ҚАЗЫНЫҢ ҚАЗАСЫ
15.10.2018
1635
0

(«Алаштың алғашқы құрбанын» жазған кім?)

Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы – қазақ тарихындағы ерекше құбылыс. Автономия жөнінде біраз еңбектер дүниеге келді. Монографиялық зерттеулер қолымызда, құжаттар жинағы және бар. Анықтамалық, энциклопедиялық сипаттағы кітаптар танымымызды толықтыра түсуде. Дегенмен, Алаш ақиқатын тереңірек ашатын, тұлғалардың сіңірген еңбегін пайымдауға қажетті мәселелер қапысыз жеткілікті. Солардың бірі – Алаш әскері, Алаш милициясы хақында.

Ә.Бөкейханұлы бастаған Ал­аш басшылары Орынбордан жеделхат жолдап: «Қолымызды айқастырып қарап отыратын заман өтті. Жанды, малды, қа­тын-баланы қырғын талаудан қорғайтын күн туды. Кел, Алаш­тың баласы! Талаудан аман қалам десең, өзіңді өзің бақ, өз алдыңа жеке бақылаушы (милиция) жа­са!.. Біз жұмыстың аса керектігі һәм шұғылдығына қарап жал­пы­қа­зақ сиезін жасамақ болдық. Құрметті ақсақалдар, көзі ашық оқығандар, 5-ші декабрьге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қор­ғаудың қамы – милиция жа­сауды кеңесеміз», – деп жар салған еді.
Қазақтың тұңғыш ұлттық-де­мократиялық партиясының алдындағы келелі істердің бірі — Алаш автономиясының қарулы жасақтарын құру болатын. «Не­гізі­нен, атты әскер түрінде жасақ­та­латын халықтық милиция қа­та­рына әскери қызметті атқаруға жарамды 20 мен 35 жастың ара­сын­дағы ер-азаматтар алынатын болды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақ­мола, Семей және Жетісу об­лыс­тарындағы милиция қызмет­кер­ле­рінің жалпы саны 13500 болсын делініп, әр облыс бойын­ша әскер қатарына шақырылған­дар саны белгіленді», – деп көр­сетілген. Алаш тарихын зерттеуде зор еңбек сіңіріп кеткен академик Кеңес Нұрпейісұлы: «Барлық деңгейдегі Алаш басшылығы 1918-ші жыл бойында ұлттық қа­ру­лы күштерді құруға үлкен мән берді. Алаштың алғашқы жасағы (отряд) 1918 жылғы қаңтар-ақпан айларында құрылды, бірақ совет үкіметі орнағаннан соң көп кешікпей ол қарусызданды­ры­лып, оның қатарындағы жігіттер таратылды», – деп анықтай тү­седі. Алаш мұратын, Алашорда үкіметін қорғауды мақсат тұтқан халық жасағының ұзақ, жүйелі қызмет жасауына аласапыран уақыт мүмкіндік бермеді.
Алғашқы ұйымдастыру сәті­нің өзінде-ақ ірі кедергілерге кездесті. Соның ең біріншісі – Семейде құрылған атты-жаяу милицияның бастығы Қазы Нұр­мұ­хаметұлының жазықсыз оққа ұшып, ажал құшуы еді. Жантүр­шігерлік оқиға жайында «Са­рыар­қа» газеті 1918 жылдың 18 наурызындағы №34 санында жазды. Мақаланы жазған – Бейімбет деп көрсетілген.
Тура осы мақаладан соң Сәбиттің (Дөнентаев – А.Е.) «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңі басылған. Аталған мақала мен өлең «Абай» журналында да жарық көрген. Өмірбаянынан белгілі: дәл сол тұста С.Дөнентаев «Сарыарқа» мен «Абайда» бел­сенді қызмет атқарған. Сұрапыл оқиғадан үш-төрт ай өткен соң Ж.Жәнібеков «Қазақ» газетінде «Сарыарқадан» деген ескерт­пе­мен «Алаш құрбандары» мате­р­иа­лын жариялаған. Мұнда Алаш­тың қос құрбаны – Қазы Нұр­мұ­хаметұлы мен Нұғыман Са­рыбөпеұлының аянышты тағдыры жөнінде баспасөзден жинап, қорытқан дүниелері әңгімеге өзек болған.
Басты айтпағымыз, жария­лан­ғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен мақала авторының есім-сойының соңғы жиырма жыл­дың аясында бұрмалануы кө­ңілді алаңдатады. Біраз зерт­теушілер мақала авторы Бәйім­бетті Байымбет (тіпті Бейім­бетке айналдырып) деп қате оқып, жазып жүр. Бұл жерде әдейі шындықты бұрмалау­шылық жоқ, меніңше. Тек араб әліпбиімен басылған дүниелерді оқып, зерттеуде қателік кеткен. «Тарихи шындық бұрмаланған жағдайда байқамай қалған, бір әріптің ғана айырмашылығы ғой» десек, ке­лер ұрпақ алдында ұятқа қаламыз. Қателік қазақтың екі ірі қалам­герінің – ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын, жур­на­лист Сәбит Дөнентайұлы мен қазақ әдебие­тінің аса көрнекті жазушысы Бейімбет Майлыұлы­ның мұра­ларына тікелей қаты­сты болған­дықтан, олқылық­тың ма­ңы­зы, мән-мағынасы сал­мақ­тана түседі. Серікқали Бәйменше: «Бейімбеттің Алашорданы қол­дап жазған туындыларының ішін­дегі атап көрсететін еңбегі – «Тұң­ғыш құрбан» мақаласы. Ол «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 18 наурыздағы нөмірінде жария­ланды», – деп пікір түйеді. Оны­мен де шектелмей, Бейімбет Майлин­нің белгісіз шығармала­рын жинастырып, жеке жинақ шығарып, оған «Тұңғыш құрбан» деп ат қояды. Қарағандылық журналист Масғұт Халиолла, сон­дай-ақ, Б.Майлин қоғамдық қо­рының директоры Жұмабек Табын өз мақалаларында С.Бәй­меншенің қателігін қайталап, бекіте түседі.
Иә, сонымен, Бейімбет Май­лин­мен шатастырып жүрген Бәйім­бет немесе Байымбет кімнің бүркеншік есімі? Мәселе­нің байыбына жету үшін Сәбит Дөнентаев пен Бейімбет Май­лин­нің өмірі мен шығар­ма­шы­лығына арналған зерттеуші­лер пікірі мен әдебиетшілер толға­мына жүгінелік. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Сәбит Дөнен­таевтың шығармаларын ұзақ жыл­дар жинастырып, алғысөзін жазып, жариялаған көрнекті ғалым Есмағамбет Ысмайылов айтады: «С.Дөнентаевтың бір­қатар шығармалары бұрын газет-журнал бетінде «Жаналин», «Бәйімбет», «Азалы», «Жетім», «Бе­гендік», «Еңбекші», «С.Д.» деген аттармен жарияланып келген».
Қарт журналист Т.Бекбайұлы С.Дөнентаевтың аталарын бы­лай­ша таратады: Арғынның бір тармағы – Бәсентиін. Бәсен­тиіннен – Бәйімбет – Қоянбай – Найза – Жарасбай – Жанәлі – Дөнентай – Сәбит. Әйгілі шежі­реші Мәш­һүр Жүсіп Көпей­ұлының жаз­бала­ры дерегімізді тиянақтай түседі. Сөйтіп, Бәйім­бет (Байым­бет) – Сәбиттің алтыншы атасы болып шығады. С.Дөнентаев аталарының ішінде Бәйімбет пен Жанәліні өзінің бүркеншік есіміне таңдаған.
Б.Майлин шығармашылығы жайлы докторлық диссертация жазған, белгілі бейімбеттанушы профессор Темірғали Нұртазин: «Көп жазған, еңбектерін санқилы тарихи жағдайда жазып, сан түрлі баспасөзде көптеп жариялаған Б.Майлиннің псевдонимдері – бүркеншік аттары көп. Ол еңбек­те­рін революцияға дейін «Ай­қап», «Қазақ» бетінде «Би­мұха­­мет» немесе «Бимұхамет Май­лин» деп өз есімімен жария­лап отырған. Кейін туыстары атайтындай, «Бейімбет» деп қол қояды да, сол аты – әдеби есімі болып тарихқа енеді», – деп анықтай түседі. Сол көп бүркен­шік есімдерінің ішінде «Байым­бет» жоқ.
Баспасөз беттерінде, газет, жур­налдардың бір санында бір­неше материалы жариялан­ғанда жазушы, журналистер бүркеншік есім қолдануды жөн көреді. Бұл ретте Б.Майлин «Сарыарқа» мен «Абайда» үнемі бүркеншік аттар­ды қолайлы санады деудің жөні келіңкіремейді. «Сарыарқа» газетінде Бейімбеттің бұдан басқа осы сарындас «Адаспаспыз» (1917 жылғы желтоқсан), «Дін­шіл­­дерге» (1917 жылғы 5 қыр­күйек), «Тұяқ өлі кісі» (1917 жыл­­ғы 14 қыркүйек), «Комис­сардың жолдасы» (1917 жылғы 1 тамыз) прозалық туындылары жарық көрді. Мұнда да Алаш қозғалысын қуаттап, үн қосты» деген пікір – ұшқары. Олардың баршасы «Байымбет» псев­дони­мімен басылған. С.Дөнентаевтың «Адаспаспыз» өлеңі жөнінде әңгіме басқаша. Өлең тұңғыш рет «Бәйімбет» бүркеншік есімімен Сәбит қызмет жасайтын «Сары­ар­қада», 1935 жылғы ақынның өлеңдер жинағында жарияланған. «Абай» журналынан да Б.Майлин шығармаларын кездестіре алмай­сыз.
Керісінше, «Сарыарқада» С.Дөнентаевтың бес өлеңі баспа көрген. Мұғалімдік курсты бітірген соң, өз елінде біраз уақыт мұғалім болады да, 1918 жылы қайта Семейге келеді. «Семейде шығатын «Сарыарқа» газетіне орналасып, онда экспедитор (га­зет­ті жөнелтіп тұрушы) болып қызмет істейді. Бір жағы, «Са­рыар­қа» газеті мен «Абай» жур­на­лына өлеңдер жазып тұрады», – дейді Балташ Ысқақов «Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы» кітабында.
Б.Майлиннің алғаш Семей өңіріне жолы түсуі жайында Сәду Машақов тартымды әңгімелейді: «Жазушы Бейімбет Майлиннің өзін көріп, таныс болудан көп бұрын оның газет-журнал бетінде басылған өлең, әңгіме, шағын пьесаларын оқып жүретін едім. Сондықтан газет, журналдардан Бейімбеттің өз атын, «Шаңқан», «Бимұхамбет», «Малай» деген тәрізді бүркеншік аттарын алды­мен іздестіретінмін… Сол қалып­та бес-алты жылдай сырттан оқып, өзін көруге құмартып жүр­ген кезде, 1929 жылдың күзінде Бейімбет Семейге келді». Осы тұңғыш келуінде Б.Майлин Семей облысының Мақаншы, Үржар, Бесқарағай аудандарын­дағы астық жинаудың жай-жапсарымен танысып қайтқан.
Ескеретін жағдай, «Сарыар­қа» мен «Абайда» «Тұңғыш құр­банды» жариялаған адам оқиғаны көзімен көрген, жерлеу рәсіміне қатысқан. Қ.Нұрмұхаметұлы қайғылы қазаға ұшыраған уақы­т – 1918 жылдың 6 наурызы. Ма­қа­лада «сөйтіп, 7 мартта, бейсенбі күні Алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапарына жөнелтіп, жұрт тарқасты», – деп бұлтартпас дерек келтірген. Сондай-ақ «жас­тар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып құран оқытты, дұға қылдырды» деуі – көзімен көрген, ішінде бол­ған адамның сөзі. Болған оқиға мен ол туралы мақаланың жа­рыққа шығуының арасы – не­бәрі 11 күн. Сондықтан Қос­танай­дағы Бейімбеттің аталмыш қазаның арасында болып, мақала жазуы мүмкін емес. «Абай» журналында материал екі күннен кейін 20 наурызда қайталанып басылған. «Тұңғыш құрбан» Бәйімбет псев­дони­мімен беріліп, мақаладан кейін іле-шала жария­ланған «Алаш­тың алғашқы құрбанына» өлеңінің соңынан Сәбит деп қол қойылуы – баспа­сөз әлемінде жиі кездесетін заңды құбылыс. «Бәйімбет» бүр­кеншік есімінің иесі «Сарыарқа» мен «Абайда» қыз­меткер болған Сәбит Дөнентай­ұлы екендігі ешқандай дау-дамай туғызбайды. Деректерге бас иіп, ақиқатты ардақтағанымыз абзал.
Ой түйерде ескертпегіміз, Міржақып Дулатұлының бес томдық жинағын құрастырушы белгілі әдебиетші, профессор Жұмағали Ысмағұлов екі шағын мақала жариялап, өз пікірін білдірген еді. Көлемі шағын де­ме­сеңіз, ақиқатты ашуға жәрдем­де­сетін деректі әріптестеріміз еле­меді, ескермеді. «Егемен Қа­зақс­танға» берген сұхбатында: «1918 жылы көктемде Семей қала­сында… Алаш жасағының қасқайып қарсы тұрған сардары Нұрмұхамедов деген жігіт оққа ұшқан. Осы қаралы жиында Мір­жақып Дулатұлы қазанама өлеңін оқыған. Жүсіпбек Аймауытов жан досын жоқтап егілген. Бұл хабарды «Абай» журналында «Бәйімбет» деген бүркеншік ат­пен Сәбит Дөнентаев жазған.
2003 жылдың 28 мамырында М.Халиолла мақаласы жарияла­ны­сымен, Ж.Ысмағұлов жедел қолына қаламын алып, «Егемен­нің» редакциясына хат жолдады. «Масғұт Халиолла деген әріптесі­міздің «Алаштың алғашқы құр­баны» атты тақырыппен көлемді материалы басылған екен. Оқи­ғасы өзіме көптен таныс болған­дықтан ынта қойып оқыдым», – дей келе шындықтың бетін ашады: Біздің жаңсақтық деп отырғанымыз – Бәйімбеттің Бейімбетпен шатастырылуы. Егер бір рет қана қайталанған болса, әріп қатесі деп елемеуге болар еді. Ал Масғұт Халиолла мырза «Бәйімбет» деген автордың аты-жөнін «Бейімбет Майлыұлы» деп өз тарапынан өзгертіп, үш рет қайталайды. Дұрысында, «Бәйім­бет» деген атпен С.Дөнентаев бас­пасөзде жиі жазып тұрғаны біраз адамға мәлім.
Мұны мен кезінде Сәбит ақсақалдың Алматыда тұратын қызы Сәулет апайдан да сұрап білгенмін. Ол жылдары Бейімбет Семейге ат ізін салмағаны оның өмірбаянынан белгілі».
Шын­дық­тың шырқын бұзып алудан сақтанып, дәйексөзді көлемді етіп алдық. «Бәйімбет», «Бейімбет» бүркеншік есімде­рінің тарихы дәлелденгендей. Енді оны қайыра қопсытудың реті жоқ.
Бүркеншік есім төңірегіндегі әңгімені осымен доғарып, мақала турасында ой өрбітейік. Соңғы жылдары, әсіресе Алаш қозға­лы­сы­ның жүз жылдығы қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарында Алаш қайраткерлері жөнінде жаңа­ша толғамдар, қордалы ойлар дүниеге келді. Алаштың тұңғыш құрбаны хақында да пікірлер бой көрсетті. Кейбір зерттеушілер қанды оқиға Семей қаласында, яғни Ертістің оң жағалауында болған дейді. Бұл мәтінмен асығыс, атүсті та­нысқандықты байқатады. Хабарда: «6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында [Семейдің Жаңасемей бөлігі – А.Е.] мылтықсыз ойнап жатқан» жас сарбаздарға оқ атылғандығы нақты жазылған. Қанды оқиға болған мекен, мезгіл дәлдікпен көрсетілген.
Автор мақаласында Алаштың тұңғыш құрбанын соңғы сапарға аттандырып салуға халықтың көп жиналғандығына тоқталады. Бұл қанды оқиғаның ұлттық сананы оятуға тигізген әсер-ықпалының зор болғандығын көрсетеді. Алашорданың соты, биі Шәкәрім ақсақалдың жиналған жұрт алдындағы сөзі бостандық жолы­на бет бұрған көптің аңсар-арманын қапысыз танытады. Жерлеу сәтіндегі Шәкәрім ақса­қалдың аузынан шыққан қорға­сындай сөз жиналған көпті тебі­рентіп қана қоймай, жүректеріне нұр құйып, бойларындағы күрес­керлік рухты шыңдай түскені анық.
«Қабірге қойып, құран оқы­лып болғаннан кейін Шәкәрім ақ­сақал халыққа қарап сөз сөйледі:
«Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл – ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұ­ны өлді демеңдер. Бұл күнгі һәм мұнан соңғы ұлтым деген аза­­маттар «мына мен сияқты болып ұлтым деңдер» деп өзінің ұлтшыл­дығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы – би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті… Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көре­мін деген үмітім жоқ еді. Көр­дім. Енді бүгін өлсем де, арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадірің­ді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл. Қош, қабірің нұрлы болсын!» – деді. Жиналған жұрт еңіреп жылап жіберді».
Шәкәрім сөзі – нағыз би айтатын, Алаштың байтағына ақылгөй ақсақал толғайтын көсемдік жосын. Халқының қасиетін жете таныған, ұлтының салт-дәстүрлерін қапысыз мең­гер­ген, қиын-қыстау шақта еліне сүйеу болған абыз ұлағаты.
Қаһарман жастың қыршын кетуі дүйім жұрттың қайғысына айналды. Райымжан Мәрсеков, Жанғали Қажы, Мұстақым Мал­ды­баев сынды Алаш қайрат­кер­лері қабырғалары қайысып сөз сөйлеп, жастарды ынтымаққа, бірлікке үндеді. Семинарияда оқитын жас буынның атынан курстас досы Жүсіпбек Ай­мауы­тов қаралы жиында жүрек те­бірен­тер лебіз білдірді. Көптің алдында ұлт қайраткері, ақын Міржақып Дулатов жүрекжарды жырымен көңілін білдірді. Сәбит Дөнентаев азанама мақалаға іле-шала «Алаштың алғашқы құрба­нына» өлеңін баспасөзде жа­риялады.
Қазының қазасынан кейін «Сарыарқа», «Абай» редак­цияла­рына көңіл айту жеделхаттары бірінен соң бірі келіп түсті.
«3 нөмер «Абай» журналында Қазы жастың ұлт қызыметінде жазықсыз құрбан болғанын оқыдық, – деп жазады Аягөз елі­нің қазағы Берікбол Малдыбаев.– «Қайран жас! Әттеген-айдан басқа қолдан келер болмады. Алаштың бұл сықылды жұрты үшін жанын қиған азаматына қой үйтіп, саба артып барып, бата оқып қайту – Алты алаштың міндеті. Жерім шалғайлықтан бата орнына «аза ақтық» деп қатын-баласына 50 сом жібердім. Үй іші, жақын туысқандарына көркем сабыр берсін». Көкше­тау­лық бір топтың атынан Сапарғали Мақышев көңіл айтып, артында қалған туыстарына 224 сом 50 тиын жіберген. Троицкідегі «Уәзифа» медресесінің қазақ шәкірттері қызылжарлық Ере­жеп Мұратбаласы, Троицкідегі «Медіресе Расулия», Ақтөбедегі гимназия шәкірттері көңіл білдірген. Барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Қазының қазасы Алаш жұртын оятып, дүр сілкіндірген.
Мақаладан Қазының өмір­баян­дық деректеріне де біршама қанығамыз. «Қазы марқұм 22-де. Семей үйезі Еңірекей болысында сыбан деген рудан еді. Жасынан кедейлікпен алысып, талабымен оқып келіп еді. Семейде екі класты школды бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семин­а-рияға түсті. Оны ендігі жылы біті­ре­мін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жол­дастарымен милицияға жа­зыл­ды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді», – делінген. Қазының артын­да зар жылап ата-анасы, оқуға жасы жеткен інісі, бір жасар баласы қалады.
Облыстық қазақ комитеті басына зират тұрғызып, ескерт­кіш тас белгі қоюға мәмілелеседі. Марқұмның зираты Семей қала­сының Жаңасемей бөлігінде, қазіргі «Аққу» дүкенінің ма­ңайын­да болған екен.
Жоғарыда көрсетілген «Еге­мен Қазақстанның» 2003 жылдың 28 мамырындағы мақаласында қарағандылық журналист Масғұт Халиолла Қазы Нұрмұхаметұлы әулетіне қатысты құнды мәлі­мет­тер келтірген. «Осы қайғылы оқиғаны өзі көрмесе де, кәрі құ­лақ адамдардан естіп, білген Қазының інісі Кенжеқазының жұбайы Хұснижиһан Әбілмә­жін­қызы (Мақайқызы) Қарағандыда 83 жасында дүние салғалы 6 жылдан асты. Ол кісінің айтқан әңгімесінің мазмұны мынандай: «…Қазының келіншегі орыс қызы-тын. Есімі Нина екен. Олардың ұлының аты – Ме­кайыл. Сол Нина Қазы өлген соң ішкі жаққа баласын алып кетеді де, 9 жылдан соң баланың өлгенін хабарлап, Қазының қанды көйле­гін марқұмның інісі Тәуелқазыға жібереді… Ұлы атасы Атақара мол­ладан Быламық пен Нұр­мұ­хамет туады. Нұрмұхаметтің кіндігінен 5 ұл болған екен. Олар: Құдайберді, Ісләм, Қазы, Тәуел­қазы (Тәукен), ең кішісі – Кенже­­қазы. Алашордашыларды және олардың туыс-туғандарын аңша аулау науқанында Құдай­берді мен Ісләм соңдарына түс­кен жаналғыштардан бас сауға­лап қашып кетеді де, ізін суытып Аягөз жаққа оралып, ақыры аты-жөндерін өзгертіп, зым-зия бо­ла­ды (Қытай асып кетуі де мүм­кін). Тәуелқазы Нұрмұхамет­тің атынан безіп, Быламықов боп жазылып қызмет етеді. Семейде ет-консерві ком­бинатында ди­рек­тор да болады. НКВД жендет­тері ақыры ұстайды. Бұдан кейін­гі тағдыры белгісіз. Одан қалған жалғыз қыз Хамила 1976 жылы Аягөзде дүние салады», – деп тарқатады. Әрі қарай: «Қазының кенже інісі Кенжеғазы ағасы опат болғанда жас екен. Кейін оқып, мұғалім болады. Мұны да қудалай бастағанда Тарбағатай жаққа өтіп кетеді. Ол жерде де жаны қалмай­тынын түсініп, өзі тіленіп май­данға аттанады. Карелия жерінде ерлікпен қаза табады. Сүйегі сондағы бауырластар қорымында. Артынан қара қағаз келеді. Одан қалған екі қыз – Нұрфатима мен Гүлфатима. Біріншісі – Қара­ған­дыда, екіншісі Алматы облысы­ның Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында тұрады. Балалы-ша­ғалы. Қазының туыстарының қайғылы тағдыры қысқаша айт­қанда осындай», – деп жүйелейді. Ұзынсонар үзінді келтіріп тәп­тіш­теп жатуымыздың себебі – санадан өшуге айналған Нұрмұ­хаметовтер әулеті шежіресінің ізі мүлдем жойылып кетпей оқыр­ман назарына жетсе деген ізгі ниет.
Алаш қызметі жолында жа­нын қиған ұлт перзенті Қазы Нұр­мұхаметұлы жайында әзірше айтпағымыз – осы. Білетін аза­мат­­тар мағлұматтарды толық­тырса құба құп.

Арап Еспенбетов,
филология ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір