«ӘЛ-АУҚАТТЫҢ ӨСУІ – ӘДЕБИЕТТІҢ ДЕ ӨСУІ»
15.10.2018
1239
0

(ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА ОРАЙ ПІКІР БІЛДІРГЕН ҚАЛАМГЕРЛЕР ОСЫЛАЙ ДЕСТІ)

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын талқылау жиыны өтті. Жиын барысында қаламгерлер Жолдауда айтылған мәселелерді талқылап, өз ойларын ортаға салды.


Бауыржан ЖАҚЫП, ақын,
Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары

Қадірлі қаламгерлер!
5 қазан күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы болғанын баршаңыз білесіздер. Жолдау бұқаралық ақпарат құралдарында толығымен жарияланды.
Биылғы Жолдау «Қазақстандық­тар­дың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деген тақырыпта жолданды. Жолдау ха­лық табысының өсуі, тұрмыс сапа­сын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұраны­сына бейімделген мемлекеттік ап­парат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзге­ріс­тер үдерісіне атсалысуы сынды бір­неше тараулардан тұрады. Елбасы­ның сөзін өздеріңіз тыңдадыңыздар. Қазақстанның тәуелсіздік жылда­рында жеткен жетістіктерін түйіп-түйіп кіріспе сөзінде айтты. Мәсел­ен, ең бірінші айтқаны – халық санының он сегіз миллионнан асқандығы, соңғы жиырма жыл ішінде шетел­ден инвестиция тартудың жоғары деңгейде өскендігі. Содан кейін жүз тоқсан елдің ішінде дүние жүзілік банктің бизнес жүргізу рейтингісінде Қазақстанның отыз алтыншы орынға көтерілгені. Жолдаудағы тағы бір көңіл бөлетін жайт – 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мың­нан 42 мыңға дейін өсетіндігі. Үш жылдың ішінде қо­сым­ша өңдеу өнеркәсібі мен ши­кізат­тық емес экспортты қолдауға 500 млрд. теңге бөлінбек. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін Ұлттық Банкте кемінде 600 млрд. теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу тапсырылды. Міне, осындай түйінді мәселелер айтылды. Бюджет­тік сала қызметкерлерінің, мұғалім­дер­дің, денсаулық сақтау саласы, полиция қызметкер­лерінің жалақы­сын өсіру жөнінде де айтылды. Бұл өте оңды мәселе деп ойлаймыз. Тағы бір үлкен мәселе – келесі жылдан бастап Астанада Ұлттық Ғылыми он­кологиялық орталықтың құ­рылысы басталатындығы. Бұдан бұрын «100 мектеп», «100 аурухана» жобасы аясында қаншама мектептер мен ауруханалар салынды. Биылғы Жолдауда халық жиі шоғырланған жерлерде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу туралы айтылды. Енді біз Жолдауда өзімізге, яғни руханиятқа жақын дүниені қараймыз ғой. Елбасы бұл Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үрдіс­те­ріне зор серпін бергендігін айта ке­ле, «Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның ая­сын жаңа мазмұн, жаңа бағыт­тармен толықтыру қажет», – деді. Осы бағытта біздің Жазушылар одағының да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында біраз шаруалар атқарып жатқаны бәріңіз­ге белгілі. Солардың қайсыбіріне тоқталар болсақ, мысалы: жақында «Ақ ордалы – Астана» халықаралық жыр фестивалі, Астанада Еуразия­лық халықаралық форум өтті. Оған осында отырған көбіңіз қатыстыңыздар. Форумға шет елдерден, Қазақстаннан көптеген қаламгер қатысты. Мысалы, авторлық құқық объек­тісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік деген бар. Ол Әділет министр­лігінде тіркеледі. Соның жобасын автор ретінде біз өзімізге алсақ, жыл сайын сол ша­раны өткізу Жазушылар одағына тапсыры­лып, оның тиісті қаражаты да біздің одаққа беріліп отырады. Міне, осы мақсатта бес бірдей жобаны Жазушылар одағының автор­лық құқығына алдық: «Рух» халықаралық әдеби конкурсын, Халықаралық айтыс жобасын, Еуразиялық халықаралық әдеби форум мен Балалар жазушы­лары­ның халықаралық форумын жылда өткізу куәлігін алдық. «Әдеби өлкетануды дамыту» деген бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Баяғы әдебиетті насихаттау бюросы жоқ қазір. Бірақ белді-белді қаламгерлер жер-жерге шығып, сонда кезде­сулер өткізіп, оқырман­дар­мен жүздесіп тұруына жыл сайын мемлекеттен қаражат бөлініп отырады. Міне, осындай шаруа­лар істеліп жатыр. Осының барлығы «Рухани жаңғыруды» елдің санасына сіңіру мақсатында жүргізіліп жатқан шаруалар деп ойлаймыз. Келесі жыл, яғни 2019 жыл Жазушылар одағының 85 жылдығы. Бұны да тиісті деңгейде атап өту жөнінде жоғарғы жаққа құлаққағыс етіп жатырмыз.
Елбасының Жолдауында айтыл­ған мәселелердің ішіндегі ең бір өзектісі – келесі жылды Жастар жылы деп жариялауы. Біз қашанда жастарды қолдаймыз. Әдебиетке жаңа толқын келуі керек, оларға қолдау жасау қажет. Жастардың әлеуметтік мәселесі шешілмесе, олардан қандай шығармашылық күтуге болады? Сондықтан, келесі жыл Жастар жылы деп жариялан­ғаны­ның өзі бізге үлкен тірек болып тұр. Өткенде Жазушылар одағына қабылдау комиссиясының отырысы өтті. Сонда жиырмадан астам талантты жасЖазушылар ода­ғына қабылданды. Оларды Жазу­шылар одағына қабылдап қана қою емес, шығармашылығына жол ашу, кітаптарын шығару, әлеуметтік жағ­дайын шешу сынды көптеген мә­селе­лер бар. Жақын арада Түркі­тіл­дес елдер жастарының фору­мы өтеді. Міне, осындай көптеген дүниелер жоспарлануда. Бұл туралы баспасөз бетінде талқылаулар да болып жатыр.
Елбасы әр Жолдауында халық­тың әл-ауқаты деген мәселені бірін­ші орынға қояды. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде өз пікірле­ріңіз­ді ортаға салып отырсаңыздар.


Марал ЫСҚАҚБАЙ, жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

СТУДЕНТ КЕЗІМІЗДЕ КОСТЮМ ТІКТІРІП КИЕТІНБІЗ

Біздің тіршілігімізде көз алдымызда тұрған оп-оңай нәрселер бар. Соны шешу де оп-оңай болу керек деп ойлаймын. Мысалы, мен де өзімізде тігілген костюм, өзімізде тігілген аяқ киім кигім келеді. Бұл енді ең бір қарапайым нәрселер ғой. Кезінде бәленбай жеңілөнеркәсіп, фабрикаларымыз бар республика едік. Солардың бәрін қалпына келтіру керек деп ойлаймын. Оңтүстік аудандарымыздың бәрі мақта өндіреді. Ал сол мақта қайда кетіп жатыр? Баяғыда сол мақтаны өңдейтін, текстильді фабрикаларымыз бар еді. Маталардың түр-түрі болатын. Студент кезімізде солардан костюмді өзіміз тіктіріп алушы едік.
Біз – әлемге мұнай шығарып жатқан елміз. Мұнайлы елде қандай мықты экономист болу керек? Қаншалықты үлкен ұйымдастырушы болу шарт? Мысалы, «100 мектеп», «100 аурухана» салайық деді үкімет. Салды. Міне, бұл нақты бағ­дар­­лама болғандықтан жүзеге асты. Сол секілді «Текстильді көтеруіміз керек, міндетті түрде екі фабрика биыл жұмыс істейтін болсын. Оңтүстіктің мақтасының бәрі шетелге босқа кетпесін. Содан өзіміз ма­та тоқитын болайық, осыны биыл не келесі жылы қолға алайық» деп үкіметіміз тағы да іске кіріссе болар еді… Жалпы, өзім Елбасы Жолдауын қолдаймын!


Ахметжан АШИРИ, жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

АУЫЛДАРҒА ШЫҒЫП, ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН НАСИХАТТАЙЫҚ

Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадым. Барлығы жақсы. Айтылған нәрселер халық үшін істеліп жатқан шаруа деп ойлаймыз. Елбасының «осыны жүзеге асыруға барша қазақс­тан­дықтар үлес қосуы керек» деген сөзі бар. Бұл «Рухани жаңғырудың» жалғасы екен. «Рухани жаң­ғыру» бо­йын­ша біраз шаруалар істедік. Ал енді осы игілікті істі жалғастыра беру үшін Жазу­шы­лар одағы басқармасында үлкен жоспар құруымыз керек. Белгілі қаламгерлерден құрылған Кеңесіміз, 800-ден аса жазушымыз бар. Әрбіріміз әр жақта тұрамыз. Ауылдарда тұратыны бар. Сондықтан Жазушылар одағы басқармасында бәріміздің басымызды қосып, жұмылдырып отыратын тиянақты бір жоба болуы керек деп ойлаймын. Сол жобамен билікке шықсақ, бізге ептеп ақша бөледі. Содан кейін ауылдарға жолға шығамыз, Елбасы Жолдауын насихаттаймыз, ойларымызды айтамыз.
Тағы бір айта кететіні, елімізде үлкен жолдар са­лы­нып жатыр. Мысалы, Түркияда жолға ақы төлейді. Ал бізде бұлай жасауға әлі ерте сияқты. Бірақ жолдың салынып жатқаны өте жақсы. Жол салған адамға Ал­ладан сауап болады. Сосын туризмді жандандыру деген – өте жақсы бастама. Осы Жолдаудағы тағы бір көтерілген ең өзекті мәселе – ауылды жерлердегі медицинаны көтеру.
Жалпы, мен жазушы ретінде Елбасының халыққа жолдаған кезекті Жолдауын қолдаймын.


Любовь ШАШКОВА, ақын

ЖОЛДАУДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ӨЗ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

Қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі жағдайлар, экономикалық дағдарыс, тағы да басқа мәселелер Елбасының алдыңғы «Ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламасында да, жаңа Жолдауында да айтылды. Бұл қоғамдық ұйым­дар мен шығармашылық ұйымдарға жа­салған үндеу секілді көрінеді. Бізге де осы мә­селе­лер­ге үн қатып, үлес қосуымызды мең­зей­тіндей. Халықтың біраз бөлігінің әлеумет­тік жағдайы, әсіресе, жастар жағдайы көңіл қуантарлық ахуалда емес. Олардың көбінің үй-күйі жоқ, қаламақысы аз, кітап шығарайын десе қар­жысы жетіспейді. «7-20-25» бағдарла­ма­сы шетелмен салыстыруға келмесе де, бас­па­на мәселесін шешуге оң қадам деп ойлай­мын.
«Жұлдыз», «Простор» журналдары, «Қа­зақ әдебиеті» газеті шығар­ма­шы­лық­тан басқа да әлеуметтік жағдайларға да көбірек көңіл бөлуі керек. Сонымен қатар, спорт жағына да баса назар аударған жөн. Қазіргі таңда бала­лар қалай өсіп жатыр, мектеп жағ­дайы қалай деген мәселелерді де басты назар­да ұстауымыз керек. Жолдауда берілген тап­сыр­малардың орындалуына біз де өз үлесімізді қосуымыз қажет.


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

ЖАС АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК

Кез келген Жолдау Жазушылар одағына тікелей қатысты. Өйткені Елбасы «Рухани жаңғыруға» қатысты барлық жұмыстарына Қа­зақс­тан Жазушылар одағы қаты­сады деп айтқан болатын. Бұл бізге үлкен мәртебе, үлкен мүмкіндіктер береді. Өкінішке орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталған­да біз үлкен жобалар жасаған жоқ­пыз. Осында айтылған, «Рухани жаңғырудың» кез келген саласына Жазу­шылар одағы қатысуға құ­қылы. Ал енді биылғы Жолдауға келетін болсақ, мұндағы ең үлкен әңгіме – «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру». Бұл – Жазу­шылар ода­ғына тікелей қатысты мәселе. Егер жазу­шының тұрмыс жағдайы төмен болатын болса, күнін көре ал­май жүрсе, ол қалай жазушы болады? Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауында «жазушыларға мынандай жағдай жасау керек» деп тікелей айтылмаса да, көп нәр­сенің шетін көрсетіп тұр. Тағы бір айта кетер­лігі, келесі жыл Жастар жылы болады деді. Өте жақ­сы. Осыны пай­даланып, жастар­ға жағдай жа­сауды мықтап қолға алуымыз керек. Мысалы, жас ға­лым­­дарға 1,5 млрд. теңге грант бөлді. Ал жас жазушы­ларға қанша грант бөлінді? Ең бері дегенде, 150 миллион теңге бөлуге болатын шы­ғар… Оны бізде ешкім қозға­май­ды да, айтпайды. Ең үлкен мәселе, жас ақын-жазушы­ларға жағдай жасауды қолға алу керек. Кезінде әдебиеттің әлеумет­тік ма­ңызды түрлерін шы­ғаруға 2 млрд.-қа жуық қаржы бө­лін­ді. Ал енді оған сатып алу қо­сылды. Сондық­тан әдебиеттің әл­еу­­меттік маңызы бар түрлері га­зетке міндетті түрде шығуы керек. Әдебиеттің әлеумет­тік маңызды түрлерін басып шыға­руға, сатып алуға бөлінген ақша қалай жұмсалу­да? Қай жа­зушы шығарып жатыр, қандай баспа алып жатыр, ол ақша қайда кетіп жатыр? Міне, осыған есеп берілуі керек. Ол мәселе газет­те жария­ла­нып, жыл сайын әде­биет­тің әлеу­мет­тік маңызды түр­лерін сатып алуға және шығаруға кіретін автор­лардың тізімі де осы жерде талқы­лануы қажет. Жазу­шы­лар одағы бұған белсене араласуы ке­рек.


Аян НЫСАНАЛИН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ӨЛКЕТАНУҒА ҚАТЫСТЫ ДА ҮЛКЕН ШАРАЛАР ӨТКІЗУГЕ БОЛАДЫ

Жолдау жақсы. Мұнда көтеріліп отырған мәселелерді қолдау керек. Баяғыда Шерхан Мұртаза:«Президент біреу, халық оған тіреу болу керек» деп айтқан. Бәріміз тіреу болуымыз қажет. Бұл – бір. Екіншіден, Ыстамбұл қаласының 18 миллион тұрғыны бар екен. Бір журналист соны әл-ауқат жөнінен Қазақстанмен салыстырған. Олар бізге қарағанда әлдеқайда жақсы тұратынын айтады. Ал мына Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек деген мәселе жақсы қозғалған деп ойлаймын. Тағы бір айта кететіні, агрокешенді, жеңіл және ауыр өнеркәсіпті көтеру мәселесі де өте жақсы айтылған. Өлкетануды да жандандыру жағы сөз болыпты. Жұбан Молдағалиевтың кезінде Батыс Қазақстанда «Қазақ әдебиетінің» күндері өткен. Оңтүстікте де өткен. Меніңше, осыны жалғастыру керек. Өйткені «Қазақ әдебиеті» насихатсыз. Рухани аштыққа ұшырап отырмыз қазір. Мына Жолдауды қолдай отырып, осыны жолға қою керек деп ойлаймын. Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» деген тамаша бағдарлама бар екен. Жазушылардың да осыған үлес қосатын кезі келді. Өлкетануды да осыған орайластырып, үлкен шара өткізуге болады.


Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ – БІЗДІҢ ДЕ АРАЛАСАТЫН МӘСЕЛЕМІЗ

Сұлтанәлі ағамыз осы Жолдау­дың ішінде жазушыларға қатысты емес жері жоқ деген секілді әң­гіме айтты. Ал біреулер бізге қатысты ештеңе жоқ екен дейді. Бұның ішін­дегі руханиятқа қа­тысты бол­ма­ғанмен, елдің өсіп-өркен­деуіне, тақырыбы айтып тұрғандай, табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру­ға байланысты Елбасы жыл сайын Жолдау жасайды. Осы жол­ғы Жолдауда маған қатты ұна­ғаны – эко­ло­гиялық ахуалды жақсарту. Соның ішінде зиянды заттардың таралуы, соған мони­то­ринг жүр­гізу. Мысалы, Көк­шетаудың демалыс орындары­ның тынысы тарылып қалды. Қазір барсаң, тура Алматы­дағыдай кө­лік кептелісі онда да бар. Бура­байдың­, Шортанды көлдерінің бәрі ласта­нып жатыр, айнала­сы толған қоқыс. Осы туралы та­лай мақала жаздым. Кезінде про­тон құлады. Қазақ оның зар­дабын өлшеген жоқ. 1989 жылы ең соңғы рет кеңестер кезінде ра­диация­ның көлемін микрагал деген өлшеу­мен өлшеді. Сол кездің өзінде Ақшатау, Ақжалдағы радиация­ның көлемі қалыпты жағдайдан он есе артық болған. Соны біз кезінде «Жас Алаш» газетіне «Кіші Чернобль ме?» де­ген тақырыппен мақала етіп жаз­дық. Шын мәнінде көптеген ауылдарда қазір ауыз су жоқ, шөп құрыған, аң-құс өлген. Қаныш Сәтбаевтың экологияны зерттеу деген картасы бар. Сол метал­ло­гения­лық карта бойынша 100 шақырым аумақта 13 жыл өтпей кен орны ашылмау керек екен. Қазір менің ауылымда 9 кен орны ашылды. Бай адам ақшасын салып, кен орнын сатып алады да, оны ашып тастайды. Сосын ол жердегі халық зардап шегеді. Сондай жағдайлар өте көп. Роза Бағланованың кеңестер кезіндегі сөйлеген сөзін фейсбук әлеумет­тік желісінен көріп, қандай батыр тұлға болғанына таң қалдым. Арал­ды да, Семейді де, бәрін ай­тып жатыр. Осы Жолдау­дағы эко­логиялық ахуалды кү­шейту деген мәселе – біз де, яғни, қаламгерлер де араласатын мәселе.
Екіншісі – жастар мәселесі. Олардың тұрмыстық жағдайларын жасамаса қиын. Мына отырған Маралтай, Әлібектерден кейін бізде үй алған ешкім жоқ. Содан соң «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл» деген жаңа бастамалар бар. Бұл бастамалардың бәріне 1,5 триллион ақша бөлініпті. Бұның бәрі де – құптарлық, қуанарлық жағдайлар.
Бүгінгі заманның кейіпкерлері жоқ деп айтады. Былтыр «100 жаңа есім» бағдарламасы бойын­ша таңдау жасалды. Солардың ішінде әлемге әйгілі болып жатқан мақтаныштарымыз Геннадий Голов­кин, Димаш Құдайбергендер кірмей қалыпты. Жас ақын-жазушыны таңдауда да олқылық кеткен. Оларды қызғанып отыр­ған жоқпын. Бірақ әр нәрсеге сергек қарау керек деп ойлаймын. Сосын бізде мақтанышпен айтар жаңа кейіпкерлер де бар. Мысалы, Олжас Сүлейменов Баянауылға барып, ата-бабасының басына үлкен ескерткіш қойып кетіпті. Барсаңыз, толғанасыз. Жүрсін Ерман ауылына барып мешіт салды. Ұлытаудың басында жат­қан белгісіз батырға белгі қойып, ас беріп жатыр. Маралтай былтыр Арқаға барып, Қосағалы деген үлкен батырға ескерткіш қойды. Енді жақында Игілік деген ауы­лына барып, Мәді деген күйшіге ескерткіш қойды. Міне, осы мәселелер айтылып, жазылуы керек деп ойлаймын.


Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ЖАСТАР ӨМІРІНЕ ҚАТЫСТЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗДЫ жайттар БАР

Елбасымыз кезекті Жол­да­у­ын­да келесі 2019 жылды Жастар жылы деп атай отырып жастар өміріне тікелей қатысты мемле­кет­тік маңызы бар мәселелерді көтерді. Мәселен, өз басым Елбасының осынау Жолдауын қолдай отырып, Жастар жылы­ның аясында мынандай үш мәселені ортаға салар едім:
Біріншіден: Астана және Ал­маты секілді республикалық дә­ре­жедегі қалалар мен облыс ор­талықтарында әдебиет пен өнер, саясат пен ғылым, спорт сала­сын­да жүрген жастардың бас­па­на­мен қамтамасыз етілуі. Құстың да өз ұясы болады ғой. Жалын­даған жастық ғұмырын пәтерден-пәтерге көшумен өткізіп келе жат­қан шығарма­шы­лықтағы жас­­тар Отанын ойлай ма, әлде әр­кімнің қуыс бөлме­сінде құр­қыл­тайдың күйін кешіп жатқан отбасын ойлай ма?! Еліміздегі ең бір ащы шындық – жас отба­сы­лар­дың ажы­расуының негізгі себебі осында жатыр ғой.
Екінші: Елімізде шығарма­шы­лық пен айналысатын жас­тар­ға арналған бір ғана Халық­аралық «Шабыт» секілді фес­ти­валь ғана бар. Енді респуб­ликалық деңгейде болса да жас­тардың дарынын ұштап, қары­мын арттыратын, қанатын қатай­тып, томағасын сыпыр­та­тын тағы да дәстүрлі түрде жылда өтіп отыратын фестиваль болса, нұр үстіне нұр болар еді. «Шабыт» Елордамызда өтсе, мұны мә­ден­иетіміздің алтын бесігі – Алматы­да өткізуге бо­лады.
Үшінші: Елбасының әдебиет пен өнерге деген үлкен ықыласы­ның нәтижесінде қазақ әдебие­тін­де есімі алтын әріппен жазыл­ған арда қаламгерлеріміздің атын­­дағы «Абай оқулары», «Орал­­­хан Бөкей оқулары», «Мұ­қа­­ғали оқулары» секілді оқулар өткізіліп келеді. Мектеп қабыр­ға­сында жүрген жастарды қанат­тан­дыру мақсатында осы оқулар­дың әрқайсысына бес гранттан бөлінсе. Бұл ұлттық идеология­мыз­дың іргетасы саналатын әде­биетке деген махаббат пен құр­мет­­ті күшейтер еді.


Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
әдебиеттанушы ғалым, педагог

БАЛАЛАР ТУРАЛЫ ШЫҒАРМАЛАР ЖАЗУ ҚОЛҒА АЛЫНСА ЕКЕН

Жолдауда маған ұнағаны – мектепке дейінгі тәрбие туралы айтылғаны. Содан кейін орта мектептегі жағдайларға байланысты көп нәрсе сөз болды. Жоғарғы оқу орнының жұмысына байланысты да жақ­сы айтылған екен. Келесі жылы ұстаз мәртебесі туралы арнайы заң жобасы қабылданады деп жатыр. Кезінде Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Марат Қабанбаев, одан кейінгі толқындағы бірқатар көрнекті қаламгерлеріміз балалар туралы шығармалар жазды. Қазір де осы балалар туралы шығармалар жазу мәселесі қолға алынса. Қазақ әдебиетін көне дәуірден бастап қазіргі кезге дейін оқытып жатырмыз. Әйтсе де, мектеп өмірі, мұғалім тұлғасы бә­сеңдеп қалды қазір. Осы тақырыптың өзектілігіне жазушылар қауымы назар аударса деген мұғалімдік тілегім бар.


Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын

ЖОЛДАУ АРҚЫЛЫ СЕРПІН АЛУҒА БОЛАДЫ

Жолдауда өзекті мәселелер көп. Соның ішінде білім беру саласында, әсіресе, жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісінде соған бейімдеу деген мәселе маңызды деп ойлаймын. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің қандай екенін өздеріңіз білесіздер. Бүкіл технология бар. Мұғалімдердің деңгейі жоғары. Олардың өзін іріктеп алады. Жақында Байсерке деген ауылда болдым. Онда 200 бала биыл бірінші сыныпқа бар­ған екен. Балалар саны жылдан-жылға артуда, ал мектептер тар. Осындай мектептер көп қазір. Ал кейбір жерлерде 30-40 баладан оқиды. Бұл Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – мектептердегі 3 ауысымды 2 ауысымға түсіру керектігі. Бұл әбден толғағы жеткен мәселе болатын. Мұғалімдердің, оқушылардың жүк­те­месін азайту да өте орынды қозғалды. Қазір бес күндік оқу ғой. Енді жүктемені азайту арқылы балалардың білім алуына жағдай жасалады деп ойлаймын. Жоғары сы­ныпқа барған кезінде мамандыққа қарай бейімдеу мә­селе­сі де осы Жолдауда айтылды. Сосын тағы бір айта кететіні, мұражай қызметкерлерінің еңбекақы мәселесі. Тіпті айтуға ұят. Мәдениет саласындағылардың да жалақысы сол шамада. Міне, осындай жағдайларды реттеуде Жолдау арқылы біраз серпін алуға болатын сияқты. Мұғалім беделі және басқа да мәселелер өте орынды көтеріліп отыр.


Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ, ақын

АҚЫНДАР КӨРІП ТАҢ ҚАЛДЫ

Тамыз айында Астанада «Ақ ордалы – Астана» халықа­ралық поэзия фестивалін өт­кіздік. Сонда шетелден көп ақындар келді. Австралиядан, Қытайдан т.б., көптеген елдерден ақындар қатысты. Оларды Бая­науылғ­а апар­ғанда таң қалды. Тек бір өкініштісі, жол нашар болды. Енді сол жолдар тезірек қолға алынса екен. Биылғы жаңа Жолдауда осы ту­ралы да жақсы айтылды. Сосын мұғалім мәртебесі туралы да Елбасы керемет айтты. Жас­тар жылы туралы да жақсы айтылды. Ха­лы­қаралық фес­тивальде де көбі жастар бол­ды. Бұлардың бәрі Қазақстанды танытуға зор құлшыныс берді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір