Қалжыңқалта
03.09.2015
1978
0
742077_1982608392_________________Сайымжан ЕРКЕБАЕВ
 
ОҢАША ӨГІЗ
Жаңа жылдың алдында дүкен аралап, қалтамдағы ең соңғы жүз сомға ең болмаса бір шөлмек арақ та таба алмай, қарным құрқырап, ішегім шұрқырап, әйелім бырқылдап, балам қыңқылдап, не істерімді білмей үйге келіп отырғанымда телефон шырқырап ала жөнелді.
– Әлле-әу!
– Сәкең бе екен?
– Сәкең екен.
– Мен «Егеменді Қазақстаннан» Көпенмін.
– Айта беріңіз.
– Айта бергенде.., газеттің жаңа жылдық санына арнап бірдеңе жазуға сықақшы-әзілкештерден бір сұраққа жауап алсақ па деп едік.
– Қандай сұрақ?
– Ескі жылда өткен ең бір күлкілі жағдайды жетпіс-сексен жолдан асырмай жазып берсеңіз.
– Көпен-ау, айтып отырған күлкің не, жылауға шақ жүрміз ғой.
– Дегенмен де…
– Қазіргі заманда таза күлкілі жағдай бола ма?! Күлкінің өзі қайғымен ұштасып кеткен жоқ па?
– Қайғысын көре жатармыз, күлкісі болса…
– Екеуі ұштаса берсін бе?
– Ұштаса берсін.
– Ендеше былай – бір әйел күйеуінің ашынасы бар екеніне әбден көзі жеткеннен кейін одан өш алудың қамына кіріседі. Содан ретін тауып бір күні күйеуін сылқитып араққа тойғызады да, екі қолын кереуетке таңып, әлгі тыным-тыныштық бермей жүрген «дүниесін» қыл түбінен домбыраның ішегімен байлап тастайды.
– Сәке, мынауыңыз болған оқиға ма?
– Әрине болған, деректі нәрсе… Содан әлгі пақыр есін жиғанда, сосискісі сарделькіге айналып, әрі көкпеңбек боп ісіп кеткен ғой. Жан дауысы шығып бақырады. «Ә, өзіңе де сол керек!» деп бөлмеге сазарып кірген әйелі жағдайды көргенде көзі атыздай болады… Тыңдап тұрсың ба?
– Тыңдап тұрмын, Сәке. Содан кейін?
– Не басыңды ауыртайын, екеуі екі сағат айналдырып, ештеңе шығара алмаған соң «Жедел жәрдем» шақыртады. Операциямен жігітті әзер аман алып қалады. Бірақ дәрігерлер әйеліне: «Күйеуіңіз тірі қалды, бірақ енді еркек болып жарытпайды», – дейді.
– Обал-ай!
Осы кезде менің Қожанасырым келді де:
– Қатыныңда да ес жоқ екен, еш кәдеге жарамайтын оңаша өгізден, екеуіңе де шапағаты тиетін ортақ бұқа артық еді ғой, – деді.

Кімнің баласысың?
(Алдармен әңгіме)

– Талдықорған облысынан келдім дейсің бе?
– Ие.
– Қасыңдағылар қай жерден?
Бұлар да Талдықорғаннан.
– Өзінен бе?
– Төртеуміз төрт ауданнанбыз.
– Қандай аудандар?
– Андреев, Панфилов, Киров, Гвардия.
– Андреевтің баласы қайсысы?
– Мынау.
– Жоқ, Алдеке, мен Андреевтің баласы емеспін.
– Енді кімнің баласысың?
– Қойлыбайдың баласымын.
– Болсаң – боларсың, бірақ Андреев ауданынансың ғой?
– Ие.
– «Ие» болса, Андреев дегенің кім?
– Білмеймін.
– Білмесең, неге аудандарыңа Андреев аты қойылған?
– Ит білсін бе?
– Ал Панфиловтың баласы қайсысың?
– Мен, Алдеке, бірақ Панфиловтың баласы емеспін, Жаркенттенмін.
– Жаркент Жетісудағы көне қалалардың бірі, оған неге Панфилов деп ат қойған?
– Сонда туған болар.
– Онда туған жоқ, Ресейдің Сарытауында туған.
– Ендеше Жаркентте өлген болар.
– Сонда сен Панфиловтың қайда өлгенін де білмейсің бе?
– Көккөздер көп қой, қайда өлмей жатыр?!
– Бұның енді дұрыс, бірақ ол Жаркентте өлген жоқ, Мәскеу облысының Волоколамск ауданында өлді.
– Сонда Панфиловтың біздің ауданға ешқандай қатынасы жоқ па?
– Жоқ.
– Алдеке, біздің Гвардия ауданы да аталған адамның сіңірген еңбегіне байланысты аталыпты ғой?
– Сен не, Гвардияның баласысың ба?
– Гвардия демеңіз, Қоғалы деңіз.
– Ол кісінің сіңірген еңбегі жеткілікті болар, бірақ Қоғалы үшін ол шөп басын да сындырған жоқ. Соғыс кезінде жетім қалып, полк асырап алғандықтан «Полк баласы» атанғандар болған, ал сенің ел аман, жұрт тынышта Гвардия баласымын деуің жөн емес.
– Алдеке, мен Гвардияның баласымын деген жоқпын ғой.
– Әрине, мен жаныңды ұртыңа тығып тексеріп, мошқағаннан кейін айтпайсың. Ал шын мәнінде айтпай қайда барасың! Талай айттың да ғой.
– Айтқан болармын.
–Сонда жазықты кім?
– Бұған жазықты адам көп, бәрін санап шығу мүмкін де емес. Заманы солай болды. Енді заман өзгерді.
– Заман өзгерді дейсіз, сонда қазір жазықтыны табуға бола ма?
– Неге болмасын, болады. Оны алыстан іздеудің қажеті жоқ, қазіргі әкімдеріңді түп етектен ұстасаңдар жетіп жатыр… Ал, мына үнсіз тұрған Кировтың баласы болды ғой.
– Ие.
– Көрдіңдер ме, облыстарыңдағы оншақты ауданның төртеуі жат жұрттың есімінде. Ал, Жетісу негізінен бүкіл қазақтың өніп-өскен алтын бесігі болып есептелінеді. Сонда сендер кімнің бесігінде тербеліп өстіңдер? Андреевтің, Панфиловтың, Кировтың, Гвардияның бесігінде тербеліп өстіңдер. Өздерің ойлаңдаршы, айтар ауызға ұят емес пе?
– Әрине, ұят.
– Ендеше, ойланыңдар!

1995 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір