Мыңдардың көңіліндегі жалғызы еді
03.09.2015
2039
0
741403_521480104_Ybada_apayЖан-жағына нұрлы сәуле шашып жү­ретін ізгілік шамшырағындай болған қа­­дірлімізді жоғалтқанымызға жылға жуық­тап қалды. Осы уақыттың ішінде мен же­ке өзім оны ойлап, сағынбаған күн­де­рім өте сирек десем болғандай.
Он жыл шамасында өте жақын достық, апа-сіңлілік қарым-қатынаста болған кез­дерімді өз өмірімнің ең бір жарқын бет­тері болғанын оның жоқ кезінде ғана түй­сінгендеймін. Бар күнінде өзіме тете үл­кен әпке не істеуі керек болса, ол соны іс­теуге міндеттідей қабылдайтынмын.
Алғашында бір қалам ұстаған құр­бым­­ның үйінде танысқан күннен бастап ме­ні өзіне ерекше жақын тартып, кейін тіп­ті қасынан қалдырмай, мерейтойлар, кеш­­тер, тойлар, т.б. ылғи шақырып, ертіп жү­­ретін болды. Көп адаммен жақындаса қой­­майтын кісікиік мінезді менің оған қа­­лай бірден ұнай қалғаныма өзім де таң­­мын.
Жарқырай жанған шыраққа ұмтылған кө­белектердей, жан-жағынан оны қау­ма­лаған атақты жазушылардың жарларынан бастап, қолына енді қалам ұстаған қыз-келіншектерге дейін бірі келіп, бірі ке­тіп сапырылысып жүретін. Біразы ары­лып бітпейтін тіршіліктің кейбір мәселе­ле­рі­мен келетін. Және соның барлығына Иба­даның шамасы келіп, шеше алатынына имандарындай сенетін. Ондай мә­се­ле­лердің бәрін Ибада шеше алды ма, жоқ па, онысы беймәлім, бірақ ешқайсысы да оның алдынан көңілдері жүдеп, ренжіп, түңіліп кетпейтін. Шамасы жеткенінше, тіпті Жазушылар одағының сферасына кірмейтін, өзге саладағы мәселелерге де адам тауып, өз беделін салып көмектесіп жүретін.
Мен секілді жетімдеу адамға туған апаның әрбір сәтте қалай қолдау көрсете алатынын ұғындырған адам да осы Ибадажан еді.
Өзінің тіршілік сферасына кіргізетін адам­дарды таңдауға келгенде шын мә­ні­сіндегі аристократтық өлшеммен қа­рай­тын. Қалтарыс-бүкпесі жоқ, жарық, таза адам­дарды ұнататын. Адам тануға келген­де айрықша интуициясы болатын.
Менің үйімдегі отырыстарда танысқан екі адамды қайта-қайта үйіне шақырып, сый-құрмет көрсетіп жүрді. Олар: кезінде Мәс­кеуде оқып, «Жас тұлпар» ұйымының мү­шесі болған, менің рулас әпкем Әсия Тө­реғалиқызы мен көрнекті әнші Зәуреш Есбергенова болатын.
Жыл сайынғы ұлық мерекеміз – Рамазан айында төңірегіндегі тек ауыз бекіт­кен­дерді ғана шақырып, ауызашар бере­тін. Қойын сойып, қолын қусырып, үйінің үстіңгі қабатындағы дастарханын ерекше талғаммен таңдалған дәмге толтырып, астыңғы қабатында сондай мол­шы­лық­пен шәй дастарханын жасап қоятын. Рамазан кешін соншама адам жинап, жақсы уағыз, ән-күйге толы жарқын мерекеге айналдыратын. Ол күндерде Иба­да­ның, бала-шағасының әрқайсымыздың асты-үстімізге түскен қызметін, ілтипатын, бір-бірімізді қия алмай, түн ортасына дейін отырар едік. Оның үйінен шыққан ешбір қонақ такси іздеп әуреге түспейді. Ұлы, қызы, жез­де­міз үш машинамен қо­нақ­тарын бөліп-бөліп отырғызып, үй­ле­ріне апаратын.
Қымбат мейрамханаларда, байлар­дың үйлерінде, туыстарда, т.б. талай ауыз­ашарларда болып жүріп, дәл Ибада­ның үйіндегідей руханилыққа толы мере­кені еш жерден кездестірмедім.
Ей, жалған дүние!.. Осы салтанатты, сән­­ді шақтардың бәрі, тастап кеткен әле­мі­нен алдындағы әлемі артық болғыр Иба­дажанмен бірге ғайыптың боз тұ­ма­нына сіңіп кетті…
Өткен жылғы жаз айы (2014 жыл) мен үшін көптеген сапарларға толы болды да, жәй телефон арқылы хабарласу болмаса, Ибадамен бір-екі ай көрісе алмадым. Ол өзі немерелерімен Түркияға демалысқа кеткен еді.
Қыркүйек айының 20-ларында мен Аты­раудан келген соң, ауылдың аздаған дә­мін алып, жұмыс орнына іздеп бардым. Кө­ріспеген екі ай уақытта қатты жүдеп кет­кенін байқадым. Өзі айтар деп ештеңе дегенім жоқ.
– Жақсы-ақ демалып келіп едік. Бір ай­дың ішінде сегіз килоға арықтап кеттім. Еш жерім жанға батып ауырмайды, бірақ шар­шай берем. Асқа да еш тәбетім жоқ, қаралмаған дәрігерім, тапсырмаған ана­ли­зім жоқ, бірақ диагнозын қоя алмай отыр. Оның үстіне Дана (қызы) Кореяға ал­ты айлық оқуға кетіп еді. Менің қуатым бар­да оқып алсын деп, үш баласын құда­ғи екеу­міз кезектесіп қарап отырмыз. Уайым­­дамасын деп ауырып жүр­генімді айт­қызбадым, – деді. Неге екенін білмей­мін, мен ішімнен «көз тиген» деп ойладым. Оны айттым да.
– Маған не деп көз тиеді, – деп күлді – жас, сұлу болсам бір сәрі.
– Көз деген жас пен сұлуға ғана ти­мей­ді, жақсылыққа, өз қатарынан ерек­ше­ге де тиеді, – дедім мен, – ал, көз ти­генді дәрігер жаза алмайды.
Оның онша сене қоймағанын көзінен байқадым.
– Аудит шақырып едім, – деді ол, – ер­тең кетіп жатсақ «артын ыбырсытып ке­тіп­ті» демесін деп.
– Неге олай дейсің, – деп көңіліме ауыр алып қалдым.
– Сірағысы ғой, әйтеуір бір күні ке­те­міз ғой мәңгілік ешкім жоқ.
Жұмысын істеп, менімен де әңгіме­ле­сіп екі сағаттай отырдық.
Ибаданы соңғы көруім сол болды. Қош­тасып, армансыз бір сөйлессін деп, мені Жаратушы Ие айдап әкелген ғой.
Мен кетерде столының суырмасынан алып, бір ұзын жең түріктің кофтасын бер­ді – мә, мен берді деп киіп жүрерсің, – деді. Реңі де мен ұнататын түс, тәуір нәр­се екен, рахмет айтып алдым.
Ұғынуға біздің әбден бітелген ғайып­пен байланыстыратын тіндеріміз мүм­кіндік бермейтін тылсым сәт. Тек кейіннен уақыт өтіп кеткен соң ғана ұғынамыз.
Осыдан соң ауруханада бір-ақ апта жа­тып, ешкімге ауырлығын да, міндетін де салмай, тап-таза күйінде, сөйлеп жатып, менің де, менен басқа көптеген жан­дардың өміріндегі жарық сәуле бол­ған Ибадажан бақиға озып жүре берді.
Артында аңырап мыңдаған достары, сыйластары, ұл-қызы, немерелері, жездем қалды.
Артында қалған ұлағатты ұрпақтары: ұлы Мейір, қызы Дана, келін, күйеу бала, немерелері ана рухын ерекше ұлықтауда. Қырық күндік дұғасын Алматыдағы ең қым­бат мейрамханалардың бірі «Гранд Операда» өткізіп, сонда шақырылған 200-дей адамға аналарының өмірінің әр сәтінен түсірілген кадрлар мен фотолардан жинақталған фильм көрсетті. Енді естеліктер кітабын шығаруға ниеттенуде.
Ибада екеуміздің арамыздағы тағы бір тылсым сәтті айта кеткім келеді. Иба­да­ны жер мекенге тапсырған соң, шамалы күннен кейін, үйіне барып бала-ша­ғаларды көріп келейін дедім. Сол күні бей­сенбі болатын. Сол бейсенбіге қа­раған түнде Ибадаға қатысты түс көрдім. Есім­де қалғаны – Жазушылар одағына Ибаданы іздеп келіппін, іштің бәрі күңгірт, адамдардың ешқайсысы айқын емес. Бәрі де столда отырмай жерге алаша, киіз төсеп жамбастап жатыр. Ана-мына бөл­мелерге кірем, бәрі қараңғы. Бір кез­де құлағыма бір ап-айқын дауыс естілді. Кімнің даусы екенін білмеймін. «Ибаданың ор­нына ер адам келді», – деді. Сол кезде оя­нып кеттім. Сол күні Ибаданың үйіне бар­дым. Біраз ағайын-туыстары, Дана­ның, Мейірдің жолдастары отыр екен.
Дастарханға келіп құранға қол жайып, әңгіме тыңдап отырдым. Кенет біреу: «осы жаңа ғана естідім, Ибаданың орнына ер адамды алыпты», – деді. Ішімнен «Суб­хан Алла» дедім. Маған бүгін таң алдында тү­с­імде айтты ғой.
Философиялық әдебиетте «дүниеде ор­ны толмайтын адам жоқ» дейді.
Бірақ мен үшін мүмкін елу, мүмкін жүз жылда бір-ақ туатын тек қана қазақ қыз­дарының ғана емес, Хауа-Анадан бергі барлық әйел затының инабатын, із­гілігін, ақылын, тазалығын, жарқын­ды­ғын, ірілігін, адамгершілігін, арлылығын бойы­на түгел сыйғызған, эталон-кумир дең­гейіне көтерілген Ибадажанның орны ешқашан толмақ емес!
Төбесі көрінбейтін төрт құлақты үйге жет­кенше осы періште, әзиз жанды менің көңілімнің сағынып, іздеп өтетіні ақи­қат.
Алақанға салып, ешқашан жаман қы­лық көрсетпей, көріксіз сөзді естіртпей, лүл­пілдетіп өсірген ұл-қызының, неме­ре­лерінің қызығын көріп, қуанышты сайран дәурен сүретін кезінде, әуелеп ұшқан ақ бұлттай көзімізден ғайып болды.
Ибада секілді ілуде бір туатындарға ға­на айтылар қазақтың бір асыл сөзі – «тек­ті» еді.
Бірақ осы сөзді киесінен қорықпай, аяр­ға да, айыр құйрық шаянға да, саудагер мен малын харамнан жиған топас байшыкешке де қаңылтыр шендердей қаудырлата іліп, оның да құнын түсірдік.
Өйткені, осыларды да, бір күн асын іш­кен кез келгенді де пәтуасыз ауыздар­дың «текті» деп, татымсыз сөздерді оңды-сол­ды сабындай езулеріне сіздер мен біз­дер жол бердік.
Қазіргі мың құбылған уақыттың бет-бейнесіне айналған: аярлықпен, зұлым­дықпен, озбырлықпен, құйтұрқылықпен тойымсыз-мешкейлікпен айналысқысы келсе, Ибаданың кемел ақылы оған то­лық жетер еді.
Бірақ ғасырлар бойғы таза қанмен бе­рілген генетикалық ар-ұяты, тектілігі оны шын зиялының биігінен ешқашан құлатқан емес.
Кемді күнгі жалған дүние үшін ғана мә­ні бар: байлық пен мансап, шен мен шек­пен, сабынның көбігіндей атақ пен би­лікке ол әркімнің өресі жете бермейтін, өзі көтерілген рухани биігінен пысқырып та қараған жоқ.
Өйткені, оның бұл дүниеден жиған сауаптары әлгінде айтылған бүгін бар, ер­тең жоқ, түкке тұрғысыз ауыспалы құн­дылықтардан әлдеқайда салмақты бо­латын.
Мен осы жолдарды жазып отырғанда, осы сөздерді тек мен ғана емес, Ибаданы азды-көпті білген, араласқандардың бә­рі­нің да айтарына сенімді болдым.
Өйткені, Ибада Сабыр Адай ініміздің сө­зін сәл өзгертсек «мыңдардың көңі­лін­де­гі жалғызы» еді.
Әрқайсысы оны мен секілді ең жақы­ным, сүйенішім, апам, сіңлім, қарындасым деп қабылдағандары хақ.
Алланың мекені болған жұдырықтай жүрегіне ықылым замандардан пенде ғұ­мырды торлаған қызғаныш, күншілдік, іші тарлық, мысқылшылдық секілді қара күйе­лердің көлеңкесін ешқашан түсірме­ген, жүрген жерінің бәрін тек қана парасатпен, көркемдікпен сәндеген құлына Жа­ратқан Ие көркем мекенді нәсіп еткей!
Мыңдардың жүрегіне жарық сәуле қалдырып, керек кезде әрдайым қасынан табылған, солардың бәріне бойындағы Ал­ла дарытқан ұлы қуатын сарп еткен Иба­дажан пейіште нұрың шалқысын!

Оңай Тұрғалиева,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір