«Қазақ әдебиетінде» жаңа леп, жақсы бастама бар
10.10.2018
1413
0

Жаңа леп, жақсы бастама, тың өзгеріс «Қазақ әдебиеті» газетіне жаңа басшылықтың келуімен бірден байқалды.

Біріншіден, қаншама жаңа ай­дарлар қосылды. Әсіресе, өмір­бақи «ақырын жүріп, анық басып», тек қаламын ғана білген, ат-атаққа ұмтылмаған, әдебиетке берерін беріп кеткен, еңбектің қажымас то­рылары іспетті бір жандар бар еді. Кейіннен аттары да аталмай, оқыр­ман жадынан мүлде көмес­кілене, өше бастаған. Міне, сон­дай есімдерді еске алуға, қайта жаң­ғыртуға арналған айдар оқыр­манды қатты қуантты.
Екіншіден, шетел әдебиетіне кө­бірек орын берілуде. Бұл газет­тің ажарын ашып, мазмұнын байыт­ты. Әсіресе, Жапон жазу­шы­ларының шығармалары ерек­ше тартымды.
Үшіншіден, әдеби апталығы­мыз­дан әңгімелерді жиі көретін бол­дық. Оқырманға ұнайтыны да осы еді. Қазір бір нөмірде 2-3 әңгі­ме­ге дейін жарияланып жүр.
Төртіншіден, бұрын жастар­дың өлеңдері ғана нөмір сайын бір бетке шығатын. Ал танымал ақын­дар­дың өлеңін халық оқымағалы қай заман. Себебі неде? Газет ой­лай­ды: «Олар онсыз да танымал. Кі­таптары шетелде басылып жа­тыр, атақ алып жатыр. Енді олар газетті не қылсын?» деп. Атақты ақын ойлайды: «Халыққа танылып болдым, керек болса, кітабымды тауып алып оқысын» деп. Бірақ мә­селе мынада: қалың оқырман, қарапайым халық деген бар. Сізді іздейтін де, сағынып тосатын да солар. Олар сіздің кітапты іздеп таба алмайды, тапса да сатып ала алмайды. Кітапханада сағаттап кітап оқуға және мұршасы жоқ. Олар­дың қолжетімді жалғыз дү­ниесі – газет қана. Олар сол газет­терден Темірханды, Исрайылды, Есенғалиды, Ұлықбек пен Ғалым­ды, Маралтай мен Гүлнарды іздей­ді. Бірде-бір адам маған: «Осы Есен­ғали бар ма?» деп еді. Бір қуа­нарлық жайт – осындай ақын­дарды «Қазақ әдебиетінен» көре бастадық.
Бесіншіден, деректі проза түр­лерінің көбірек жариялана бас­тауы. Бақсақ, соңғы кезде әдебиет­тің ішкі толассыз майданында де­рек­ті проза күш ала бастады. Оқыр­ман қызығушылығын туды­рып, сұранысқа ие болуда. Себебі неде? Себебі: оқырманның талға­мы мен білім көкжиегі өзгерді. Ки­нода да, әдебиетте де үш би, бес-алты хан, он шақты батырды айнала мүжіген туындылардан қазіргі жұрт жалықты. Болмағанды болды деп, айтпағанды айтты деп, бір шумақ өлеңді әр жырауға теліп, бір мақалды әр жүз өз биі айтты ғып, бір ерлікті әр ру өз батыры жа­сады ғып алудан мезі болды. Ал көр­кем тілмен жазылған деректі про­заның жөні басқа. Ол әрі та­рих, әрі әдебиет, әрі шежіре. Ол нақ­тылығымен, дәлдігімен, дерек­ті-фактілерімен құнды. Бүгінгі көз­көрген куәсімен, көзі тірі ұр­па­ғымен қызықтырады. Сонша­лық­ты көркем тілмен әсерлі, қызықты баян­дап, ғажап сезім мен шаттық сый­лайтын туындылар өмірге келе бас­тады. Бір ғана мысал – Қабдеш Жұ­маділовтің «Академиктің көз жа­сы» дер едік. Түрі – деректі, ал тілі –көркем проза. «Қазақ әде­бие­тінде» жыл басынан бері жа­рия­ланған әңгімелердің ішінде ең есте қалар екі әңгіме бар. Бірі – «Төбеқазық», бірі – «Қарғыс». Екеуі де деректі әңгіме. Сол дерек­ті­лігімен де құнды. Әсерлі. Екі ай­налып соғып, екі реттен оқып шық­тым. Көпке дейін көз алдым­нан сол бір сұмдық суреттер кет­пе­ді. Сахнаға да, киноға да сұра­нып тұр. Басқа әңгімелердің бәрі бір сарынды… Есте қала бермейді. Не керек, қысқасы, болашақта түрі – деректі, ал тілі – көркем про­задан тұратын тамаша туын­дылар кезеңі басталмақ. Сол бо­ла­шақ туындылардың кейіпкерлері Алаш арыстары болса, тіпті, ғажап қой. Сондай бір шындық пен қиял­дың, дәлел мен дәріптеудің, шы­найылық пен көркемдеудің жым­даса өрілуімен жазылған жақ­сы туындылардың бір кейіпкері – Мағжан, енді бір кейіпкері – Сәкен, Жүсіпбек боп жатса, кә­неки… Кешегі тарихи тұлға, бүгінгі әдеби кейіпкерге айналса, ғажап емес пе! Келеді, келеді сол кезең. Тек қаламгерлер батыл болсын.

Әмина Құрманғалиқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір