Ақын мен Ардың мерекесі
03.09.2015
1797
0
742754_1331752247_IMG_7514 (1)Осыдан жетпіс жыл бұрын қазақ поэзиясына өзгеше құбылыс болып «Ар» өлеңдер жинағы қосылған еді. Кітаптың авторы жиырма жастағы Қуандық Шаңғытбаев, ал жас ақын­ның алғаш тұсауын кесіп, батасын берген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов болатын. Өкінішке қарай тарих парақ­тары «Ар» жинағының солақай саясат­тың құрбаны болып үлкен сынға ұшы­рап, өртелгенін, автордың қудаланып, біраз қиындық көргенін айтады.
Алайда, кітап өртеліп, жойылғанымен өнерді, соның ішінде сөз өнерін ешқандай күш көміп, өшіре алмасы анық. Өз зама­нын­да тағдырдың бар сынағын сабырмен жеңе білген, қайталанбас талантымен қазақ өлеңінің Шайыры биігіне дейін көтерілген ақынның туғанына 90 жыл, тырнақалды жинағы «Ар» кітабының жа­рық көргеніне 70 жыл толып отыр.
Осы мерейтойлар аясында С.Бәйі­ш­ев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітап­хана­сының «Қаламгер» әдеби орта­лығы «Ақын мен «Ардың» мерекесі» ат­ты әдеби кеш өткізді. Ақын Қ.Шаңғыт­баев­тың өмір жолымен шығарма­шы­лы­ғы туралы фото-слайдпен «Жыр зер­гері» кітап көр­месі көрермендер наза­­­рына ұсыныл­ды.
Әдеби кешке Ақтөбе қаласының әде­биет өкілдері, ақын-жазушылары мен жас ақындар, қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері қа­тысты. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашық­баев жүргізді. Сөз кезегінде ақын, аудармашы, көсемсөз шебері Мейір­хан Ақ­дәу­лет­ұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлы­ғы­ның лауреаты Ертай Ашық­баев Қ.Шаңғыт­баевтың қиын­дыққа толы өмірі мен шығар­машылығы, адамдық қасиет­тері, ешкімге ұқсамайтын табиғаты туралы және «Ар» жинағының шығу тарихын әңгімеледі.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі Кәрім Айнабеков өзіне ұстаз санайтын ақынды ең алғаш көрген сәті туралы баяндаса, сатирик — жазушы Төре­жан Мәндібай Қ.Шаңғытбаевтың аударма саласында Омар Хайямнан аударған өзгеше өрнегі бар өлеңдерінен мысалдар келтірді. ҚР мәдениет қайраткері, әдебиет жанашыры Еркін Құрманбек ақынның қа­ра­пайым болмысы туралы естелігімен бөлісіп, ақынның сөзіне жазылған ән­дер­дің шығу тарихын айтып өтті. Кеш барысында Қ.Шаңғытбаевтың сөзіне жазыл­ған І.Жақановтың «Ойыл толқыны» әні орындалып, ақынның өлеңдері оқылды.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір