ӘДЕБИЕТТЕГІ ЖАНКЕШТІЛІК: сіз нені ізденіп жүрсіз?

0
107 қаралды

«Білгендер мен білмегендер тең бе?» дейді Қасиетті Құранда. Ал Шығыс даналығында болса, «патшалар адамдарды басқарады, ал ілім иелері патшаларды басқарады» деген тәмсіл бар. Талант берген құдіретті Жаратқан оны ұштайтын талапты да берері сөзсіз. Ал, кейбір талант иелері азырақ жетістікке мас болып, мақтанға еріп, шөлге түскен тамшыдай жоғалып жатады. Әдебиет саласында жетістікке жеткендердің көбінен жанкешті еңбектің табын көреміз. Мысалы, Мұхтар Мағауин «Құдай талантты несиеге береді, оны адам өзі еңбекпен алмайды. Егер сол талантын дұрыс жұмсай алса, мұратына жетеді, ал рәсуа етсе, жаманшылыққа ұшырайды» дейді.

Мағауин ізденісі кейінгі тол­қын­ға біршама әсер етті. Әр саға­тын, әр минутын ілімге арнаған жазу­шының «Аласапыранды» жазу үшін жиырма жылдай архивте отырғанын естіп, іш тартқанбыз. Тіп­ті, Мағауиндей боламыз деп, таң­ғы бесте тұрып, кітап оқудан өз­ге уақыттың бәрін бос уақыт са­­нағанбыз. Оның «Мен» ғұмыр­на­малық романын оқыған әр адам өз уақытына шектеу қойып, алды-ар­тына қарайтыны даусыз. Қайт­кен­де де классик жазушының өмір жо­лы әдебиетке келген әр жас­қа сар­қылмас өнеге. Ең ғажабы – жиыр­масыншы ғасыр басын­да­ғы қаһар­лы өкіметтің езгісінде жү­ріп құн­ды жәдігерлер қалдырған жан­кешті Алаш арыстарының еңбегі. Тұтас бір дәуірді аузына қаратып, бірі «сары маса», бірі «пайғамбар», бірі «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан күн болып» ұлт санасын сіл­кіген ақтаңгерлер еді олар.
Ілияс Жансүгіровтың өмір жо­лына үңілсек, медресе бітіріп ауыл­да біршама жүріп қалған ақын ба­тыл қадамдарға барады. Жиыр­ма алты жасында Ташкенттегі қа­зақ-қырғыз институтына оқуға тү­­се­ді. Мұны бітіріп, Алматыға келіп тіл­ші қызметін атқарады. 1925 жы­лы 31 жасында Мәскеуге оқуға ат­танып, онда үш жыл оқи­ды. Сон­да жүріп әлем классик­те­рімен та­нысады. Тек әдебиет сала­ын ға­на емес, адамзатқа рухани азық сый­лаған өнер түрлерін зерделеп, Го­рький сынды алып­тармен кез­десіп әңгіме дүкен құрады. Жан­сүгі­ров жолы ізденіс пен білімге, ең­бекке толы сарабдал жол еді. Со­нысымен де қазақ поэзиясына ала­пат құбылыс әкеліп, мектеп қа­лыптастырды. Жаңа буын тәр­биеледі.
Әлихан Бөкейханов бір хатын­да өз үйіне келіп, «қайтсем де орыс тілін үйренемін» деген талабынан қайт­пай еңбектеніп отырған Сұл­танмахмұтты айтып, ерекше сүй­сінетіні бар. Сұлтанмахмұт ақын­ның өз жырында:
«Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен», – деп өз-өзіне ант береді, серт етеді. Ұлы мақсат жолында білте шамға үңілген ақынның үлкен ізденіс шыңырауына құлаш сермегенін бай­қаймыз. Ал, Мағжанның «Еу­ропа­­лық әшекейлермен» көм­ке­ріл­ген отты жырлары, тарихи, эт­ног­рафиялық шежіреге толы өлең­дері шайырдың тұңғиық те­рең­дігіне дәлел. Бір қызығы, ақын­ның Батысқа сапары жаңа, то­сын көзқараспен аяқталады.
«Күн батысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес иман деген не нәрсе,
Қарын деген сөзді ғана жаттаған!»,– дейді. Иә, ол жан сырынан гөрі тән­ге, технологияға көбірек үңіл­ген Батысқа назын айтады. Ақиқат нұрын жанына жақын тұтады.
XX ғасыр аяғында әдебиетке лек-легімен келген тұлғалар тобын ата­ғанда есімізге ең бірінші түсетін жан­кешті ізденімпаз ақын Қадыр Мырза Әлі. Ақын әр сағатын жос­пар­­лы түрде іске асырғаны мәлім. Мұн­дайда Жұмекен Нәжімеденов, Мұ­қағали Мақатаевтарды ес­керу­сіз қалдыруға болмайды. Әр жыл сайын (немесе екі жыл сайын) кі­та­бы шыққан Жұмекен ақынды, көзі тірісінде сегіз жинағы жарық көр­ген Мұқағали ақынды жанкеш­ті, еңбекқор тұлға демеске лажың жоқ. Ақынның күнделік жазбала­ры­нан бір күнде қалайда екі өлең, үш өлең жазуға талпынғанын бай­қаймыз. Мұндайда саннан сапа шы­ғатын болар деген ой келеді. Ма­қатаевтың «Құдіретті коме­дия­ны» аударуы үлкен еңбектің нә­ти­жесі.
«Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала жансар өлімменен,
Қанша менің өтті екен уақыттарым,
Ақ жастық ақ көрпемен кебінденген», – дейді ақын бірде.
Немесе «Қазір түн,
таңғы сағат төрттің кезі,
Ойлар-ай, ойлар мені еттің мезі», – деп толғайды.
Жазушы Антон Чехов суретші аға­сына жазған хатын «ортадан дәрежең төмен тұрмау үшін, Пик­виканы оқып шығу немесе Фауст­тан монолог жаттау жеткіліксіз. Оған күндіз-түні үзіліссіз еңбек, мәң­гілік оқу, еркіндік қажет.
…Біздің үйге кел де жатып алып оқы, тымқұрығанда өзің оқып көр­­меген Тургеневті…» деп аяқ­тай­ды. Білімсіздікке жаны қас жазу­шы айналасына шуақ шашып, әр адаммен өз дәрежесінде сөй­ле­седі. Тіпті, күрделі сөйлеуге ты­рыс­қан жергілікті әйелдерге мар­меладты жақсы көретінін айтқаны да күлкілі әрі қызық. Жанкештілік де­генде, әсіресе, Маркестің «Жүз жыл­дық жалғыздық» романын жазудағы табандылығы көбірек ойға оралады. Көлігін сатып, әйелі Мер­седеске қаржысын ұстатып бір­неше айға жеткізуді өтінген жазу­шы шығармасын жазуға оты­ра­ды. Ақыры Нобель сыйлығын ие­леніп, әлем көкжиегін «ішіне рау­шан гүлдері өсетін» көзқарас­тары­мен безендіріп үлгереді.
Әлбетте, оқығанды ойға тоқу, бі­лім­ді бойға дарыту үлкен еңбек. Жаң­бырды бойына дұрыстап сіңір­мейінше, топырақтың құнар­лы өсімдік бермейтіні секілді, білімін бойға дұрыс сіңіре алмаған шығармашылық иесі қатерлі түсініктерге баруы әбден мүмкін. Әде­биетке келген көп жас буынға үлгі болған Мартен Иден прота­ти­пі де ізденімпаздық пен жанкеш­ті­ліктің жеңісін әйгілейді. Кейіп­кер­дің өзі болуға шақырады. Ра­­­сын­да «ша­быт дегеніміз – ізденіс». Мех­нат дегеніміз – жеңіске жетелер жол. Ал, сіз нені ізденіп жүрсіз?

Батырхан СӘРСЕНХАН

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.