Жазушы кітаптарының тұсаукесері өтті
10.10.2018
1163
0

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар түрік тіліндегі «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты.

Осыған орай Ұлттық кітап­ха­нада жазушының шығармашылық жолына арналған дөңгелек үстел өтті. Шараны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Уәлихан Қалижан ашты.
Әуелі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универ­сите­тінің ректоры, профессор Та­хир Балық­баев құттықтау сөз сөй­леп, автор­дың әдеби зерт­ханасына талдау жасады.
Қаламгердің орыс тілінде шық­­қан «Таудан түскен тұман», «Кә­шке батыр», түрік тілінде жа­рық көрген «Құс қанаты» атты кітаптары орыс және түрік елде­рінің оқырмандарына қазақ хал­қының батырлығын, елдік және ұлттық дәстүрлерін, адамгершілік асыл қасиеттерін, мәдениеті мен салт-санасын кеңінен танытатын құнды дүниелер.
Алматы қаласы әкімінің ке­-
ң­ес­шісі Мамай Ахет шаһар бас­шысы Бауыржан Байбектің жылы лебізін оқып берсе, Анкарадан арнайы келген Қазақстанның Түркия­дағы елшілігінің дипло­маты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев елші Абзал Сапар­бекұлының ыстық ықыласы мен үшбу сәлемін жеткізді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Те­бе­генов өз кезегінде: «Қазақтың бай әдеби тілінің қоры, қолдану тәсілдері, сөз тіркестері, жеке сөз­ге, сөйлемдерге көп мағына сый­ғы­затын суреткерлік қасиеті На­ғашыбек шығармашылығын даралап тұр. Оның туындыларында соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ отбасыларындағы ауыр тұрмыс, жетімдік, жесірлік сынды тағы басқа психологиялық ахуалдар қазақы ортаның тілімен, қарапайым адам­дар­дың көзімен баяндалады. Әде­биетте оқырман кейіпкерге айналу деген ұғым бар. Нағашыбек әңгіме­лерінен әр оқырман өз тағды­рын табады» деді.
Қазақстанның халық артисі Сә­бит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Нияз­бек, профессор Хангелді Әбжанов, жазушы Жанат Ахмади, Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын, және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, өз пікірлерін ор­таға салды. «Ақорда» республика­лық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдының құттықтау хатын оның орынбасары Қанат Мұсағұлов оқыды.
Тұсаукесер соңында Нағашыбек Қапалбекұлы жиналғандарға алғыс айтып, айтулы азаматтарға шапан жапты.

С.Әшімова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір