Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар
10.10.2018
3490
0

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА,
ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркия «Dil korumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесi


Спорт терминдері сияқты қа­зақ­ша ұлттық ойын аттары да екі тү­бір­ден жасалса, көбінесе, бірік­кен сөз ретінде қосылып жазылады. Бұлардың ішінде сын есім, сан есім­дер мен зат есімдердің тір­ке­суі­мен жасалғандары көбірек кез­де­седі: аққала, ақсүйек, түйебас, қос­құлақ, әуетаяқ, салматаяқ, алакүшік, алтынқабақ, бурақотан, қарабие, қарақұлақ, алтыбақан, бесқақбай, үштабан, шықетер, төр­тасық, бесасық, бестас, соқыртеке, тоғызқұмалақ.
Сондай-ақ кейбір ойын аттары есім­дер мен етістіктердің тірке­сінен жасалады, олардың көпшілігі біріккен сөз болады: балтамтап, қол­соқпақ, ханатпақ, ханталау, тисінқабақ, ал бірқатары күрделі сөз ретінде бөлек жазылады: қыз қуу, орамал тастау. Бастауыш, баяндауыш, толықтауыш мүшелері бар, сөйлем іспетті құрылымдардан жасалған ойын аттары тырнақшаға алынып, әр сөзі бөлек жазылады: «Ханды қара басты», «Хан жақсы ма?», «Кім түртті?». Бір сөздің қай­­та­лауынан жасалған немесе қарсы мәндес қос сөздерден жа­салған ойын аттары дефиспен жа­зылады, олар да көбінесе тыр­нақшаға алы­на­ды: «Мыр­шым-мыршым», «Ұж­мақ-тозақ», «Хан-уәзір».
Химия, геология, металлургия сала­ларына қатысты терминдердің бірқатары біріктіріліп жазылады: оттек (оттегі), сутек (сутегі), қосто­тық, теміртас (железняк), таскөмір.
Астрономия саласына қа­тыс­ты терминдік сөздер екі түбір­ден жа­салса, біріктіріліп жазылады: көк­жиек (горизонт), кемпірқосақ, оң­түстік, солтүстік, шоқжұлдыз. Бұл топқа жұлдыздардың, шоқжұл­дыз­дардың аттары да жатады: Те­мір­қазық, Жетіқарақшы, Ақ­бозат, Есекқырған, Үшарқар, Құс­жолы.
Біріккен сөз болатын термин­дерге келгенде мынадай жайттарға көңіл аудару қажет болады. Флора (өсімдік) пен фауна (жан-жа­н­уар­лар) дүниесінің терминдік ат­ау­лары болып келетін біріккен сөз­дердің жасалу жолдары көбінесе мыналар:
1) Флора мен фауна атаулары түсті білдіретін ақ, қара, көк, сары, қызыл, ала, боз деген сөздер мен же­ке тұрғандағы лексикалық ма­ғы­на­сынан айырылған сөздердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы, (алақоржын (тышқан), ақиық (құс), қарақанат (өсімдік) деген­дер­дегі қоржын, иық, қанат сөздері осы атауларда өздерінің жеке лекси­калық мағынасында қолда­нылып тұрған жоқ, алдыңғы сөз­дер­мен бірігіп барып, нақты аң­ның, құстың, өсімдіктің атауы бо­лып тұр.
Бұл топтағы өсімдік атауларына мысалдар: ақбүйрек, ақбілек, ақ­ше­лек, ақсырғақ, ақтамақ, бозбұ­ғы, бозкілем, қарабас, қарақұлақ, қара­шора, қарашұнақ, қызылбас, қызыл­құйрық, көкқасқа, көкнайза, көк­сұлтан, көкшолақ.
Осы топтың жан-жануарлар атау­ларына мысалдар: ақиық, қара­бай (құстар), ақкөз, аққайран, ақсерке, алабұға, қаракөз (балық­тар), алақоржын (тышқан), қара­құй­рық (аң).
2) Бірінші сыңары түсті біл­діре­тін сын есімдер, екінші сыңары аң-құс, өсімдіктердің жалпы атауы болып саналатын құс, ағаш, балық, құрт, шөп, гүл, торғай, жидек, же­міс сияқты сөздер болып келген ат­аулар біріккен сөз болады: қа­рақұс, қараторғай, қарағаш, қан­дағаш, қызылағаш, қарақұрт, сарағаш, сарыгүл, сарышөп, қара­жидек, қызылжидек. Мұнда да өсім­діктің нақты атауы ағаш, гүл, жидек деген сөздер емес, сол сияқ­ты құс, торғай дегендер де – нақты бір құстың аты емес, жалпы атаулар.
3) Бірінші сыңары әр алуан есім сөздер болып, екінші сыңары шөп, от(ы), гүл, құс, торғай, балық, тау­ық, құрт сияқты жалпы атау болса, олар да біріккен термин сөз болады. Мысалы: айгүл, айланшөп, бояу­шөп, барқытшөп, қоңыраушөп, сә­лем­шөп, әтіргүл, безекгүл, тарақ­балық, теңгебалық, қылышбалық, күрке­тауық, түйетауық, тентекқұс, жыланқұрт, суықторғай.
Соңғы компоненті жапырақ, тікен, тікенек, тамыр сияқты сөздер болып келгендер де осы қатарға жатады: бабажапырақ, алтай­тамыр, сужапырақ, сүтжапырақ, әректікен.
4) Екі сыңары да жеке тұрған­да­ғы лексикалық мағынасынан айырылған есім сөздер болса, ол атаулар да ботаникалық немесе зоологиялық терминдер ретінде бірге жазылады: егеуқұйрық, біз­тұмсық, қаптесер, айқабақ, асқа­бақ, бестамақ, балмұрын, томар­дәрі.
5) А. Бірінші сыңары мал атау­ла­ры (қой, сиыр, айғыр, түйе, бота, бие, қозы, ат) аң атаулары (аю, киік, бөрі) немесе балық, бақа, құс де­ген сөздер болып, екінші сыңары өзінің лексикалық мағынасынан айы­рылған сөздерден жасалған био­логиялық терминдер біріккен сөз болады: аюқұлақ, аютабан, ат­құлақ, атшоңқай, бақабас, балық­көз, бөрікөз, бөріқұлақ, бөрігүл, ботатабан, қозықұйрық, қозықұлақ, құсаяқ, құсқонбас, құстарақ, түйе­қарын, түйеқұйрық, түйесүйек, түйежапырақ, биебау, биеқарын, қоянсүйек, қоянтамақ, қоянтобық.
Ә. Бірінші сыңары кейбір мал­дар мен аңдардың жалпы атаулары (қой, қоян, түйе, киік, балық т.б.) екінші сыңары шөп, от(ы), жапы­рақ, тікен, жеміс, тамыр, ағаш, қат сияқты сөздер болса, бұлардың бірігуі арқылы да ботаникалық терминдер жасалады: балықот(ы), қояноты, бақоты, қойоты, қоян­шөп, түйежапырақ, түйетікен, киіко­ты, қазоты, бөріжеміс.
Б. Өсімдік, аң-құс, жан-жан­уар­­лар­дың белгілі бір түрінің (тұқы­мының, сортының) атауы алдынан олардың мекеніне, түсіне немесе бас­қа да бір қасиет-белгілеріне қа­р­ай айтылып қалыптасқан тұрақты анықтауыштары болады. Олар анықтайтын сөзінен бөлек жазыла­ды. Мысалы: мес бие, қулық бие, лақса бие, сарқарын бие; жөнек нар, үлкен нар, оқпақ нар. Сонымен қатар мұндай терминдік анық­тауыш­­тар екі (кейде үш) сөзден тұр­уы да мүмкін. Ол күнде бұл екі сөз өзара бірігіп жазылады да анық­тайтын сөзінен бөлек тұрады. Мы­салы: ақбас жоңышқа, ақбас сиыр, ақбас қырыққабат дегендердегі ақ сөзі жоңышқаның, сиырдың, қы­рыққабаттың бастарының ақтығын жай ғана суреттеп тұрған жоқ, ол бас сөзімен бірігіп, сол өсімдіктің сортын немесе малдың тұқымын айырып атап тұр. Мұндай терминдік мәндегі күрделі анықтауыштар негізінен ғылыми әдебиетте (оқу­лық­тарда, ғылыми зерттеулерде, энциклопедия мен сөздіктерде) кездеседі және көбінесе калька жолымен жасалған аударма болып келеді: ақтұмсық қарға, алақанат бозторғай, итбас жарғанат, алаяқ мәлін, ақтөс сусар, аққабақ шым­шық, бізқұйрық үйрек, сүйелтұм­сық кептер, қызғылтжирен сар­шұнақ, қызылерін ақмарқа.
Екі-үш сөзден тұратын күрделі анықтауыштар ғылымдық термин бол­май, яғни түрді, тұқымды, сорт­ты білдірмей, жай суреттеме атау үшін қолданылған болса, олардың әр сөзі бөлек-бөлек жазылады: Мысалы: ақ шандыр бие, ит арқа ат, бас асау жылқы, иір өркеш түйе, қа­ра қайыс түйе, сары аяқ марқа, ақ ала мойын кептер, ұзын сирақ әтеш.
Биология саласының біріккен сөзден жасалған терминдері тек жан-жануар, аң-құс, жәндік, өсім­діктердің аттары ғана емес, олардың құрылысына, ағзасына, өсіп-өну процесіне, т.б. қатысты атаулар болып та келеді. Мысалы: гүлтабан, гүлшұнақ, тозаңқап, бұршаққын, сүтқоректілер, оңқанаттылар.
Әр алуан құрал-жабдық, қару-жарақ, мәшине, аппарат, бұйым, үймүлкі атаулары екі түбірден жа­сал­са, біріккен сөз болады. Бұлар­дың ішінде бұрын пайда болған ежелгілері де, жаңалары да бар. Мысалы, көне мылтық атаулары: алтатар, бесатар, күлдірмамай, же­ка­уыз, бірауыз, қандауыз, жез­дауыз; әр түрлі үй мүлкі мен бұйым атаула­ры: жүқаяқ, қазанқап, жастағаш, қолғап, қуысқұлақ, музыкалық аспап атаулары: мес­қобыз, сазсыр­най, асатаяқ, найсы­бызғы, қоссаз, желғабыз; өзге де құрал-жабдық аттары: атауыз, жерағаш (соқа), тісағаш, шотаяқ сияқтылар ертеден келе жатса, мұз­жарғыш, еттартқыш, қар­жырт­қыш, астықтиегіш, шаң­сор­ғыш тәрізді жаңа мәшине, ап­парат, құрал-жабдық атаулары – кейіннен жасалған біріккен сөздер. Соңғы топтағы нақты атау болып сана­латын зат есімдерді осылармен тұлғалас келетін кәдімгі анық­тауыш­тармен шатастырмау керек, күрделі анықтауыштардың әрбір сөзі бөлек жазылады: су тартқыш колонка (қандай колонка? – су тартқыш), жүк көтергіш мәшине (қандай мәшине? – жүк көтергіш).
Әр алуан мамандық, кәсіп иелерінің аттары және белгілі бір іске (әрекетке, жұмысқа т.б.) бейім адамдардың атаулары да екі сөз арқылы білдірілсе, біріккен сөз болады: алыпсатар, атқамінер, темір­жолшы, жолсерік (прово­дник), өнертапқыш, қызылізші.
Екі компоненті де етістік тұл­ғалы болып келетін сипаттама тір­кес­тер қосылып жазылады: көріп­кел (адам), шығарыпсалма (сөз), суы­рыпсалма (ақындық), алып­қаш­па (сөз); бұл қатарға екінші компо­ненті ашық райдағы етістік болып келетін тіркестер де жатады: ерғашты (болу), жүрекжарды (ха­бар), қағазбасты (қызметкер), жолсоқ­ты (болу), пышақкесті (тыйылу).
Екінші сыңары аралық, тану, сымақ, құмар, жай, хана, ақы,нама, хат, тас, бас болып келген тіркестер бір ғана заттың атын білдіріп (көбінесе термин болып) тұрса, біріктіріліп жазылады: халы­қаралық, ауданаралық; қоғамтану, шығыстану, абайтану; шешенсы­мақ; асхана, құсхана, төлхана, пер­зент­хана; сапарнама, өмірнама, ғарышнама; шайқұмар, әнқұмар; жалақы, қаламақы, жамбасақы, көзақы (көргеннен көзақы алған), жолақы, кіреақы (термин ретінде емес, образды фразеологизм құра­мын­да келген ақы сөзі бөлек жа­зыла­ды: табан ақы, маңдай тері); сенім­хат, жеделхат, қолхат (хат сөзімен тіркескен сөздер бір ғана құжаттың ресми атауы болса, бірге жазылады); қоражай, саяжай, тұрақ­жай, қо­нақ­жай, жағажай (пляж), егінжай; ұлутас, теміртас, сутас, тақта­тас, зертас, сынтас, құл­пытас, оба­тас, этнографиялық бұйым­дардың атаулары; тұмартас, есек­тас, құрал атауы: шаңтас (бидай бастыратын), табиғаттағы құм­тас, қойтас, жартас, шағылтас (тас сөзі өзінің тура мағынасында келіп, алдыңғы сөз оның түрлі сын-сипа­тын білдірсе, бөлек жазылады: малта тас, дөңбек тас, жақпар тас, қайрақ тас, қабыршақ тас, шақпақ тас, серек тас, үңгір тас, тектұр тас, лағыл тас, ақық тас, меруерт тас) қалжыңбас, қылжақбас, мау­бас, жүдеубас, жындыбас, қаңғыбас, қақбас (бұларды алдыңғы компо­ненті анықтауыштық қызметте кел­ген қауға бас, дода бас, қазан бас, қасқа бас, қалтақ бас деген жай тіркес­термен шатастырмау керек); қолбасы, онбасы, мыңбасы, жүзба­сы, рубасы, түменбасы, көшбасы, әскер­басы, дуанбасы; қолбасшы, жол­басшы, көшбасшы (соңғылар­ды тер­мин емес, жай мынадай сөз тіркес­терімен шатастырмау керек: сөз басы, түлік басы, төл басы, мал басы – мал басын көбейту, жан ба­сы – жан басына шаққанда) т.т.
Бірінші компоненті фото, ра­дио, электр(о), авто, аэро, кино, гидро, агро, теле, стерео, мото, ме­тео, био, микро, макро, квази, транс деген тұлғалар, екінші ком­понен­ті тәуелдік жалғаусыз сөз болса, әрі бұлар қосылып, бір зат­тың, бір құбылыстың атын білдіріп тұрса, бірігіп жазылады. Мұндайда екінші компонент қазақ сөзі де, кірме сөз де бола береді: автобаза, автоқалам, автосуарғыш, автотір­кес, авиапочта, авиабайланыс, ав­иа­мектеп, фотоаппарат, фото­сурет, телемеханика, теле­қабылдағыш, теледидар, теле­студия, телехабар, агрокомплекс, агрошаралар, био­сүз­гі, макро­молекула, микро­биоло­гия, микро­синтез, транссібірлік, инф­рақызыл, ультракүлгін, изосы­зық, гипер­жазықтық.
Электр сөзімен келген тіркестер кейде о дәнекерінсіз келеді де осы сөзбен келген тіркес күрделі сөз ретін­де танылып, электр сөзі бөлек жазылады: электр агрегат, электр барабан. Ал тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркескенде, электр сөзінің бөлек жазылатыны белгілі: электр қуаты, электр стансысы.
Шылаулар әрдайым бөлек жа­зы­лады және одан кейін не бұрын үтір қойылмайды (қыстырма сөз сияқты тілдік бірліктер қатыспаған жағдайда).
Араларына да, де, та, те шы­ла­уын салып, етістіктің бұйрық рай тұл­ғаларынан жасалған анықтама (сипаттама) тіркестер бөлек жа­зы­ла­ды, арасына ешқандай тыныс белгі қойылмайды: ас та төк (бай­лық), ұр да жық мінез, у да шу (ай­ғай), кел де кет (болып отыру).
Дефис қоюда қайталама қос сөз бен тіркесті шатастырмау керек. Қос сөз тұтастай бір ғана сөйлем мү­шесі болады. Ал тіркестің әр сыңа­ры сөйлем мүшесі бола алады. Сондықтан қайталама қос сөзде дефис қойылады, ал тіркеске дефис қоюдың қажеті жоқ: бір-бірімен – бірімен бірі, бір-бірінен – бірінен бірі, бір-біріне – біріне бірі, бір-бірін – бірін бірі, өз-өзін – өзін өзі.
Алдыңғы сөзге III жақ тәуелдік жалғауы жалғанып, бір сөздің қайталануынан жасалған аттысы атты, жаяуы жаяу, бары бар, жоғы жоқ, бірі бір, екісі екі сияқты тір­кес­терге де дефис қойылмайды.
Қатарласа қолданылған мағы­налас сөздердің бірқатары дефиссіз, бөлек жазылады: ежелгі ескі (досы), құр босқа, құр текке (мұндағы құр сөзі бекер, босқа, текке деген сөз­дермен синонимдес), ақыр аяғында (ақыр – арабша «соң, ақыр» деген мағынада), сәске түс (сәске – пар­сыша «түс»), әуел бастан (әуел пар­сыша «бас»), шынайы таза.
Екі компоненті бір-бірімен ма­ғыналас ала-бөле, баса-көктеп, жуып-шайып, өсіп-өну, қырып-жою, кекеп-мінеу, жылап-еңіреу сияқты етістіктер де плеонастық қа­тарлар түзіп, дефис арқылы жазы­лады. Бұлардың екінші сыңа­ры әр түрлі тұлғада өзгеріп отыруы мүмкін. Ондай жағдайда да дефис­пен жазыла береді: жуып-шайып, жуып-шайды, жуып-шайғалы отыр, өсіп-өнді, өсіп-өне бермек, өсіп-өндік.
Ал тұлғасы жағынан осыларға ұқсас, бірақ біреуі негізгі, екіншісі көмекші етістік болып келетін (яғ­ни тең мағыналас емес) айта сала, келе сала, көре сала, ести сала, көре тұра, біле тұра, ести тұра, сөйте тұ­ра, кіре бере, түсе бере, ала бере сияқ­ты етістіктер бір-бірінен бөлек жазылады.
Қос сөз немесе плеоназм типтес құрылымдардың әр компоненті бірнеше сөзден тұрса, олар үтір ар­қылы немесе ешқандай тыныс бел­гісі қойылмай жазылады (соңғы жағдай араларында мен жалғаулығы бар жерде болады): үн жоқ, түн жоқ (ал үнсіз-түнсіз), әй дер ажа, қой дер қожа жоқ; бір сырлы, сегіз қыр­лы; апы кіріп, күпі шығып; алты ала­сы, бес бересі; үлде мен бүлдеге (оранған); күн демей, түн демей, (ал күні-түні, күн-түн демей), аз бол­сын, көп болсын (ал азды-көпті), ерте болсын, кеш болсын (ал ер_телі-кеш); о жақ, бұ жағы, о шеті мен бұ шеті.
Реттік сан есімдер цифрмен жа­зыл­са, өзіне қатысты сөзбен арала­рына дефис қойылады: 7-сынып (жетінші сынып), 15-үй (он бесінші үй), 50-километр (елуінші кило­метр). Кейде реттік сан есім жа­сайтын -ыншы/-інші жұрнақтары көрсетіліп жазылуы мүмкін, ол күнде де дефис сақталады: 7-нші сынып, 15-інші үй, 50-інші кило­метр. Айды, жылды көрсететін цифр мен ай атын білдіретін сөз жә­не жылы деген сөздердің ара­сына дефис қойылады: 8-нау­рыз, 1-қазан, 1987-жыл. Осы уа­қыт­қа дейін орыс тілінің үлгісімен жыл, ай аттарында дефис қойылмай келді. Алайда бұл реттік сан есімдер мен есептік сан есімдерді ажыратуда елеулі қиындық тудырады. 2000 жылдан бері немесе 2000-жылдан бері деген тіркестердің мағынасы екі бөлек. Әсіресе тарихшылар үшін бұл өте маңызды.
Мақаламызда емле ережелерін түзу барысында ерекше көңіл бөлу қажет, ескерілетін жайттарға ғана тоқталдық. Сөздердің дұрыс жа­зыл­уы анықтағышта толық көрс­етіледі. Мысалдарды қазіргі қол­данылып жүрген жазумен (ки­­рил­лицамен) беріп отырмыз. Кейін, латын жазуы қолданысқа ен­генде, таңбалары өзгертіледі.

(Соңы)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір