Күз келгенде күрсініп мен де отырам…
16.10.2018
1516
0

Әбубәкір Қайран

ЫЗА

Қаламымды алып қолыма,
Қалшиып қалдым мен лажсыз.
Өлең – бұл жүрек соры ма,
Мұңдассыз және сырлассыз?

Еңбек деп мұны мен айтпан,
Еңіреген жанның бұл мұңы.
Көзімді менің қарайтқан –
Әлемнің бейбақ шындығы.

Әсіреқызыл сөзге тән,
Әдірем қалсын өрлігім!
Оңаша отау орнатам,
Жесір мұңдарға мен бүгін.

Жинап беріңдер, жиғыштар,
Жесір мұң, жетім зарды да.
Мұнан да қандай сыйлы іс бар,
Тартуға тұрар алдыма?

Ләззаттың уы мас етіп,
Ләйліген көздер таң да емес
Таптап өткендей нас етік,
Былғаныш… былжыр қалды елес.

Сүйкімді дейді сайқалды,
Сүйегі жұмсақ еркектер.
Сақтайды тірі сайтанды
Бөкселер, белдер, емшектер.

Пейіл бергіштік – бір соры,
«Періште» пенде сорлының –
Түлейге қамап түн соңы,
Көрсетер зауал, қорлығын.

Біреуге беріп арт жағын,
Біреуге беріп без бетін,
Тынымсыз жүріп тапқанын
Шашқанын неге сезбесін.

Төленген ләззат үйіне,
Төсектің құны іш өртеп.
Келе алмай кербез күйіне,
Күйініш зәрін ішер тек.

Ұмытып бәрін күні ертең,
Басы мен мойны тұтасып,
Шығады тағы бұл еркең,
Бұтына толып, бұқасып.

Жетімнің жасын ол бірақ,
Жеңімен сүртіп тастамас.
Боқ басты дене болбырап,
Тершиді текке қасқабас.

Өзі жоқ және көзі жоқ,
Бар екен мұндай қай елде?
Қол ұшын берер кезі жоқ,
Жетім мен жесір әйелге…

Көлгірсіп күлген көзге тән,
Не керек, әлем, кеңдігің?!
Ойымнан отау орнатам
Жесір анаға мен бүгін,
Жетім балаға мен бүгін!

***

Түсінбеске түсіндірем деу – обал,
Түсінгеннің ішін білем деу – обал.
Қаскөйлерді ісіндірем деу – обал,
Мешкейлерді ішіндірем деу – обал.
Ғашықтарды бөліп кетем деу – обал,
Жасықтарды жеңіп кетем деу – обал.
Сезіміңе сеніп кетем деу – обал,
Өз үйіңе келіп-кетем деу – обал.

Обал, обал! Обал, обал! Бәрі – обал,
Обалдарды көтеріп тұр молалар.
«Обалмыз» деп ойланады обалар,
Обалдарды обал қуып жоғалар.

СУЫҚ АУА

Суық ауа,
Сұр ауа,
Сұлу ауа
Сұлқ кеудеме кіргендей жылу ала.
Сұлу ауа кіргенде жылу ала,
Менің тәнім қоймайды суына да.

Удан ащы үйретіп уайымға да,
Көшіп кеткен көзімнен сайын дала.
Шымшып тұрған кеудемді уайымды ала,
Сыңсып тұрған сиқырлы қайың ғана.

Көз алдымнан тағы да көш көшеді,
Көштің ізі көзімнен өшпесе еді.
Өшпей қалған сол ізбен жүгірген қыз
Көлдей етіп көз жасын төкпесе еді!

Сыр-сыр етіп кеудесі барады күз,
Шыр-шыр етіп жылады манағы қыз.
Манағы қыз дегенім – қарағыңыз.
Қарағыңыз – кәдімгі қазағыңыз.
(Қатты-қатты
тартты ма қабағыңыз?).

…Суық ауа,
Сұр ауа,
Сұлу ауа
Шомылдырып тастады буына да.
Бұл өмірдің ет өліп, уына да,
Сіміре де саламыз, жуына да.

Суық ауа!.. Сұлу ауа!..
Ең тәтті дәм – өмірдің уы ғана.

***

Ей, жұлдыздар, жұлдыздар,
жымыңдарсың,
Таң атқанша бірің жоқ, бірің барсың.
Бірің – арсың, әрине,
бірің – қарсың,
Уыз түннен у ішкен кімің барсың?!

Жарқырайсың,
Біреуің қалтырайсың,
Бір-біріңнен ымдасып хал сұрайсың.
Жігерімді біреуің қамшылайсың,
Жүрегіме біреуің тамшылайсың.

Сендер – көкте,
Ал, жерде тұрады адам,
Тұрады адам күні жоқ жыламаған.
Сұрағым бар сендерден сұрамаған –
Тиесісің қайсысың мына маған?

Сұрағына жауап бер сұрағанның,
Өз жүлдызын білмейтін бір адаммын.
Арасында жоқ па, әйтеу, құлағанның,
Соны білмей, жұлдыздар, тым алаңмын.

ҚАРАШЫҚ

Қарашық су ма, тас па әлде?
Қатып бір қалған жас па әлде?
Жер де тұр сонда, көк те тұр,
Нұр да тұр сонда, кек те тұр.

Су болса – болар жоқ түбі,
Сүлеймен білер тек мұны!
Тас болса – лағыл шығар бұл,
Талайдың басын жұлар бұл.

Қарашық, бәлкім, бұл – сынап,
Сертіне тұрған құн сұрап.
Қарашық, бәлкім, бұл – шырақ,
Түнекті тұрған шымшылап.

Болса егер сынап, сыры айқын –
Жөні жоқ құнын сұрайтын.
Болса егер шырақ, нұры айқын –
Жөні жоқ түннің жолайтын.

Қарашық, сонда не зат бұл?
Осында барлық ғажап тұр…
Көзімнен менің Күн мен Жер
Төгіліп кетпей аз-ақ тұр!

***

Көктем қызы – Гүл сұлу, солма, жаным,
Солма, жаным! Солғаның – сорлағаның.
Сарқурайдай сарнаса сабақтарың,
Жақсы одан да жалғанда болмағаның.

Сен солуға ыңғайсың ерте неге?
Өрт – өмірден өзегің өртене ме?
Уысымен у берсе уақыт саған,
Сен де, ендеше, уақытқа еркелеме!

Гүлгүл сұлу, Гүл сұлу, Гүлгүл сұлу,
Бір күн батса, керек қой бір күн шығу.
Әлде саған әлемнің көк кезінде
Қанағат па өмірде бір күн сүру?

Сен емірент арудың аяулы арын,
Сен тебірент бұлбұлдың ояу жанын.
Гүлгүл сұлу, мен сенсіз көре алмаспын
Мына әлемнің мың түрлі бояуларын.

Көктем қызы, қартайма күзге дейін,
Жаның сенің жаралған Күнге бейім.
Күз келген соң күрсініп мен де отырам,
Одан кейін мен сені іздемеймін!

ТІРІ ӨЛІК

Кірпігіңнен талай моншақ секірді,
Енді күнің – екінді.
Дүние болса, дірілдеп тұр теңселіп,
Кір мәшине секілді.
Бұл мәшине тазаламақ нелерді –
Тозған шалбар,
Әлде сатал сейсеп пе?
Ондайлармен сүртуші еді еденді,
лақтыратын кей сәтте…

Жұлдыздардың өтті-ау әбден мысқылы,
«тәлеңкемен» тәлкек қып,
Сипалайды қара жердің ышқырын,
бұл не деген тентектік!
Сазарып бір қарап қалды сарғыш көк –
Аспан-дағы табашыл.
Сол бір жақтан адамзатқа алғыс жоқ!
Жер де содан қара сұр.

Бүгін, міне, бас диірменнің тасындай,
жүрек сынап секілді.
Ғасыр соңы үркітуде, япырмай,
Сенің торғай есіңді.
Ібілісті тойдыру да – бір міндет,
Аудара сал қалтаңды.
Мінгізе сал міндетсімей міңгірлеп,
Тос қотыраш арқаңды.

Сен бір тамшы…
Жарылмайсың атом боп,
Тұрған да жоқ гүл еміп.
Адаммын деп айтуға да хақың жоқ,
Өйткені сен – тірі өлік!

***

Аунақшып тұр ауа мен жел,
Ойнақшып тұр күн жанары.
Сансырайды сары белдер,
Сырбаз таулар сызданады.

Сары белден құйын шықты,
Сары топырақ көкке атылды.
Шеткі ауылдың үйін жықты,
Шырылдатып көп қатынды.

Құйын алды күлді, көңді,
Қойлыбайдың шұлғауын да.
Сұрп асылдар қолды болды,
Сұрапылдың шырмауында.

Таз үйінің қонағы еді,
Тасыр құйын құтырған-ау…
Қайран біздің қазақ елі
Осындайдан құтылмады-ау.

***

Сумаңдаған суық тіл
Жалап жатыр маңайды.
Ұры боран ұлып тұр,
Жалмап болар талайды.

Аждаһадай зәр атып,
Аузын ашқан бұ қай жын?
Жұртты жерге қаратып,
Кеткені ме Құдайдың?!

Ақ жыландар жарысып,
Жын ойнағын үдетті.
Аш бөрілер табысып,
Бір-біріне «ыр-р» етті.

«Уай, дүние-ай, – деді шал, –
Көрмегенім осы ма? !
Ары салма, бері сал,
Шемен жүрек, шошыма!

Жұт деген де жалмауыз –
Кетер өзі тойғасын.
Әне, саған салды ауыз,
Байқа… жұтып қоймасын…».

…Боран, боран ұлып түр,
Қалтырадым мен тоңып.
Боран, боран ұлып тұр,
Барам неге өртеніп?

***

Қолымда кесе бос деме –
Ішінде ауа толып тұр.
«Көңілім бүгін хош» деме –
Шайтандар сені көріп тұр.
Кесені төңкеріп ұстама –
Аспаннан лағыл төгілмек.
Көңіліңді жерге тастама –
Қуанып шайтан елірмек.
Кесенің рахатын көрерсің –
Лағыл сусынға қанарсың.
Көкірегіңе төгерсің –
Лағыл боп өзің жанарсың.

Мұны Алла жасар,
Сенен шайтан қашар.

ДІР ЕТЕ ҚАЛАМ

Дір ете қалам жапырақ құсап,
Жылбысқы бір дем жаныма тиіп.
Аңсаған шалдай жасырақ құшақ,
Мүттәйім жандар жыныма тиіп.

Дір ете қалам қантүбіт құстай,
Жымысқы көрсем – жылан деп біліп.
Көрінсем дейді-ау аршылап мыстай,
Бұзылған қыздай бұраңдап күліп.

Дір ете қалам анадай жесір,
Өрекпіп түрған өрт – өсек көріп.
Мінезім – тентек баладай кесір,
Қалмасын деймін жер – төсек болып.

***

Түндегі өртті көріп пе едің сен –
Менің жүрегімдегі түннің?
Шуағында болып па едің сен –
Менің жүрегімдегі күннің?

Түндегі өртті көре алмадың сен –
Онда адасып кетпес едің ғой.
Күн шуағын сезе алмадың сен –
Тоңып, жасық төкпес едің ғой.

Түндегі өрттен түк қалмапты де –
Күйіп кеткен күлді көрген соң.
Күнімді түн құтқармапты де –
Тас қараңғы түнді көрген соң.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір