Төрт кітаптың тұсаукесері
03.09.2015
1715
0
Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Түркі дүниесінің әдебиет айдынында бірегей төрт кітап жарық көрді: «Манас. Сағымбай энциклопедиясы», «Манас» эпосының түсіндірме сөздігі, «Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы» мен «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі». Кітаптардың тұсаукесері Бішкек қаласында, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының үлкен залында өтеді. Салтанатқа Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиетшілері қатысады. 
Белгілі манасшы Сағымбай Оразба­қов нұсқасы негізінде дайындалған бұл еңбектерді әзірлеуге қырғыз ака­де­мигі Абдылдажан Ақматалиев ғылыми жетек­шілік етті. «Манас. Сағымбай эн­цик­­лопе­диясын» теңдессіз деп атауға толық негіз бар. Себебі, бұл ел арасында «Чоң манасчи» деген атпен белгілі манас­шының шы­ғармаларын бір жүйеге бірік­тірген алғашқы еңбек. Энциклопедияда Сағым­бай Оразбақовтың өмірі мен шы­ғар­ма­шы­лығына қатысты зерттеулер мен барлық дерлік мәліметтер жинақ­талған.
Бұдан бөлек аталған энциклопедия­ның, яғни ұлы мұра «Манас» эпосының сөз байлығын оқырмандарға кеңірек түсіндіруге септігін тигізеді деген игі мақ­сатпен «Манас» сөздүгү» де баспаға әзір­ленді. Ұсынылған басылымда этнонимдерге, топонимдерге, салт-дәс­түр­лерге, антро­понимдерге, зоонимдерге түсінік­тер берілген. Кітап Ы.Абдрахманов, К.Юдахин, С.Мусаев, Р.Сарыпбеков, Э.Абдыл­даев, Р.Кыдырбаева, К.Кырбашев, А.Жайнаков, Х.Карасаев сынды автор­­лардың еңбектері негізінде құрас­тырылып, толықтырылды.
«Тұғырлы тұлғалар» сериясымен жарық көрген байырғы түркілер поэзиясына тән төкпе жырдың шын жүйріктерінің бірі, қырғыздың халық ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы да әдебиетсүйер оқырмандарды қуантары хақ. Өткен жылы Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен ақынның 150 жылдық мерейтойы түркі дүниесі кеңістігінде ауқымды аталып өт­кен. Сол шараның жалғасы ретінде Академия Тоқтағұл ақынның таңдамалы өлең­дерін қазақ тіліне аудартып, тұңғыш рет толық жинақ етіп шығарып отыр. Қырғыз тілінен аударған – ақын Жанат Әскербекқызы.
Қырғыз халқының ғана емес, ада­мзат­­тың Айтматовы атанған көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орай Халықаралық Түркі ака­де­миясы халы­қ­аралық ғылыми-практи­калық конференция өткізген болатын. Сол конференция материалдары мен ұлы қаламгер туралы мақалалар топтастырылып «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі» деген атпен көлемді кітап боп жарық көрді.
Аталған төрт кітап Халықаралық Түркі академиясының қаржыландыруымен жарық көрді.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір