БАҚЫТЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ
15.10.2018
965
0

Күні кеше ғана Алматы қаласындағы Ш.Қалдаяқов–Гоголь көшелерінің қиылысындағы үйдің алдына осы үйде жиырма алты жыл тұрған жазушы, аудармашы, тектінің тұяғы, асылдың сынығы Бақытжан Момышұлының құрметіне ескерткіш-тақта қойылды.

Тақтаның ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімдігі, Жамбыл облысы әкімдігі, Қазақстан Жазу­шылар одағының өкілдері, Бауыр­жан Момышұлының әулеті мен туған-туыстары, зиялы қауым, әс­кери мектеп курсанттары және қа­ла жұртшылығы қатысты. Ес­керт­кіш-тақтаны ресми ашу құр­меті Алматы қаласы әкімінің кең­есшісі Мамай Ахмет, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, әскери ғылымдар докторы Ким Серікбаевқа тапсы­рыл­ды. Алдымен сөз алған Мамай Қаниұлы: «Біздің арғы-бергі тарихымызда елдігімізді, ұлттық рухымызды асқақтатқан үлкен әулеттер бар. Бақытжан Момыш­ұлы ағамыз Баукеңдей ерекше құ­былыстың есімін одан әрі ас­қақ­татқан, майдан даласындағы ерлікті рухани салада жалғас­тыр­ған тұлға болғаны белгілі. Бүгін Алматы қаласы әкімінің арнайы шешімімен Бақытжан ағамыздың тұрған үйіне қойылған бұл ескерт­кіш-тақта Батыр әулетіне ғана емес, өзіміздің-өзімізге көрсеткен құрметіміз деп білеміз», – дей келе, қала әкімі Б.Байбектің аты­нан Батыр отбасын құттықтады. Бауыржан Момышұлы әулетімен аралас-құралас болған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы марқұм Бақытжан Момышұлымен бала кезінен бірге өскенін, жазушы шығармаларының тууына талай рет куә болғанын тілге тиек етті. Жиынға қатысушылар Бақытжан Момышұлының өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы тебі­реністі естеліктерімен бөлісіп, рухына тағзым етті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір