Бір кем дүниеден тұтас бір дәуір көшті…

1
297 қаралды

Қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерағаң еді

Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті


Ұлт руханиятына өлшеусіз еңбегі сіңді

Құрметті Шерхан Мұртазаның отбасы!
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың асыл азаматы Шерхан Мұртазаның дүниеден өтуіне байланысты орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
«Жақсының аты, ғалымның хаты мәңгі» дейді халқымыз. Ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Шерхан Мұртазаның есімі еліміздің жадында мәңгі сақтала береді.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын!

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының Төрағасы


Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қайсар мінезді наркескені болды

Халқымыздың аяулы перзенті, ұлт руханиятының абызы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, қара сөздің қызыл жебесі Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына түскен ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қайсар мінезді наркескені Шерхан Мұртазаның ел, қоғам, мемлекет, әдебиет үшін істеген еңбегі ұшан теңіз. Қазақ журналистерін қанатының астына алып, тәрбиелеп, төл мәдениетімізге өлшеусіз үлес қосқан Шерағаң тарихымыз бен тіліміздің, діліміздің мұңын мұңдап, жоғын түгендеген халықтың шынайы жанашыры еді. Заңғар жазушының артында қалған мол мұрасы келешек ұрпақ тәрбиесіне қызмет етері сөзсіз. Шерағаның жаны жәннатта, иманы серік болсын!

Бақытжан САҒЫНТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі


Шерхан Мұртазамен қоштасу

Қайран Шер-аға,
Қандай бір
Қысталаң шақта да
Басыңа ноқта кимеген
Тарпаң едің!
Еліңе жасалған
Өктемдіктер мен
Озбырлықтарға
Кеудеңді тосып
Тұра қалатын
Қалқан едің!

Басыңа қауіп төнсе де,
Қасқайып тұрып
Ақиқатты айтудан
Тартынып қашпайтынсың!
Ондай кездерде
Қынаптан суырылған
Қылыштай жарқ етіп
Кесіп тастайтынсың!

Алашшыл арысым-ай!
Ұлттық намысым-ай!
Берекеміздің
Құтын қашырар
Қулық пен сұмдықтарға
Аспан төсінен
Сорғалап түсетін
Қыраным едің!
Қалғығанды селт еткізер,
Аңдығанды селк еткізер
Ұраным едің!

Амал не,
Қара тасты қақ жарып шыққан
Қайыспас қарағайдай
Асыл тектім!
Опасыз мына жалғаннан
Сен де, міне,
Өттің де кеттің,
Өттің де кеттің!..

Қош бол,
Қазақтың Шерханы!

Темірхан МЕДЕТБЕК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Қазақстан жұртшылығы, қазақ әде­биеті мен руханияты орны толмас ауыр қазаға ду­шар болды. 87 жасқа қараған шағында Қа­зақс­танның Халық жазушы­сы, Қазақ КСР Мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты, клас­сик жазу­шы, аса көрнекті мемлекет және қо­ғам қай­раткері Шерхан Мұртазаұлы дү­ниеден озды.
Шерхан Мұртазаұлы 1932 жылы 28 қыр­­күйек­­те Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ мекенінде туған.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәс­­­кеу мемлекеттік университетінің жур­­на­лис­­тика факультетін бітірген. «Ле­нин­шіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газе­тінің, «Соц­иалистік Қа­зақстан» (қазіргі «Егемен Қа­зақс­тан») газе­тінің тілшісі, әдеби қызмет­кері, 1963-1970 жж. «Ле­нин­шіл жас» газетінің бас редакторы болды.
Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспа­сының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазу­шылар одағы Басқарма­сының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас ре­дакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хат­шысы. 1989-1992 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, 1992-1994 жж. Қазақс­тан Республикасы мемлекеттік телера­дио компаниясының төрағасы бо­лып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары «Табылған те­ңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мыл­тықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келін­шек» (1972), «Интернат наны» (1974) әң­гімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітап­тан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990–2000), шығармаларының 6 томдығы, таң­да­малы шығармаларының 7 том­дығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К.Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгі­ме­лерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айт­матов­тың «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгір­ген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туын­дыларын, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» по­весін, Э.Эрис­киннің «Марыкчан бала­лары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржі­малады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министр­лігінің гран­тын жеңіп алды.
«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қа­зақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері, Қазақстанның Халық жазу­шысы. «Құрмет белгісі», «Отан» (1999) ордендерімен, медальдар­мен марапатталған. ПЕН клуб сыйлығы­ның иегері (2003).
Шерхан Мұртаза тәуелсіздікті тұ­ғырына қондырған, мемлекет құрушы азаматтардың алдыңғы қатарында болды. Намыстың най­за­ғайындай жарқылдап, ұлт мүддесінің жоқ­шысы болып, саналы ғұмырын халқымыз­дың рухани өсуіне, мемлекеттің дамуына, ұлт әдебиетінің әлемдік биікке көтерілуіне ар­нады. Оны қазақ халқы қаламгер деп қана емес, ақыл айтар абызы, шындықтың шыр­ақ­шысы, ақиқаттың алдаспаны деп баға­лады. Қазақ журналистика­сын­да өзінің мекте­бін қалыптастырып, қалам ұстаған, сөз ұстаған әрбір азаматтың ұстазы бола білді. Одан тә­лім алғандардың барлығы Шер­ханның шек­пе­нінен шыққанын өмірлік мақтаныш тұтады.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қа­зақстан жұрты мен қазақ халқына аянбай еңбек сіңірген Алаш жұртының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы Шерхан Мұртаза­ның жарқын бейнесі халқымызбен бірге мәңгі жасай береді.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты


Шерхан Мұртазаның отбасы мен жақын туыстарына

Шерхан ағамыздың өмірден озуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Қабырғаны қайыстыратын орны толмас қазаға сабыр тілеймін.
Шерағаң бүкіл ғұмырын қазақ әдебиеті мен отандық баспасөздің дамуына арнап, көптеген шәкірт даярлады, өзіндік мектеп қалыптастырды.
Ардақты ағаның алды жарық, топырағы торқа, иманы саламат болсын.

А.ҮКІБАЙ,
Қазақстан Республикасы Президентінің
Баспасөз хатшысы


Қайсарлық пен қарапайымдылықты ұштастырған тұлға болды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және өзімнің атымнан Қа­зақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жанұясына, туған-туыстарына ауыр қайғыларына ортақ­та­сып, көңіл айтамын.
Қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұ­ңын мұңдап, жоғын жоқтаған Шерхан Мұр­таза — өз елінің нағыз патриоты болған ұлы тұлға. Бір бойында қайсарлық пен қарапайымдылық қатар ұштасқан Шерхан Мұртазаның қазақ халқының әл-ауқатын арттыру, ел мүддесін қорғау жолын­да сіңірген ерен еңбегі тарих беттерінде мәң­гі сақталары сөзсіз.
Шерхан Мұртазаның қаламынан туған әрбір туынды төл әдебиетіміздің төрінен ойып орын алары хақ. Әдебиетпен қатар журна­лис­тика, аударма саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізген Шерағаның әр жылдары жазған шығармалары қазақ прозасына қосқан өлмес, өшпес туынды болып қалады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топы­ра­ғы торқа болсын.

Бақытжан Әбдірайым,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы


СІЗДІҢ ЕКІ ДҮНИЕДЕ ДЕ ЖҮЗІҢІЗ ЖАРЫҚ

Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин қаза болғанда Гогольдің «Пушкин өлді, Ресей же­тім қалды!» деп көкірегінің қарс айрыла­тыны бар. Сол айтқандай, дәл қазір Шерхан Мұртазасыз, өле-өлгенше ұлтын өрге сүй­реу­ден бір танбаған Шерхан Мұртазасыз Қазақс­тан да, қазақтың рухани дүниесі де жетімсіреп қалғандай…
Қалай жетімсіремейді, Шерағаң секілді «Ең әуелі ұлтыңның пайдасын ойла, сенің өз пайдаң соның ішінде» немесе «Жазу­шылық деген не? Жазушылық – ұлтыңның жолында жаннан күсу, ұлтыңның мүддесі мен мұраты жолында жаныңды да құрбан­дыққа шалу деген сөз. Ал егер бұған тәуеке­лің жетпесе, онда қолыңа қалам ұстама, не көп, мамандық көп қой: күрек ұста, темір­жолшы бол, дәрігерліктің жолына түс», не болмаса «Шындық айтылуы керек (Айтыл­ған нәрсе жүзеге аса ма, аспай ма – ол басқа мәселе). Дер кезінде айтылған әрбір шын­дық алдағы мың қылмыс пен жүз қасіреттің жолын бө­гейді» деп енді кім айтады?! Кім айтар екен…
Шындық дегенімізден шығады, Шерхан Мұртаза бұл тұрғыда қайраткер ретінде, жазу­шы ретінде, ұлтының адал сүт емген азаматы ретінде ел алдындағы перзенттік парызын адал атқарды. Өзгелердей үнсіз қалған жоқ. Өзгелердей марапат пен ман­саптан дәмегөйленіп, мешіндік кейіпке еніп мәймөңкелеген жоқ. Жарып тұрып, әділін айтты. Шағып тұрып, шындығын айтты.
Сол үшін де Сізге мың алғыс, Шераға! Сіз шындықты айту арқылы талай-талай жамандықтың жолын кесіп қана қойған жоқсыз, сонымен бірге қазіргі күні шын­дық­ты айтуды ұмыта бастаған мына қоғамымызға (неткен бейшаралық десеңіз­ші!), тек күнін ойлап, түбін ойламайтын мына біздерге үлкен ой түсірдіңіз, өнеге көрсеттіңіз.
Ізіңізге еріп, қасыңызда қаншама жүрдім, Шераға, бірақ сол уақыттың ішінде Сіздің қарақан басыңыздың қамымен жүргеніңізді де, жүгіргеніңізді де көрген емеспін. Қайда жүрсеңіз де, қайда барсаңыз да ойлайты­ның­ыз, қолға алатыныңыз – ұлттың пайдасы, қазақтың қамы. «Кімде-кім ұлтын сүйсе, қияметте де Алла оны сол ұлттың сапында тірілтеді!» дейді қасиетті Хадис. Демек, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қай­сар қайраткері Шерхан Мұртаза да ана дүниеде өз ұлтының сапында, өз ұлтының арасында жүр деп көңіл сендірсек керек-дүр. Тағы да қасиетті Хадис­ке жүгінсек, ұл­тын сүйе алмағандар, топырақ пен та­мырдан, тілден, ділден, діннен безін­ген ұлтсыздар ешқандай сапқа қосылмайды екен. Лайым, бізді де, біздің ұрпағымызды да Жаратқан Ие осындай адасудан, еш­қан­дай сапқа қосыла алмай сандалып қалудан сақ­тасын делік.
Сіздің екі дүниеде де жүзіңіз жарық, Шераға! Қош болыңыз, халқымыздың асыл перзенті! Қош бол, алтын көкем!

Әмірхан МЕҢДЕКЕ


Арыстан

…Бөріден –
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді, –
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан…
Қош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады…
Қоян да, түлкі де енді би болады,
Біздің ми сол не айтса иланады.
…Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол – бізді ит пен құсқа қимағаны.
Көз жасы омырауда тарамдалған, –
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алмағайып заман болған.
Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде күңіреніп,
Қайтейін, жоқ қой, бірақ, Арыстаны?!.

Серік Ақсұңқарұлы


* * *

Күркіреп айтар шындықты,
Шер-Аға сынды
Адам жоқ.
Күмпілдегенімен кіл «мықты»,
Көңілде күдік,
Алаң көп.
Құлазып қалған күй осы,
Өзектен біреу тепкендей.
Жоғалып сөздің киесі,
Ақиқат өліп кеткендей.
Әр сөзін көріп құрандай,
Қанығар ма екен ел жайға,
Қомданып енді қырандай,
Қорғайтын жерді ер қайда!?
Өзге жұртпенен тең көшіп,
Кешпей бір бейнет белшеден,
Кетпесе болды ел босып,
Кеудеге толып шер-шемен.
Көмейде сауал, сірә, көп,
Киеге енді кім ие?
…Қалғандай мәңгі мұра боп,
Бір емес,
Мың кем дүние.

Ғайсағали Сейтақ


Шер-ағам да өтті-ау дүниеден…

Жалауым жамау, ақ туым – сынық кезде де,
Нар-намысымды шөктірмеп едің өзгеге.
Есеңгіреген елдің еңсесін көтердің,
Есті сөз айтып езге де.
Алаштың рухын болаттай құйып бойыңа,
Асқақ сөйледің, орман шөккендей ойыңа.
Шер-мұңын айтып, елжіреп жүрді ел мен жұрт,
Шер-аға! – дейтін, еңселі есім-сойыңа.
Түбіңде – Қызыр,
Үніңде – қыжыл, сөзің – дүр.
Өзіңнен үріккен сорлылар әлі безіп жүр,
Көзіңнен қорыққан көзқамандар да – көз алды…
Сөзіңнен қорықса, «бір кем дүние» кезім бұл!..
Ел менен жердің, тіл менен ділдің діңгегі,
Тәуелсіз елдің соқпағы менен сүрлеуі –
Бәрі де сенің жаныңның болды шырылы,
Жұлдыз бен Айдай түндегі…
Ай менен Айша, Күн де жылайды бұлт іші…
Дүниенің қашан көрініп еді түр-түсі?
Шер-аға, кейде шерлі түс көріп жылаймыз,
Алты Алашымның оңынан болсын бұл түсі!..

Бақыт Беделхан


Шерхан – шер

Жыла, Қазақ,
Етегіңді толтырып,
Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
Тірісінде қадіріне жете алмай,
Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.
Жыла, Қазақ,
Көздің жасын көлдетіп,
Өзегіңді өкінішке шөлдетіп.
Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
Арамыздан бара жатыр, ол кетіп.
Жоқта, Қазақ,
Жоқтауыңды тоқтатпа,
Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
Мына «Бір кем дүниені» тәрк етіп,
Шерхан кетті, түсіп бақи – соқпаққа.
Шерхан кетті,
Шерағаммен шер кетті,
Қайғысымен күңірентіп жер, көкті.
Ары менен абыройын қазық қып,
Қаламымен қалың жұртын тербетті.
Мінез кетті,
Мінез кетіп, мін қалды,
Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
Күңіреніп күрең күзгі күн қалды,
Жұлдыз сөніп, ай тұтылған түн қалды.
Бүгінгі күн –
«Қызыл жебе» сынған күн,
Өкініштің көз жасына тұнған күн.
«Ай мен Айша» басу айтып Қазаққа,
Шерхан ағам екінші рет туған күн!

Әлібек Шегебай


ШЕРАҒАҢНЫҢ ШЫНДЫҒЫ

Әне, баяны жоқ бес күннен Шерағаң да өте барды. Не қылсақ та, енді оны қайтара алмай­мыз. Көп өкініш көкіректі қарс айырып, жүректі езгі­леуде…
Мен оның қасында көп жүрдім ғой. Қыстай қатулы кездерін де, жаздай жайдары шақтарын да көп көрдім. Ақиқатты айтқанда кесек сөйлеп, ірі турайтын еді-ау, жарықтық. Жә, жарайды, арыстандай айбатты Шерағам туралы әлі талай шындықты жазармын. Бұл жолы есіме түсіп отырған бір ғана оқиғаны қысқаша баяндайын.
Шерағаң 70 жасқа толып жатқан кез еді. Шера­ғаңның мерейтойы өткен соң, көп ұзамай парла­мент үкіметке сенімсіздік білдірді. Шера­ғаң сол парламенттің белді мүшесі болатын. Бәрі «Жерді сату туралы Заң жобасының» төңі­регіндегі дауға байланысты өрбіді. Шерағаң белсене кірісіп, үкіметтің жерді сату жөніндегі ұсы­ныста­рына қарсы шықты. Ақыры сол үкіметті таратып тынды. Бір кездескенде:
– Шераға! Үкімет басшысы Сізді 70 ж­а­сыңыз­да қатты көтеріп еді. Астананың төрінен үш бөлмелі пәтер сыйлап, кітабыңызға қыруар қар­жы бөлгізді. Басқалай да көмегі аз болған жоқ. Енді ол басқарып отырған үкіметке қарсы шапқа­ныңыз ыңғайсыздау емес пе? – деп едім, Шерағаң:
– Мүкаммал дүниеге бас иетін адамың мен емес. Үкіметтің басшысы бүгін бар да, ертең жоқ. Ал халық мәңгі! Халықтың тағдыры таразыға түсіп жатқанда маған жеке адамның амбициясы көк тиын. Не қылса да, халқымды сата алмай­мын! – деді алысқа көз тігіп. Сол сәтте Шерағаң­ды шау тар­тса да, шарықтаудан жаңылмаған, қырағы көз тау қыранына ұқсаттым.
Ақиқаттың алдаспанындай болған қайран Шерағам-ай! Бақұл бол! Сені ұмытуға халқың­ның хақысы жоқ!

Темірғали Көпбай


Қайрап салса өтетін қара тасқа…

Қайран, Шерағаң!
Өмірде ақ жүріп, ақ-адал шығармашылық еңбек жасаған, жазушылығы өз алдына, отқа оранған Отаншыл, мемлекетшіл публицистикасымен қазақ мұңын айға шағылған ақ найзадай жарқылдап бар биіктен, бар дауыспен айта білген ашулы ұлтшыл, қай басылымға басшы болып барса да – баспасөздің байрағына айналдырған, қазақ әдебиетіне қазақ даласының бар қиырынан талантты жасты тауып, талапты қатаң қойып тарпи тәрбиелеген қазақ баспасөзінің бас бапкері, сарыөзек өтпелі кезеңде қазақтың кеткен есесін депутаттық мінберден жауар күндей күркіреп ашына сөйлеп сұраған да, айбынбай қорғаған қайталанбас қайраткер, түксиген сырты қаншалық сұсты болса, жан-дүниесі мейлінше құнарлы бауырмал, жай тасындай өжет, қайрап салса қара тасқа өтер сан қырлы алмас, қажырлы қайраткер өтті жарық жалғаннан. Жастарға көсем болған Өзбекәлі Жәнібектей қайраткермен қанжығалас, Камал Смайыловтай өткір публицистпен қанаттас, Әбіш Кекілбайдай данамен мұраттас жасап, ұлттың ұлы сөзін айтып өтті, ұлттың ұлы сөзін жазып кетті. Сөйтіп, ұлтын жылатып кетіп барады, жарықтық! Ұлт жылайтын себебі – Шерхан Мұртаза қазақ ұлтының қапысыз қамқоры еді. Ұлтым деп сөйлеуден бір танбай өткен Ұлын жалпақ жұрт жоқтап, ұлт тұтасып іздейтін болар, асылы! Сол көңілге мәдет!
Жұлдыздар із тастап ағады! Бақилық Шерхан Мұртаза ала білгенге ғажап ұстаздық тәлімін тастап алыстап барады. Ол тәлімнің шын аты – ҰЛТШЫЛДЫҚ! Өз басым «Социалистік Қазақстан» газетінде қарамағында қызмет істеп, азды-кем тәрбиесін көрген, аға тұтатын (нағашым еді), ұстаз санайтын едім, жарықтықты!
Хош, қайран, Шераға!

Құлбек Ергөбек


Шындық – шырағы еді, Шер-ағаңның!

Қайталанбас қаламгерлердің бірі – Шер­хан Мұртазаның жалған дүниеден мәңгілікке қош айтысқанын естігенде есеңгіреп, қатты қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Өйткені, мына жарық фаниде ағалы – інілі болып, сыйла­сып жүргенімізге 50 жыл толған екен. Жар­ты ғасыр аса талантты ағаның тәрбиесін көріп, үлгі өнегесін алғаныма өзімді бақыт­тымын деп есептеймін. Әсіресе, ол кісі рес­публикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор боп қызмет атқарғанда, он жыл­дай қарамағында бірге еңбек еткенім есімнен кеткен емес. Редакция қызмет­кер­леріне өткізген әр жиналысы біздер үшін үл­кен мектеп болатын. «Не жазсаңдар да, шындықты жазыңдар», – деп журналистерді қайрап, қанаттандырып отыратын.
Шер-аға басшылық еткен қай газет – жур­нал болмасын оқырманның ыстық ық­ла­сына бөленіп, жылдан жылға тиражы көбейе түсетін. Мәселен, ол кісі бас редак­тор болып келген 1980 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің таралымы 20 мың дана бол­са, үш жылдан кейін 100 мың таралымға жеткен еді. Бұл – Шер-ағаның тынымсыз еңбегінің жемісінің бір сәті ғана.
Сондай-ақ, Шерхан ағадай Ұлы бейнені алғаш көргендер: «Тым қатал кісі ғой!», – де­ген қорытындыға келетін. Бірақ, олай ем­ес екенін бірге қызметтес болған әріп­тес­тері өте жақсы біледі.
Кездесулер мен кештерде, той –думан­дарда Шер-ағаңнан асқан мейірімді, кіші­пейіл, қарапайым, елгезек адам жоқ бола­тын. Оған талай мәрте көзіміз жеткен.
Ал, Ш.Мұртаза ағамыздың мемлекттік деңгейдегі қайраткерлігі, азаматтығы өз алдына бір төбе. «Өлді деуге бола ма айтың­дар­шы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп Абай айтқандай, Шер ағаның екінші өмірі енді басталатындай.
Қош, аяулы аға! Сіз біздің жүрегіміздесіз. Жаныңыз жаннатта, топырағыңыз торқа болсын!

Қайырбек Асанов


«Қазақстан авторлары қоғамы» Республикалық Қоғамдық бірлестігі Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері

Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ

қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, қаламгер достарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.


Шерағаңнан қалған сөз…

***

Бүкіл қазаққа тән атақты адамдардың тойлары тек сол адамның туған жерінде ғана тойланатын әдет пайда болды…

***

Айтуға – ұят, айтпасаң – қиянат.

***

Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты.

***

Ақиқат адал айтыстан туады.

***

Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл тап­тың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммер­сант­тар үшін туған ел болмайды» деп Аме­рика демократиясының атасы Томас Джеф­ферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық ру­ха­ният талықсып жатса, аузына су тамыз­бай­ды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдыз­сы­мақ­тарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.

***

Академия көп, академиктер көп. Ғылым… шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқ­ты.

***

Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай, Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып ке­тіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті ба­баны жылан шағып өлтірді.
Сол қобыздың шын аты – Руханият.

***

Газет жұмысы – бір жағынан, жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адам­дар­мен кездесесің. Шығармаға жем табылады.
Газет – бір жағынан, жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде бол­уы керек. Әйтпесе, басың кетеді. Сөйтіп жү­ріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.
Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз…

***

Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді.
Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді.
Адамдардың жанын ыстанған кірден таза­лап жүрген Ұлы Ұста – Нұрғиса – таң алдында жұлдыздармен бірге сөнді.
Енді біз Нұрғисаны ылғи да аспанда Таң­шол­панның жанынан көретін боламыз.

***

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе, қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді.

***

Байлықты бейшара жандар дүние­қоңыздықпен, ақшамен өлшейді. Көлдің та­қырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын ең­бек етсең ғана байлыққа айналады.
Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтінен дариды.

***

Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқанының бәрі келіп тұр.
Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдә­мал­дау дін деген қаптап кетті…

***

Шын жазушының көзі көкірегінде бола­ды.

***

Демократия – жүгенсіздік емес.
Бостандық – жүйесіздік емес.

1 пікір

  1. Қайран Шер-аға! Алдындағы Батыр Бауыржан сынды аға-буын ағаларын үлгі тұтып, солардың ісін ілгері жалғастырып, ізін басты. Осындай Қазақ елінің байрағын аспандатып, қазақтың ар-ұяты бола-білген Шер-аға сынды ағаларымыздың атына кір келтірмей, туын түсірмей Қазақ елінің блашағына бар күш-жігерімізді жұмсау кейінгі ұрпақтың басты міндеті. Иманыңыз салауат, жаныңыз жаннат болсын, Шер-аға!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.