Жаңбыр қашан жауады?!

0
52 қаралды

Қазіргі күні балалар әдебиетінің кенжелеп қалғаны рас. Ол жайында талай рет айтылды да, жазылды. Әйтсе де, көңіл қуантарлықтай дүниелердің туып жатқаны шамалы. «ZHERSU» корпорациясының басшысы, қазақтың үлкен жүректі Атымтай азаматы Бауыржан Оспановтың демеушілігімен балаларға арналған «Дарабоз» бәйгесі жыл сайын өтіп келеді. Осы бәйгенің арқасында біршама шығармалар жазылғандай. Бірақ, оның өзі аз.
Сондықтан біз бүгінгі санымызда балалар шығармашылығына арнайы орын беріп отырмыз.

Керек еді көлеңке,
Дала ыстық, күн ыстық.
Су тілейді кең өлке,
Су тілейді егістік.

Жасап қойдым мен кеме,
Жаңбыр қашан жауады?
Шөлдеп тұрған өлкеме
Бұлттар қашан ауады?

Жаңбыр тілеп ел күнде,
Жүгінеді данаға.
Мұңаяды үлкен де,
Мұңаяды бала да.

Жаңбыр бізге жауғанша,
Шыдар ма екен бау-бақша?
Жауса екен деп жаңбырды,
Күтеді енді ел қанша?!

СҮРГІ МЕН БАЛТА

Ағаштың мен бұтағын
Демалмастан бұтадым.
Ел сүйе ме ынжықты?
Маңдайымнан тер шықты.

Кесті ара тақтайды,
Ал, сені кім мақтайды?
Қашау досың қашады,
Бұрғы ойық жасады.

Қақты балға шегені,
Дайын үйдің едені.
Не айтасың, сүргі дос,
Өткіздің ғой күнді бос?!

Сөзден асқан жоқ қару
Неге керек мақтану?
Сөйлеген жоқ ақталып,
Жатпады да мақтанып.

Әжептәуір көлемді,
Кедір-бұдыр еденді
Тегістеді, өңдеді,
Ән сап жүріп, жөндеді.

Сәнге айналып әр қадам,
Қалыспады балтадан.
«Жарайсың», – деп сүргіні
Қақты достар арқадан.

СЕН ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДА

Сен ұйықтап жатқанда,
Көкжиектен таң атты.
Тұрып ерте ақ таңда,
Суарды ағаң торы атты.

Сен ұйықтап жатқанда,
Әжең пешке от жақты.
Көгорайлы шатқалда
Атаң сенің шөп шапты.

Сен ұйықтап жатқанда,
Пісірді анаң тамақты.
Күтім жасап бақтарға,
Жөндеді әкең шарбақты.

Сен ұйықтап жатқанда,
Қозы-лақты кім бақты?..
Сен ұйықтап жатқанда,
Осылайша күн батты.

Ернұр СЕЙДАХМЕТ


Менің қонақжайлылығым…

Ермек ағайымыз бораннан аман алып шықса да, інімнің үсіп кеткен оң беті, менің сол жақ қо­лым­ның сұқ саусағы әлі жазыл­мады. Інімді оң қолыммен жетек­теп жүргем ғой, содан, негізі, екі қол бір-біріне жанас­қан соң, жылуы сақталып қалған болу керек. Физика пәнінен «Үйкеліс күші» деген тақырыпты өткенде мең­геріп алған білімімді енді іс жүзінде де тексерген сыңайлы­мын. Сабаққа деген құштарлығым сонша, мектеп­тен тыс өмірімді де өткен тақырып­тар­мен, мектепте айтылған пікірлер­мен байланыс­тыра жүретінмін.
Осы оқиғадан кейін «анам сөгіп, көп ұрысатын болды-ау» деп қанша қорықтым. Жоқ, анам ұрыспады, анам маған ең сорақы жазаны қол­данды – менімен сөйлеспей қойды. Содан бері бәрін анама айтқызбай істеймін – ыдысты да жуып, үйді де жинап қоямын. Бұрындары мұндай іспен айналыссам, анам жер-көкке сый­ғызбай бір апта мақтайтын. Қазір олай емес… Бірақ мен тілегімнің орын­далғанына бәрі­нен бұрын қуан­дым. Інімді боран­нан аман алып қалдым. Ермек аға де мені мақтаған болатын. «Нағыз бауырлар сондай болуы керек» деді. Оған өмір бойы разы болып өтем. Інім екеуміздің жер ба­сып, тірі жүруімізге себепкер бол­ған Құдайдың жіберген періштесі екен ол…
Анамның айтқаны қанша жер­ден дұрыс болғанымен, біз мек­тепті са­ғындық. Ойланбай істеген ақымақ­тығым үшін үш ай жазамды өтедім – анам бізді мектепке жібермеді. Жер жылы­нып, күн шыққан соң, әкем біз­ді өзі апарып тастап, өзі алып кететін болды.
Мен соның өзіне шүкіршілік айттым. Үш ай бойы «балалар қазір не істеп жүр екен, қандай қызықты сабақтар өтті екен?» деп бойымды, бір жағынан, қызғаныш, бір жағынан, өкініш билейді.
Өзімді сөге бердім. Бірақ мек­теп­тен бұрын бір адамды сағынған сияқ­тымын. Ол – Алма, менің мектептегі ең жақын құрбым. екеуміз бір-бірі­мізді іштей түсіне­тін едік. Ол көр­ші мекте­бі бар ауылда тұратын. Әрі күн сайын екеуміздің арамызды төрт-бес шақырым жер бөліп жатушы еді.
Бір күні Алма біздің үйге қо­наққа келді. Қырсыққанда, сол күні үйде қонақ болатын. Негізі, мен үйге қонақ келгенін ұната­мын, бірақ тек Қарақыз емес. Шын­дығында, ол менің бөлем, шын есімі – Гүлсім. Өзінің беті күнге күйіп кеткен, қап-қара бол­ған­дықтан, бәрі оны Қа­рақыз дейтін.
Қарақыз Алма екеумізге маза бермеді. Өте мазаң, біртүрлі сүйкімсіз қыз еді. Міне, Алманы ең алғаш қонақ қылуым осындай сәтсіздікпен аяқталған.
Алма кеткен соң, Қарақызға қат­ты шамданып, ұрысқым келді. Оның менен үш жас үлкендігі бар еді, бірақ кішкентай қыз сияқты ыржыңдап күле беретін. Оның әке-шешесі сау­дамен айналыса­ды, көбінде тауар алуға сапарларға шығып кетеді де, ол біздің үйде қала­тын. Келген сайын менің жы­ным құрысады. Анам үнемі «сен­дер туыссыңдар ғой, олай етпе, ұят болады» деп ескертетін. Ал осы жолы мен шындап аш­у­лан­дым.
– Қарақыз, – деп бастадым сөзім­ді нәзік үнмен, – сен жаңа өзің­нің не бүлдіргеніңді білесің бе?
Қарақыз әдетінше маған көзі­нің қиығымен қарап қойды да:
– Әрі кетші, мазамды алмай… – деп немқұрайдылықпен қысқа жауап қайырды.
Мен терең тыныс алдым. Егер дәл сол сәтте анам келіп қалма­ған­да, шашын жұлып, қолына беру­дің аз-ақ алдында тұрған едім.
Бірақ анамның сөзінен кейін жі­біп сала бердім. Өзімнің ба­қытты күн­дерім қайта оралғандай, тап бір осы уақытқа дейін қараңғы қапаста, үңгірде жалғыз қалған­дай, енді сол қараңғыдан күн сәу­лесі нүрлана тө­гіл­ген кең далаға шыққандай сезімде болдым.
– Қызым, мен қайтқан бір кісінің қырқына барып келейін. Бейшара Күләш… анасы қайтты ғой, оңай ма? Мен келгенше орамжапырақты турап, әзірлей берші. Үлгерсең, үй ішін жинап қой. Бүгін Гүлсімнің ата-анасы келуі тиіс.
Қарақыз анамның сөзін құла­ғына да ілмей, інімнің «әліппесін» ақтарып отыра берді. Егер бұл күндегі жағдай бол­ғанда, мен анама: «Мама, ол Гүл­сім емес, Қарақыз», – деп күліп, бөл­меден шығып кеткен болар едім. Себебі, анам оны ешқашан Қарақыз деп атамайтын, әрқашан өз атымен атайтын. Ал бүгін өйте алмаймын ғой, себебі анамның үш айдан кейін маған мейірленіп сөйлегені осы еді.
Негізі, менің анам кекішл адам емес, ол әрқашан кешірімді болатын. Бірақ мен осы жолы шынымен ой­ланбастан қателік істедім. Және сол қателіктің кесірінен інім екеу­міз бірдей жапа шегуіміз мүмкін еді. Бәлкім, анам осыны түсінуім үшін мені осы­лайша жазалаған болар. Қайт­кенмен, мен мұны әлдеқашан түсініп қойғам.
– Әрине, мама. Сіз асықпай ба­рып келіңіз. Мен қазір сорпа дайындаймын. Қа­рақыз маған үй жинауға көмек­тесер, – деп, анам­ды есіктің алдына дейін шығарып салдым.
– Жарайды, онда мен де алаң­дамай бара беретін болдым. Бала да­лада ойнап жүр, күн желдетіп барады, шамалыдан соң үйге кір­гізіп, түстен қалған тамақты ысы­тып бер. Қарны ашқан шығар, – деп, анам есіктің алдында тұрып, шаруаның бәрін маған тізіп беріп тұрды. Есікті енді ашпақ болып тұрып, қайтадан артына бұрылып, маған тағы тіл қатты:
– Айтпақшы, пеш жағам деп, бірдеңені бүлдіріп алма. Әзір үй жы­лы ғой. Әкең келген соң жағар.
– Түсіндім, мама, – дедім мен күндегі әдетімше сөйлеп.
– Ал, кеттім мен онда, – деп, анам ақыры үйден шықты.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.