Естіген құлақта жазық жоқ
10.10.2018
1447
0

(Асқар Тоқпановтан естігенім)

«Жаман» Қалибектің жақсы Абайы

Әйгілі кәсіби режиссер, бізге көркемсөз оқудан дәріс беретін Асқар Тоқпановтан:
– Асеке, Мұхтар Әуезовтің оқыс ашула­нып, «Сендер балалайкашысыңдар!» дегені туралы айтыңызшы! – деп өтіндім.
– Айтсам, айтайын, – деді ол…
…Абайдың Оразбайға қарата айтатын диалогында: «Сен не дейсің?» деген тіркес­тің бәсең дауыспен айтылғанын жақтырмай, Мұхаң қатты ашуланғаны бар.
– Пәлі, сендердей актері бар, Тоқпанов­тай режиссері бар мен не деген бақытсыз­бын… Ей, Қалибек, сен «Не дейсің?» деген сөзді міңгірлеп айта алмауың неліктен… а? «Абай трагедиясы – симфония, ал сендер балалайкашысыңдар!» – деп түтіккен бойы Абай роліндегі Қалибекті де, режиссер мені де қарабет қылып театр есігін тарс жауып, кет­­ті де қалды. «Не дейсің?» сөзін келесі кү­ні Қалекеңе қайта-қайта қайталап қат­ты­­рақ дауыстап айтқызуға мәжбүр бол­дым…
…1940 жылдың 20 қазанында Мұхаң сыны ескеріліп сахнаға шыққан «Абай» трагедиясын көрген Леонид Соболев пен мәскеулік театр тарландары ұзақ қолдарын соғып, тәнті болды.
– Қуанышбаев жасаған Абай тұлғасы Томазо Сальвинидің «Отелласы», Ба­боч­кин­нің «Чапаевы» сияқты мәңгі бейне! – деді театр сыншысы В.Марченко.
– Е, бәсе, жаман Қалибектен жақсы Абайды шығарған Тоқпанов жасасын! – деп көзі жасаңқырап, балаша қуанғаны есімде…

Нағыз қазақ пен нағыз орыс

«Жазушы» баспасының поэзия бөлімін Қадыр Мырза-Әлі басқарған кез. Шона, Шәміл, Сағилар редакторлар. Әдеттегідей түскі демалыс кезінде әңгіме-дүкен дүрілдеп, әзіл-қалжың айтылып жататын.
– «Қазақ деген қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенге қалай қарайсыңдар? – деді Қадыр күлімсірей сөйлеп.
– Ғажап! – деді Шона.
– Мынауың мықты өлең жолы ғой, – деді Сағи.
Сонда Шәміл отырып, Қадырға қуақы­лана қарап:
– Бала, байқа, орыс деген орыс емес, нағыз орыс – балалайка! – деп салды.
– Өй, Шәміл, тапқышым-ай, ха-ха-ха! – де­ген Шонаға қосылып бәрі күлкіге бөленді.

Эпиграмма

Ерте жылдары ақын-жазушылар ара­сында жарасты әзіл-қалжыңдар көп бола­тын. Әзіл, әсіресе, Жазушылар одағының дәлізінде дүрілдейді. Тайыр Жароков «Жазушы» баспасында қызмет істейтін. Құр­­дасы Николай Ильич Титовпен қал­жыңдаса беретін. Тайыр Николай Ильичке күлімсірей қарап:
Сын Коля Ильи
Столько пьет водки
Сколько в реке Или, – деді.
Сол-ақ екен, Николай Титов та есесін жібермей:
Однажды Таир Жароков,
Нашел во мне
Один из многих пороков.
Тут же
Таир Жарок
Побежал –
В винный Ларёк! – деп мырс етіп күліп қойды.
– Молодец, Коля! – деп Тәкең оның қолын қысып қосыла күлді.

Дмитрий Рябухаға

Жазушылар одағында жиі жолығатын сықақшылар: И.Законов, М.Балькин, Дмитрий Рябуха болатұғын. Бұ күнде үшеуі де бақилық болған. Д.Рябуха бір көзін соғыс­қа беріп қайтқан майдангер еді.
Мен қызмет істейтін «Ара» – «Шмель» журналында сықақтары жиі басылып тұратын. Оның сықақ өлеңдерін қазақшаға мен тәржімалайтынмын.
Бір күні ол:
– Әй, Момбай, говорят ты сходу импро­визируешь, а нука сочини обо мне эпиграм­му, – деді.
– А не обидитесь? – деп сұрадым.
– Ради богу, – деді ол.
Мен сәл ойландым да тисе терекке, тиме­се бұтаққа дегендей былай деп салдым:
Ох, дружок Дмитрий,
Смотришь на меня
С улыбкой хитрый,
Сатирик по велений
Дмитрий Рябуха,
Но к сожалению
У тебя
Один глаз,
Два уха! – дедім, сол-ақ екен:
– Ох ты ссукин сын, шайтан, как тебе сходу удается! – деп сыңар көзін жыпылықтатып, арқамнан қағып қойды.
Арада апта өтпей оған құрдастары «Один глаз, два уха, здравствуй» десе керек.
Сөйтсе қасымызда өз құлағымен естіп, куә болған ақын Скворцов қаламгерлерге таратып үлгірсе керек…

Нолі қырқылған тарау

Сәбең Қызылордаға барғанда Асқар Тоқмағамбетовтің үйінде мейман болады. Тамақ ішіп тынығуға кіріскен сәтте Сәбең:
– Әй, Асқар, «Сырдария» романымның бір тарауын оқысам, қайтеді? – деді.
– Мейліңіз, кәні, оқыңыз, – дейді Асекең.
Сәбит оқып отыр. Бір жерінде «Сырда­рия каналы құрылысына 1300 есек қатыс­тырылды» дей бергенде Асекең:
Сәбе, есектің санын көбейтіп жібер­ге­ніңіз қалай болар екен? – деп күмәнданса керек.
…Арада жыл өткен соң жарық көрген ро­манын – Асқарға қолтаңбасымен ұсын­ған Сәбит:
– Һай, Асқар әлгі есектің бір нолін қырқып тастағаның не? – десе керек…
– Ондай-ондай бола береді, – деп Асқар желкесін қасыпты.

Мыңбай РӘШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір