«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»: ҚҰДАЙТАНУ БАЯНЫ

0
47 қаралды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» аясында дінтану пәніне қатысты ағылшын ғалымы, Батыстағы дін тарихы туралы ілімнің әлемге танымал маманы. «Будда», «Құддыс: Бір шаһар, үш дін», «Мұхаммед Пайғамбардың ғұмырнамасы», «Құдай үшін талас», «Фундаментализм тарихы» сияқты тамаша еңбектердің авторы Карен Армстронгтың: «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» кітабы қазақ тіліне аударылыпты. Оның шығармалары әлемнің қырықтан астам тіліне аударылған.

Иудаизм, христандық пен ис­лам – үш діннің негіздерін зерт­теп, бір-біріне қалай ықпал етке­нін және көптеген сауалдарға жау­ап іздеп, ғылыми зерттеу жа­саған. Бір кітаптың шеңберінде монотеизмнің тұтас тарихын қамтыған – Ибраһимнан біздің заманымызға, антикалық филосо­фиядан ортағасырдағы мис­ти­цизм­­ге, Кайта өрлеу мен рефор­ма­шылық дәуірдегі рухани із­деніс­терден қазіргі заманғы скептицизмге дейінгі Жарату­шыны тану тарихын баян еткен. Яхудилік, христиандық пен ис­лам­ның өрісі аясында адамзат ақыл-ойының Жаратушы туралы ұғым-түсінігінің даму кезеңдерін көрсеткен.
Кітап қазақ тіліне өте жақсы, тамаша аударылған. Белгілі дін­танушы, ясауитанушы, осы кітап­ты аударуға атсалысқан ғалым Досай Кенжетайды ерекше атап өтуіміз керек.
«Құдайтану баяны» өте қиын тілде жазылған, Авраамнан бастап қазіргі күнге дейінге адам баласы­ның Құдайды тану туралы ұғым-түсініктері қарастырылған. Қа­сиет­ті Құран Кәрім мен Тәурат, Ін­жілді оқымаған адамға кітаптың көп тұстарын ұғыну қиындық ту­дыра­ды. Бұл кітапқа кіріспе ре­тін­де, оны түсінуді жеңілдету үшін менің жазған «Еврейлер туралы еврейлер тағылымы» атты кіта­бым­ды ұсынамын. Ол туралы ма­қаланың соңында айтармын.
Карен Армстронгтың осы кіта­бынан исламға қатысты кейбір тұ­жырымдарынан қысқаша үзін­ділер беруді жөн көрдік.
«Бірақ әр нәрсе туралы ең ға­жап ишара, әрине, Құранның өзі болды. Яғни Құранның сөйлемдері аят деп аталады. Батыс Құранды түсінуде қиындыққа тап болады. Бұл, негізінен, аударма мәселесі­нен туындайды. Араб тілі тәржі­ма­ға қиын тіл, қарапайым әдебиет пен саясатшылардың күнделікті сөздері де, мәселен, ағылшын тіліне аударылғанда, барынша көр­кем әрі жат көрінеді. Ал Құ­ран­ға келгенде бұл жағдай екі есе қиындай түседі. Өйткені, Құран барынша терең және ишаралы, қысқа да нұсқа, аз сөзбен көп ма­ғына береді. Әсіресе алғашқы сүрелер – бір тылсым лебіз, адам тілін бұзып, бөлшектеп тастаған сияқты әсер қалдырады. Мұсыл­мандар Құранның тәржімасын оқыған кезде басқа бір кітап оқып отырғандай күй кешетінін, себебі араб тілінің әдеттегі мәнінен жұр­нақ та қалмайтынын сөз қылады. Атының өзі айтып тұрғандай, Құран ашық әуезбен оқу үшін тү­сіріл­ген, бұл – дауыс мәнері адамға әсер ету үшін өте маңызды. Мұ­сыл­мандар мешітте Құран оқы­ты­лып жатқанын естігенде, Хира тауында Жәбірейіл періштенің Мұхаммедті құшақтағаны сияқты немесе қайда көз салса да, оны көргені сияқты, әуездің иләһи кү­шінің баурап алатынын сезінгенін айтады. Құран тек қана білім алу үшін оқылатын кітап емес. Оны адамдар иләһи сезімнің дәмін тату үшін оқиды» (152-153 б.б).
«Мұсылмандар тура жолмен Құранға жақындау арқылы ғайып әлемге самғау сезімін бастан кешіретіндерін алға тартады, өткінші дүниенің көзге көрінетін және алдамшы пердесі түріліп, арғы жағындағы түпкі шындық пен күш сезіле түседі. Сол себептен Құран оқу – Рухани тәртіппен жүретін іс және оны христиандар­дың түсінуі қиынға соғады. Өйт­кені яхудилар үшін – еврей тілі, үнділер үшін – санскрит, мұсыл­ман­дар үшін араб тілі киелі са­налса, олардың мұндай қасиет тұтар тілдері жоқ. Құдайдың сөзі – Исаға тиеслі және грекше Жаңа өсиет киелі саналған емес. Деген­мен яхудилер үшін Тәураттың мәні Құранға ұқсас. Олар Киелі кітаптың алдыңғы бес кітабын оқығанда, тек жолма-жол көз жүгіртіп қана отырады. Көбінесе әр сөзді дауыстап жаттайды. Өйт­кені Құдай Мұсаға, Синай тауында Өзін көрсеткенде, осы сөздер арқылы тілдесті деп сенеді. Кейде рух тыныстайтын жалын сияқты әрі-бері теңселіп отырады. Шын­дығын айтқанда, яхудилер Киелі кітаптарын оқыған кезде Pentateuch оқып, көп жерін шамадан тыс жалықтыратын және көмескі деп табатын христиандарға қара­ғанда, мүлдем өзгеше халге бөле­неді» (153 бет).
«Құран ешқандай да басқа діни көзқарастарды жалған немесе же­тіл­меген деп айтпайды, әрбір пайғамбар керісінше өзіне дейін­гінің мұрасын мақұлдап, дамы­тады. Құранда Құдайдың жердегі барша халыққа елші жібергені айтылады. Ислам дәстүрі бойын­ша, мұндай елшілердің саны – 124 мыңдай, бұл символикалық сан, есепсіз көптікті білдіреді. Осы­лай­ша, Құран оның үндеуі жаңалық емес екенін, мұсылмандар екі жүз­дікке салынбастан, өз сенім­де­рінің ежелгі діндермен жақын­ды­ғын мойындаулары керек екенін үнемі қайталап отырады» (160 бет).
«Хижра мен Мұхаммедтің өлі­мінің (632 ж.) арасындағы он жыл барысында, үмбетті жер бетінен жойып жібергісі келетін меккелік құрайыштар және мәдиналық дұшпандармен мұсылмандар табандылықпен күресті. Батыста көбінесе Мұхаммедті қарсы шық­қан халыққа күшпен исламды қабылдатқан қолбасшы бейне­сін­де қабылдайды. Ал шындығында, барлығы керісінше болды: Пай­ғам­бар өз өмірі үшін күресті, Құ­ранда тіпті христандықтың өлшем­деріне сай әділ соғыстың теологиясын дамыта алды және ешқашан дінін күшпен қабылдауға мәжбүрлеген емес. Құран осы ой­ды анық жеткізеді: «(Пенде бала­сын) дінге мәжбүрлеп кіргізуге рұқсат жоқ. Сонымен қатар Құдай сөзі ұрыс-керіс пен жанжалға қар­сы жеккөрінішті сіңіреді және әділ соғыс деп тек қана өзін-өзі қорғау­ды айтады» (164 бет).
«Әрбір мұсылман – егер бұған кедергі болатын жағдайлар бол­ма­са – ғұмырында кемі бір рет қа­жы­лық жасауы тиіс. Әрине, қажы­лар ең әуелі Мұхаммедке құрмет көрсетеді, бірақ, шынтуайтында, қажылық санада Пайғамбардан гөрі Ыбырайым, Ысмайыл және Ажарды жаңғыртады. Сырттай бақылаушыға қажылық бір қызық рәсім секілді көрінуі мүмкін. Әдет­тегідей, жатжерліктер үшін бөтен елдегі әлеуметтік және діни дәстүрлер қызық болып көріне береді. Дегенмен, қажылық көбіне діни тәжірибенің ерекше толқы­нысын туғызады, сондықтан да ислам руханиятының әлеуметтік және жеке тұлғалық шегін айқын көрсетеді. Қазіргі кезде Меккеге қа­жылыққа келгендердің арасын­да тек арабтар емес, барлық ұлттан мұсылмандар бар, осылайша басқа жұрттың адамдары да ежелгі араб­тық ғұрыпты орындауға мүмкіндік алды. Қажылардың бәрі дәстүрлі киімге оранып, нәсілдік және тап­тық айырмашылықтан ада күйде Қағбаға жақындап, әрбір мұсыл­ман уақытша болса да күйбең тіршіліктің қамытынан босайды. Олар эгоистік құмарлықтан ары­лып, бір ғана нәрсені назарға алып, бір бағытта қозғалатын үл­кен қауымның ішіне сіңіп кетеді. Олар Қағбаға тәуап етпестен бұ­рын «Я, Раббым құлдық ұрып, қыз­метіңе келіп тұрмын» деп бәрі қо­сыла дауыстайды. (164-165 б.б.)
«Мұхаммедтің көзі» тірісінде бұл идеалдың ішіне ер мен әйелдің тең құқығы да кірген еді. Қазір Батыс жұртында исламды бейне бір әйел затын бұрыннан жек кө­ре­тін дін сияқты сипаттайтын көз­қарас орныққан. Бірақ Алла­ның діні де христандық сияқты әуелде әйел затына жайлы қараған.
Исламға дейінгі жәһилет (на­дандық) дәуірінде «Кіндік ке­зеңге» дейін салтанат құрған әйел­дерге деген теріс көзқарастың тамыры Арабияда тереңге кеткен еді. Мысалы көп әйел алу кең тараған болатын. Тұрмысқа шық­қан қыздың өзі әкесінің үйінде тұра беретін. Ақсүйек әйелдерде ғана біраз бедел мен билік болды. Мысалы, Мұхаммедтің әйелі Ха­диша саудасы дөңгелеген кәсіпкер еді. Бірақ ол кезде көп әйел күңнің дәрежесінде күн кешетін. Олардың не саяси, не адами құқықтары болмады. Қала берді, қыз баланы нәресте кезінде өлтіру қалыпты ғұрып саналды. Мұхаммедтің ізінен ең бірінші ергеңдердің ішін­де әйелдер де болды. Ер мен әйел құқықтарын теңестіру пайғам­бар­дың арманы еді. Сәбилерді өл­тіруге Құран сөзі қатаң тыйым салды және қыз бала туылғанда, бұлқан-талқан болатын арабтарды сөкті. Одан бөлек ажырасу мен мирас бөлісуде әйелдердің заңды құқықтарын орнықтырды. XIX ғасырдың аяғына дейін мұндай теңдік Батыс әйелдерінің түсіне де кірмеген еді. Мұхаммед үмбет ісін қалыпқа келтіруге әйелдерді бел­сен­ді болуға жігерлендірді. Әйел­дер ой-пікір ұсыныстарының жер­де қалмайтынына сенімді бол­ғандықтан, пікірлерін ашық айта­тын дәрежеге жетті (166 бет).
«Өкінішке қарай, христандық­тар сияқты исламда да еркектер дінді өздеріне бейімдеп, жеке­ше­лен­діріп алды. Олар Құран мәтін­дерін мұсылман әйелінің теңдігін жоққа шығаратын жолдармен тәп­сірлеп тастады. Құран бүкіл әйел­ге «жаппай бетіңді бүркеп жүр» деп бұйырмаған. Ондай аят Мұ­хаммедтің әйелдеріне ғана қа­тыс­ты енген еді. Бұл олардың ерекше мәртебесін айқындап тұру үшін керек болған. Алайда, ислам діні әлемдік өркениеттен орын алып, іргесі бекіген соң, бұл дәс­түр­ді бүкіл әлемге таратты. Соның кесірінен әйелдер екінші дәреже­дегі адамға айналып шыға келді. Арабтар әйелдердің бет-әлпетін бүркеп, гаремдерге қамап қоюды парсы жұрты мен христандық Византиядан «жұқтырған» еді (166 б).
Карен Армстронгтың кітабын­дағы ой-пікірлерге біздің қосары­мыз Құран Кәрімнен: «Біз кітап нәсіп еткендер» (Яһуди, Насара ғұламалары) «Құранның» Раббы тарапынан түсірілген хақ кітап екендігін біледі. Сен әсте шү­бә­лан­у­шы болма! («Әнғам», 6:114) «Бұлардың барлығы Кітапта (Лау­хұлмахфузда) ашық жазылған» («һұд», 11:6).
Сонымен бірге «Ал «Құран» – олар­дың қасындағы кітапты («Тәу­ратты») растайтын, ақиқат кітап» («Бақара», 2:91). «Аллаға сенеміз, өзімізге түскен уахиға, олар­дың ұрпақтарына түскен уахиға, Мұсаға түскен («Тәурат­қа»), Исаға түскен («Інжілге») және олардың Раббысынан пайғам­барларға түскен кітаптарға сенеміз, оларды бөлмейміз. Біз — Алла (Т.) бойсұншылармыз («Бақара», 2:136)».
Карен Армстронгтың «Құдай­тану баяны» кітабын жете түсіну өз алдына, көзі қарақты, мәдени білімі жоғары, көрнекі білімді қазақ оқырмандарына арнап «Ев­рей­лер туралы еврейлер тағылы­мы» кітабын жазып едім. Еврейдің тарихы мен болмысын аутенти­ка­лық білген халық – ұлы, өркениет­ті халық.
Галахилық («таза») еврейлер мен ағылшын, неміс, орыс, испан, италиан, француз және т.б. халық еврейлері өздерінің еврейлік тари­хы, бітім-болмысы туралы көптеп кітап жазған, жазып жүр. Біздің кі­тапта сол алуан мәліметтерді, еврейлердің өздері мойындайтын ақиқи білімді саралап қазақ оқыр­мандарына таныстыруды мақсат еттім. «Білгенге маржан, білме­ген­ге арзан» (Абай). Шынтуайтында, адамзаттың да, қазақтардың да көбісі еврейлер туралы априори жаңсақ пікірде. Көбісі Авраамның еврей емес екенін («Құран». «Әли-Ғымран» 3:65 -67), Иисустың еврей екенін біле бермейді. Бұл кі­тапта алғаш рет қазақ тілінде еврейлердің 613 өсиеті (мицвот), діни ұғымдары, дұғалары, еврей халқының қысқаша тарихы жарық көріп отыр. Атақты 104 еврей өкілі туралы, еврей есімдері туралы мәлімет бар.
Кітапты қазақ тіліндегі еврей­лер туралы шағын энциклопедия десе де болады.
Бұл кітап әсіресе дінтану, философия, тарих, мәдениеттану пәні мамандарына, магистрант, док­торанттар мен барша Ақиқатты сүюші көпшілік оқушы қауымға арналған. Мәселен, дінтану ма­ман­дары, имам, наибтар осы кі­таппен танысса, қасиетті Құран Кәрім, Ислам дінінің құдіретін тереңдете ұғы­нар ма еді, өйткені бұл кітапта Құ­ран мен Інжілдегі кейбір жәйт­тер компаративистік әдіспен қарас­тырылды.

Нұртас Иманқұл,
философия ғылымдарының докторы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.