп өтпей Езра Бовнд Хемингуэйдің талантына тәнті болып, оны Жеймс Жойспен кездестіреді. Әрі қарай жазушы­ның Париждегі қызықты әрі мағыналы өмірі басталып кетті.
Жүрген-тұрғанын жұртқа жа­рия еткісі келмейтін, өзі қаламай­тын адамдарға бір минут та уақытын қимайтын ол бірде сәті түсіп, жазушы Лилиян Роспен кездескенде ағынан жарылып: «Парижге қайта-қайта оралғанды жақсы көремін. Ол жақта ешкім­нің сұрағына жауап бермеймін. Әрі мен жөнінде ешкім ешнәрсе білмейді де. Баяғы бір кездердегі­дей, шашыңды бір рет те қидыр­май, алқам-салқам жүре бересің. Ол қалада белгісіз бір кафелерге барып жүруді көңілім қалайды. Ондағы бар танысым – официант пен кезекші ғана. Әрқа­шан өзімнің тәуір көретін тамақ­тарым даяр тұратын, әрі жақсы, әрі арзан мейрамханалар тауып аламын. Қаланың о шеті мен бұ шетін жаяу аралап жүргенді жаным қалайды. Өйткені, оның ана бір жерінде басыңнан қателік өткен болса, мына бір шетінде басыңа небір жақсы ойлар ора­ла­ды», – дейді. Қысқасы ол Парижді екінші үйі санаған.

Эрнест, бірінші әйелі Хадли және ұлы Жек. Австрия, 1926 жыл

Әдеби ортаны жақыннан көр­ген ол «Торонто жұлдызы» газетіне бір жарым жыл ішінде 88 мақала жариялайды. Келесі жылы әйе­лімен Торонтоға қайтып ора­лады. Дәл осы жылы тұңғышы Жон Хадли Никанор өмірге келді. Баланың қуанышымен баспадан шыққан «Үш әңгіме, он өлең» атты кітабы­ның қуанышы қатар жетті. Бірақ Париждегі қайнаған әдеби орта, ондағы достары есінен кете қой­ма­­ды және өзіне ұнамды жур­налис­тік жұмысты жалғас­тырғысы келген ол 1924 жылы отбасымен сүйікті Парижіне қай­тып ор­ала­ды. Париж сыйлаған мол ша­быт­пен «Тағы бір күн шығып келеді» 18 аптада аяқтайды. Арада бірнеше жыл өткен соң, Австрияда қолжазбасын қайта қарап шығады. Дәл осы шақта жас отбасының өміріне Паулаин Фейфре есімді әйел араласып, Хемингуэйді «Скрибнер» баспа­герлік ком­па­ния­сымен келісім­шартқа отыруға үгіттейді. Қол­жазбасын өңдеп, Нью-Йоркке жіберген ол осы ком­панияға кіта­бын бастырады. «Тағы бір күн шығып келедінің» кітап бол­ып шығу барысы Хемингуэйдің алғашқы жары Хадлимен некелік қатынасына салқынын тигізді. 1926 жылы қараша айында Хадли ажырасу талабын қояды. Олар мал-мүлікті тең бөліп, әрі Хе­мин­гуэйдің шешімі бойынша «Тағы бір күн шығып келедінің» романы­нан түс­кен пайда Хадлиге тиесілі болады. 1927 жылы олар біржола ажыра­сып, сол жылы мамыр айын­да Хе­мингуэй Паулайн Фей­фремен бас құрайды.
1928 жылы жаңа жұп Кансас қаласына барғанда ұлы Патрик өмірге келеді. Дәл осы сәтте Хе­м­ингуэй­дің екінші романы «Қош бол, майдан!» романы қағаз бетіне түсіп жатқан еді. Осы қыста Нью-Йорктен Флоридаға баратын пойызға мінгелі тұрған сәтінде, суыт келген жеделхаттан әкесі­нің өзіне қол салғанын естіп, қатты күйзеледі. Кенет алғашқы жары Хадлидің әкесі өзін мерт еткенде қандай көңіл-күйде бол­ғанын түсінді әрі: «Мүмкін мен де солай өлетін шығармын», – дейді. Қайғы мен қасіреттің салмағы есеңгі­реткен жазушыны осы күйі­нен құтқарған қолжазба күйінде тұрған «Қош бол, майдан!» туын­ды­сы еді. Францияға кетер ал­дын­да қол­жазбасын қайта қарап, тамыз айында бітіреді. Егер есебі­нен жаңылмаса, ол бұл шығарма­сын тұп-тура 17 рет өңдеуден өт­кізіп­ті. Кітап сол жылдың 27 қыр­күйе­гінде басылып шықты. Екі бірдей даңқты роман жазған автордың аты бұл сәтте жарты әлемге жетті деуге татырлық еді. Қаламын тежеуді мұрат етпеген ол 1929 жылы Испанияда «Түстен кейінгі өлім» шығармасына отырады. Өкінерлігі, көлік апаты иығын сындырып, ауыр жарақат қалпына келгенше арада бір жыл өте шы­ғады да, бұл туынды жабулы күйі қала береді. Қамкөңіл Хемин­гуэйдің көңілін үшінші ұлы Григо­рийдің өмірге келуі бүтіндейді. Қуаныш пен жұбаныштың сәтте­рін оңтайлы пайдаланған ол бірталай уақыт ішімдікке салы­нады. Тіпті, «Слопи Жоесс» шарап­ханасының тұрақты қона­ғына айналады. Достарымен бірге балық аулаудың қызықтарын ай­тып, көңіл көтереді. Оның алдын­да енді Африка сапары тұр еді. Сонымен, жиһангез жазушы 1933 жылы Паулаинді ертіп, Шығыс Аф­рикаға сапар шегеді. Он апта­лық қызықты сапар жазушыға «Аф­рика­ның жасыл таулары» атты туындысын жазуға себепкер бола­ды. Әрі құнды деректер табады. Автордың «Климанжаро – қарлы шың» қатарлы шығармаларының жо­басы да осында туады. Алыс құр­лықтағы саяхат барысында жазушы өзінің әуес ісі бойынша аңға шығады, тау-тасты кезеді, табиғат аясында енді жазамын деген шығармаларының сұлбасын ішкі ой әлемінен өткізеді. Нәтиже­сінде шығармасын сәтті аяқтап, 1935 жылы баспадан шығарады. Дала өміріне қызыққаны сонша­лық, ол өзіне қолайлы болу үшін «Пилар» есімді жеке қайық сатып алып, Карибин өңірін еш кедер­гісіз аралауға мүмкіндік табады.

Хемингуэйлер отбасы. Солдан оңға қарай: Марселайн, Сани, Кларенс, Грейс, Урсула, Эрнест. 1905 жыл

Ол туралы естелік жазған дос­тары мен көзкөргендер оның адамдардан гөрі аңдармен көбірек тіл табыса алатынын, «Бір кезде Монтанада тұрғанда бір аюы бол­ғанын, аю онымен бірге жатып, бірге тұрып, тіпті, арақты да бірге ішіп, екеуі жақсы «дос» болғанын» айтады. Ұнататын істерінің бірі аңшылық болғаны да жұртқа аян. Қалай аң аулау туралы өз тактика­сы да болған деседі. Ол айтады: «Ар­ақ ішкеніммен шылым тарт­пай­мын, шылым шегу адамның иіс-қоңысты сезу қабілетін нашар­латады, ал иісті жақсы сезу аңшыға ауадай қажет».
1937 жылғы Испан топырағын­дағы Азамат соғысы да Хемингуэй­дің өмірінен тысқары емес. Бұдан бұрын да бір рет соғысқа қаты­с­қан солдат даниялық режиссер Жорис Ивенспен бірге Испанияға барып тілшілік істеуге кіріседі. Ол арада Хемингуэй «Оңтүстік Америка» газетіне соғыс туралы материал жіберумен қатар, Ивенс түсірген «Испан топырағы» филь­мінің сценарийін жазады. Хемин­гуэй­дің өміріне тағы бір өзгеріс әкелген іс – Испан даласында үшінші әйелі, журналист, жазушы Марза Гел­хорнмен кездесуі болды. Білімді әрі сымбатты Гелхорн Эр­несттің көңілінен бірден шыға­ды.
1939 жылы тәуекелшіл Хе­мин­гуэй жеке қайығымен Кубаға жол тартады. Оның Кубаға сапары тым көңілді бола қойған жоқ. Әйелі Паулаинмен жиі жүз шайы­сып қалып жүрді. Марза Гелхорн­мен кездесу – Хемингуэй үшін «екі кеменің құйрығын ұстағанмен» бірдей болды. Екінің бірін таңдауға душар болған ол ақыры жаңа ғашығы Марзамен бірге «Finca Vigia» атты хостелді жалға алады. Жаңа өмір бастағысы келген жазу­шыға кедергі болғысы келмеген, әрі жолдасынан көңілі суыған Паулайн балаларын ертіп, бөлек кетеді. 1940 жылы 30 қарашада Хе­мингуэй тағы да шаңырақ көтер­ді. Бұл оның үшінші некесі еді. Жаңа тұрмыс, жаңа жар жазушыға даңқты шығармасы «Сені жоқтап күңіренген қоңырау» атты шығармасын жазуға шабыт сыйлайды. Бұл шығар­ма­сын 1939 жылы наурыз айында бастап, 1940 жылы шілде айында соңғы нүктесін қойып үлгерді. Осыған дейінгі кітаптарымен оқырманын қуантқан, жан-жаққа танылып үлгерген Эрнест Хем­ин­гуэйдің бұл туындысы да қолжазба күйінде үйінде көп тұрмады. Сол жылы (1940 жылы) қазан айында бас­падан шығып, оқырмандарға жетті. Бұл шығарманың Куба өңірінде де сатылымы жо­ғары болды. Бір айдың ішінде жарты миллионға жуық данасы сатылып кетті. Әрі «Пулитзер» сыйлығына ұсынылды. 1941 жылы Марза «Коллбер» журналының тілшісі ретінде Қытайға барады. Бұл сапарға Хемингуэй де бірге барып, «PM» гезетіне материалдар жіберіп тұрады. Бірақ бұл сапарға онша көңілі тола қойған жоқ. Тек міндет атқару үшін, әйеліне серік болу үшін барды деп есептеуге болады.

Эрнест Хемингуэй және үшінші әйелі Марза Гелхорн.1940 жыл

1944-1945 жылдар аралығында Хемингуэй Лондонға және Еуро­падағы бірнеше мемлекетке сапар­лады. Лондонға алғаш келгенде «Уақыт» газетінің шолушысы Мари Уелчпен танысады. Қысқа күнде қырық құбылған ол аяқ астынан жары Марзамен бірге Атлант мұхитына сапар шегуден бас тартады. Көп өтпей Марза Хемингуэйді көлік апатына ұшы­рап, ауруханаға түскен жерінен табады. Жазушымен бірге өмір сүру мүмкіндігі дүдәмәл екенін болжаған Марза онымен қошта­суға бекиді, әрі арақатынастарын үзу туралы ұсыныс айтады. Хе­мингуэй Марзаны Кубаға аттанар алдында соңғы рет көреді. Сол жылы көп өтпей олар ажырасып тынады. Шыққан сапары айтып тауысқысыз, көлік апатына сан рет ұшыраған, осыған дейін 3 әйелмен некелік қатынасын үзген ол Лондонда кездескен Мари Уелч­ті әйелдікке алады. 1947 жылы «Бронде жұлдызы» газетінен Екінші дүниежүзілік соғыстағы еңбегі үшін марапат алады.
Ол соғысты көзімен көріп, жүрегімен сезінгенінің нәтижесін­де, алдыңғы шептегі күрескерлер­дің тағдыры, өлім мен өмір шай­қасы, жеңіліс пен жеңіс сәті, ко­мандирлер мен офицерлердің жанкешті қимылдары туралы шығармаларында шынайы дерек­тер келтіре алды. Екінші дүниежү­зілік соғыстың соңғы жылдарында отбасы бірқыдыру келеңсіздіктер мен тосын оқиғаларға тап болды. 1945 жылғы көлік апаты екі тізесін, маңдайын ауыр жаралады. Оны­мен қоса, әйелі Мари екі аяғын сындырып алады. 1947 жылғы тағы бір көлік апатында ұлы Патриктің басына зақым ке­леді. Онымен қоса, бірінен соң бірі бақилық болған достарының қазасы оны есеңгіретіп жібереді. Жақын араласқан жазушылардан 1939 жылы Уиллиям Бутлер Этс және Форд Мадокс, келесі жы­лы Скоф Фитизгералд, 1941 жылы Шервд Андерсон және Жеймс Жойс, 1946 жылы Гертрвд Стейн, одан арғы жылы жақын до­сы Макс Перкинстер қаза таба­ды. Доста­рының азаюы, жоғары қан қысы­мы, салмақ жоғалту, диабет ауруы және ұзақ жылдық ішімдікке салынудың салдары оны ауыр күйзеліске ұшыратады. Қандай күй кешсе де, қаламын тастамаған ол 1946 жылы «Еденнің гүлзары» атты туындысының 800 бетін аяқтады. Соғыс аяқталған жыл­дары ол «Жер», «Теңіз», «Ауа» атты трилогиясының басын біріктіріп, «Теңіз кітабы» атты ро­ман құрас­тырады. 1948 жылы Хе­мингуэй мен Мари Еуропаға сая­хаттап, Венисте бірнеше ай тұрады. Осы сапар барысында Адрайна Иванч есімді 19 жастағы қыз­ға ғашық болады. Жасы егде­леп қалған жазушыға бұл тосын сезім қадірлі әрі қымбатты сезіледі. Осы сезім­нің әсерінде «Өзеннен өтіп, орманға ену» атты романын жазуға рухани күш жинайды. Бұл шығарма жазу­шы­ның өмірінен Кубадағы күндерінің куәсі ретінде орын алады. Бұл роман туралы көп өтпей сын-пікір жарияланады. Ашуға булыққан ол келесі жылы атақты «Шал мен теңіз» шығар­масын тұп-тура 8 ап­тада жазып аяқтайды әрі «ғұмы­рым­да көңілім толған шығармам» деп іштей марқаяды. «Шал мен теңіздің» өмірге келуі, жан-жаққа таралуы бұдан бұрын да даңқы едәуір жерге жеткен Хемингуэйдің атағын аспандатты. Әрі осы шы­ғар­масы үшін әуелі «Пулитзер» сый­лығын, 1954 жылы «Нобель» әдеби сыйлығын еншіледі. Бірақ Африкадағы кездейсоқ оқиғаның салдарынан жарақат алған ол Сток­голмға бара алмай, баяндама­сын Швед академиясына жол­дай­ды.

Эрнест Хемингуэй және төртінші әйелі Мари Уелч.1953 жыл

1956-1957 жылдары ол жиі сырқаттанып, төсек тартып жатып қалып жүрді. Арақ ден­сау­лы­ғын ойрандағандықтан жоғары қан қысымы, бауыр ауруы, артерия секілді аурулар оны шыр айналды­ра берді. 1960 жылдардың басында Хемингуэй әйелімен бірге Куба­мен біржола қоштасады. Олар Нью-Йоркке табан тіреп, жайлы баспана сатып алады. Әлемді кезуді әдетіне айналдырған ол іле-шала Испанияға, «Өмір» журналы­ның мұқабасына фотосурет түсіру үшін сапарға шығады. Ол осы са­пар барысында қатты ауырып, ғұ­мырының соңғы сәті таяғанын сезі­неді. Көп өтпей «Майда» ауруха­насына жатады. Ауруханада жата беруді уақыт өлтіру деп білген ол 3 айдан кейін шығып, Кетчемге қайтып кетеді. Бір күні әйелі оның қаруын өзіне кезеп тұрғанын көзі шалып, бірнеше досын шақырып, «Санвали» шипаханасына жатып емделуге көндіреді. Бұл арада да көп аялдамай, 30 маусым күні үйіне қайтып оралады. Арада екі күн өткен соң, 1961 жылы 2 шілде­де ол өзінің жақсы көретін қаруы­мен өзін атып өлтірді.
«Оның ақырғы күндергі іс-әрекеттері әкесінің өмірден қай­тар алдындағы іс-әрекеттері­мен ұқ­сас болды», – дейді көзкөрген­дер. Оны­мен қоймай, қарындасы Ур­сула, бауыры Лейсест те өзде­ріне қол жұмсап бақилық болып­ты.
Мұраты бөлек, стилі, көзқара­сы өзгеше жазушы 62 жылдық аласапыран ғұмырында күллі әлем оқырманы үшін өлмес шығармалар қалдырып, Эрнест Хемингуэй есі­мін әдебиетсүйер жаһан жұрт­шы­лы­ғының жүрегіне жазып кетті. Ол бір сөзінде: «Мен бұл атағыма 20-жылдары ие болдым. Қол жет­кізген атағымды 30-40-жылдары қорғай алдым. Енді 50-жылдары да қорғай алуым керек» деп өзіне-өзі батыл серт берген. Ол дегеніне жете алды. Әрбір қаламгердің мұ­ра­ты да, арманы да осы болса ке­рек.

Ағылшыншадан аударып, дайындаған
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Ескерту: Мақалада кісі аттары және жер-су атаулары ағылшын тілінің және қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын сақтай отырып аударылғандықтан өзгеріссіз қалдырылды.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.